Ұлт президенті — ұлыс президенті

0
2328

Мақаш Тәтімов пен Ғарифолла Әнестің сұхбаты

Ғарифолла Әнес: Мемлекет басшысы болу деген – әр кез иненің ұшында, қылыштың қырында отырумен бірдей қиын шаруа. Кейде бір шаңырақтың астында түтін түтетіп отырған ағайындылардың өзі ортақ тіл таба алмай, жаға жыртысып жатады.

Ал күллі мемлекеттің тізгінін ұстау, қырық рулы елдің басын қосып, ортақ мәмлесін табу, бірлігін сақтау, ішкі, сыртқы саясатын, мәдениетін орнықтыру, қуатын арттыру– кез келген президенттің қолынан келе бермес машақатты да мәртебелі міндет.

Ендеше, осындай ғаламат қысым мен талқының өтiнде келе жатқан Елбасымызды біз қай деңгейде білеміз? Білсек, көбінесе оның ресми орындарда, жоғары дәрежеде өтетін кездесулерде сөйлеген сөздерінің, халқына айтқан теледидарлық арнау сөздерінің, әрі кеткенде арагідік берілетін сұхбатының ауқымында ғана білетін шығармыз.

Ал сіз болсаңыз, Мақаш аға, бір кезде Нұрсұлтан Әбішұлымен Украинадағы техникалық училищеде бірге оқыдыңыз, жастықтың қиын да қызғылықты сәттерінде қатар жүрдiңіз. Сол шақтарда қазіргі Елбасының Президент емес, қарапайым жер басып жүрген жұмыр басты пенде ретіндегі кісілік келбеті, қабілет- қарымы, парасат пайымы қандай еді?

Мақаш Тәтімов: Тәуелсіздік алған Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуы ел ағасы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатына байланысты.

Көп ұлтты республикада ұлтаралық қатынастар дамуының тізгінін тең ұстап, сабыр мен салқынқандылыққа негізделген саясат жүргізіп отырған Президент Назарбаевтың аласапыран мына заманда алуан ұлтты өкілдерді ұлтаралык жарасым мен ынтымақта ұстауының өзі бүкіл әлемді таңқалдыруда.

Дербес елдің дара демографиялық саясатының біртіндеп қалыптасуында және оның жүзеге асуында Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіндік, дараланған тұлғасын атап көрсетуіміз керек-ақ…

1990 жылы республикада Президент қызметі белгіленді, Жоғарғы Кеңестің сессиясында жабық дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып сайланды.

Әрине, ел басқару екінің бірі егіздің сыңарының қолынан келетін өнер емес. Жалпы, өнер атаулының оңайы жоқ. Соның ішінде ел басқару өнері қиынның қиыны. Баланың да, дананың да бабын біліп, жұрттың бәрімен ортақ тіл тауып, байтақ қауымның көңілінен шығуы үшін бірегей білім, бай тәжірибе ғана емес, тума талант, дарабоз дарын керек-ақ!

Франция азаматы, ғалым Алекс Московичтің “Аиф» және “Каз. Правдада» жарияланған (1995 жыл, 1 наурыз) бірегей пікірлері былайша өрбиді: “Н.Назарбаевтай басшыны қазақ халқына тағдырдың тартқан тамаша сыйы ретінде қабылдау керек.

Бұрынғы Одақтың басқа Президенттеріне қарағанда, Қазақстанның айы оңынан туған, өйткені бұл басшы адамгершілігі ұшан- теңіз кісі болумен қатар, шын мәніндегі мемлекет қайраткеріне қажет:кеңінен ойлайтын терең ақыл, баурап алар бірегей дарын, іс- қимылға бейім- қабілет сияқты үш қасиеттің үшеуі де тал бойынан түгел табылатын жан».

Осы шетелдік ғалым меңзегендей, бүгінде “Қазақ кім?» деп сұраса, ұялмайтындай түр- сипаты, кескін- келбеті келісті, ақыл- парасаты, білім- қабілеті кемел Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей тұлға екенін айдай әлем мойындап отыр.

Сайып келгенде , бұл күрмеуі қиын халықаралық күрделі мәселелерді Қазақстанның пайдасына қарай шешуге септігін аз тигізіп жүрген жоқ.

Демек, жалпы жұрт мойындаған, ай асты ғаламды айран- асыр қалдырған небір көкшулан дарын, әйгілі азамат болсаң да, кіндік қаның тамған топырақ жалқы. Сол жалқыны жан- тәнімен сүю арқылы ғана кез келген кемел тұлға жалпыга кұшагын ашады.

Сол топырақта өткен бала күнгі жаутаң көз шақтар, бозбала дәурендегі арман куған алкеуде кездер, ізгілік сапарына ілескен аяулы күндер адам санасына естелік боп тұрып, көңілді бірде сағынышпен жабырқатып, бірде алуан қызығымен жадыратады.

Дереккөз: «Елбасы және ел саны» кітабынан

Әзірлеген: Жұмабек Аяулым

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