«Кім білгіш?» онлайн-турнирі төртінші рет өткізіледі

0
2066

6 қыркүйектен бастап «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық ойыны бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында халықаралық онлайн-турнир бастау алады. Турнирді  осымен төртінші рет Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры өткізеді.

Жобаның мақсаты: дарынды балаларды анықтау, қазақ халқының тарихы, мәдениеті туралы білімдерін жетілдіру мен тереңдету, әлемді танып-білуге қызығушылығын арттыру, өскелең ұрпақты отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу, шығармашылық белсенділіктерін арттыру, оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал ету.

Алғаш рет «Кім білгіш?» турнирі 2016 жылы өткізіліп, республикалық турнир мәртебесіне ие болған, ал 2019 жылдан бастап халықаралық дәрежеге көтерілді. Енді турнирге жақын және алыс шет елдерде тұратын этникалық қазақтардың жоғарғы сынып оқушылары қатыса алады. Ойын жыл сайын жаңа сұрақтармен толықтырылып, жаңартылып отырады, өткен жылы ағылшын тіліндегі нұсқасы жасалды.

Алдыңғы үш ойын нәтижесі бойынша республиканың әртүрлі аймақтарынан келген 30 жоғарғы сынып  оқушысы арнайы диплом мен ноутбук, планшет және смартфон сияқты бағалы сыйлықтарға ие болды.

«Кім білгіш?» ойыны спорт, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, әлемде, өнер, Қазақстан тарихы, Қазақстан табиғаты, денсаулық, ғылым тақырыптарындағы 35 мыңнан астам сұрақтардан тұратын мобильді қосымша. Онлайн-турнир «Кім білгіш?» интеллектуалды ойыны қатысушылар арасындағы сайыс түрінде өтеді, ойыншы алты раунд бойы түрлі категориялардағы сұрақтарға жауап беруі қажет. Ойын жеңімпазы дұрыс жауаптар саны бойынша анықталады. Турнир қатысушының қалауы бойынша қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде өткізіледі.

Онлайн-турнирге қатысу өтінімдерін қабылдау мерзімі — 2019 жылдың 6 қыркүйегінен 1 қазанға  дейін. Онлайн турнирге www.qazaq-found.kz  сайтының арнайы байқау парақшасына қатысуға алдын-ала өтінім жіберген республиканың және шет елдің жоғарғы сынып оқушылары (9,10,11 сыныптар) қатыса алады.

І және ІІ тур 2019 жылы 1 қазанынан 20 желтоқсанға дейінгі аралықта онлайн режимінде өтіп, қорытынды тур  Нұр-Сұлтан қаласында болады.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі  2019 жылдың соңында Нұр-Сұлтан қаласының «Назарбаев орталығы» ғимаратында өткізіледі. Финалда ең үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталады. Турнирдің «жеңімпазы» атанған шетелдік қатысушылар «Отандастар» қорының арнайы жүлдесіне ие болады.

Турнирдің Ережесімен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының www.fpp.kz  және Мемлекеттік тілді дамыту қорының www.qazaq-found.kz сонымен қатар kto-umnee.qazaq-found.kz сайттары арқылы танысуға болады.

Анықтама телефоны: 8 (7172) 27-26-09

 

Кім«Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық мобильді ойыны бойынша жоғарғы сыныптар арасында өтетін халықаралық онлайн турнирдің

ЕРЕЖЕСІ

 

  1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1.1. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық мобильді ойыны бойынша жоғарғы сыныптар арасында халықаралық «Кім білгіш?» онлайн турнир өткізеді (әрі қарай турнир).

1.2.  Турнирдің мақсаты мен міндетері:

— дарынды балаларды анықтау;

—оқушылардың интеллектуалды мүмкіндіктерін дамытуға және оқу-танымдық қабілеттерін ынталандыру, олардың есте сақтау қабілеті мен шығармашылық белсенділіктерін арттыру;

— білімді насихаттау;

— өскелең ұрпақты отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу;

— әлемді танып-білуге қызығушылығын арттыру, қазақ халқының тарихы, мәдениеті және дәстүрі туралы білімдерін жетілдіру мен тереңдету;

— оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал ету.

1.3. Турнир құрылтайшысы — Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры.

Байқау өткізудегі ұйымдастырушы мен серіктес – Мемлекеттік тілді дамыту қоры.

