Мағжан Жұмабаев (1893-1938)

0
2336

Мағжан Жұмабаев

(1893-1938)

Қазақ әдебиетінің XX ғасыр басындағы жарқын жұлдыздардың бірі- Мағжан Жұмабаев. Өмірі мен өлеңі бір кезде аңызға айналған ақынныңаты соңғы жарты ғасырдан артық уақыт бойы айтылмайтын болған. Сол себепті кейінгі буын бұл ақынды аз біледі. Ақынның кітаптары тыйым салу салдарынан сарғайып, тозып, жыртылып, жоғалып жатты. Ақты қара, қараны ақ деп түсіндірген зорлық-зомбылық дәуірінің құрбаны  болған ақын тағдыры аянышты.

Өзінің кім екенін, ақындық қуатын, қайраткерлік қарымын “ Мен кім?” деген өлеңінде бір аңғартып өтеді.

Жалынмын мен, келме жақын, жанарсың,

Тұлпармен мен, шаңыма ермей қаларсың.

Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ,

Көз  қырымен күліп қана қарармын.

Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,

Надан адам өлім жоғын білмейді.

Өзім – патша, өзім – қазы, өзім – би,

Қандай ессіз не қалдың деп тергейді?

Бұл романтикалық асқақ шумақтардан ақынның өз күшіне, өз талантына, керек  десеңіз, өмір тағдырына кәміл сенгенің байқаймыз. Мұның алдында “ арыстанмын, кім шыдар” деген жолдар бар. Осының бәрі – асып-тасудың, астамдықтың белгісі  емес, асылдықтың, жайдың жасылындай өткірліктің жөні. Ақын сөзі ащы шындықтың айнасы болып отырған. Өзі оны түсінген де, білген де. Асыл сөздерінің қадырменді иесі – зерделі оқушылар екенің кәміл ұққан. Ол парасат қайнары, мейірбан жүректі туған елі еді. Мағжан ақын бар өмірін, білгенің сол туған халқына, еліне арнаған да, сарнаған да. “Жан сөзі” деген әйгілі өлеңінде (1920):

Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған:

Болғайсын, сыншы болсаң, әділ сыншы,

Кінәні жүрекке қой , қойма маған,-

Деуінің де төркіні сонда.

Мағжан — өз тегін де, өз жерін де мадақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ақтауға ұмтылған, өлең сөздің асыл маржанын төгілткен, сұлу жарымен оқырманын егілткен, өне бойы қапаста, қайғы мен қасіретте өмір кешіп, ақырында мүлт кеткен, өзі айтатындай, соры арылмаған халқының зарлы перзенті. “Мен өлмеймін, менікі де өлмейді”  дегенде, қауіп-қатер жоқ  дегені емес, бірақ ақырында қылша мойын талша қиылатынын біліп пе? Жалпы алып қарағанда, “мен өлмеймін” деген сөздерде терең шындық та жатыр. 60 жылдан аса уақыт бойы үстемдік құрған қоғам ақын үнін шағармай, тұмшалап келсе де, енді естіліп, ақыры жалғастық  тауып отырғаны шындық. Ақын өлеңі мен дана сөзі өлмек емес. Ақын өлеңі мен дана сөзі өлмек емес. Ақын көзін алсатап, өлеңін жауап жоқ қылған әкімшілік дәуір үстімізден енді ғана ауап барады. Қазақстанның тәуелсіз ел болып қайта құрылуы әрбір жеке адамның бас бостандығын қамтамасыз етпек.

Ақынның тағдыры.

Мағжан Жұмабаев өлеңдерін бастыру, оқу Кеңес дәуірінде мүмкін болмады. Енді жарты ғасырдан аса уақыт өткенде ғана, аты аңызға айналған ақынның шығармалары халқына қайта оралды.

Дүлей қара күш  ақыл-парасатты ауыздықтап, шідерлегенін, ата-баба жолын ұмыттырып, тексіздікке сүйрегенін кешегі тарихтан білеміз. Бүгіндері өткендегі орасан қателерді жөндеп, рухани байлықты халықтың өз иегіліне қайтаруға мүмкіндік туып отыр.

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Булаев ауданы, “Молдёжный” совхозы ) дүниеге келген. Төрт жасында ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашады, ал 1905 жылы Қызылжардағы (қазіргі Петропавл) медресеге оқуға түседі, бұл медресені араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгерген, Стамбұлда оқып, дәріс алған, ауқатты әулеттен шыққан жергілікті интеллигент Мұқамеджан Бегішев ашқан. Ол өзі Шығыс ғалықтарының тарихы жөнінде де сабақ берген. Мағжан Жұмабаев бұл медресені 1910 жылы жақсы үлгеріммен бітіреді. Бірақ, бұл оқумен қанағаттанбаған, ол, яғни болашақ ақын, 1910 жылы күзде өзінің ауылдасы, талапкер жазушы Бекмұқамбет Серкебаевпен Медресе – Ғалияға түсу үшін Уфаға сапар шегеді. Медресе өзінің дәрежесі жағынан алғанда жоғары оқу орнымен бара-бар болған. Мағжан сол медреседе сабақ беретін ұстаз, белгілі татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовпен , медресенің жетекшісі Сәлімгерей Жантуринмен, жерлесі , болашақ көрнекті жазушы Бейімбет  Майлинмен танысады.

