М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы

0
15051
Әбіш Кекілбаев

XX ғасырдың басында қазақ қауымында үлкен ояну кезеңі басталды. Қазақтың алдыңғы саптағы оқыған зиялылары көкейкесті, өзекті мәселелерді көтерді. Халқының әлеуметтік-экономикалық, саяси тіршілігіне терең көз жіберіп, көпшілік назарын соған аударды. Бұл кезде ел тағдыры қыл үстінде еді. Отаршылдық әбден мендеген, халықтың тұрмыс-тіршілігін, хал-ахуалы мүшкілденіп, титығына жеткен болатын.

Мазмұны

І. Кіріспе………………………………………………………………….3

ІІ. Негізгі бөлім.

2.1. ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасына үлес қосқан қаламгер Міржақып Дулатовтың   өмірі мен  қоғамдық қызметі………………………………………..4

2.2. М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы – қазақ прозасындағы ең алғашқы кесек те күрделі туындылардың бірі ……………………………….8

2.3 М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романындағы негізгі желі әйел теңсіздігі мен жастардың бас бостандығы мәселелері хақында………………..19

 ІУ. Қорытынды……………………………………………………….22

ІУ. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:………………………..23

 

Кіріспе

XX ғасырдың басында қазақ қауымында үлкен ояну кезеңі басталды. Қазақтың алдыңғы саптағы оқыған зиялылары көкейкесті, өзекті мәселелерді көтерді. Халқының әлеуметтік-экономикалық, саяси тіршілігіне терең көз жіберіп, көпшілік назарын соған аударды. Бұл кезде ел тағдыры қыл үстінде еді. Отаршылдық әбден мендеген, халықтың тұрмыс-тіршілігін, хал-ахуалы мүшкілденіп, титығына жеткен болатын.

Қазақтың парасатты ойшылдары мен ақын-жазушылары халықтың әлеуметтік қиын ақуалын сөз етумен, сол қиыншылық халден құтылудың жолын іздестірумен, тығырықтан шығудың амалын ой елегіне салумен қатар, әлеуметтік өзекті бір мәселені — әйел бостандығы мәселесін күн тәртібіне шығарған еді. Олар бұл тақырыпты кен арнада алып қарастырды. Әйел қауымының халқымыздың тең жарымы екені белгілі. Сол алып күш феодалдық заманда әлеуметтік-қоғамдық тіршіліктен мүлде сырт еді.

Ақын-жазушылар әйел мәселесін тек олардың жеке басына бостандық, еркіндік әперу тұрғысынан ғана емес, азаматтық, адамгершілік тұрғысынан қарастырды.

О заманда қазақ әйелдері қаранғылықтың тұманды шырмауында күн кешкен. Ескіліктің кесепатты да кеселді әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі олардың еркіндігіне тұсау болған, әсіресе қалыңмал сияқты індет көп әйелді сормандай еткен, теңіне, сүйгеніне қоспай, зар жылатқан. Әйел затына білім есігі мүлде жабық болған.

Қазақ әйелдерінің осындай аянышты тағдыры жайында XX ғасырдың бас кезінде ақын-жазушылардың осы тақырыпқа орай бірталай көркем туындылары жарық көрді. Оларда әйел басына еркіндік, бостандық беру, ескіліктің кесепатты шырмауынан құтқару, өнер-білімге үндеу, сол арқылы әлеуметтік істерге араластыру мәселелері көтерілді. Солардың ішінен, проза жанрындағы Міржакып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Спандияр Көбеевтің «Қалыңмал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» секілді классикалық кесек туындыларын ерекше атап өткіміз келеді.

2.1. ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасына үлес қосқан қаламгер Міржақып Дулатовтың   өмірі мен  қоғамдық қызметі

XX ғасырдың басындағы әдебиеттің дамуына үлкен үлес қосқан қаламгер және қоғамдық-әлеуметтік іске белсене араласқан кайраткер Міржақып Дулатов бұрынғы Торғай облысының, Жангелдин ауданындағы Қызбел атырабында 1885 жылы 25 қарашада дүниеге келген. Әкесі Дулат ескіше оқыған, өз дәулеті өзіне жетерлік шаруасы бар, қолы шебер адам болған. Үлкен базасы Асқарды әуелі мұсылманша, кейін орысша оқытып, заң  қызметіне бейімдейді. Кіші баласы Міржақыпты да ауыл молдасына оқуға береді. Екі жылдан кейін ол ауылдық мектепте Мұқан Тоқтабайұлы деген мұғалімнен орысша сабақ алады. «Менің алғаш білімге көзімді ашқан осы кісі», — депті кейінірек Міржақып. Екі жасында шешеден, он екі жасында әкеден жетім қалған Міржақыпқа бұдан былай камқорлық істеген ағасы Асқар болады. М. Дулатов өзі жазған өмірбаянында: «1897 жылы мен екі сыныптық орыс-қазақ училишесіне түстім (Торғайдағы), оны бітіргеннен кейін оқытушылар курсында) оқып, ауыл мұғалімі деген мамандық алдым. Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталады. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімімді жетілдіруге жұмсадым» — деп жазады.

Торғай топырағына білімнің ұрығын сеуіп кеткен Ы. Алтынсарин мектебі жас ұрпаққа бұл кезде игі ықпалын тигізді. Мұқан мұғалім де,            А. Байтұрсынов та, ағасы Асқар да Ы. Алтынсарин мектебінің түлектері еді. Міржақып өз бетінше ізденіп, орыс тілін жете меңгереді. Орыс жазушылары шығармаларымен танысады. Ауыл мектептерінде бала оқыта жүріп Міржақып жәбір көрген, теңдігі жоқ қазақ халқының жағдайымен жете танысады. Оған жаны ашиды. Мұғалім болған 6—7 жыл ішіңде оң мен солын танып, ұлт қамы үшін күресуге дайыңдапты. Ақындык талантын да осы жылдары таныта бастайды.

Бұл кезеңде патша үкіметінің қазақ даласында отаршылдықты күшей-тіп, отыруы мол, шұрайлы жерлерді тартып алып, орыс шаруаларын қоныстандыруы ұлт қамын ойлай бастаған қазақтың зиялы азаматтарына қозғау салған еді. Міржақып та сол азаматтардың қатарында болды. Жасы жиырмаға тола қоймаған Міржақып өмірден көргені мен түйгенін, айтқысы келгенін өлен шумақтарымен жеткізуге талаптанады.

1904 жьиы Міржақып Омбыдағы қазақ оқығандарының бас қосуына қатысады. Бұл кезең — Ресейдегі буржуазиялық-демократиялық бірінші төңкеріс қарсаңында қоғамның дүрлігіп тұрған шағы еді. Онда А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов,                                       Ж. Ақбаевтармен кездесу, ел тағдыры жайында пікірлесу Міржакыптың  ой-санасын, ұлтжандьпығын оята түсті. Бұлар ниеттес, мұраттас болып шықты. Кешікпей Міржақып Ахмет ағасына еріп Қарқаралыға келеді.

