Басты бет Lifestyle Қазақтардың ирандықтарды «қызылбас» деп атау себебі

Қазақтардың ирандықтарды «қызылбас» деп атау себебі

0
2099

XVI-XVIII ғасырларда «Қызылбас елі» қазақтармен жиі шайқасқа түскен. Соған қарамастан екі ел арасындағы мәдени, әдеби байланыстар үзілмеген.

XVI ғасырдың басында Иран мен Әзербайжанның 12 түркі тілді тайпалары құрған Сефевид мемлекетін қазақтар Қызылбас елі деп атап кеткен. Ортағасырлық тарихи шығармаларда да, көбінесе Қызылбастар мемлекеті деп аталады.

Қызылбас атауы қайдан шықты?

Тарихта мемлекет атауын оның тұңғыш билеушісі І Исмаил шахтың Ардабели шейхы Сефи ад-Дин ұрпақтарының бірі болғандығымен байланыстырады. Исмаил шах құзырындағылардың көпшілігінің сүннит болғандығына қарамастан, мемлекеттік дін ретінде исламның шииттік бағытын таңдаған.

Шығыстанушы Ғалия Қамбарбекованың айтуынша, бұл идеология құлдыраудың аз-ақ алдында тұрған мемлекеттің бірігуіне ықпал еткен.

– Қызылбастар елі – 12 түркі тайпаларының өздеріне берген атауы. Шейх Сефидің бастарына қызыл сәлде ораған 12 сенімді өкілі халық арасында үлкен сенімге ие болған. Қызыл сәлделі адамды көрсе, ел шейх Сефидің сенімді өкілі деп қабылдап, оларға қалтқысыз сенген. Бұл идеологияның халық арасында тез қолдау тапқаны соншалық, он жылға жуық уақыт аралығында шииттік ағымды қолдаушылар да бастарына қызыл сәлде таға бастаған.

Қазақ елінің тарихында қызылбастар өзіндік із қалдырған

XV ғасырдың ортасында (1465-1466 ж.ж. шамасы) қазіргі Жетісу жерінде Ақ Орданың әйгілі билеушісі – Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек XV ғасырдың 20 жылдары ыдырап кеткен қазақ мемлекетін қайта қалпына келтіріп, тарихи әдебиетте Қазақ хандығы деген атауымен қалады.

Қазақ хандығы осы кезден бастап, көрші отырған мемлекеттермен байланыс орната бастаған. Ортағасырлық тарихи еңбектерде Қазақ хандығы мен Қызылбастар елінің XVІ ғ. бас кезінде байланыс орната бастағаны жайлы деректерді кездестіруге болады.

Тарихшылар ондай мәліметтердің авторы белгісіз «Алам ара-йи Сефеви» (Әлемді арайландырушы Сефевидтер әулеті тарихы) атты шығармада кездесетіндігін айтады.

Қазақ ханы қызылбастармен соғысуға мәжбүр болған

Шығармада Сефевидтер мен олардың одақтасы Әмір Темір ұрпақтарынан ойсырай жеңілген соң, шибандықтардың 1513-14 ж.ж. қазақтың бас ханы Қасымға сефевидтерге қарсы соғысу жөнінде ұсыныс жасағаны туралы айтылады. Өзінің Түркістандағы иелігіне қауіп төніп тұрғандықтан қазақ ханы олардың ұсынысын қабылдайды.

Қасым ханның бұйрығы бойынша, қалың қол жиылып, сефевидтерге қарсы аттанады. Әскерді басқару Қасым ханның ұлы Әбілқайырға жүктеледі. Қазақтың қалың қолына өзбек билеушісі шибандықтардың әскері қосылып, Жейхуннан (Әмудариядан) өтіп, сап түзейді.

Әбілқайыр сефевидтердің шахы Исмайлға хат жіберіп, өлкені бейбіт жолмен босатып, Иранға қайтуын талап етеді. Алайда Исмайл шах қазақтардың бұл талабынан бас тартып, шайқасуға әзір екенін жеткізеді.

Қарсыластардың арасында кескілескен шайқас өтіп, Сефевид әскері жеңіске жеткен.

Дереккөз: Информбюро.кз


ПІКІР ҚАЛДЫРУ