Аттанып кетіп барам майданға мен
Қоштасып алтын бесік, қайран елмен.
Мен бәлкім оралармын жеңіспенен
Аман бол туған елім, ата-анам!
Ел басына күн туғанда Отанды қорғау қасиетті парыз. Сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталып, мерейлі жеңіс күнін тойлап келе жатқанымызға биыл 76-жыл. Соғыс біреудің тәтті балалығын, біреуінің жастық шағын, ал біреулерінің ең асылын ұрлағаны мәлім. Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған батырлар қатарында менің атам Әміре де болды. Отбасымызбен мақтан тұтып жүретін атам жайлы айтсам деймін…
Жанназаров Әміре 1920 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. 1939 жылы қазан айында әскерге алынып, Қызыл Армия қатарына шақырылды. Ал, 1939 жылы қазанда Кеңес Одағы Финляндия шекара шебін Ленинградтан 70 шақырым ары қарай ұзатуды талап етеді. Карелиядағы Ханко аралын береміз деп ұсыныс жасайды. Фин жағы ұсынысты қабылдамай тастаған соң, Кеңес-Фин соғысы басталады. Атам әскерде Отан алдындағы борышын өтеп жатқан Ленинград әскери округы бір күнде солтүстік-батыс майданына айналды. Генерал Мирацковтың жетінші армиясының құрамындағы жауынгер атам өзі сияқты мыңдаған солдаттармен осы соғысқа қатысты. 1940 жылы 12 наурызда Кеңес-Фин соғысы аяқталды.
Атам әскери борышын өтеуді әрі қарай жалғастырады. Сол уақытта ашық аспан төсіне бұлт үйіріліп, көптің көңіліне көлеңке түсірген сұрапыл соғыс басталып кетеді. Әскерден 1941 жылы қазан айында майданға аттанар алдында елге деген сағынышын мына өлең жолдарынан көруге болады:
Аттанып кетіп барам майданға мен
Қоштасып алтын бесік,қайран елмен.
Мен бәлкім оралармын жеңіспенен
Аман бол туған елім, ата-анам,– деп майданнан хат жолдаған. 1942 жылы атам Сталинград түбіндегі майданға қатысады. Осы Сталинград шайқасында күресіп, оң қолынан және оң көзінен жараланады. Госпитальда емделіп, қайтадан әскер қатарына қосылады. Анамның айтуынша, бұлтты күндері атамның жарақаты майдандағы күндерін еске салып, сыр беретін болған көрінеді.
Соғыс бітіп, елге оралған соң атам Бөгендегі балық зауытында 1650-1960 жылдары жұмыс жасайды. Жұмагүл әжем екеуі отбасын құрады. 1966 жылы Жаңақұрылыс ауылына көшіп келіп, бақташы болып еңбек етеді. Қазалыдағы “Ленин туы” газетіне атам жайлы “Үлгілі бақташы” деген мақала жарияланады.
Батыр Әміре 1975 жылы “Социалисік Еңбек Ері” медалімен марапатталды. Атамның марапаттары жайлы айтар болсам: “Ұлы Жеңіске 30 жыл”, “Ұлы Жеңіске 40 жыл” , “СССР Қарулы Күштері 50 жылдығы” , “СССР Қарулы Күштері 60 жылдығы” “СССР Қарулы Күштері 70 жылдығы” және 1980 жылы “Еңбек Ардагері” орденімен марапатталды.
1995 жылы атам дүниеден қайтты.
Әміре атам мен дүниеге келмей тұрып өмірден өткендіктен, бұл әңгімені анамнан естіген болатынмын. Демек, артымнан еріп келе жатқан іні-сіңлілеріме атамның ерліктері жайлы айтып отыру менің борышым деп білемін. Отан үшін жан берген, қиын-қыстау заманда тылда еңбек еткен аға-әпкелеріміз қаншама. Әрқайсысының өмір жолын баяндар болсақ ұмытылмастай бір-бір дастан болушы еді. Батырларымыздың есімін ұмыттырмай , болашаққа аманат ету – біздің парыз.
Гүлманат Райымбаева