Мұқағали ақынды еске алуға арналған әдеби-сазды кеш сценарийі

0
19635
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі
                                               Әр өлеңі бір әлем

«Әр өлеңі – бір әлем» атты Мұқағали ақынды еске алуға арналған әдеби-сазды кеш сценарийі

Кештің мақсаты: Ақиық ақын, артына айрықша өшпейтін із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау.

М.Мақатаевтың поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, сезіндіру, шығармашылығының музыкасымен үндесу ерекшелігін, ақынның сөзіне жазылған әндері көпшілік назарына ұсыну.
Көрнекілігі: слайд, кітап көрмесі,ақынның өз дауысымен оқылған өлеңдері.
Сахнада ақын жайлы слайд. «Есіңе мені алғайсың» әні (баяу ойналып тұрады)

І.Алипбай Абдурахман «Арыз жазып кетейін» өлеңі.

1-жүргізуші:

Болмаса егер ақиқаттан бөтені,
Айтылған сөз арлы адамға жетеді.
Туындысы дана менен дараның
Жүректе екен жайғасатын мекені.

2-жүргізуші:

Жырыменен жүректерді тербеген,
Жан жарасын талайлардың емдеген.
Мөрі болған жиырмасыншы ғасырдың
Мұқағали сынды ақындар кемде кем.

1-жүргізуші: Ассалаумағалейкүм, қадірменді қауым!

2-жүргізуші: Армысыздар, қадірлі ұстаздар мен қымбатты оқушылар!

1-жүргізуші: «Барлығы да, Поэзия, сен үшін»,–деп əдебиет патшалығының ғажайып ханзадасы һəм бірегей сардары ретінде салтанат құрған Мұқағалидың құдіретті өлеңдері халқының жүрегінде.  Шындығында, Мұқағали бойындағы  тамаша талантын жұртына арнаған.

2-жүргізуші: Ендеше, бүгінгі кешіміз Хантәңірінің мұзбалағы, ақиық ақын, тау тұлғалы талант, дарынды дарабоз, «Ғасыр ақыны» атанған, миллион сырлы сезімнің иесі – Мұқағали Мақатаевқа арналады.

1-жүргізуші:  Ақынның туған күні- 9-ақпан. Бұл күн  қай жерде болмасын жыл сайын  ақпан айында тойлана беретіні хақ.

 Екі жүргізуші бірге: Ендеше, ақын шығармашылығына арналған «Әр өлеңі – бір әлем» атты   әдеби-сазды кешке қош  келдіңіздер!!!

2-жүргізуші: Абаймен үндес Мұқағалидай перзенті бар халық –шынымен бақытты халық. Иә, Мұқағали – ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Оны біреулер «көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дауыстарға толы жұмбақ ақын» десе,

1-жүргізуші: кейбіреуі:«Жоқ ол – қара өлеңнен қаймақ қалқыған қарапайым ақын, өлеңін бәріне түсінікті тілде жеткізген таңғажайып ақын» дейді. Өзінің 1834 өлеңімен миллиондаған, тіпті миллиардтаған жүректі жаулап алып,  бірде жылатқан, бірде қуантқан Мұқағалиды  ақын емес деп көріңіз..!

2-жүргізуші: Поэзия патшалығындағы  пайымдауы өзгеден бөлек ақын жебелі жырын жүректерге ерекше үнмен, соны серпінмен жеткізді.

                                        ІІ.Абыт Балнур «Сіздер» өлеңі

                                       «Қарасазым» өлеңі.

5 «Б»сынып сынып оқушылары:Рамазан Жания, Жанұзақ Анель,

 Стыбай Ақерке, Орынтай Сабина, Темірбек Алихан, Төлеуханов Али

1-жүргізуші:

Ән сал жаным,

Әніңмен тербет мені.

Бір сәтке тынсын тірлік жер-көктегі ,—

деп ақын жырлағандай , ақын өлеңіне жазылған әнге кезек берейік.

ІІІ. «Туған өлке» әнімен  9 «Б»-сынып оқушысы Қамбыл Мерейді қарсы алыңыздар.

  1-жүргізуші: Ақиық ақын  1931 жылы  Алматы облысы, Нарынқол  ауданы, Қарасаз ауылында дүниеге  келген. Әкесі Сүлеймен Ұлы Отан соғысында, Калининград майданында,  қайтыс болған. Анасының  аты – Нағиман. Әжесінің бауырында өскен соң,  Мұқағали өз анасын  «Нақа»  деп атаған екен.

