МАҒЖАН: «БҰЙЫРСА, ШЫРАҚ СӨНБЕС, ҰЗАҚ ЖАНАР…»

0
1093
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

МАҒЖАН: «БҰЙЫРСА, ШЫРАҚ СӨНБЕС, ҰЗАҚ ЖАНАР…»

Мағжан  Жұмабаев поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс. Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері мен жаңашылдығы қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ Еуропа, орыс әдебиетінің биік деңгейіне көтерді. «Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған» Мағжанның осындай қасиеттерін, ішкі шығармашылық құдіретін жұрттан бұрын байқаған әрі аса жоғары бағалаған Мұхтар Әуезов: «Мағжан мәдениеті зор ақын. Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай… Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін» деп жазды.

Мағжанды сүйетін, еуропалығын, жарқыраған, әшекейін сүйетін Мұхтар Әуезовтің өз ойын осылай Мағжан қуғын-сүргінге ұшырап жүрген кезде ашық айтуы, бұл – Мағжанның шығармашылығына берілген баға, өсер елдің баласының сөзі ғана емес, азапты жолда жүрген ақынға ашықтан-ашық ара түсу, өз басын оққа байлағанмен бірдей нағыз ерлік еді! Мұхтар Әуезов оған саналы түрде барды. Өйткені олар ел тарихындағы ең бір жойқын да күрделі кезеңде тарихи-әлеуметтік құбылысқа сыншыл көзбен қарап, өзінше баға берген, ұлт бостандығы мен тәуелсіздгі жолындағы күресте білек біріктірген тағдырлас жандар-тын. Мұхтар Әуезов Мағжан қаламынан шыққан туындыларға әркез зер салып жүреді, «Алқа» бағдарламасымен де алғашқылардың бірі болып танысады. «Бағдарламаның кеңестік идеологияға қарай икемделіп жазылғанын Мұхтар аңғармады емес. Мұны солшыл бағытта жазылған деп түйіндеуінен байқаймыз. Негізінен ол бағдарламаны мақұлдап, нақты әрекетке көшу керектігін айтып, Мағжанға жауап хат жолдайды». (Ш. Елеукенов «Мағжан мен Мұхтар», «Жұлдыз», 1997 ж.№10, 112б.).

Мағжанның бұл еңбегінің М. Әуезовтің қолына тиюі де қызық. Мағжан қолмен көшіріліп көбейтілген санаулы ғана «Алқа» бағдарламасының бір данасын Мұхтарға өзі тапсырады. Бұл да оның Мұхтарды бағалағандығының, оған деген ықыласы мен сенімінің ерекше болғандығының көрінісі деп түсінуіміз керек.

Осы екі ұлы қаламгердің шығармашылығындағы тағы бір тоғысуға назар аударайықшы. Мағжан «Ертегі», «Оқжетпестің қиясында» дастандарында Кенесары ханның тұлғасын сомдаса, даналығын, даралығын, алғырлығын, кемеңгерлігін жырласа, Мұхтар «Хан Кене» атты пьеса жазып, оның болмыс-бітімін, ел тарихындағы ролін аша түсті. Олардың пайымдауынша, хан Кененің тағдыры ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының қасіретімен тығыз сабақтас, үндес. Осылай қос арыс қазақты қалың өрттен қайтсем құтқарам деген тілек үшін жанын құрбан етуге даяр Кеңесарыны биікке көтеріп қана қоймайды, империялық санаға, бодандық санаға қарсы күресте бірлесіп шеп құрады.

«Мағжан — ақынның ақыны». Содан да оның жырларын талдауға шеберлігін сынауға екінің бірінің жүрегі дауаламаған, білімі, күші жете бермеген. Бұған қасы мен досы қатар жүрген кезде де ешкім уәж айта алмаған. Қазақтың белгілі ағартушысы Жүсіпбек Аймауытов 1923 жылы Ташкентте оқып жүрген қазақ студенттерінің алдында жасаған баяндамасында Мағжан сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқырлығымен, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті екенін айта келіп, «Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей тілге жұмсақ, жүрекке тиетін үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Мағжан не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер бере алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз» – дейді, Мағжанды Пушкинге теңейді. Осы арада орыс халқының үлкен ақыны, ғалым В. Я. Брюсовқа телініп жүрген «Мағжан – қазақтың Пушкині» деген сөздердің нағыз авторы кім екенін айыруға болатын сияқты.

Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағатындағы Мағжан Жұмабаевқа қатысты құжаттардың арасында оның өзі тапсырған өмірбаян парақшалары да бар. Біріншісін Мағжан 1923 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеудегі жоғары көркем әдебиет институтына қабылданғанда толтырады. Туған жері, тұрағы, қайда, қандай білім алғаны, отбасы туралы қысқа да нұсқа  деректер: жоғары оқу орнына түскенге дейін Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқыған, мектепте мұғалім, газетте редактор болған, үйленген.

Ал екінші парақша бертінге дейін Петропавл педагогика техникумының мұрағатында сақталып келді, тапсырылған уақыты 1927 жылғы 1 қыркүйек деп көрсетілген. Мұнда Мағжан 1925 жылы әдебиет институтын тәмамдағанын, он жыл еңбек өтілі бар екенін, қазақ тілінен сабақ беретінін жазады. Мағжан бұл кезде:

Күннен туған баламын,

Жарқыраймын, жанамын.

Күнге ғана бағынам! –деп өзінің туған ұлтының аспандағы Айы, көгіндегі Күні, әмсе ақыл-ойының, парасатының өлшемі, асқар биігі, мақтанышы, тағзым етер тұлғасы болуға ұмтылысын танытып үлгерген дауылпаздың нақ өзі еді.

Мағжанның дарыны ерте ашылды. Бозбала шағында балғын үнімен, сырлы да сұлу жырымен баршаны баурап, Ғ.Ибрагимов сияқты үлкен тұлғаның назарына іліккен ақын орда бұзар отызында қиянға сермеген қанаты талмайтын қыран екенін шын танытты. Алда оны не күтіп тұр еді? Басқалар тонды кең пішкенмен Мағжанның өзінің оған терең бойлап, алаңдамағаны анық. Ол тек елім, халқым деп соққан жүрегінің дүрсіліне құлақ түрді. Содан да өз бойына ұлтының ащысы мен тұщысын, қуанышы мен қайғысын, қызығы мен азабын қат-қабат қондырып, тағдырлы, тауқы­меті мол, тайғағы көп жолды таңдады.

Қанатын еркін сермей алмай қапыда кетті, жақұт жырлары қаратүнек қойнауында қалды, артық-кемі жоқ, жарты ғасыр бойы тұншығып жатты десек те, солақай, содыр  саясат оның өзін де, сөзін де жоя алған жоқ. «Бұйырса, шырақ сөнбес, ұзақ жанар» деген ақынның өз сөзі ақиқатқа айналып, Мағжан халқымен қайта қауышты, мәңгілікке оралды. Міне, содан бері де жиырма жыл өтті.

Осы уақыт ішінде біз Мағжан туралы біраз жайларға қанықтық. Мағжанды жарыса жазу үрдісі жиырмасыншы ғасырдың 90-жылдарына дөп келді. Қазір біршама саябырлаған секілді. Бұдан, әрине, ұлттың ұлы ақынына деген сүйіспеншілігі ортайып қалды деген ұғым тумасқа тиіс. Мағжанның өзі де, жыры да мәңгілік, елімен, халқымен бірге жасай береді.

Мағжан туралы жазылған еңбектерді кезең-кезеңге бөліп қарастырар болсақ, Мағжанның көзі тірісінде, қуғын-сүргінге ұшырап, толық ақталғанға дейін жазылған дүниелердің бір төбе екенінде дау жоқ. Нақ сол кезде анық сөзін айтып кеткендердің қатарында Жүсіпбек Аймауытовты, Мұхтар Әуезовті, Ахмет Байтұрсыновты, Сұлтанбек Қожановты және басқаларын атауға болады. Бұлардың  мағжантануға қосқан үлесі өлшеусіз. Осы орайда есімі елі­мізге белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаевтың естелігі де аса құнды дүние десек қателесе қоймаспыз. Оның естелігі ұзақ та емес. «Бұл қарапайым естеліктің айырықша қадірлі болатын тағы бір себебі – оны авторы қайта құрудың шарапатынан әлдеқашан бұрын (70-ші жылы) жазған. Ешқандай есепсіз адал жанымен жазған» (Құлбек Ергөбеков). Айтса айтқандай, естелік иесі ерекше құрметке лайық, батылдығымен аты шыққан ғалым. Оның өзі де ұлтшылдық қамытын киіп,  қуғын-сүргінді көп көрген.