«1905 жылы Карқаралыда Ахаң менен біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз, тілек) жіберген, — деп жазады  М. Әуезов. — Ол петициядағы аталған үлкен сөздер: бірінші — жер мәселесі, қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді /жібермеуді сұраған. Екінші — қазақ жеріне земство беруді сұраған. Үшіншісі — отаршылдардың орыс қалмақ саясатынан құтьпу үшін қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған… қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған». Солардың қатарында жалынды сөзімен, жастық жігерімен жұртты елең еткізген Міржақып та бар еді. 1905 жылғы дүмпулер тұсыңда Міржақып Қарқаралыда шеруге қатынасқандар қатарында болған.

Осыңдай қызу қимылмен көзге түскен Міржақып 1905 жылы Орал қаласында бес облыс өкілдерінің съезіне қатынасады. Бұл съезде «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясы» құрылады. Осы съезд делегаттарының бірі болып, 1906 жылы Петербургке барады. Петербургте Міржақып оқыған қазақ интеллигенттерімен танысады.                   С. Лапин, Д. Сұлтанғазин, X. Досмұханбетов, М. Шоқаев және басқа оқығандармен қазақ халқының бостандығы туралы, патша үкіметінің қысымы жайлы пікір алысаты.

Петербургте «Серке» деген атпен қазақ газетін ашу ұйғарылады. «Серкенің» бірінші саны Петербургте 1907 жьны 28 наурызда шыққан. Оңда Міржақыптың «Жастарға» деген өлені жарияланады. Газеттің екінші санында Дулатовтың «Біздің мақсатымыз» деген басмақаласы басылады. Бірақ кешікпей полиция сақшылары татарлардың апталық «Ульфат» және «Серке» газетін тәркілеп, жауып тастайды. Полицияның айыптау хаттамасыңда «Серке» және «Ульфат» газеттеріңде 6 шілде (1907) күні жарияланған «Біздің мақсатымыз» мақаласы барлық қазақ халқын патша үкіметіне қарсы күреске шақырған үңдеу сияқты делінген.

Петербургтен еліне оралған Міржақып ойына түйгенін, ел-жұртына айтар сөзін өлеңге айналдыра бастайды. Ол өлеңдері жеке жинақ болып Уфа қаласыңда 1909 жылы «Оян, қазақ!» деген атпен басылады. Бұл жинақ Міржақыптың атын бүкіл қазақ еліне жайып, хвлық арасыңдағы абырой-беделін көтереді. Бірақ патша әкімшілігі тарапынан қуғынға түсіп, еліне тұрақтай алмай Омбы жаққа, Қызылжар қаласына кетуге мәжбүр болады. Кешікпей «Оян, казақ!» та тәркіленеді.

Ол жақта да бақылауда жүрген Міржақыптың тұрақты жұмыс істеуге, қоғамдық істерге қатысуына мүмкіндік болмайды. Аз уақыт жеке адамдарға жалданып, мұғалімдік қызмет атқарады. Қазақ балаларына орыс тілінен сабақ береді. Қызылжарда одан Мағжан Жұмабаев та дәріс алған. Ол көп уақытын шығармашылық жұмысқа арнайды, өлеңдермен қатар «Бақытсыз Жамал» деген роман жазады. Роман 1910 жылы Қазан қаласыңда басылады.

1911 жылы Міржақып қазақ ауылдарын аралап, Қызылжардан Семейге жол тартады. Бірақ Семей қаласына келген бойда-ақ полицияның қолына түседі де, Семей түрмесіңде бір жарым жыл отырады. Патша цензурасы «Оян, қазақ!» кітабының революциялық рухына төзе алмаған еді. Міржақыптың қамауға алынғаны жайында хабар бергені үшін «Айқап» журналы және «Уақыт» газетіне патша әкімшілігі айып салады.

Түрмеден босаған соң Міржақып Орынборға келеді. Оңдағы қазақ оқығаңдарымен тығыз байланыс жасайды. «Қазақ» газетін шығаруға араласады. Газет редакторының орынбасары болып ұзақ жылдар  А. Байтұрсыновпен бірге қызмет атқарады. Бұл жылдары оның публицистік-журналистік дарыны айрықша танылады.

Олар газет бетінде патша үкіметінің отарлау саясатын әшкерелеп, казақ халқының бостаңдығы мәселесін батыл көтерген. Сол үшін қуғын да көрген.

Міржақыптың «Оян, қазағы!» 1911 жылы Орынборда екінші рет басылады. Патша әкімшілігі кітаптың екінші басылымын жою жөнінде тағы да шешім қабылдайды. Патша үкіметінің осынша қаһарына қарамастан, ел азаматтары бұл кітапты көзінің қарашығындай сақтаған. «Қазақ» газетіңде 1917 жылы жазылған хабарда фельдшер Жұмағали Тілеулиннің үйінен«Оян, қазақтың!» мың  данасының   табылғаны айтылған. 1916 жылғы патшаның маусым жарлығына байланысты жазалаудан қашып-босқан, жоқтыққа, аштыққа ұрынған қазақ халқына Міржақып жанын сала көмектеседі. Қызылжар қаласында босқындарға көмектесу үшін бірінші рет қазақ тарихыңда жәрдем қорын ұйымдастырады.

Орьщборда Міржақыптың «Азамат» (1913), «Терме» (1915) атты өлендер жинағы басылады.

Ұлттық ояну, Алаш қозғалысын ұйымдастыру, Алаш партиясы мен Алаш-Орда үкіметін құру, Алаш әскерін  жасақтау сияқты істердің бәріне де М. Дулатов бел буып, білек сыбанып қатысқан, сондықтан ол Қазан жеңісін қабылдамаған. Бірақ Алаштың А. Байтұрсынов сияқты қайраткерлері кеңес үкіметі жағына шығып жатқан кезде, М. Дулатов та, өзге көп қайраткерлер сияқты, жана құрылысқа қызмет етуден жалтарған жоқ.

Міржақып 1920 жылы Ташкентке келеді. Сол кездегі Түркістан республикасының  газеті — «Ақ жолға» қызметке орналасады. Бірақ көп тұрақтай алмай 1921 жылы Семейге келіп, соңда облыстық сотта жұмыс істейді. 1922 жылы қамауға алынады. Ә. Бөкейханов екеуі Орынборға жөнелтіледі. Онда барғаннан кейін   екеуі де босатылады.

Бұдан кейін Міржакып Орынбордағы қазақтың Халық ағарту институтында, Қазақ  баспасында, «Енбекші қазақ» газеті редакциясында әр қилы жұмыстар атқарады. «Қирағат», «Есеп құралы» атты оқулықтар, «Балқия» атты пьеса жазады.