2-жүргізуші: Соғыс зардабы бұғанасы қатпаған балаларға ауыр салмақ салды. Сол бір сұрапыл жылдарда әжесі мен шешесінің, екі інісінің ортасындағы бас көтерер еркек кіндіктен ересегі Мұқағали болып, бала иығын батпандай басқан отбасының ауырпалығын ерте сезе бастайды.

1-жүргізуші: Иә, ақын ерте есейді,еңбекке ерте араласты. Орта мектепті бітірген соң, ауылдың хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол комитетінде болды. 1949 жылы Лашын апамызбен өз отбасын құрды. Одан соң дүниеге Алмагүл, Шолпан атты екі қызы, Айбар, Жұлдыз атты ұлдары келді. Ал, Майгүл есімді қызы 10 жасында қайғылы қазаға ұшырап, Мұқағали ағамыздың қабырғасын қайыстырды.

2-жүргізуші:  1954 – 1962 жылдары Қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарды. Ал, 1962 – 1972 жылдарда «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 1972 – 1973 жылдары Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметін атқарды.

1-жүргізуші:Ақынның тұңғыш өлеңі 1948 жылы Нарынқол ауданында «Советтік шекара» газетінде жарық көрді. Ақынның шығармалары негізінен елге, туған халқына деген сүйіспеншілігін, махаббатын, өмірге деген құштарлығын жырлауға арналған.  

 2-жүргізуші: : «Поэзия, менімен егіз бе едің»– деп ақын өзі жырлағандай, Мұқағали өлең жазып қана қоймай, өз өлеңдерін шебер оқи алған ақын. Ол біраз уақыт Қазақ радиосында диктор болып та қызмет етеді. Оның дауыс ерекшелігін, оқу мәнерін қазақтың Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаев жоғары бағалап, өз қол астына алады. Ендеше  Қазақ радиосының «алтын қорында» сақталып қалған ақынның өз дауысына  құлақ түрелік.

(Мұқағалидың дауысымен өз өлеңдері оқылады)

1-жүргізуші:

Мен бақыттымын,
Бақытты жерде туылдым.
Айналайын Қарасаз,
Қасиетінен суының!

 2-жүргізуші:

Сенің әрбір бұлағың —
Менің әрбір қан тамырым емес пе?
Қасиетті тұрағым,
Қасиетінен суыңның!–деп тереңнен толғайды.

1-жүргізуші: Ендігі кезекті ақынның туған жер, Отан  туралы жырларына берейік.

1.Жарқын Мейіржан «Үш бақытым» өлеңі

2.Бекжігіт Аружан  «Қазақстан» өлеңі

3.Жетпіс Айжан   «Отан» өлеңі

 4.Суннат Арманжан «Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген» өлеңі

1-жүргізуші:Сезім тебіреністері жүрек түкпірінен  орын алып, ойлантпай қоймайды.Кеше жыр болса, бүгінгі күні әнге айналған толғаныс теңізінің толқындарына құлақ  түрсек.

Ән  «Ақ кептерлер» 8 «В» сынып қыздары

1-жүргізуші:

Поэзия –  сәулелі сезімнің сыңғырлы үні, жүрек дүрсілі һәм қоңырауы.Ол жаңару мен түрленудің, нәр берудің құралы.

Мұқағали:

Ақынмын деп  мен қалай айта аламын,

Халқымның өзі айтқанын қайталадым.

…Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын,– десе,

2-жүргізуші: замандасы, әріптесі  рухани достарының бірі –  Жұмекен Нәжімединов:

Күпі киген ақынның
Костюмді ойы – тамаша,
Киіндірген Абай тек қара өлеңді жаңаша.
Қағып-сілкіп күпіні – шекпен алған сол ақын –
Шекпен киген кешегі Мұқағали болатын.

деп оны жылы қабылдайды, мойындайды.
Ендеше, Мұхаңның әлеміне тереңірек бойлап, оның сыршыл поэзиясының төркінін ұғудың да сәті келген сияқты.

1-жүргізуші: Ақын қалам тартпаған тақырып жоқ. Жыр сүйер қауымның Мұқағали поэзиясына деген құштарлығы толастаған емес. Ендігі кезекті ақынның жас оқырмандарына берейік.