Енді осы қоспасыз таза естелікке үңілер болсақ Мағжанның бейнесі жарқырап алдымыздан шығады. «Мағжан сұлу еді: орта бойлы, толық денелі, бұйра қара шашты, ақ құба бидай өңді еді. Бет пішіні Абайдың белгілі  суретіндегі бет пішініне ұқсайтын. Жүріс-тұрысы жарасты, сәл маңғаз еді. Осының бәрінің үстіне ол қыз  мінезді еді» – деп жазады Б. Кенжебаев.

Осы айтылғандар Мағжанның шын бейнесін ашатын сөздер. Олай болатын себебі, Бейсембай Кенжебаев Мағжан Жұмабаевты жақсы білген, 1922 жылы Мәскеуде Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқып жүргенде оның алдынан дәріс алған. Бұл кезде Мағжан Жұмабаевтың өзі де студент болатын, ол  Мәскеудегі жоғары көркем әдебиет институтында оқитын. Бейсембай Кенжебаев: «Мейлі, лекциялық сабақта болсын, мейлі, прак­тикалық сабақта болсын, ол қағазға, кітапқа қарамайтын. Сөз арасында келтіретін мысал өлеңдер мен әңгімелерді түгел жатқа айтатын. Декламация  оқып тұрған тәрізді барлық нәшін, сипатын, қимылын келтіріп айтатын» деп Мағжанның білімінің тереңдігіне, алғырлығына тәнті болады.

Осы естелік Мағжанның Абайды пір тұтқанын, оған қатты еліктегенін тағы да дәлелдей түседі. Мағжан студенттерге Абай өлеңдерін оқып-үйретеді, олармен бірге Абайдың жаңа жыр жинағын талдайды. Бір кездескенде өзінің шәкіртіне аудармаға қатысты ойларын бүкпесіз білдіріп: «Басқа тілден шығарма аудару – ол шығарманы өзінікі етіп алу деген сөз, өзінікі болған соң, ол өгей бала емес, туған бала болуға тиіс. Яғни өгей бала екені мүлде білінбеске керек. Ол үшін шығарманың тұрқы, тұлғасы аударылмай, мағынасы, рухы аударылуы қажет», – дейді. Ол  осылай Абайды жүрегімен ұғынған. Олардың жырларындағы үндестік те осыны дәлелдейді. Қазақ үшін Абай қалай қайғырса, Мағжан да солай қапаланады. Өзінің ұлттық таным-тағылымы жеткен биікке ол өз халқының да орнығуын  тілейді, ботадай боздайды, аңсайды, армандайды, әйтеуір өзінің ұлтын сол асқаралы заңғардан көргісі келеді.

«Мінезі баладай, тілі балдай еді. Адамға қайырымды, кешірімді,  қалтқысыз жан еді… Білімді, алғыр, ойшыл, орысшаға, шығыс тілдеріне ерекше жетік-ті». Сәбит Мұқановтың осы сөздерінде де көп сыр жатқан жоқ па? Өмір жолы Мағжанды әр кезде заманы бір, өзі тұстас қазақтың зиялыларымен кездестіріп отырған. Сәбеңнің айтуынша, алайда, олардың идеялық жолдары бөлек болған. Кеңестік дәуірді, оның табыстарын жырламаған, ескіні, байшылдықты, ұлтты көксеген Мағжанның жырлары коммунистік жолды таңдағандарға жат болған. Соның бір кө­рінісі – Мағжанның 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан өлеңдер жинағын мәскеулік қазақтардың талқылауы. 1924 жылдың 24 қарашасында әдебиет үйірмесі ұйымдастырған бұл жиынға КСРО халықтары орталық баспасының директоры Нәзір Төреқұлов, Орталық комсомол комитетінің бюро мүшесі, жастардың коммунистік интернационалы  атқару комитетінің бөлім бастығы Ғани Мұратбаев та қатысады. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша жас ақын, сол кезде Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде оқып жүрген Өтебай Тұрманжанов баяндама жасайды. Баяндаманы талқылауға қатысушылардың пікірі екі бөлініп, жиналыс «Мағжан буржуазияшыл-ұлтшыл, біз­ге мүлде жат ақын» дегенге саятын қаулы қабылдайды. Кейін осы қаулы Қазақстанның орталық газеті «Еңбекші қазақта» жарияланады. Мұның Мағжанға қатты соққы болып тигені, ақынды үлкен күйзеліске ұшыратқаны сөзсіз. Оның «Тоқсанның тобы» деген толғауында:

