Мәдени — тарихи мұрадағы және патриотизмді қалыптастырудағы рәміздердің маңыздылығы

0
6463

          Мемлекеттік рəміздер — кез келген елдің маңызды атрибуты, тарих пен мəдениеттің, егемендік пен тəуелсіздіктің, халық пен билік бірлігінің көрінісі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ə.Назарбаев өз сөздерінде: «Мемлекеттік рəміздер — барлық уақытта жəне барлық халықтарда мемлекеттілік пен тəуелсіздіктің ауқымды жəне шоғырланған бейнесі. Бізде керемет, идеялық бай Елтаңба, Ту жəне Гимн  бар» деп айтқан еді.

Елдің тәуелсіздігі мен өзіндік ерекшелігінің бір көрінісі ретінде саналатын мемлекеттік рәміздер рухани, саяси-адамгершілік салаларының дамуына септігін тигізеді және біртұтас мемлекеттің ұлттық нышаны, тірегі ретінде танылады.

Мемлекеттік рəміздер саяси мəдениет пен халықтың мəні туралы ақпаратты қамтиды, қоғамның жəне өз Отанының патриот азаматының саяси санасының қалыптасуына əсер етеді. Осы тұста тағы да елбасымыздың сөздерін айтып кеткім келіп тұр: «Еліміздің қазіргі заманғы мемлекеттік жəне саяси рəміздері қазақ халқы мен республиканы мекендеген ұлт өкілдері үшін таптық, тоталитарлық қоғамның ескі, тозған атрибуттарын алмастыруды ғана білдірмейді.

Бұл республиканың демократиялық жəне құқықтық мемлекет құруға, тұлғаның егемендігі қағидаттарына, оның этностық əр алуан халқының бірлігіне негізделген жаңа қоғам құруға түбегейлі бет бұруының айғағы», – деп Н.Ə. Назарбаев жаңа мемлекеттік рəміздерді қабылдау рəсімінде атап өткен еді. Мемлекеттік рəміздерді ресми бекітудің өзіндік саяси тарихы бар.

Елтаңбамызды, Туымызды жасауға, Əнұран музыкасы мен мəтінін жазуға еліміздің ең құрметті адамдары қатысты. Қазақстанның Мемлекеттік рəміздерін шетелдік мамандар жоғары бағалағаны кездейсоқ емес.

Әнұран — салтанатты ән, мемлекеттік негізгі рәміздердің бірі. Әнұрандардың революциялық, әскери, діни тағы басқа түрлері болады. Оның сөзі де, музыкасы да рух көтеретін салтанатты, үлкен мұраттарға бастайтындай болуы керек. Мамандар Мемлекеттік әнұран әуенінің музыкалық жарасымын, жанға жайлы әсерлілігін және өзгеше оптимистік рухтағы өршілдігін бөле —  жара атайды. Шәймерденов.Е.Ш. «ҚР Мемлекеттік Рәміздері» еңбегінде белгілі музыка білгірі Н.Кетегенованың пікірін көрсетеді:  “ол асқақ та мағыналы дәстүрлі халықтың лиро-эпикалық интонацияларын бойына жиған туынды, сонымен бірге онда музыкаға қайрат пен салтанаттылық сипат беретін осы заманғы жаңа әуендер-динамикалық кварталық серпіндер де бар”  деген пікірінде  Әнұранның ұлт үшін, ұлт болашағы үшін және жастар рухын көтеруде қаншалықты маңызды екенін көрсетіп, жарқын болашаққа деген сенімділік нышаны бола алатынын дәлелдейді.

«Әнұран өзара ынтымақ пен келісім тәрізді аса маңызды жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген. Оның өнбойында қазақ елінің мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігі идеялары анық та айшықты көрініс тапқан» деп «Елтаным» кітабында әнұранның абыройын асқақтатады.

Осыдан 76 жыл бұрын, яғни 1943 жылы Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының мемлекеттік әнұранын жазуға байқау жарияланған еді. Оның нәтижесінде соңғы нұсқа ретінде Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидилердің әуеніне жазылған Әбділда Тәжібаев, Қайым Мұқамедханов, Ғабит Мүсіреповтердің мәтіні қабылданды. Бірақ бұл авторлыққа байланысты бірнеше дерек бар. Кейбір деректерге сүйенсек, алғашқы әнұран мәтінінің толыққанды авторы Қайым Мұхамедханов екені айтылған. Қалған авторлар болса мәтін басындағы «ер қазақ» сөзін «біз қазақ»-қа ауыстырған.

