Лиро-эпостық жырлар. Халық ауыз әдебиетінің рухани қазынасы

0
12168

   Лиро-эпостық (ғашықтық) жырлар – халық ауыз әдебиетінің мол рухани қазынасы. Лиро-эпос жырлары ауыз әдебиетінің классикалық дәрежеге көтерілген нұсқасы.

  Лиро-эпостық жырларға «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Күлше қыз» шығармалары жатады. Лиро-эпостық жырлары мен батырлар жырының өзіне тән ерекшеліктері бар.

Батырлар (эпостық) жыры

Лиро-эпостық (ғашықтық) жырлар

1.Батырлар халық мүддесі жолында күресіп, ерлік, батырлық көрсетеді.

2.Рулық қарым-қатынас, халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы жыр оқиғасына енбейді.

3.Кейіпкерлері шындықтан алыс, шартты түрде алынады.

Екі жастың бақытқа жету жолындағы қасірет-зары, махаббаты, бас бостандығы үшін күресі жырланады.

Рулық қарым-қатынас, халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы ғашықтық жырлардың негізгі өзегі болып келеді.

Образдары реалистік түрде сипатталады, іс-әрекеттері өздеріне тән суреттеледі.

 Лиро-эпостық лирика мен эпикалық тектер элементтерін бірдей қамтитын шығармалар деген ұғымды білдіреді. 

Лиро-эпостық жырлардың басты тақырыбы – жастардың бас бостандығы, екі жастың арасындағы махаббат, сүйіспеншілік. Кейіпкерлері батырлар емес, қарапайым адамдар. Ғашықтық жырларында көшпелі қазақ тіршілігі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар, әдет-ғұрып, салт-сана кең түрде жырланады. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында қазақ халқының өте ертедегі «еже-қабыл» салты (ата-аналары әлі өмірге келмеген сәбилерді атастырып, белқұда болып қояды), «Қыз Жібек» жырында қазақ халқының көшпелі өмірі мен әмеңгерлік, «Айман-Шолпан» жырында барымта салты көрініс тапқан.

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры – ел арасына ең көп тараған, қазақ лиро-эпостық жырлар арасындағы көне ғашықтық жыр. Жырда тұрмыс-салт жырларының үлгілері – жар-жар, қоштасу, естірту, жоқтау – сияқты түрлері кездеседі.

Мысалы, жырда Сарыбайдың өлімін Тазша өзінің түсі арқылы естіртеді. Жыр кейіпкерлері Ай мен Таңсық әкелері Қарабай көшкенде ел-жұртымен, ағайын-туыспен, атамекенімен жыр арқылы қоштасады. Тазша Сарыбайдың өлімін естірте келіп, жыр соңында Сарыбайдың бәйбішесіне өлеңмен көңіл айтады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының оқиғасы екі топтың арасындағы тартысқа – жақсылық пен жамандықтың тартысына құрылған. Соған орай жыр кейіпкерлерін екі топқа бөлуге болады.

Жырдағы жақсылық иелері

Жырдағы жамандық иелері

Баян сұлу, Қозы Көрпеш – жырдың негізгі кейіпкерлері

Сарыбай – Қозы Көрпештің әкесі

Ай, Таңсық – Баян сұлудың апалары

Тайлақ – Сарыбайдың құрдасы

Айбас – Тайлақтың кенже інісі, Қозы мен Баянның қосылуына дәнекер жан

Қарабай – Баянның әкесі, сараң, қараниетті адам

Қодар – кекшіл, қара күштің иесі, Қарабайдың қолшоқпары

Сасан би – Қарабай көшіп барған елдің биі

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының негізгі тақырыбы – халықтың ғасырлар бойы армандаған мұраты – жастардың бас бостандығы.

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры – Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп, Қарабайдың өтініші бойынша Сарыбай буаз маралды атқанда, ішінен егіз лақтың шығуымен басталады. Бұған шыдай алмаған Сарыбай сол жерде қаза табады. Сарыбай мен Қарабай балалары дүниеге келмей тұрып, «еже-қабыл» – белқұда болып қойған, яғни дүниеге келмеген балаларды атастырып қойған. Қарабай жырда сараң, қараниетті адам болып суреттеледі. «Жетім ұлға қызымды бермеймін» деп елінен ауа көшкен Қарабай қылығы оның бітім-болмысын айқындай түседі. Қарабай, Қодар, Сасан би – жырда тек жамандық иелері болып суреттелсе, Тайлақ, Айбас, Қозылар оларға қарама-қарсы жақсы жақтарымен ерекшеленеді. Жыр осы қараниетті адамдардың Қозыға у беріп өлтіруімен аяқталады.