Жырларым елді жалпылап,

Жасырман жүзді жақтадым,

Тоқсанға енді тоқтадым,

Толғанып, ойлап, талқылап…

Тоқсаннан сонау он аулақ,

Мен тоқсанмен біргемін, –деуі содан.

Мағжанға қарсы шабуылдың үдеуіне сол кезде Мәскеуде оқып жатқан жастар ғана түрткі болды десек қателесер едік. Оған Сәбеңнің, кәдімгі Сәбит Мұқановтың да бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кеткені белгілі. Идеялық қарсыластарына ымырасыз  Сәбең Мағжанды да аяған жоқ, өзгелермен бірге сынның дойыр қамшысын оған да сілтеді.

Мағжан кім қанша даттаса да былғанбайтын асыл емес пе, соны кейін Сәбең де түсінген болуы керек, ақын туралы пікірі өзгеріп, артына Мағжан Жұмабаевтың өмір жолы, шығармашылығы жайлы зерттеу еңбегін қалдырып кетті. Атақты жазушының «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деп аталатын кітабына енген осы еңбекте Мағжан туралы мынадай жолдар бар:

«… Ақындық жағынан келгенде, Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетте жаңа түрлер енгізу ретінде, Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан  асқан ақын қазақта жоқ». Бұл Мағжан өмірден озбай тұрып 1932 жылы айтылған сөз. Нақ осы кезде қуғын-сүргінге ұшырап, қиналып жүрген Мағжан да Сәбеңнен сырт айналуды жөн деп таппайды, хат жазып одан ақыл-кеңес, көмек сұрайды.

Осы арада Мағжан Жұмабаевтың Сәкен Сейфуллинмен қарым-қатынасы туралы да әңгімелей кету артық емес сияқты. Мағжан  1937 жылы Алматыға табан тірегенде Сәбең қарсы алғанмен «Менің жолым-теріс. Сәкендікі – дұрыс болды. Алдымен соған сәлем берейін» деген тілегін білдіреді. Сәбең өзінің естелігінде жазғандай, ретін тауып Сәкенге хабар береді. Сәкен қарсы болмайды, екеуі көздеріне жас алып құшақ-тасады. Осы  арада Мағжан  Сәкеннен кешірім сұрайды. Сәкен: «Саған бәрі де кешірімді, бізден енді кешірім сұрама» дейді. Сол күні Мағжан Сәкен үйінде қо­нып қалады.

Сырт көзге қатардағы оқиға сияқты болып көрінгенмен екі алыптың түсінісуі – бұл тарихи сәт еді. Өйткені, оған дейін олардың арасы жақсы емес-ті. Мағжан мен Сәкен тұңғыш рет Омбыда кездескен, сонда бірге оқыған. Кейін араларынан «қара мысық» жүгіріп кетіп, кикілжіңмен біраз жерге барып қалған. Екеуі де ақын болғаннан кейін бірін-бірі сөзбен түйрейді ғой баяғы. Соза берсек, бұл өзі таусылмайтын әңгіме. Белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев ағамыз бұл жөнінде «Өнер бәсекесі, немесе Мағжан мен Сәкен» деген көлемді тарихи-әдеби эссе жазған.