Республикадағы мәдениет ісіне белсене ат салысып жүрген шағыңда                М. Дулатов Сталин, Голощекин озбырлығының қармағына ілінеді. Баяғы өткен оқиғалардың жанғырығы қоздырылып, 1928 жылдың желтоқ-санында бір топ қазақ оқығаңдары қатарында тұтқынға алынады. Кейін Ақ теніз Балтық каналының бойыңдағы Соловки тұтқындар лагеріне жер аударылады. Сол жерде 1936 жылы қазанның 5-і күні ауыр науқастан қайтыс болады. Арада 58 жыл өткен соң 1993 жылы жазықсыз кеткен есіл ердің сүйегі туған жеріне әкелініп, ақ жуып, арулап  қойылды.

2.2. М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы – қазақ прозасындағы ең алғашқы кесек те күрделі туындылардың бірі

М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы — қазақ прозасындағы ең алғашқы кесек те күрделі туынды. Шығарманың бұл жанрдың мұнан былайғы дамуына, өркендеп өрбуіне тұңғыш желі тартқан әрі игі ықпал жасағаны да белгілі. Роман жанрының сол кезде қалыптасып, қанат жа-юына қазақтан шыққан алғашкы меценат, қазақ Нобелі атанған Маман-Тұрысбек мол шапағатын тигізді. Олар роман жанрына бәйге жариялап, тұңғыш прозалық кесек шығармалардың дүниеге келуіне мұрындық болды.

М. Дулатовтың романы 1910 жылы жазылған. Ол қазақ әйелдерінің тағдырына арналған. Романның басты кейіпкері — Жамал. Жазушы оны көрік-келбеті, ақыл-парасаты келіскен қазақтың ару қызы ретінде бейнелейді.

Әрине, сұлулық жайында әр халықтың, әр адамның түсінік-талғамы әрқалай. Әр елдің, әр халықтың өз аруы, өз сұлуы бар. Біздің халқымыз да сұлулық жайындағы өз көзқарасымен ерекшеленеді. Тұнық та соны табиғаттың сұлу бітіміндей келбеті келіскен, Шолпан жұлдызға, жарық ай сәулесіне, көлде қалықтап жүзген аққуға ұқсаған, ел аузында аңыз боп кеткен талай айтулы сұлулары болған. Халық сол аруларын өзінің өлең-жырларында, дастандарында асқан сүйіспеншілікпен жырлаған Сахара арулары талай өнер өрнегінде көз жауын алар көркімен кестеленген. Эпостық, лиро-эпостық дастандардағы Қыз Жібек, Баян сұлу, Құртқа, Ақжүніс сынды пәктіктің, әсемдіктің, адалдықтың үлгісі болған арулар күні бүгінге дейін ел аузында. Ал бертінгі замандағы  бұлбұл үнді Майра мен Сара көз жауын алар көркімен де, асқақ өнерімен де халқының сүйікті қыздары болып мәңгілік есте қалған. Әттең, солардың бар-баршасы әділетсіздіктің шырмау-торына оралып, өксікпен, өкінішпен өмір өткізген. Міне, М. Дулатов романындағы аққудай ару Жамал да солардың кебін киген.

Жазушы Жамалдың келбет-кескінін, ақыл-парасатын былайша суреттейді: «Жамал он бес жасқа келді. Сұлулык, ақыл, парасат бір-біріне муафик  келіп, Жамал сол елдің қызының алды болды». Ол «сөзге бек ұста, өз ойынан шығарып өлең де жазатын болды». Оның бойындағы осындай тамаша қасиеттерді шығарманың өн бойында нақтылы оқиға, штрих-детальдар арқылы көрсетіп отырады. Жазушы айтулы сұлу, зерек, жаны жырға толы, көңілі көктемдей осындай арудың бақытсыз, өксікпен өткен өмірі арқылы замана әділетсіздігін бейнелейді. Әйел затын сормаңдай ететін әділетсіздік әдет-ғұрыпты барынша айыптап, қарғыс айтқандай.

М. Дулатовтың сонау бір кезде халықтың, елдің ертені, өнер өркені — әйел тағдырына мұншама жан ашырлық танытып, ауыр халіне ортақтасуына, олардың еркіндік, бостандық алуын армандап, мұрат етуіне, сол жолда батыл қадам, биік азаматтық жасауына сүйсінесің, әрі ерлік, әрі адамгершілік деп білесің.

Жазушы бұл романды жазғандағы эстетикалық мұрат-мақсатын шығарманың өлеңмен жазылған кіріспесінде:

Мақсаты романнын — халық түзетпек,

Жазылған еріккеннен ертегі емес…

Тыйылып мыңнан бірі қиянаттан,

Көрсе екен ғайыбләрін әркім қылған,

деп айқын аңғартады. Қаламгер осы шығармасы арқылы қазақ әйелдерінің тағдырына жаны аши ортақтаса отырып, санасы барларға ой салу, көнілі көрлердің көкірегін ояту, қазақ әйелдерін еркіндікке ұмтылдыруды мақсат еткен.

Жазушы Жамал тағдырын, жоғарыда айтқанымыздай, нақтылы оқиғалар, штрих-детальдар, тартыс-арпалыс үстінде айшықтайды. Суреткер Жамал өмір сүрген кезеңнің әлеуметтік тіршілігін, сол заманның кесепатты, кесірлі әдет-ғұрып, салт-дәстүрін көз алдына әкеледі.

Жамал — Сәрсенбайдың мойнына бота салып тілеп алған жалғызы. «Сәрсенбай мал жағынан көңілі хош болса да… жамағаты Қалампыр ғұмырында бала көтермей, екеуі балаға мұқтаж еді». Оның қу бастығы жан ашыр ағайындарының жанына батқандай. Ақыры, солардың ақылымен Сәрсенбай бата үшін тоқал алды. Алғаны өзінен әлдеқайда жас қыз — Шолпан еді. Ол — молданың қызы, қара таныған, зерек жан болып шықты. Алланың шапағатымен көп ұзамай Сәрсенбай Шолпаннан перзент көрді. Атын Жамал қойды. Сәрсенбайда жан қалмады. Ол «шілдеханаға қанша қыз-бозбала жиып», үлкен той жасады.

Қырықтың қырқасынан асқанда көрген Жамалын әкесі де, тұңғыш перзентін анасы Шолпан да бұла ғып өсірді. Автор олардың балапанына деген мейір-ықыласын былайша өрнектейді: «Ата-анасы қолдан келгенше әлпештеп, тоғызға шейін еркек балаша киіндіріп» еркелетіп, еркін өсірді. Жазушы бұл тұста қазақ тіршілігіндегі бір әдетті — ат ұстар, шаңырақ иесі болар, ұрпағын жалғастырар ұл баланы арман-дауды да білдіре кеткендей.