 Шығыс зерттеушілері, ғалымдар, әдебиетшілер жыр туралы көптеген құнды пікірлер айтқан, көңіл аударған. Мысалы, Г.И. Потанин: «Бұл – жер жүзіндегі ең қымбат әдебиет мұраларына жататын шығарма», – десе, В.В.Радлов жырды неміс тіліне аударғанА.С. Пушкин жазып алып, жыр етпекші болған.

 «Қыз Жібек» жыры – лиро-эпостық жырлардың ішіндегі үздік жыр. Жырдың негізгі өзегі – Төлеген мен Қыз Жібек арасындағы адал махаббат пен шынайы сезім. Өз елінен лайықты қыз таппаған Төлеген саудагер шалдың айтуымен 80 жігіт қосшы, 15 жігіт басшы, 25 жорға алып, анасының қарсы болғанына қарамастан, Ақ Жайыққа жол тартады. Жол бойы қанша қызды көрсе де, ешқайсысы Төлегенге ұнамайды.

Төлегеннің қыз таңдап жүргенін естіген Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай ханның ақылшысы әрі ақын Қаршыға оны өзіндей сұлу әрі ақылды жігітті армандаған, бірде-бір жігітке мойын бұрмай жүрген ханның қызы Жібекке жолықтырмақ болады. Сырлыбай ханның көшіне киліккен Төлеген он бір көштен өтіп барып Қыз Жібектің күймесіне жетеді. Қыз Жібекті бір көріп ғашық болған Төлеген қыз әкесіне келіп, өз мақсатын айтады. Адам тани білетін хан келісімін берген соң, Төлеген Қыз Жібекпен үш ай қалыңдық ойнап, көктем шыға қайта оралмақ болып, өз еліне аттанып кетеді.

Айтқан уақытында келе жатқан Төлеген орта жолда қараниетті қарақшы Бекежан қолынан қаза табады. Төлегеннен айырылып, бақытсыздыққа ұшыраған Қыз Жібекті қалмақтың ханы Хорен зорлықпен алмақшы болады. Көркіне ақылы сай Жібек Хоренді алдап өзі құрған торға түсіріп, Сансызбай мен Шегеге қосылып, Жағалбайлы еліне аттанып кетеді. Сөйтіп, Қыз Жібек арманына жетеді. Жыр кейіпкерлері:

Қыз Жібек пен Төлеген – жырдың негізгі кейіпкерлері
Сырлыбай – хан, Қыз Жібектің әкесі
Базарбай – Төлегеннің әкесі
Сансызбай – Төлегеннің інісі, қазақтың әмеңгерлік салтымен Қыз Жібекке үйленеді
Қаршыға – Сырлыбай ханның ақылшысы, әрі ақын, әрі шешен
Шеге –Жібекті Сансызбайға қосатын Төлегеннің досы, ақын
Бекежан – Төлегенді атып өлтірген қараниет қарақшы

«Айман-Шолпан» – басқа лиро-эпостық жырларға қарағанда жаңа сюжетке құрылған жыр. Оның дәлелі – халықтың тұрмысы базармен, қаламен, сауда-саттықпен байланыса болуы. «Батыр» Маман байдың елін шауып, екі қызды жайдақ нарға мінгізіп алып кеткенде, Айманның сүйген жігіті Орынборға мал айдап кетеді. Жыр кейіпкерлері:

Айман, Шолпан – жырдың негізгі кейіпкерлері
Маман – Айман мен Шолпанның әкесі, бай
Әлібек – Айманның сүйген жігіті
Арыстан – Көтібардың інісі, Шолпанның сүйген жігіті
Көтібар – қара күштің иесі, батыр
Теңге – «Батырдың» ерке де долы тоқалы
Есет – «Батыр» мен Арыстанның жалғыз бауыры

Жырда Көтібар, Есет, Арыстан сияқты тарихи тұлғалардың есімдерінің аталуы – жырдың тарихилық сипатын арттыра түседі.

«Көңілі кең, ақылы дана» Айман сіңілісі Шолпан екеуінің басына іс түскенде, аспай-саспай барлық қиыншылықты ақылмен, сабырмен жеңеді. Өзі сүйген жары Әлібекке қосылады, Шолпан мен Арыстанның тіл табысуына өзі дәнекер болып, Көтібарды ақыл мен айланың торына шырмап тастайды. Жырдағы күні өтіп бара жатқан ескі мен жаңаның арасындағы тартыс жаңашыл топтардың жеңісімен аяқталады.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