1943 жылы Кеңес билігі одақтас реупубликалардың әрқайсы өз әнұраны болуы керек деген қаулы шығарған. Қайым Мұхамедханов ол кезде  27 жаста болған. 1945 жылы жоғарыдағы мәтінді Кеңес биілігі мақұлдаған.

Тарихи мәліметтерде осы мәтінге ән жазған Мұқан Төлебаев әнұранның сөзін жазған Қайым Мұхамедхановпен бірге отырып ұзақ уақыт бойы әнұранды бір нақышқа келтіру үшін жұмыс істегені айтылады. Сөйтіп бұл әнұранның мәтіні 1943-1992 жылдар аралығында Қазақ Кеңес Социалистік Республикасында шырқалды.

1992 жылы Кеңес Одағы күйрегеннен кейін тәуелсіз мемлекеттің азаттығы мен зайырлығын бейнелейтін жаңа әнұранын әзірлеу қажет болды. Осыған орай 1992 жылы еліміздің әнұранының мәтіні мен әніне конкурс жарияланған еді. Жалпы конкурсқа 750 жоба түскен екен. Сөйтіп байқаудың жеңімпазы деп Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаеваның бірлесіп жазған туындысы Қазақстан Республикасының әнұранының мәтіні деп таңдап алынған. Айта кетейік, 1992 жылы әнұранның тек мәтіні өзгерді, ал әнұран әні алғашқы күйінде қалды.

«Халықтың қуаты бірлікте!» Қазақстан халқының тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біздің әнұранымыз осылай шырқайды. Өлеңнің бірінші шумағы жаңадан егемендік алған Қазақстанның осы күнді аңсап жеткендігі, тәуелсіздікке жету жолында жалындап жанғанымызды сөзбенен, әуенменен жүрекке жеткізеді. Екінші шумағында Қазақстанның көпұлтты мемлекет екендігін, барша ұлттың тату тәтті екенін айта отырып, бауырмал екенімізді жеткізеді. Бірлікке, татулыққа шақырады. Үшінші шумақта талай тағдырды бастан өткерген Қазақстанның болашаққа қарай нық қадам басқанын жырлайды.

Eл Әнұранын өзгерту мәселесі оқтын-оқтын баспасөз беттерінен айтылып жүрді және 2001 жылы Парламент отырысында көтіріле бастады. Сол кездері сөзін Елбасы Н.Ә.Назарбаев жазған, сазын Б.Тілеухан шығарған «Елім менің» әнін ҚР Мемлекеттік Әнұраны етіп бекіту мәселесі көтереліп, тек Президенттің Парламентке жазған хаты әнді талқылауды тоқтатқан еді.

1992-2006 жылдардағы әнұран қазақ ұлты басынан кешкен сұм соғыстың, аштықтың, халықтың қиын қыстау кезеңдерге төтеп беруіне әсер еткен өзіндік туынды болғанымен, Қазақ елі Қазақстан болғалы халықтың рухын көтеретін, қиын күндердің артта екендігін білдіретін өзгеріс қажет болды.

Алғашқы Әнұранының салтанат құрып тұрғанына қарамастан, республиканың жер-жерлерінде кез келген форум асқақ патриоттық сезіммен сөзін ақиық ақын Ж.Нәжімеденов жазған Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шабыттана шырқаумен аяқталып, ол Қазақстанда тұратын барлық халықтардың жалпыұлттық игілігіне әрі бейресми Әнұранына айнала бастады. Ендеше халықтың жүрегінен орын алған осы ән бүгін де республиканың Әнұраны болып заңдастырылды.

Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру үшін 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды.

Бұл ән 1956 жылы 25 қазанда жазылған. Әннің мәтінін ақын Жұмекен Нәжімеденов Алматыда, белгілі қобызшы Гүлсара Бірманованың үйінде жазған. Өлең Қазақстанның миллиард пұт астық жинау қуанышына арналған секілді көрінгенімен, негізінен «ел, жер менікі» деген отаршылдыққа, үстемдік билікке қарсы туған шығарма. Қазақстанды бөлшектеуге, республиканың алты облысын Ресейге, Өзбекстанға беру туралы шешімге қарсылық ретінде, ел бірлігін, жер тұтастығын сақтауға шақырған ән. «Хрущевтің ұлтаралық саясатын» түсінген қазақ халқының патриоттары ата-бабаларының жерінің бірлігі мен тұтастығын сақтауға тырысты. Сондықтан «Менің Қазақстаным» әні жазылды — бұл қазақ халқының Хрущевтің ұлттық саясатына наразылық болды. Оны шығарған кезде композитор Шәмші Қалдаяқов 25 жаста, ақын Жұмекен Нәжімеденов 21 жаста екен.