Жамал алдында ауыл молдасынан оқып, азды-көпті қара таныды. Кейін әкесі Уфа медресесінің шәкірті, усулы-жәдид-ше оқып жүрген жас молдаға оқуға берді.

Жас молданы шақыртып алдырған Сәрсенбай еді. Өйткені, «Ахметжанның молдасынан оқытуға екі шақырым жерге Жамал барып-келіп жүре алмайды. Онан да бір жастау молда жалдап алсақ қайтеді? Жамалдың себебімен ауыл балалары да оқыр, өзіміздің малдың зекетін береміз, ақысын ауылмен бірдей көтерерміз», — деген Сәрсенбай сөзін бәрі құптады. Баталарын жас молдаға бергенде олар: «Иман, намаз үйрет, бұрынғы молдалардың оқытқан кітабын оқыт, біздің балаларға сол жетеді, басқалардың керегі жоқ» деген тілек айтты.

Усулы-жәдид дәстүрінде білім алған жас шәкірт балаларға сол бағытта білім, тәрбие бермекті ойлады. Қараңғылық меңдеген, соқыр наным жайлаған ел оған көнер ме? Қазақ сахарасына білім шапағатын дарытсам, ендігі ұрпақты дүниһай білімге сусындатсам деген шәкірттің ақ ниетін ұғар қулақ болды ма? Тас құлақ керендер ондайға әсте де қадам басар ма? Шариғаттың өзін шала түсінген дүмбілез жандар зәредей жаңалыққа үрке қарамағанда қайтеді?

Жазушы бұл тұста да қазақ ауылына кесір, нәубет болған қырсық-кесепатты тамаша ашқан. Жаңашыл пікірдегі жас шәкірттің ізгі ойы, өзіндей өрімдерді, халықтың келешектеп үміткерлері — жастарды ілгеріге, өркениетке ұмтылдырайын деген ақ ниеті тасқа шағылды. Жақсы ниетті жалған наным көме салды. Жас шәкіртте оған қарсы тұрар не дәрмен бар, лажсыз көнді. Өйтпегенде қайтсін, ол қаланың қапыры-ғынан қазақтың кен жазира сахарасына дем алу үшін, оқуын әрі қарай жалғастыруға қажетті азды-көпті тиын-тебен табу үшін келген. Көнбеске шарасы жоқ оның, қалтасынан қағылады. Солай дей тұрса да, шәкірттер арасындағы зерек, алғыр балаларды көріп, білгенде, шіркін-ай, осыларды усулы-жәдид тәртібімен оқытса, еліне жарық сәулесін түсірер азаматтар болмас па еді деп ішінен қапа болады.  Сол шәкірттер ішінен ерекше көзге түскені Жамал. «Балалардың арасындағы ең зейіндісі» Жамалды усулы-жәдид  дәстүрі бойынша оқытса деген ойын оның анасы Шолпанға айтады. Шолпан әкесінен біраз қара танып қалған еді. Әрі табиғатында парасатты жан болған. Дін жолындағы әке тәрбиесін көрсе де, жас молданың «Жамадды усулы-жәдидке оқыта бастасам, аз уақытта хат танып кетер еді, бірақ бай ұнатпайды ғой» дегеніне,  Шолпан тұрып:  «Молдеке,  біздің отағасының сөзін не қыласыз, ақырын оңашада жаздырып үйрете беріңіз», — деді.  Осы тұста жазушы пасық байдан гөрі аз да болса оқып, көзі ашылған Шолпанды адамгершілік, аналық мейірімімен көрсетеді.

Сол жаңашыл усулы-жәдид мектебі шәкіртінен біраз білім-тағылым алған Жамал «хат танып, жазарлықтай болды. Мұғалім әпенді сол жолмен бес ай оқытқанда, Жамал бек ғайбат болып, түрлі кітіптарды оқитұғын болып қалған еді». Жамал усулы-жәдид тәрбиесі арқылы кітапты еркін оқитын халге жетті. Ол «Кыз Жібек», «Зарқұм», «Қисса уақиға Көр бала», «Біржан мен Сара қыздың айтысқаны», «Айман — Шолпан», «Боз жігіт», «Шәкір — Шәкірәт» секідді кисса-дастандарды, Ақмолда, Нұржан, Әбубәкірдің өлең-жырларын оқитын да, көңіл-көкірегіне тоқитын да зерек болып өседі. Осы қисса-дастандардың денін жатқа білген. Сол тамаша өнерін жұрт алдында қысылмай, қымсынбай, жасқанбай көрсете де, таныта да білген. Ойын-сауықтарда өнерімен жарқырап жұрт көзіне іліккен.   Зейінді, оқығаны әрі табиғат сыйлаған дарыны бар Жамал өз жанынан өлең де шығара бастаған. Сөзге шешен де алғыр әрі көкірек көңілі өлен-жырға толы Жамал сөз кақтығысында, ойын-тойларда «мен. мен» деген жігіт-бозбалалардың аузын аштырмайтын. Әрі ерке, әрі еркін өскен, талант тарланына мінген ол сол бозбалаларды бір-екі сөз қақпайда сүріндіріп, мысымен де, өнерімен де оп-оңай баса салатын.

Жамалдан сөзден, әзіл-қалжыңнан әр жерде ұтылып, беті қайтқан бойдақ бозбалалар бес-алтауы болып: «Осы Жамал жас та болса, өлеңге де, қарасөзге де бек бәле болып барады, бүгін кешке бір өзіне өлең айтып, бетін қайтаралық, — деп, әммесі ақылдасып, үш ауыз өлең шығарып, бір пысықтау жігітке айтуға тапсырды». Сол үш ауыз өлеңде «Жамалдың қүйеуінің жамандығын бетіне» басып, сағын сындырмақты ойлады.   Олардың бұл жымысқы  ойларынан  еш  нәрсе шықпады. О жігіттердің әрқайсысының сыры өзіне мәлім, Жамал оған еш қысыла қоймады. Ар жағында өнерден жұрдай жігіт екенін  білетін Жамалға оны оп-оңай сүріндіре салу қиын емес еді.

Әлгі жігіт үйреткен үш ауыз өленді домбырамен әнге қосады. Жамал оның мұнан әрі барар қауқары жоқ екенін байқату үшін  бір ауыз барлау өлең шумағын тастап жібереді:

Сөзіңіз бек мүләйім, ақын аға,

Өнерге жас күніннен жақын аға.

Беруте қалай жауап білмей тұрмын,

Түсіндір сөзініздің затын, аға? —

деп жігіттен жауап күтеді. Жамалдың «сөзіңіз бек мүләйім, ақын аға», «өнерге жас күніңнен жақын аға» деген жолдары да жігітті әжуалау, мысқылдау. Ар жағында жауап берер қауқары жоқ жігіт Жамалдың сөзіне жауап қайтара алмай, ұялғанынан қызарып жерге кіргендей болады. Сол сәтте Жамал:

Болған соң үйретінді бір-екі ауыз,

Айтуға сізге, ағатай, жарамас та,

Есек пен арғымақты мысал қылып,

Әпендім, білгенінді бетке баспа, —

деп жігітке сөз найзасын қадап, өлтіре жауап қатады, жұрт алдында оның абыройын айрандай төгеді.