Ақын Мұзафар Әлімбаевтың «Солтүстік Қазақстан» газетінде (1991 ж. 21 мамыр) жарияланған «Мағжанды махаббатпен оқығанда» деп аталатын эссесінде де Мағжан мен Сәкеннің ара-қатынасын ашатын тұстар аз емес. Ақын ағамыз өмірдің өз ағымында, әдебиеттің дамуында әрқилы мектептердің, әр алуан таланттардың бәсекесі, жарысы, айтысы мен тартысы қызу жүріп келгенін, жүре де беретінін айта келіп, «Мағжанның идеялық және эстетикалық позициясына қарсы жанкешті күреспесе, Сәкеннің азамат әрі  ақын-суреткер ретінде қауырт өсіп, биікке самғауы, ол ол ма, қазақ әдебиетіндегі жалаугер жетекшілігі қамтамасыз етілер ме еді. М. Жұмабаевтың «Батыр Баянымен» қиын жарысқа Сәкен өзін  өткір қайрап салмаса «Көкшетау» дастаны өзінің ғажайып көркемдік дәрежесіне көтеріле алар ма еді?» деп сауал тастайды. Сөз жоқ, осы бәсеке жай да жүйрік қаламды одан сайын желқанаттандыра түскені анық. Олай болса, Мағжан мен Сәкен өмір көшінде әрдайым бірге жүрді. Олардың өмірлерінің соңғы сәтінде кездесіп түсінісулері, табысулары кездейсоқтық емес. Бұл халқымызға бұйырған тағдырдың сыйы.

Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына  қатысты жайларды елеп-екшеп жүре мені «Мағжан туралы оның жерлесі, замандасы, заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов неге бір ауыз сөз қалдырмаған?» деген ой мазалай беруші еді. Оның жауабын жазушы Жайық Бектұровтың «Бес арыс» («Жалын» баспасы, 1992 ж.) деп аталатын жинаққа енген естелігінен  тапқандай болдым.

Ғабең бірде Жайық Бектұровқа Мағжанмен алғаш рет 1928 жылы Бурабайда кездескенін, Ақмола губерниялық партия комитетінің хатшысы Садықбек Сапарбековтің өзін шақырып алып, «Мағжанның орнына орман шаруашылығы техникумында оқытушы бол» дегенін айтып береді. «Бурабайға келдім. Мағжанды осында бірінші рет көрдім. Ол өзінің пәтерін маған беріп, Қызылжарға кетті. Сонда барып совпарт  школда сабақ берді» дейді.

Кейін Мағжан мен Ғабең 1936 жылы Алматыда тағы кездеседі. «Мен Қазақстан Орталық партия комитетінің мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі едім. Мағжанды жұмысқа орналастырдық. Ол жұмысына құлшына кірісті. Дінге қарсы орысша бір трактат іспеттес еңбек жазып әкелді. Жұмысының өзі де дінге қарсы үгіт-насихат жүргізу еді». (Ғабит Мүсірепов). Жайық Бектұровпен әңгімесінде Ғабең: «Менің ойымша, Мағжан шығармаларын басуға бұл күнде совет өкіметінің еш бөгеттігі жоқ, бұлай деу бос сөз. Оның шығармаларын жарыққа шығаруға біздің өзіміздің көптен бергі бір беткей қалыптасып кеткен теріс дағдымыз, теріс көзқарасымыз, Мағжанды ұлтшыл деп жамандап қалған ескі әдетіміз бөгет. Біз біреуді жамандасақ, тасқа басқан таңбадай, өмір бақи өшпейтін қара бояудай көреміз. Кейде тіпті қайсыбір ақындарымыздың іштей қызғаншақтығы да бөгет болып жүр» деп Мағжан шығармаларын жарыққа шығаруға қатысты ойларын ашық білдіріпті. Алайда, Ғабең Мағжанға ара түскен жоқ, Мағжан туралы естелік те қалдырмады. Оның себебін қазір дөп басып айту қиын. Атақты «Бесеудің хатына» қол қойған, «Бейімбет жау болса, мені де жау деп санаңыздар» деген Ғабеңнің Мағжан туралы қалам тартпағанын түсіну де, түсіндіру де қиын.