Алайда бұл ән көпке дейін жарыққа шығып, орындалмайды. Себебі, «Менің Қазақстаным» деп ерекшеленіп, Одақтан «бөлініп тұрғанында» саяси мән бар деп әнде жарыққа шығаруға рұқсат бермеген. Соған қарамастан, Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарова жоғарыдағылардың рұқсатына қарамай, Қазақ радиосы арқылы әнді орындап, халық арасына кеңінен таратып жіберді. Міне, «Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихы мен халық арасына таралуы осылай басталған еді.  Бұл әннің Қазақстан Республикасының әнұраны болуын Парламентке ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік әнұран жоғары мәртебесін беру мақсатында және оның салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеген. Жастайынан өлең-сөздің мәнін ұғып өскен Нұрсұлтан Әбішұлы ән мәтінінің кейбір тұстарын заманға сай түлетіп, өз үлесін қосты. Яғни әннің түпнұсқасы өзгерді. Осылайша Қазақстан Парламенті 2006 жылдың 6 қаңтарында палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік әнұраны бекітілді.

Тәуелсіз Қазақстан Әнұраны кешегі мен бүгінгіні сабақтастырып, ертеңге жол ашатындай. “Қанмен қол жеткізген егемендіктің құнын түсініп, кең-байтақ жер иесі “қазақ” деген ұлттық рухты жоғалтпай, бірлігіңе берік бол!” деген ата-баба өсиетінен сыр шертетіндей. Оның сырын тереңінен түсіну үшін тарихымен таныс болу, мазмұнына үңілу міндетті.

Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уәлиханов.

Елтаңбаны жасаудағы басты мағынасы елдің дәстүрі мен тарихынан сыр шертеді, ол әлемнің тұтастығы туралы, бейбітшілік жайлы және республикада тұрып жатқан халықтардың ынтымақтастығы туралы түсінік береді. «Қара шаңырақ символы» — елдің Елтаңбасының идеясы мен мағынасын осы сөздер дәл сипаттай алар еді.

Елтаңба пішінінің дөңгелек болуы кездейсоқ емес, себебі бұл пішінді көшпенділер ерекше бағалаған. Бұл өмірдің, мәңгіліктің белгісі. Кеңістігінде көптеген символдар біріккен дөңгелек біруақытта ғарыш пен еліміздің бірлігін бейнелейді.

Елтаңбада бар 40-тан астам символдың өз атауы мен өзіндік мағынасы бар. Оның басты құраушы бөлшегінің бірі саналатын Шаңырақ — киіз үйдің жоғарғы күмбезі тәрізді бөлігі. Көшпенділер киіз үйдің ішінде жатып, түндікті түріп қойып, Шаңырақ арқылы аспандағы жұлдыздарды тамашалаған. Шаңырақ — кең түсінікте ғалам секілді әлем символы. Республиканың Мемлекеттік Елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі — елді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы.

Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланысты секілді, Қазақстанда бақытқа жету әрбір азаматтың аман-есендігіне байланысты. Шаңырақ, қазақтардың түсінігінде үлкен символикалық мағынаға ие. «Шаңырағың биік болсын!» деп тілек айтқанда, барлық халықтың үйлер мен елдердің амандығын тілейді. Шаңырақтың пішіні дөңгелек. Дөңгелек ежелден ірілікті, татулықты және дүниенің үйлесімді тұтастығын білдіреді.

Ежелгі түркі әліпбиінде Шаңырақтың дөңгелек болуы отбасы — ошақ қасын білдірген, осы жерден Отан ұғымы шыққан. Шаңырақ санскриттік чакра — Күннің шуақты шеңбері деген сөзден шыққан. Іс жүзіне келгенде, Шаңырақ дала сағаты — Күннің қозғалу жылдамдығының көрсеткіші болып табылады. Шаңырақтағы белгіге қарап қазақтар жыл мезгілдерін анықтаған. Шаңырақ — Елтаңба жүрегі — ошақ, әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің басты негізі — отбасыны бейнелейді.

Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі күн арайларын еске түсіретін оның уықтарына байланысты. Күн сәулесі секілді тараған, кереге мен шаңырақты жалғастырып тұрған 72 дана уық тәуелсіз елдің бірлігі мен тірлігін иықтаса көтеріп тұрған көп этнос өкілдерін танытып тұр. Және ол уықтар соншалықты бір-біріне ұқсағанмен әрқайсысының шаңырақ қаламдығында өзіне ғана тиісті орны бар. Кез келген уық кез келген жерге қадала да, орналаса да бермейді. Елтаңбаның жиегіндегі қанатты тұлпарлар барлық адамзаттың тек жерді ғана емес, сондай-ақ ғаламды меңгеру туралы арманы қанатпен байланысты бейнеленген.

Қазақта «армансыз адам — қанатсыз құспен тең» деген мақал бар. Тек қазақтарда ғана емес, сондай-ақ көптеген халықтардың болашаққа самғау туралы, биіктерді бағындыру жайлы, алға қойған мақсаттарына жету туралы арманы қанатпен байланысты.

Аңыздағы қанатты тұлпарлар Мемлекеттік елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып саналады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Олар – шынайы ой-арман мен ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрінісі. Сонымен қатар, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады.

Өткен ғасырларда мүйіз көшпенділердің табынушылық ғұрыптарында, сонымен қатар, жауынгерлік тудың ұшына орнату үшін белсенді пайдаланылған. Көктің сыйын, жердің игілігін, жорықтың жеңісін әртүрлі жануарлардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтардың символдық композицияларында елеулі орын алды. Сондықтан молшылық әкелетін мүйізі бар қанатты тұлпар семантикалық және тарихи түп-тамыры терең маңызды типологиялық образ болып саналады.

Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді, ол адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады.

Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық. Біздің Елтаңбадағы жарқыраған жұлдыздың суреті билікті, өмірде алға жетелейтін сәуле шұғылаларын білдіреді. Қазақстанның Елтаңбасындағы жұлдыз басқа белгілер мен символдардан жоғарыда тұр. Демек, тәуелсіз Қазақстан мәңгілік өмір сүреді. Біздің еліміздің жұлдызы бәрінен биік әрі жарық болып, барлық отандастарымыздың қаншама қиындықтар мен тағдыр тауқыметін бастан кешірген Қазақстанның демократиялық және игілікті жолын жарықтандыратын жолбасшы күшіне сенуін көрсетеді.

Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.

Мемлекеттік ту – егемендік пен біртұтастығымызды білдіретін негізгі ұлттық рәміздеріміздің бірі. 1992 жылғы 6 маусымда мемлекеттік рәміздерді ресми түрде пайдалану салтанаты өткізілді. Қазақстан Республикасы Президенті резиденциясы мен Жоғарғы Кеңестің ғимараты үстіне Мемлекеттік Ту тігіліп, Елтаңба орнатылды. Ал 1996 жылғы 24 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күші бар Жарлығы қабылданды. Мемлекеттік Тудың аспан тектес зеңгір көк түсті болуы кездейсоқ емес.

Әйгілі Ансельм кестесі бойынша ол – адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны. Көк түс ынтымақ пен бірлік идеясын аңғартады, бейбітшілік, тұрақтылық пен береке-байлық белгісі болып саналатын ашық аспанға меңзейді. Аспанкөк түс – қазақтың ұлттық бояуының реңі. Ұлттың менталитеті, танымы, мәдениеті мен бұл түске деген айырықша ілтипаты осы ойға жетелейді.Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік нышандарын дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Жоғарғы Кеңес Президиумының Қаулысы шықты. Соған сәйкес арнайы комиссия құрылып, оның құрамында С.Әбділдин, С.Зиманов, С.Әбдірахманов, Е.Шәймерденов және т.б. лауазым иелері болды. Сондай-ақ, Ту жобасына конкурс жарияланады. Оған көптеген шығармашылық өкілдері, талантты қыл қалам шеберлері, сазгерлер мен, ақындар қатысқан.