Демек, жазушы Жамалды әр қырынан сипаттаған. Оның бойында бәрі бар: кескін-келбет те, өнер де, ақыл-парасат та. Ақындық зердесімен, келбетті көркімен, шешендігімен Жамал жұрт көзіне түсіп, ел аузына іліге бастайды. Оған бозбалалар да қырындап, сөз тастап, ынтық-ынтызарлығын білдіріп жүрді. Ал Жамал болса, ұшқалақ, жеңілтек мінезден аулақ. Желіккен, ұшпа махаббаттан әрі аса алмайтын желбуаз жігіттерді маңына дарытпайды. Бозбаларды әзіл-қалжыңы, шымшыма бірер қақиақыл сөзімен ауыз аштырмай, олардан өзін аулақ ұстады.

Жамал өмірден өзіне тең болар жар іздеді. Ойы да, бойы да, ақыл-парасаты да өзіне сай адал жарды мұраттанды. Сүйткен дала аруы, ерке де еркін өскен Жамал мандайының сорына қарай Байжан деген жұмса жұдырығында, ұстаса уысында, азуы алты қарыс байдың құрығына түспесі бар ма? Байжан — ең дәулет иесі болумен қатар, ел тізгінін мықтап ұстаған, болыспен сүйек шатыс, «ақ» дегені — алғыс, «қара» дегені —  қарғыс, дүйім елді билеген көкжал. Ал мұндай мықтының құрығынан құтылып көрші! Оның үстіне, кеше болыс боламын деп үміттеніп, малын шашып, бос сабылып, болыстықтан құр қалған Сәрсенбай Байжан құда болайық дегенде, төбесі көкке жеткендей қуанды. Аспаннан күткенін құдай жерден бергендей оған. Кешегі сайлауда тасқа түскенде, оны омпасынан түсірген де — сол Байжан. Оны да Сәрсенбай біледі. Нүрпейісті болыстыққа өткізген де — сол Байжан. Енді сол дәу құда болайын дегенде, Сәрсенбайда не жан қалсын. Онымен сүйек-шағыс болса, келесі болыс сайлауында жұлдызы жарқырап шығады емес пе?

Жазушыының Сәрсенбайдың тіршілігін, болмысын, мінез-құлқын бейнелеген сәттерін оқып отырғанда, «Әлін білмеген әлек те» деп ой түйіндейсің. Оның бойыңда ел билеуге сай ой да жоқ, білім-парасат та жоқ. Тек азын-аулақ дәулеті бар мал бакқан шаруа. Енді сол дәулетіне мастанып, әлін білмей әлекке түсіп, ел билегісі келеді. Әй, пендешілік-ай!  Құдай берген дәулетті місе тұтпай, «әкім болып жұртты жеп», бүкіл елді уысымда ұстап, мансапқа ие болсам деп армандайды. «Бай — байға, бай құдайға жетем» деген осы да.

Ал өрімталдай пәк болып өсіп келе жатқан Жамалдай жаңды жар етер Байжанның баласы қандай екен? Оның жасы он жетіде, аты — Жұман. Сол ауылда «Жұман есімді жігіттер көп болғанға, бірін «сары Жұман», бірін «тапал Жұман», Байжанның баласын «таз Жұман» деуші еді». Міне, осындай жанға қосақталса, Жамал тағдыры не болар екен деп тағатсызданасың. Кимайсың, жаманға қор болғанына зығырданып қайнағандай. Амал не?

Бір күні Байжан Сәрсенбайға «құдай қосса, құда болайық» деп кісі жібереді. Сәрсенбай сөзге де келмеді, құлай түсті. Байжан, Байжан! Құда болайық деді. Сәрсенбайға құдайдың өзі қол ұшын бергендей. Байжанға қолы жетті. Сәрсенбайға онан артық дүние не керек, Байжанға сүйек-шатыс болу — ертең болыс, би, ел билеу. Сәрсекеңнің арманы сол Сәрсенбайдың маңында төңіректеп, су-суанын ішіп-жеп жүрген жандай шаптары да: «Құдай берді, әйде, қайырлы болсын, құда болыныз. Қызды қырғызға да береді. Байжаннын баласын жұрт пәлен-түлен десе де, асылдың тұқымы  ғой»,  — деп Сәрсекеңнің қолтығына дым бүркеді.  Өзі шығайын деп тұрған көз дегендей, олардың сөзін құба қабылдады. Тек қарсы болған Жамалдың ғазиз сорлы анасы. «Жамалды өзінше теңіне береміз, Байжанның баласы жаман дейді, атасының байлығы не керек», — десе де, Сәрсенбайдың құлағына кірмеген. Керең құлак, мансапты армандаған зердесіз әке Шолпан сөзін құлағына да ілмеді.

Жазушы бізді осылайша Жамал тағдырына ортақтастырып қойды. Жамалды таз Жұманға, қортық Жұманға қиғын келмейді. Жамалдай аққу сол таз Жұманға кіріптар боп, өксіп өтер ме екен деп жаның егіледі. Оқушы енді Жамал тағдыры немен тынар екен деп дегбірсізденеді. Алыр-ау, Жамал осы таз Жұманға қор болып кетер ме екен? Әлде оған бір жарық дүние сәулесі жылт етер ме екен? Шуағын, шұғыласын жаяр ма екен?

Осындай халде, ертеңгі күнім не болар екен деп жүргенде, алла тағала пендесіне жақсылығын жібермесі бар ма? Ауылдағы бір үлкен той, ойын үстінде Жамал Ғали деген жігітпен танысады. Жамалға жігіттің кескін-келбеті, ибалы, инабатты мінезі, бойындағы өнері ұнап қалады. Жазушы сол жігітті бізге: «Троицкідегі медреседе оқып жүріп және де частный учительден оқып та орысша азырақ сөйлеп, жазарлықтай шамасы бар еді. Ол инабатты, уағдасына опашыл … сөзге ұстарақ, сұраған сөзіне жауап қайтарып, өзі де ләззатты сөздер сөйлей білетін жігіт еді» деп таныстырады.

