Көргенді жердің қызы

0
3272
        «Қыз өссе- елдің көркі» деген қазақ мақалының қалай, қашан пайда болғаны беймәлім. Әйтеуір, қазақ қазақ болғалы айтылып келе жатқан тәмсіл екені даусыз. Қапысыз тауып айтылған. Ежелден қызды ұлдан төмен көріп «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» дегенде оларды кемсіту мақсатында емес, қайта олардың табиғи нәзіктігін, әлсіздігін білдіру мағынасында айтылғанын түсінген жөн дер едім.
          Қыз бала- болашақ әйел, болашақ ана, шаңырақты ұстап тұрар уықтары, тіршілікті жалғастырушылар. Бірақ біраз уақыт бұрындары осы бір табиғи қағидалар ұмытылып, «еркекшора» қыздар көбейіп, сондай бір келеңсіз бағыт алған жағдай болды.Оның өзі де заманның бір құбылмалы кезеңінің әсері болар. Орысша оқып, тәлім-тәрбие алғандардың дені сол бір бағыттағылар. Енді Алла –тағаланың өзі кеңшілік танытып, халықтық дәстүрлеріміз, сипаттарымыз, салттарымыз қайта оралуда. Осыған орай қазақ қыздарына да талап артқандай. Бұрынғыдай емес, содан да болар өз тілдерінде сөйлеуге тырысушылық байқалады, бір нәрсені қазақшалап сұрасаң, барқ етіп орысша жауап қайтару, өздерін тым еркін ұстау сияқты келеңсіздіктер де аздап азая бастағандай…..
           Бұрын мектеп жасынан бастап қыздарға ұлдармен бірдей тәрбие жүргізуді мақсат тұтты мектептеріміз. Қоғамдық жұмыстарды көп атқартып, комсомол, пионер белсенділеріне тәрбиеледік. Сабақ  оқымаған, тәртіп бұзған ұлдарды қыздарымыз жағасынан алып, сілкілесе, мақтаппыз. Байқап отырсақ, сол кезден бастап –ақ оларды ер балаларды сыйламаушылыққа үйрете бастаппыз. Сол комсомол жұмысының соңында кетіп, кейін партия қызметкері болып, тұрмыс құруды ұмытқан қаншама «патриот» қыздарымыз жүр?! Басы ауырып, балтыры сыздаған жағдайда не басын сүйер азаматы, не балалары жоқ. Ата –ана болса не қартайып қалған, немесе о дүниелік болып кеткен. Аға-бауырлары өз алдарына үйлі-баранды болған, «кәрі қыз» деген атымен не жеңге, немесе келіннің қолына қалай қарайды? Қартайған шағында олардың тірлігінің   не болғанын қазір көріп отырмыз. Кәрілер үйінің көпшілігі сондай адамдар. Асылы, жалғызбастылық  деген заты қазаққа жараспайтын қылық.Міне ,бұл кеңестік дәуірдің тәрбиесінен болған , қыздар тәрбиесіне кесірін тигізген идеологияның әсері. Ал, қазір ше?! Қазіргі қыздардың тәрбиесінің бұзылғанын кімнен көреміз? Тәнін сатып жүргендер біздің қыздар. Ақша үшін арды архаизмге айналдырып жүрген біздің қыздар. Бірер баланы жолшыбай тауып алып, «саудалап» жүрген де солар. Ата сақалы аузына түскен, немере көріп, келін ұстап отырған ордалы ұяны бұзып жатқандар да осылар. «Тана көзін сүзбесе, бұқа бұйдасын үзбейді» деген бабаларымыз, яғни қыздар тәртіптерін бұзбасын деген емеурін жасаған. Оны ұғып, өз абыройларын сақтап жүрген аруларымыздың жерде қалғанын көргеміз жоқ. Ондайлардың бәрі әжептәуір отбасыларының уығын көтеріп жүр.Еркектермен тайталасамыз дегендердің көпшілігі сол жалғызбасты, кәрі қыздардың қатарын толықтыратыны анық. Өйткені, ер адамдарға ибалы, инабатты, тәрбиелі, адал, абыройлы, болашақ өнегелі ұл-қызының анасы керек. Біреудің көңілдесі болып, немесе біреудің отбасын ойрандап, ерін тартып алып құрған отбасы қарғысқа ұшырамасына кім кепіл? Олардың ұрпақтары кім болады? Әлем ғалымдарының дәлелдеуінше, баланың бойындағы қалыптасатын қасиеттердің 70-80 пайызы ана жатырынан пайда болатын көрінеді.