1.Абдусалим Назым «Поэзия, менімен егіз бе едің?»

  1. Күздеубай Жансая «Қараөлең»

3.Айтпаева Ақниет  «Кел, болашақ»

4.Құрманбай Мадина «Жастық»

  1. Оралсейіт Аяулым «Болашақққа»

6.Алипова Ақмарал мен Нуралиев Асылжан

1-жүргізуші:

Ұстап мінген тұлпардың тұяқтысын,
Талмай жазған ән-жырдың шуақтысын.
Өз халқыңның мұң-зарын, арман әнін,
Бәрін жазып кеткен сен сияқтысың.

Ән «Сәби болғым келеді». Орындайтын Мырзабекова Дина

Бірлік Айдана «Бабаларым, рахмет сендерге»

8.Қаныбек Ұлдана «Шеше, сен бақыттысың» өлеңі                   

9.Мұратбекұлы Ернар «Әке» өлеңі

  1. Әкімхан Ақнұр «Кем болып жаралғам жоқ мен ешкімнен»
  2. Құсайынова Энвер «Көктем де келер енді».

12.Сағатбекова Еңлік «Сен менің жүрегімнің ішіндесің»

1-жүргізуші: Ән «Есіңе мені алғайсың». Музыка пәнінің мұғалімі  Сейілханова Айнұр апайды шәкірті Дулатбай Айдынаймен қарсы алыңыздар.

2-жүргізуші: Ақынның «Аманат» жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бүгінде Мұқағали ақынның 13 кітабы бойынша 1834 өлең, 19 поэмасы бар екені анықталып отыр. Мұқағалидың өлеңдерін жыр сүйер қауым іздеп жүріп оқитын болды. Ақын өлеңдеріне 100 –ден астам әндер жазылды.

2-жүргізуші: Поэзия тынысын өзінше кеңейткен,қазақы формалар мен бояуларды сақтай отырып, «шекпен жауып қайтарып»,жаңа леп, жаңа үн қосқан, сонымен соны соқпақ салған, өзінше өрнек ойған Мұқағалидың  таудай тұлғаға айналарына күмән келтірмей, ол  және оның поэзиясы туралы жылы лебіз, қонымды пікір білдірген замандастары болды.

 1-жүргізуші: Соның  бірі асқаралы ақын Әбділдә Тәжібаев: «Мұқағали Мақатаев — біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі. Мақатаев атты алып ақындық жарқын жүзіне, миллион адам миллион түрлі пікір пайымдаса да, ешбір кіреуке, көлеңке түспей,келешекке қарай керуен түзеп, көше бермек» десе,

2-жүргізуші: Лирик ақын Тұманбай Молдағалиев: «Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздарының арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың — ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз» -дейді.

1-жүргізуші:  Қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова: «Мақатаев бұл жалғанға қалдырған жарық сәуле – жырлары халқының басын құрап, елдік пен бірліктің, рухани тұтастықтың байрағына айналып отыр» деген екен.

1-жүргізуші:

Мұқағали – қазақтың саңлағы,
Мұқағали  – ән жырдың шаңырағы.
Шырқалғанда жырларың жаным толқып,
Жүдеу тартқан көңілім жадырады.

  1. Мұқағали жырларына кезек берейік.

 Құрметжан Сымбат «Елім барда», Сарсенбекова Жанар «Фаризаға».  

                                 ІV. Мұғалімдер папури орындайды.

 2- жүргізуші:  Мұқағали-мәңгілік өмір! Ақын мұрасы,маржан поэзиясы-мәңгілік,болашақ ұрпақтың еншісі,қастерлеп қадірлейтін мұрасы, ақын көкірегінен буырқана ағылған жыр жанартаулары өлең құмар халыққа таусылмайтын сый, мол қазына болып қала бермек. Ақынның сөзі өлмесе, өзі де өлмегені.

 1-жүргізуші:

Шын жыр үшін туылған шалқар едің,
Шындық үшін туылған арқалы едің.
Шындығыңды ұмытар кейбіреулер,
Шын жырыңды ұмытпас дарқан елің,- деген жыр жолдарымен кешімізді аяқтаймыз.

2-жүргізуші: Көңіл қойып тамашалағандарыңызға көп рахмет.

Сарсенбекова Жанар Абытқызы

Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