Араластырма ойыныңда Ғали мен Жамал қатар отырып қалды, олар «бір-бірінін халін, кім екендіктерін сұрап білісті». Ойын-сауық әнсіз өткен бе? Кезегімен әрқайсысы шама-шарқынша ән салды. Еңдігі бір оралымда кезек Ғалиға келді. «Менің өлең айту әдетімде жоқ еді, білмеуші едім, — деп күлімсіреп отырып: — Қайыр, енді көңілдеріңіз қалмасын», — деп көркем әнмен домбыраға дауыс қосып сөйледі. Ғали ауыл жігіттерінің көбінің:

Біздерде өлең де бар, өнер де бар,

Байларда мінілмеген дөнен де бар, —

деген сияқты жаттанды өлеңін емес, Жамалға іштей ынтық боп қалған жан-сезім дүниесін құдай тағала бойына дарытқан өнерімен сыртқа шығарды. Ол домбыраны ала салып:

Ал, сөйле, келді кезек енді, Ғали,

Керілмей ұста қолға домбыраны,

Рух бер мәжіліске, қызмет көрсет,

Сайратып тіл мен жақты болса халі.

Өнерін болса ішінде шығар сыртқа,

Бұл жерде жасырудың болмас мәні, —

деп құлақ құрышын қандыра жыр тиегін ағытты, әрі Жамал жүрегіне:

Емес пе екі жүрек бірдей соқса,

Арада махаббат оты жағылмағы.

Мінеки, домбыраңыз, тоқтадым мен,

Сөйлесін сұлу Жамал жанымдағы! —

деп махаббат шоғын тастап, домбырасын ұсынды. Бірақ Ғали өнеріне сүйсінген жігіт-қыздар: «Мырза, тағы да айта түсінеміз» деп қолқалады. Ол домбыраны қайта алып:

Жақсы қыз баға жетпес бір гауһар тас,

Он алты, он жетіге жеткенде жас.

Жәннаттың пісіп тұрған алмасындай,

Қол жетсе, қандай жігіт ләззат алмас…

Серт айтып уағдамен бел байласа,

Айтар ма жақсы жігіт жұртқа сыр фаш!..

Шәрбатын ғашықтықтың татпағандар,

Ант беріп айтсандағы, сірә, сенбес,

Шаһбаздар сүйгені үшін ізденумен,

Көрсе де нендей қорлық бір тартынбас, —

деп іркілмей тіл қатты.

Жігіттің жан сырын аңғарған Жамал бойына дарыған өнерін таныта әрі өзінін мұндық халін, жан қайғысын сездіре жыр тиегін босатты. Жаманға қор болмақ ертенгі қаралы күнін білдіріп, зарлана жыр төкті.

Сөйле, тілім, шешіліп осындайда,

Кұрбылармен бір жерге қосылғанда.

Отырмассын үнемі төрде бүйтіп,

Еріксіз-ақ қоярсың тосылғанда…

Қыз байғұс қолға түскен сандуғаштай,

Торында ғұмыры өтер кілтін ашпай.

Сатады мал көп берген кісі болса,

Кетеді жылап сорлы қарсыласпай…

Жаманға барсан қор боп ғұмыр өтер,

Ұстайды ол ақымақ күңнен бетер, —

деп, «бұл қайғы қыз сорлыдан қашан кетер» детен арманын білдіреді.

Бір-біріне іңкәрлік таныта екі жас осы той үстінде жүрегімен, жанымен табысқандай. Жамалға Ғали махаббат, бақыт жұлдызындай көрінді. Оның өнеріне де, келбетіне де сүйсінді.  Ғали да Жамал бойынан да сондай қасиетті танып, екеуі де өмірлік армандарын бірінен-бірі тапқандай. Екі жүрек бірдей соғады. Екеуі де бір-біріне ынтызар боп қалады. Сол ынтызар-іңкәрлігін, арманын Ғали:

Екі көніл бір жерге қосылса егер,

Не қызық бар жиқанда онан басқа,

деп білдірсе, ал Жамал:

Қосылсам нәсіп болып сеніменен,

Кім айтар жүрмеді деп тенімен, —

деп жан сырын, ынтызарлығын бүкпей ақтарады.

Екеуіне де байлық мұрат емес. Армандары — бір-біріне қосылып, махаббат қызығында, ләззатында бақытты өмір кешу. Олар «Шынжырлап жіберсе де Сібір айдап» деп, белді бекем байлап, қашып кетуте тәуекел етеді. Мұнан басқа лаж жоқ. Ғалидың әкесі момын шаруа, көмек көрсетер дәрмені жоқ. Ал Сәрсенбай болса, өлмей өз еркімен қызын бермек емес. Байжанмен құда болғанға аспандағы айға қолы жеткендей боп күрсініп жүрген ол, сірә да, көнер ме?

Жамалға қол ұшын берер бір ғана жан — анасы. Сорлы ана баласының, Жамал сынды зерделі де сымбатты перзентінің жаны да, тәні де кемтар жанға қор боп, ғұмыр бойы зар   илеп  кетсе,   ертеңгі күні   не  болар деп  қамығын, қайғырады. Жамал анасынан сырын жасырмайды. Ғали деген жігітпен көңіл қоспақ ойын айтады. Ғазиз ана оның бұл ниетін қолдайды. Қолынан келген көмегін аямасын білдіреді. Екеуіне осындай қиын сәтте қолқабыс еткен — Ғалидың достары. Анасы Жамалына ақ жол тілеп, Ғали мен екеуіне ақ батасын беріп шығарып салады. Шіркін, ана жүрегіндей ізгі жүрек бар ма екен дүниеде! Жамал мен Ғали бір аллаға сиынып, рақметінен үміткер болып, жалғыз хаққа жалбарынып, қашып кетеді.

Бұл оқиға Байжан төңірегін түгелдей дүрліктірді. Бүкіл  өңірді уысында ұстаған,  байлығымен әмірін жүргізген, түкірігі жерге түспеген Байжан лаңға көшті. Намысқа басты. Жағымпаз да жалтақ Сәрсенбай мен  Ғалидің әкесі, момын шаруа Дүйсебек басына дүниенің қара бұлтын үйіріп, зобалаң салды. Топалаң жасады. Малын барымталап, ат айғыр, ту биеден он екі жылқы алып, һәм жолдан Сәрсенбайдың бір қысырағының үйірін қоса айдап, барымта қылды. Күллі жиылыстың шығысы Сәрсенбайдың мойнына жүктелді. Сәрсенбайда Байжанға айтар дәрмен жоқ. Сорлы, дәрменсіз жанның қолынан келері ығына түсіп жүре беру ғана. Ел іші аласапыран,   дүрлігу.   Байжан   әбден   намысқа   бөккен, әміршілік, зорлықшыл, өзімшіл бетінен қайтар емес. Оның айтқанына қарсы «ләм» дер жан жоқ: «Мен ат жалын тартып    мінгелі    мұндай    қорлық    көргенім    жоқ.   Бүкіл Қарынбайдың малын берсең де бітіспеймін, жесірімді әкеп бер, болмаса мәймөңкелеген былшыл сөздерің керек емес», — деп Байжандығына, барлығына басты. Жесірімді әкеліп бермей, еш бітіспеймін деп сай өрлеп, өктемдігіне, өзімшілдігіне салып, байлығына асқақтап, еш бітіспесін, сол бетінен қайтпасын шегелеп айтты. Жазушы қолында байлығы бар, әмірі жүрін тұрған өктем жандардың қайырымсыз, қатыгез, жауыздық мінезін тамаша өрнектейді. О заманда да, бұ заманда да қолында құдіреті барлардың бәрінің қылықтары осындай. Жазушы озбырлықтан, жүгенсіз әпербақандықтан хатқын жиреңдірген. Әділетті, шарапаты мен шапағаты мол заманды аңсаған. Зұлымдыққа өткір қалам жұмсаған.