            Тәуелсіздіктің  арқасында өмірге жаңалық еніп, шет елдердегі отандас, қандастарымызбен араласа бастадық. Сондағы бір ұнаған жайлардың бірі, мысалы, Түркияда қыз балалар мектебінің бөлек болуы, олардың нәсілдеріне қарай оқытылуы. Бұл мүлде кемсітушілік емес, қайта оларды өмірге дайындау деп түсіндік. Тіпті ондай мектептер болмаса да, қыздарға арналған жеке тәрбие сабақтары болса құба –құп болмақ. Тіпті, бір мектеп оқытушысымен болған әңгімеден кейін жағамды ұстағанмын. Оның : «тәрбие, әдеп, иман деген сөздерді айтуды баяғыда қойғанбыз, оның орнына бала көтеріп қалудан сақтану жайында жиі дәріс өткіземіз» деген сөздері әлі күнге дейін құлағымда тұр.
            «Ауылдан келген аңқау қыздар қалаға барып бұзылып жатыр. Зинақор, жеңіл жүрістілер көбейіп барады» дейді. « Қаланың қазақ қыздары олардан да озып тұр, доллар қуып, тек шетелдіктермен байланыс жасап, киім, дүние қызығына түсіп жүргендер де солар» десіп жатады. « Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват» ,- деп Абай атамыз айтқандай, қоғамның кінәсі, тәрбиелеушісі ата-аналардың кінәсі одан да зор дер едім. Инабатты , кісі алдынан кесе –көлденең өтпейтін, орысша оқыса да үй ішінде ана тілінде сөйлеп, сызылып тұрған қазақ қыздары жоқ деуге ешкімнің де аузы бармас. Ондай қыздарымыз өте көп. Тіпті  қаншалықты басқа тәрбиедегілер ортасында жүрсе де өз әдет-ғұрпын жоғалтпаған арулардың біразын көзіміз көріп те жүр. Өйткені, оларды ата-аналары солай тәрбиеледі, солай талап қояды.Үй ішінде басқа тілде сөйлеуге рұқсат етпейтін, тек ана тілінде тілдесуді талап ететін, балаларының бәрі кезінде ұлт мектептерінің аздығынан орысша білім алғанын, қазір де жоғары оқу орындарында сол тілде оқуларын жалғастырып жатқандарын, бірақ бәрі де домбыра тартып,Мұқағалиды жатқа айтатын отбасымен өзім араласып тұрамын. Соған қарағанда, кінә өзімізден –ау «Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки» дегенге бөркімізді тым бұрып жібергенбіз.
           «Қызға қырық үйден тиым» деп текке айтпаған ата-бабамыз. Қыз тәрбиесі –ел тәрбиесі. Олардың тәрбиесіне қарап-ақ басқа елдер халқымызға баға береді. «Аталас ағайынға ұят келтірме», «Руымызға, сүйегімізге таңба салма» дейтін, соны насихаттап отыратын қарттарымыздың азайып бара жатқаны да өкінішті. Қыз намысы –ел намысы екенін ұмытпайық, қандастар! Аялдамаларда, көшелерде де қазақ жігіттері өздерінің әпке- қарындастарын жәбірлеп, тонап, алдап кетіп жататын жайларды да көп естиміз. «Жігіттер –ау, ұлттық намыс қайда?» дегің келеді.