Мысалы, Мемлекеттік Тудың конкурсына 600 адам қатысып, 1200 жоба ұсынылды. Бұл туралы ұлттық нышанымыздың- Мемлекеттік тудың авторы Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков былай деді: «Мемлекеттік туға арналған байқауға көп жоба түсті.  Іріктеуден өткен соңғы төрт жоба коммисияның шешімімен Жоғарғы Кеңестің талқысына ұсынылды. Әрине, ту төңірегіндегі әр түрлі пікірлердің, ұсыныстардың болғаны рас: біреулер жалаудан сегіз бұрышты жұлдызды көргісі келетінін, келесілері қазақтың киелі дүниесі- шаңырақты салу қажеттілін алға тартты.

Дегенмен бұл ұсыныстар менің көңілімнен шықпады. Өйткені сегізбұрышты жұлдыз Әзірбайжанның жалауында бейнеленген еді. Және басқа да мемлекеттердің нышанында болатын. Ал шаңырақты біздің алдымызда ғана қырғыз бауырларымыз қабылдағантұғын. Сондықтан бұл екеуінің қай-қайсысын да қайталап жату артық болар еді. Сөйтіп, өзгеше жоспар жасауға бекіндім. Байқаудың аяқталуына үш күн қалғанда жаңа жалау жобасын жасауға кірістім. Себебі, алдыңғы жасаған жобаларыма көңілім толмады. Сонымен соңғы жасаған жоба жұрттың көңілінен шығып, мемлекетіміздің төл туына айналды.»

Қазақстанның Мемлекеттік рəміздерін шетелдік мамандар жоғары бағалағаны кездейсоқ емес. Бонна қаласындағы вексикология халықаралық ғылыми-зерттеу институтының директоры Р. Климеш былай деп жазды: «Сіздің мемлекеттік Туыңыз өте жақсы. Мен оны алғаш рет теледидардан Барселонадағы Олимпиада ойындарының ашылуында көрдім». Басқа да танымал заң мамандарының пікірлері осы оң бағалаумен сəйкес келеді.

Қорытындылай келе айтарым, бұл тақырыптың өзектілігі мемлекеттік рəміздердің азаматтардың патриотизмін дамытудағы жəне мəдени-тарихи жадыны сақтаудағы маңыздылығымен анықталады. Шын мəнінде, Рəміздер — əр елдің мемлекеттілігі мен тəуелсіздігінің көрінісі. Мемлекеттік рəміздер бірегей құбылыс ретінде терең тарихи тамырларға ие жəне өркениеттің дамуымен тығыз байланысты. Оның пайда болуы, қалыптасуы жəне сақталуы маңызды əлеуметтік, ақпараттық жəне мəдени функцияларға байланысты.

Мемлекет басшысы жастар алдында сөйлеген сөзінде: «Жарлықпен мен 4 маусымды Қазақстанның Мемлекеттік рəміздері күні деп бекіттім. Мемлекеттік рəміздер күні əрбір қазақстандық отбасында атап өтілетін бүкілхалықтық сүйікті мерекелердің біріне айналатынына сенімдімін» деп бекерден айтпаған. Себебі Мемлекеттік рəміздер жеке тұлғаның патриоттық жəне азаматтық қасиеттерін қалыптастырудың қуатты факторы болып табылады.

Бұл процесс осы елдің азаматының бала кезінен басталады- алдымен отбасында, содан кейін бала-бақшаларда, мектепте, оқу орындарында, еңбек ұжымдарында, қоғамда жалғасады, яғни ол үздіксіз. Патриотизмді қалыптастыру кез келген уақытта жəне кез келген мемлекет үшін өзекті жəне бірінші кезектегі міндет болып табылады. Қазақстанның Мемлекеттік рəміздері-бұл біздің еліміздің тəуелсіздігі мен өзіндік ерекшелігі идеяларының іске асуы, олар азаматтарға мемлекет негіздеріне құрметпен қарауды, Отанға деген сүйіспеншілікті тəрбиелеуге ықпал етеді жəне қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың ажырамас бөлігі болып табылады.

Ойымды Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен қорытындылаймын: «Мемлекеттік рәміздер — біздің мемлекетіміздің, егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Олар тәуелсіздіктің біртұтас қасиетті бейнесін білдіреді. Өйткені біз Тәуелсіздік пен Мемлекеттілікті ұлтты сақтаудың алғашқы негізі, ең зор құндылық ретінде қабылдаймыз.»

                  Ф.Қозыбакова,  


                   Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық    
 университеті тарих және археология,       
этнология факультетінің Қазақстан              
тарихы кафедрасының профессоры,   
  ғылыми жоба жетекшісі.   

 Бақытова Назерке 

механика – математика
факультетінің студенті.

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