Соңғы жиырма жылдың ішінде Мағжан жайлы біраз дүние жарық көргенін жоғарыда айттық. Солардың ішінде белгілі жазушы Жайық  Бектұровтың еңбегінің орны бөлек десем ақиқаттан тым алыс кете қоймаспын. Ш.Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ә. Марғұлан сынды қазақтың асыл ұлдарының әдеби портреттерін оқырманға тарту еткен Ж. Бектұров Мағжанның халқына қайта оралуына да көп еңбек сіңірді. Ол Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысаралық бөлімшесін басқарған жылдары Солтүстік Қазақстан облысына сан мәрте келіп, Мағжанның жары Зылихамен кездесіп, қолынан келген көмегін аямаған. «Мағжанды іздестірдіңіз бе? Жо­ғарғы жаққа арыз жаздыңыз ба? деп сөз бастап кеттім. «Жаздық қой. Жазбаған жеріміз жоқ. Ештеме шықпады», — деді Зылиқа. Мен ол кісіге: «Сіз Н.С. Хрущевке жазыңыз. Күйеуім ақын еді, жұрт ұлтшыл десті. Бірақ ол ешқандай басшы жұмыста болған жоқ еді. Кеңес үкіметіне қарсы ешбір теріс әрекет істеген адам емес. 1930 жылы ұлтшылсың деп бір соттады. Одан лагерьде жазасын өтеп келіп, болмашы қызмет істеп жүргенде қайта қамалды, жоқ болып кетті» деп жазыңыз» дедім». (Ж. Бектұров)

Жазушы  осыдан кейін өзі де қарап отырмайды, Башқұртстанның халық жазушысы Сайфи Құдашқа хат жазып, Мағжан Жұмабаевты ақтауға көмектесуін сұрайды. Мағжан Жұмабаевпен Уфадағы «Ғалия» медресесінде бірге оқыған С. Құдаш 1969 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаевқа хат жолдайды. «Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың тағдыры туралы» деп аталатын бұл хатында башқұрт әдебиетінің ақсақалы Қазақстанның көптеген қалаларынан, оның ішінде Қарағандыдан да, Мағжанға ара түсуін сұраған өтініштер келгенін жазады.

Жайық ағамыздың Мағжанға, Мағжанның артында қалған жесірі Зылиқаға жасаған басқа да жақсылықтары аз емес. Мағжан ақталғаннан кейін Зылиқаны шетқақпай қыла бастаған ақынның туыстарының орынсыз әрекеттерін айыптағаны тағы бар. Ол: «Өмірде әділетсіздік көп қой. Бәрі де қараңғылықтың, іші тарлықтың белгісі. Бұрын естерінен шығып кеткен Зылиқа, енді Мағжан жұрттың аузына қайта іліге бастағаннан кейін, бұл байғұстардың да тіліне, көңіліне орала бастапты. Бұлардың да әкелері, туыстары сотталып, есеңгіреп қалған адамдар. Жалған қызғаншақтық сезім де бар. Жақсы мұраға ие  болғысы келетін ниет те бар. Баласы, ұрпағы жоқ, жалғызбасты сорлы кемпірдің Мағжанның із-түссіз кеткен еңбектерін инемен құдық қазғандай жинағанын өзге, соның көп азап-бейнетін көргеннен басқа ешкімге ешбір жазығы жоқ» деп жазды.

Белгілі жазушы, қазақ әдебиеті ақсақалдарының бірі Ғаббас Қабышұлы да осыны дәттейді. «Мағаңның өлең-дастандары, әдеби аудармалары жарияланған газет-журналдарды іздеп табу, көшірме жасатып алу, әрине, апайға қиын болған. Ақы-пұлын төлеу былай тұрыпты, кесірі жетерлік кездерде ашық іздеудің өзі қандай тәуекелді қажет етті десеңші?! Күйеуіне жағылған күйені кетіру үшін жан тыныштығын ұмытқан, алғаш тұтқындалғанында ізденіп Мәскеуге, Максим Горькийге дейін барған, Мағаңның ол жолы ақталуына бірден-бір себепші бола білген, ал ері екінші рет тұтқындалғанда соңынан Сібірге барғаннан өзге шарасы қалмаған Зүлкең, кім не десе де, бүгінгі бізге де, келер ұрпаққа да аса қажет қыруар іс тындырды» (Ғаббас Қабышұлы. «Қазақ әдебиеті» 2003 ж. 30 мамыр)


ПІКІР ҚАЛДЫРУ