          Жақында үнді еліне сапарға барып қайтқан бір танысыммен әңгімелескенім бар . Ол елде қай жерде, қандай көпшілік орында, қандай жағдайда болмасын, өз ұлтының өкілдерін, қандастарын кезекке тұруға мәжбүр етпей, аса ілтипатпен қызмет жасайды екен. « Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» деген қағиданы қатты ұстайтын көрінеді. Бұл- халқын қадірлеу, ұлтын ұмытпау. Осы бір тағылым дәл бүгінгі біздің халқымызға керек. Осындай жайлар айтылмай, жазылмай жатса бір өкініш болар еді. Айтылып, жазылып та жатқан имандылық жайлы көп нәрселерді жастарымыз оқымайды-ау, міне, нағыз өкініш осы.
           «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» дейтін тамаша ән біздің қыздарымызды мадақтайтын бірден-бір ән. Шындығында да, мадақтауға тұратын қыздарымыз, құдайға шүкір, баршылық. Кейінгі уақыттарда болып жатқан сымбат конкурстарынан байқағанымыз-тек қазақша жетік сөйлейтін қыздарымыз ғана ондай жерде өз өнерлерін сарапқа сала алады. Ал басқа тілде тәрбие алғанмен, қазақилығын сақтаған кейбір бойжеткендеріміздің ішінде де небір өнерлілері бар-ау! Оларды сырттата берудің де жөні жоқ.
            Ар, ұят, әдеп, иба деген терминдерді көнерген сөздер қатарына қосып ала жаздағандаймыз. Көпшіліктің алдында тылтитып немесе жартылай жалаңаштанып киініп алатын, үлкен отыр-ау, кіші отыр екен-ау демей тайраңдайтын, ішімдіктің небір шетелдік түрлерін ішіп, шылымның да жоғары сорттарын шегіп, оза шығып , ирелеңдеп, қиралаңдап билеп ала жөнелетіндерді көргенде еріксіз төмен қарайсың. Олардан қандай жар, қандай ана шықпақ? Жарасымды тату-тәтті отбасының берекесін сақтау, әмәнда, әйелдің қолында ғой….. «Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді, жаман әйел жақсы еркекті надан етеді» дегендей, жақсы қыз тәрбиелесек — жақсы ана, жақсы әйел тәрбиелегеніміз. Рас, кейде көргенді жерден шыққан тәрбиелі қызды бір берекесі кеткен отбасына тағдыры тап келтіріп, опық жеуі де мүмкін. Он саусақ бірдей емес дегендей, сан түрлі адамдар бар. «Әйел жолы жіңішке» деген ғой. Бірақ, тіпті сондай күйге тап болғанның өзінде өзінің инабатымен жеңіп, көргенділік қасиетін сақтай білу де, шая-пая болып, бет-жүз жыртысып жатпау да киелі көргенділік, тектіліктің нышандары.
            Бірде мектепті орысша бітіріп, әрі қарай білімін сол тілде жалғастырып жүрген, бірақ мықтап қазақи тәрбиеленген, талғаммен  киінетін, қолаң шашты, әдепті бір қыз баланың; «Сіздер қыздардың бәрі мендей болады деп ойлайсыздар. Мысалы, біздің курстағы қазақ қыздарының ішінде, сіздерше айтқанда, мен ғана « тәрбиелімін». Ал, жігіттер жағы маған «модадан артта қалған» немесе « оқу өткен қыз» деп қарайды. Жігіттердің көпшілігі ашық түспен боянып, мини киіп, ұзын, қып-қызыл тырнақты саусақтарына шылым қыстырып, аяқты айқастырып, жаргондармен сөйлеп отыратын қыздарға үйір келеді. Соларды «цивильный» дейді,-деп налығанын естігенім бар. «Заман да басқаша бет бұрар, жігіттеріміздің де көзқарастары өзгерер, осы бір жарым милион тұрғыны бар оңтүстік астанамыздан сенің қадіріңді, қасиетіңді таныр, маңдайының бағы жарқыраған бір жігіт өзіңді күтіп жүрген болар. Тек осы қалпыңнан, пәктігіңнен, ақтығыңнан, әдептілігіңнен, инабатылығыңнан ажырап қалмашы, қалқам! Құдай сендейлерге тек бақыт берсін! –деген тілектерімді қалай тездетіп айтып жібергенімді байқамай қалдым, тіпті сол киелі қасиеттерінің бәрінен тап қазір ғана бас тартатындай көрініп кетті білем! Біраз уақыт өткеннен кейін сол қыздың өз бақытын тапқанының куәсі де болдым.