Екі жас «махаббат қызығы» құшағында. Қайда барып паналайды? Соңда қата тұрғыны Фатихолла әбзи есіне түседі. Ол — ірі бай, саудагер. Ғалимен сауда-саттықта танысып, аралас-құралас еді. Екі жас сол үйге кеп ат басын тіреді, Әбзиге барлық жағдайды жасырмай айтқаннан кейін, Ғалидың сыпайы, әдепті, опашыл жас екенін білетін ол: «Әйда, Ғали!  Син бірде қорықма, алһамділда, біздің қораға рұхсатсыз бірде-бір қырғызлардың кіре алмас. Әгерде келіп скандал шығармақшы болса, оларды прямо частке заявить етіп, жилкәләрін кышытармыз», — деп оны тыныштандыра, жанашырлық жақсы лепесін білдірді.

Фатихолла әбзи Жамалдың басына ерік алып беруге де көмектесті. Қуғыншылар анталап, арызданып жүрген кезде, басқа бір жерге паналай тұруға ақыл берді. Сол қайырымды әбзидің кеңесіне құлақ асып, олар Ғалидың нағашы  атасының еліне бет алады. «Фатихолла бай арба-сайман һәм елу теңге ақша беріп, қаладан шығарып салып, «қайырлы сапар» деп дұғада болып қалды». Жақсы адам қай халықта да бар. Ғали мен Жамал өз әкелерінен көрмеген жақсылық, рақымды татар байы Фатихолла әбзиден көрді. Бұл жерде суреткер қандас екі халық арасындағы достық ниетті көрсетумен қатар, таптық бөлуден аулак, адамгершілігі бар адам әр уақыт рақымды болады деген түйін жасайды. Екі жас еркелеп назын айтып, қуанышта, шаттық кұшағында келе жатыр, Барлық дүние ұмыт, тек екеуі ғана. Көк аспан, көгілдір дүние, күн шуағы — бәрі адамды әлдилегендей, жанына әлемнің нұр сәулесін сепкендей. Сөйтіп келе жатқанда. Ғали жарынан сыр тартпақ болып: «Егер жаман айтпай жақсы жоқ, өстіп жүргенде қолға түсіп, сені менен айырып әкетсе, қайтер едің, көніп кетер ме едің?» — деді. «Құдай сақтасын, не айтасың, жаным, сенің жолында құрбан, сенен тірі айырылғаннан өлім маған көп артық», — деді Жамал.

2.3 М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романындағы негізгі желі әйел

теңсіздігі мен жастардың бас бостандығы мәселелері хақында

Тамылжыған жаз. Айдын көл. Кілем төсегендей жасыл желекке бөленген айнала. Осындай әсем табиғат аясының көркі мен көз тоймас сұлулығы Жамал жүрегінін ақындық қылын ағыта әсер етті. Оның көкірегінен жыр тиегі ағытылды:

Тамаша аспан менен жері қандай,

Зеңгір тау, дария шалқар көлі қандай.

Орман, тоғай, гүлденген бақшалары,

Пайдаланған бұлармен елі қандай…

Аспанда ай мен жұлдыз, күніі қандай,

Қалғыған мұнарланып таң қандай.

Суда балық, көлде құс, тоғайда андар,

Шулаған неше түрлі үні қандай…

Біз ғаріп сол панада саялаған,

Дұшпандар рақымсыз аямаған.

Жіберсең жалғыз тамшы рахматыңнан

Болса да құтылармыз қай арадан. —

деп табиғат тамашасына еміреніп, көңілденіп, рақат дүниесіне кенелгендей.

Нағашылары бұларды құшақ жая қарсы алды. Ғалидың нағашысы һәм сол елдің жақсы кісілері де: «Енді бұлар бізді пана тұтып  келді ғой, біз де елдігімізді көрсетіп қорғалық, көп болса екі жыл дауласар, оның ар жағында өздері де шаршар», — деп жастардың көңілін бұрынғыдан да қуантқан еді».

Екі жастың бұл қуаныштары көпке бармады. Кенеттен Ғали науқастанып қалды. «Қырсық бір айналдырғанда, шыр айналдырады» деген емес пе? Ғалидың дерті күшейе берді. Бәрі де үрпиісіп қалды. «Жамалдың түсі қорыққаннан өзгеріп кетті… бейшара қияли болған кісідей бағзы уақытта басы айналып, талып та» қалып жүрді. Жаны жанымен табысқан жарына қан жұта егіледі. Тура келген ажалға қарсы тұрар құдірет бар ма? Алланың әмірше қарсы тұрар пеңдеде қауқар жоқ. Бақытымды таптым ба, жазира жазығына енді шықтым ба дегенде, Жамалға тағдыр өмірлік қасіретін көлденең тартты. Жарынан айырылды, бақытынан айырылды. Өмірдің шуағына, шұғылалы жарығына жеттім-ау дегенде, жан жарығы Ғалиынан айырылып, ботадай боздап қалды.

Ғалиды ақтық сапарға жөнелтуге хабарланған «Ғалидың ата-анасы кәм Жамалдың шешесі қасына жолдастар алып, аянышты өлім болған жерге жетті». Жазушы зарлап қалған ата-ананың әм Ғалиынан біржола айырылған бақытсыз Жамалдың зират басындағы жан тебіренісін, шексіз қасіретін ғаламат сөз өрнектерімен береді.

«Ғали, Ғали! Бақытсыз Жамалың қасыңа келіп тұр, алла тағала маған сенің қабірінді көрсеткенше, мені алғаны жақсы болар еді, бірақ бұйрықсыз жан шықпайды екен. Дүниеде бірге рақат ғұмыр өткерермін, Ғали тұрғанда еш жаманға қор болмаймын дегенім тәкаппарлық екен. Алла қабыл етпеді, үмітім кесілді, Ғали. Қып-қызыл шоқтың ішіне тас-тап, алыс сапарға жөнелдің, өзің үшін қайырлы болсын! Мен сорлы кеудемде шыбын жаным барда сені ұмытпаспын. Дүниеде патшаның баласы болса да саған теңгермеспін. Қош, жаным! Алла тағала ақиретте қосылуға несіп тілесін, сол уақытта ғана көрген қасіретім бір сағаттай болмай ұмытылар… Қош, жаным!» — деп Жамал талып кетті».

