М.Мақатаевтың «Дариға-жүрек» шағын поэмасындағы Дариға-жүрек кім?

0
28426

М. Мақатаев –лирик, прозаик,әрі шебер аудармашы. Әсіресе, солардың ішінде М. Мақатаев поэзиясының басты арнасының бірі –оның әр алуан тақырыпқа жазылған поэмалары болып есептеледі.

Өмірден ерте кеткен адуынды ақын Мұқағали артына өшпес, өлмес мұра қалдырды. Оның асқақ жырлары, көркем аудармалары және әңгімелері жаныңды баурайды.
Қазақ поэзиясында өзіндік жарқын із қалдырған дарынды дарабоз ақынның «Дариға жүрек» атты шағын поэмасы бір ғана қазақ әйелінің тағдыры арқылы сұм соғыстың талай тағдырды тәлкекке ұшыратқандығын көрсете білген шеберлігі десек, дұрыс болар.
Жалпы алғанда, үш бөлімнен құралған осы шығарманың «Аққудай еді» атты бөлімінде Дариға-кейіпкердің психологиясын ашу мақсатында «Дариға –жүрек шөлдеді» қайталауын қолдана отырып, жас жесірдің сабырға сүйенген, алдағы күннен үміт күткен, көппен бірге күн кешкен аяулы жеңгенің асқақтата салған әсем әніне сүйінеді.
«Жалған» атты екінші бөлімінде:
«Дариға…
Тфу!!! Жаман еді аты қандай,
Сорлы аға сойқан апты, қатын алмай»,-деп, жұрт жеріген жеңгеден жас жеткіншектің де көңілі қалғанын «Дариға-жүрек шөлдеді» тіркесінің қайталануы арқылы жеңгенің азалы жағдайын, «аһ» ұрған жаралы жүрек зарын жеткізеді.
Соңғы «Намыс пен муза» атты үшінші бөлімінде осы тікестің қайталануын жаңаша қырынан беріп, туындыға тың ой қосады. Ұяты өртеп, намысы қинаған келіншек ажалға өзі бетпе-бет барады, жан жүрегін азаптаған сезімнен бостандық алады.
Осы бір тіркестің қайталануы арқылы біріншіден, автор өзінің сезімталдығын бере білсе, екіншіден, жас ғұмырдың басынан өткерген ішқұса күндерін шебер суреттеген.
Соғыс кезіндегі қиын тағдырды бастан өткерген мыңдардың құлақтан кетпейтін мұң-зары, заман трагедиясын лирикалық кейіпкер тағдырымен сабақтастырады.
«Дариға-жүрек шөлдеді». Бұл поэманың көркемдік әлемін танытатын құлақ күйі іспеттес. Тау шыңдарындағы қалақтаған ән-өмірдің қиындығынан қашып, қажыған, аласұрған, аңсағанына қол жеткізе алмаған, жүрегіне жұбаныш іздеген жанның шырқыраған үні еді. Тән қалауы мен жан қалауының үйлеспеуінен туған трагедия «Дариға-жүректің» бостандыққа –бақиға шөлдеуімен құнды бола алды. Сол құндылықты жеткізуде «Дариға-жүрек шөлдедінің» қайталануы поэма сюжетінің маңыздылығын арттыра түскен тәсіл деп ойлаймын.  


ПІКІР ҚАЛДЫРУ