           Ауылды жерден қалаға келіп, бірден оқуға түсе алмай немесе жұмысқа орналаса алмай қиналып, тағдыр тәлкегіне түсетіндер қаншама! Түрлі мерзімді баспасөз ақпарларында жазылып жатқандай, тастанды ұрпақтарымыз жетімдер үйлерінде ең жоғарғы пайыз екен. Бұл жай жаңағыдай қыздарымыздың көбеюінен туып отырған жағдай. Ауылды жерлерде оларға тағы да қамқорлық жоқ. Көп жерлерде жасөспірім қыздарды жұмыспен қамтамасыз ету қолға алынбаған. Көп кінәлілердің қатарына сол ауыл, аудан басшыларын қосуға да болады. Ұлдарға жұмыс табылар, ал қыздарды не болса соған жегіп, қадірлерін кетіруге болмайды ғой. Қыздарға лайықты киім тігетін, тоқитын комбинаттар ашып, жіп иіретін немесе кондитерлік тағамдар өндіретін цехтар ашып, тағы басқа кәсіпорындар ашып, қыздарын далаға, қалаға қаңғытпай, тентіретпей отырған, үлгі көрсетіп жүрген басшыларымыз жоқтың қасы. Қазіргідей таршылық заманда өз ауданының, ауылының тұрмыс жағдайын жақсартқаны өз алдына, жаңағыдай қамқорлық көрсеткен болар еді. Оның да небір шешілмеген күнгей, эканомикалық түйіндері бар шығар. Дегенмен де, болашақ ұрпақ қамын ойласақ алдымен қыздарымызды-гүлдерімізді аялап, солдырмау баршамызға парыз.
           Селк етіп секем алып қарадың-ау,
           Қай таудың киігі едің қарағым-ау?
           Төбеңде шыр айналып бала қыран,
            Мүйісте мергені бар қала мынау,
          Сондықтан секем алып қарадың-ау,- деп киелі, қасиетті Мұқағали ақынымыз жырлағандай, сол киіктерімізді жаутаңдатпайықшы! Оған иісі қазақ атсалысып, ата-ана дұрыс тәрбие беріп, әкімшілікке қолы жеткен азаматтарымыз материалдық, моральдық көмек көрсетіп, әйтеуір, ел болып қам жасасақ, бұзылған қыздар қатары азаяр еді.
      Жуырда африкалық азаматқа тұрмысқа шыққан мөлдіреген қаракөз қызды көрдім көшеден.Арбаға салып алған бөпелерін қыдыртып жүр-ау шамасы. Шыдай алмадым:
 « Айналайын-ау, қазақтың ішінен осындай қап-қара жігіт таба алмадың ба? Тіпті өз басыңды қадірлесең қайтетін еді?» дедім. Түсінбеді ме, әлде шынымен өзегін өртеген өрттің үстінен түстім бе, әйтеуір үндемеді. Абырой болғанда, «менің кімге, қайда күйеуге шыққанымда не ақың бар?» дегенді естімедім.
         Тәрбие мәселесінде, әсіресе жас ата-аналар қыз бала тәрбиесін назардан шығарып алмаса екен. Жас шыбықты алғашқы күннен жақсы күтіп-баптасаң қандай сымбатты болып өсіп немесе солып қалар еді. Ал күтіп-баптау дегенің тамағы тойса болды немесе барды киіндіріп тайраңдатып қою емес, ол-дұрыс бағыт-бағдар беру. Дұрыс тәрбие дегеніміз:
        Біріншіден, өтірік-өсектен аулақ өсіру, бірді-бірге соғып, қулық –сұмдық жолмен біреудің бірдеңесін қымқырып, жымқырып жүргендер үстімізге жұққан дақ;
        Екіншіден, үлкенді сыйлау, яғни ізеттілікке баулу;
        Үшіншіден, үй-іші тіршілігіне-тоқу, тігу, ас әзірлеу, тазалық жағына үйрету;
         Бесіншіден, ер балаларды сыйлауға, қадірлеуге үйрету, болашақ ерлі-зайыптылыққа баулу деген сөз бұл;
          Алтыншыдан, талғаммен киіну.  Бұны бас, аяғыңды қымта, бүркен деген сөз емес, сәнімен киіну деген мағынада;
           Жетіншіден, әдептілікке дағдыландыру. Сөз мағынасын түсініп сөйлеу. Сөз жарыстырып, бағжаңдап, тайраңдап деген сияқты түрпідей тиетін мінезден сақтау. « Әке отырып ұлы сөйлегеннен без, шеше отырып қызы сөйлегеннен без» деп халқымыз философиялық  ілімді текке айтпаған.