1.4. Турнир туралы барлық ақпаратпен ұйымдастырушылардың www.fpp.kz және www.qazaq-found.kz, сонымен қатар  http://kto-umnee.qazaq-found.kz/ru сайттары мен ресми әлеуметтік желілерінде танысуға болады.

 

  1. ТУРНИРДІ ӨТКІЗУ ШАРТТАРЫ

2.1. Ойын спорт, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, әлемде, өнер, Қазақстан тарихы, Қазақстан табиғаты, денсаулық, ғылым тақырыптарындағы 35 000 астам сұрақтардан тұратын «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық ойыны бойынша өтеді.

2.2. Ойын бағдарламасы қатысушыларды жұптарға бөліп, жеңіске жеткен ойыншы Турнирдің басқа қатысушыларымен ойынды жалғастырады.

2.3. Ойын барлық деңгейлерде қарсыластарын ұтып шыққан жеңімпаз анықталғанға дейін жалғастырылады.

2.4. Ойын статистикасы турнирдің әр қатысушысы жинаған нақты ұпайлар берілген рейтинг түрінде қорытынды нәтижені көрсетеді.  Ең көп дұрыс жауап берген қатысушы жеңімпаз аталады.

2.5. Ойын әрқайсысы 3 сұрақтан тұратын 6 раундтан тұрады. Көмек ретінде қатысушыға 50/50 қызметін пайдалануға мүмкіндік беріледі. Қатысушыға бір сұраққа жауап беруге 40 секунд уақыт беріліп, сұраққа жауап беруге үлгермеген жағдайда нәтиже қате деп саналады.

2.6. Қатысушыға әр раундта қолжетімді 9 категориядан кез-келгенін таңдап алу мүмкіндігі беріледі. Ойыншы «жеңілу»  функциясы арқылы ойынды мерзімінен бұрын аяқтауға құқылы, алайда оның көрсеткіші ойыннан жеңіліс тапқан болып саналады. Ойын ережесінде алаяқтықтан қорғану жүйесі қарастырылған.

2.7. Турнир ойыншының таңдауы бойынша қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде өткізіледі.  Қатысушылар таңдаған тілге сәйкес топтарға бөлінеді.

2.8. Турнирға бұрынғы ойын жеңімпаздары қатыса алмайды.

 

  1. ТУРНИРДІ ӨТКІЗУ УАҚЫТЫ

3.1. Турнирдің басталуы туралы хабарлама Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының www.fpp.kz және Мемлекеттік тілді дамыту қорының http://kto-umnee.qazaq-found.kz/ru сайттары мен ресми әлеуметтік желілерінде жарияланады.

3.2. Турнирге қатысу өтінімдерін қабылдау мерзімі —  2019 жылдың 6 қыркүйегінен 1 қазанға дейін. Турнирге www.qazaq-found.kz сайтының арнайы байқау парақшасына алдын-ала қатысуға өтінім жіберген республиканың және шет елдің жоғарғы сынып оқушылары (9,10,11 сыныптар) қатыса алады.

3.3. Бірінші тур 2019 жылдың 1 қазанынан 31 қазанға дейін онлайн режимінде өтеді. Бірінші турдың мақсаты – келесі турға өтетін ойыншыларды іріктеу, қатысушылардың жалпы ойын шарттарымен танысуы, меңгеруі.

3.4. I тур қорытындысы бойынша ең үздік жалпы нәтиже көрсеткен қатысушылар автоматты түрде ІІ турға өтеді.

3.5. ІІ турға өткен қатысушылар смс пен электронды пошта бойынша хабарландырылады.

    3.6. Екінші тур онлайн режимінде  2019 жылдың 1 қарашасынан   20 желтоқсанға дейін өтеді. Қатысушылар таңдаған тілге (орысша немесе қазақша, ағылшынша) сәйкес топтарға бөлінеді.

3.7. Қорытынды тур 2019 жылдың соңында  Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Финалда ІІ тур жеңімпаздары жүлделі орындарға (1, 2, 3 орындар) таласады. Финалдың қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған жеңімпаздар анықталады.

 

  1. ТУРНИРДІҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫН ШЫҒАРУ

4.1. Жеңімпаздарды  марапаттау рәсімі  2019 жылдың соңында Нұр-Сұлтан қаласының «Назарбаев орталығында» өтеді.

4.2. Финалда ең үздік нәтиже көресеткен қатысушылар бағалы сыйлықтар және арнайы дипломдармен марапатталады.

4.3. Турнирдің қорытындысы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қорының сайттарында  және Қордың ресми сайттарында жарияланады.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