Жамал үйіне оралады. Қаралы күн  кешеді. Екі жағы болып, Жамалды Жұман тазға қосуға ұйғарады. Осы тұста жазушы Жамалдың ақыл-парасатын тағы да бір танытып кетеді. Ол елді онан әрі атыстырып-шабыстырмайын деп, таз Жұманға шарасыздан баруға келіседі. Апасы екі жақтың разылығын білдіргенде: «Апа, енді мен үшін жаманатты бол-маңыз, маған енді Ғали болмаған соң бәрібір, суға батырып, отқа жандырса да ықтияр бере беріндер, алла тағала менің маңдайымды ашайын десе, Ғалиды мұндай қылмас еді», — деп, қайғы жұта отырып, келісім берді.

Жазушы Жамалдың Жұман қортыққа барғандағы қайғы-қасіретін, аянышты халін, дозақ тіршілігін романда реалистікпен өрнектеген. Бір кезде «бақытты бір қыз болып жұрт аузына ілігіп, құрбысының алды болып… жиын-той болғаңда көлге қонған аққудай көрінетін Жамалды енді көрген кісі танымай калатын болды».

Жұман «мырза» Жамалдан барынша өшін алмақ. Ол оған «не сөйлесе ұрсып, боқтап сөйлеп, …түртіп, түйіп қалып, қорлап жүрді». Таз Жұман Жамалды тұрса аяққа, отырса басқа ұратын болды… Байжан үйі оған тамұқпен бірдей. Бәрінен көрмегені жоқ. Қорлық өмір кешті. Бәріне көне берді, бірақ Жұманның істіп басынан аса берді, дүлей жан дөрекілігін, аусар ақымақтығын үдете берді.

«Бір күні Жұман тағы да бір себепсіз боқтаған сон, Жамал шыдай алмай: «Мені өлтіретін болсаң, біржола өлтір, әйтпесе, өзі күйіп жүрген жанымды күйдірме», — деуі мұң екен, Жұман: «Я, сенің сүйіп барған байыңның күйігі басылмай жүр екен ғой, мен сенің күйігіңді басайын», — деп, сол жерде тұра салып кеудеге тепкілеп, Жамалды талдырып тас-тайды».

Әбден ашынған, төзімі таусылған Жамал: «Мен бүйтіп жүріп тіршілік қыла алмайды екенмін, мұнан да бұл иттің қолынан өлгенше, басқа жаққа кетіп өлейін», ~ деп нар тәуекелге бел байлап, қалың қаранғылықты жамылып, таң асып тұрған Байжанның байлаулы тұрған атына мініп, жападан жалғыз жолға шығады. Ойы — қалаға барып, рақымды Фатихолла әбзиді қарақтап, самауырының қайнатып жүрсе де жұрт көзіне көрінбей тіршілік ету. Әттен, қатыгез өмір о дегеніне де жеткізбеді. Долы табиғат о сорлыға алай-түлей бораның жіберіп, ол оның «алды-артын орап алды». Ұлы соққан Арқаның боранына да қарамай, бойында Ғали ғана болып келе жатқан уақытта аты бір жерге келіп тұрып қалғанын да» байқамады. Боран үдей де үлей берді. Көзге түртсе көрінбес алай-түлей боран. «Осылай… жүріп, өзі әбден жаурап, не болғанын білмеске айналды… тұла бойы қызып, үстіндегі киімдерін шешіп, лақтырып» мүлде есінен айырылып, не күйде екенін білмей, өлім аузына тақады. Сондай жағдайда тіліне тек  Ғали ғана оралды. Оған ол құран аятындай, оқыған дұғасындай еді. «Ғали, Ғали, қиналды жаным, қайдасын?» — деп жан тәсілім қылды.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, жазушы зорлықшыл күштердің, жауыздық жанын жайлаған тас бауыр жандардың құрбаны болған Жамал сынды табиғаттың өзіндей пәк те халал жанның өксікпен, өкінішпен зарлап өткен тағдырын тебірене, қайғысына қан жұта отырып өрнектеген.

Жұманның тамұқ шаңырағында тізгінсіз азап шегіп, тауқымет тартып, егіліп, еңіреп жүрген шағында жазған сонғы өлеңінде:

Тоты құс едім бақшада,

Қарақұсқа жем етті.

Хан қызындай басымды

Бір жаманға тен етті.

Ботасыз нардай боздатып,

Мінекей, мені еніретті.

Тең құрбымнан кем етті.

Мұндай зарлы қылғандай,

Мен бейшара не еттім!

Жыладым: зарлап, Ғали жоқ —

Ісіне көндім құдіреттің —

деп қасірет-мұңын, ішкі запыранын өлең кестесіне түсіреді. «Бақытсыз Жамал» — қказақ прозасының алғашқы қар-лығаштарының бірі әрі сәтті қадамы.

Бұл романда Міржақыптың прозамен қатар поэзиядағы сөз зергерлігі айқын танылған. Бұрынғы қазақ лиро-эпостары мен батыр-лық жырлардағы, қарасөз бен өлең жолдары алма-кезек келетін халық поэзиясындағы дәстүрді кәдеге жаратып, басқа елдер үлгісіндегі тәжірибелерді де шығармашылықпен пайдаланған. Адамдар тағдырын нақтылы оқиға үстінде көрсету, штрих-детальдарды кейіпкер мінезін ашуда ұсталықпен шебер кәдеге асыру, сөз маржандарын сол мақсаттарға пайдалану — жазушы шеберлігінін кепілі.

Міржакып Дулатов — қазақ поэзиясында, прозасында, көсемсөздік, журналистік жанрда ұлағатты із қалдырған көркем сөздің азаматтық әуеннің асқар зергері.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. «Қазақ әдебиетінің тарихы » ІІІ том Алматы 2000 жыл.
  2. «ХУ-ХІХ ғасырларындағы қазақ әдебиеті» Жыраулар поэзиясы

Сабыр Қазыбайұлы Ақтөбе 2004 жыл.

  1. «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» М.Мағауин Алматы 1992 жыл.
  2. «Көненің көзі» Жармұхамбетов М. Алматы 1996 жыл.
  3. «Шешендік өнер» Жармұхамбетұлы М. Алматы 1998 жыл.
  4. «Әдебиет теориясы» Алматы 1969 жыл.
  5. «Қазақ әдебиеті» Жұмалиев Қ., Мағұлан Ә. Алматы 1992 жыл.
  6. «Сарқылмас қазына» Садиықов Қ. Алматы 1996 жыл.
  7. «Көркемдік өрнектер» Садиықов Қ. Алматы 1992 жыл.
  8. «Қазақ әдебиеті Қазақтың батыр жыраулары» Сәтбаев Ш.Қ. Алматы 1996 жыл.
  9. «Мәшһүр Жүсіп Көпеев» ІІ томдық шығармалар жинағы А-1990 ж.
  10. «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым» Уалихан Қалижанұлы. Алматы 1998 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