           Баяғыда біреу айналдырған төрт ешкісінің біреуі өліп қалды деп естіртіп тұрған кемпіріне «Е, тәйірі, мал іші болған соң болады да» деген екен дейді. Сол айтқандай, бес саусақ бірдей емес, бәрін бірдей әдепті,ғып тәрбиелеу де мүмкін болмай қалар, дегенмен өзі аз халықпыз, ал ұрпағымыздың бытырап, шашылып, берекесінің кетуіне жол бермегеніміз жөн-ау! «Ойды ой жетелейді» дегендей, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ болып тұрған осы бір шақта бірлік-берекенің болғаны ләзім. Былай қарасаң, сол жастармен жұмыс істейтін, жөнге салатын, бағыт-бағдар беретін мекемелеріміз баршылық. Қазақстан Жастар одағы комитеті, Қазақстан мұсылман әйелдері қоғамы дегендеріңізге неге тікелей тәрбие істерімен айналыспасқа? Жастар одағындығылар да кілең бір конкурстарымен ғана көзге түсуде. Болашақ ұрпақ қамын ойлайтындар осы жоғарыда аталған мекемедегілер болуы тиіс қой. Жүректері сыздап, ойларына ел ертеңі, халық қамы түссе мазасызданатын азаматтарымыз қашан ұйқысынан арылар екен?
            Жуырда бір жоғары оқу орнының бір топ бұзақылықпен айналысатын студенттері, қазіргі тілмен айтқанда рэкеттері, басқа оқу орындарының жатақханаларына барып, киімдерін, ақшаларын тартып әкеткен көрінеді. Бұл бір емес, бірнеше рет болған екен. Жәбірленуші де, жәбірлеуші де өз қандастарымыз.Еркектерден ары бірін бірі шашынан сүйреп,жұлып, сабап жатқандар да біздің қыздар.Ал, таяқ жеп, қорлық көріп жатқан тәлімді қыз екені бет –бейнесінен көрініп тұр. Интернетті ашып, кадрды тоқтатып қойып қарап, соған көз жетті. Бұл не сұмдық, мұндай қыздардан қандай ана, қандай жар шықпақ?!  Құдаймен қорқытатын, тәубаға келтіретін дініміз әлі қауқарсыз. Комсомол жоқ. Енді қыздар тәрбиесімен алдымен ата-ана шұғылдануы керек, балабақша ,мектеп тәрбие береді деген үмітті қойып, сағат сайын қыз тәрбиесін назарға алмайынша қыз қылықты емес, былықты болары сөзсіз. Қыздарымызды « көргенді жердің қызы екен» деп мадақтап жатса барған жері, ата-анаға содан артық не марапат керек.
            Өмір дегенің күрес, қайшылық. Әп -сәтте ар-ұяттан айрыла қою оңай да, оны қайтарып алу қиын нәрсе. «Өлімнен де ұят күшті» , «Арым- жанымның садағасы» деген қағидаларды ұстанған халықтың баласымыз ғой. Әрқашан ар, ұят, ождан деген сөздерді жоғары бағалайық. Сонда ғана біз нағыз парасатты халық өкілдері бола аламыз. Елдігіміз, бірлігіміз, егемендігімізді ұрпақтарымызға жалғастыру үшін, өркениетті ел болып, жер басып жүруіміз үшін ұрпағымыздың тәрбиесін түзейік демекпін.
 

Клара Қабылғазина\r\n\r\nфилолология ғылымдарының кандидаты, доцент\r\n\r\n 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