Болашақ ақын талантын таныған Ғалымжан Ибрагимов (көпшілікке таныс “Қазақ қызы” романының авторы ) оған білімін әрі қарай көтере түсу керектігін айтып, ақыл-кеңес береді. Осыдан соң Мағжан Жұмабаев Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түсіп, сол қалада орын тепкен. 1912 ж. Қазан қаласында «Шолпан» атты тұңғыш жинағы басылып шығады, оған Ғалымжан Ибрагимов көп жәрдем еткен.

Өлеңдер жинағы өзінің соны сезімдегі лирикаларымен, қазақ поезиясындағы жаңа өрнегімен көзге түседі. 1909 ж. Питербургте жарық көрген Абай жинағы бұл кезде көпшілікке мәлім етті. Мағжан да, әрине оны оқыған. Семинарияда Мағжан Жұмабаев болашақ күрескер ақын Сәкен Сейфулинмен танысады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Мағжан Жұмабаев көпшілік қауым мойындаған, қалыптасқан ақын болып танылады. Оның жырлары қазақ даласын шарлап кетеді. «Жан сөзі» атты атақты өлеңінде ақын өзінің «Медресе – Ғалиядан» кетуіне үзілді-кесілді қарсы болған әкесі Бекенмен арадағы салқындықты және жергілікті даушарға қатысқысы келмеген жайын, өзінің сол тұстағы қауымға наразылығын зарлай жырлайды. 1919 ж. Ақын екі бірдей қасіретке душар болды; тағдыр қосқан қосағы толғақ үстіне қайтыс болса, азамат соғысы уақытына орай есімін Граждан қойған перзенті бір жылдан соң олда да үзіледі. Осының бәрі ақын жүрегіне зіл батпан ауыртпалық түсіріп, із қалдырады. «Мені де, өлім, әлдиле» өлеңі осы сәттерде туған.

1912-1914 жылдары Мағжан Жұмабаев «Қазақ» газетінің редакторы, түркітанушы, қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Ахмет Байтұрсыновтан және Шығыс мәдениетімен де, Батыс мәдениетімен де жан-жақты, терең қаруланған, аса дарын иесі Міржақып Дулатовтан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір қырына көтеріледі.  Мағжанға еуропалық білім алуға, орыс тілін үйреніп мәдениетінен қанығуға олар көп себін тигізген.

1916 ж. Мағжан Жұмабаев Омбының мұғалімдер дайындайтын семинариясын ойдағыдай бітіріп, туған өлкесіне оралады. Қазақ даласында «Алаш» партиясын құруға қатысып, чех көтерілісін бастан кешеді; кейін Ақмола губерниялық «Бостандық туы» газетінде істейді.

Жиырмасыншы жылдардың бірінші жартысында Мағжан Жұмабаев Ташкентте шығармашылық өнімді еңбекпен шұғылданады. Сонда шығатын «Шолпан», «Сана» журналдарында, «Ақжол» газетінде қызмет атқарып, біраз дүниелерін жарыққа шығарады. Дәл осы кезде қалың қауымға таныс поэмасы «Батыр баянды» жазды.

1923-1927 жылдары  Мағжан Жұмабаев Мәскеуде Жоғары әдебиет–көркемөнер институтында оқыды. Ол кезде институтты В.Брюсов басқаратын еді. Бұл жылдары ол орыс әдебиетін, батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, оқиды. Орыс мәдениеті қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады.

1929 ж.  Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрды деген айыптаулармен он жылға сотталады. Шын мәнісінде бұл Сибревком жанындағы Қазақ АССР өкілінің келісімімен құрылған, көпшілік қауымға белгілі, отырықшылыққа айналдыру жөніндегі ресми түрде рұқсат етілген ұйым еді.

Өкініші сол, 1929 жылдан 1938 жылға дейін созылған ақынның он жылдық ғұмыры бізге беймәлім. 1936 жылы М. Горький мен Е. Пешкованың араласуымен аз ғана уақыт бостандық алады, бірақ 1937 жылы   Мағжан Жұмабаев қайта қамауға алынады. Ал, 1938 жылы ақын ғұмыры мәңгілікке үзіледі.

Ғұмырының соңғы жылдары ештеңе жазбап  па екен, жазса ол қайда, әлде ұшты-күйді жоғалып кетті ме деген сұрақ туады.  Себебі Мағжан Жұмабаевтің 1927 жылы жазған «Тоқсанның тобы» поэмасынан кейін басқа шығармалары мәлімсіз. Рас, тәркілеу, ұжымдастыру, оннан кейінгі аштық жылдары, әрине, шығармашылық шабыт бере қоюы қиын. Ол уақыттың жалған поэзиясының айқайын жұрт енді естіп, ұғып отыр.

Сонда да болса, шеккен қайғы-қасіретін, тартқан азабын ақын дәптерге жазып қалдыруы да мүмкін. Бірақ  Мағжан Жұмабаев үні 1927 жылдан кейін естілмейді. өзі бір кездері толғана жазған, үні өшкен бұлбұл кейіпі аққынның басына келді:

Дариға, аяқталмай үзілді жыр,

Сұм жүрек жалын болып қалды ғой құр.

Бұлбұлдың әнін үзген не болды екен?

Мынау не, көлдің беті жыбыр-жыбыр?

Көл беті жыбыр-жыбыр бақа: «бақ-бақ»,

Сайрасын енді қалай бұлбұл бейбақ»!

өмірдің өзгермейтін құрсын заңы-

бір жақтан бұлбұл шықса, бақа шықпақ.

Жыршы құс бақырайған бақа көрсе,

Бақылдап тырбық бақа әнін бөлсе,

Ойласаң таңғаларлық дәнеңе жоқ –

Құсадан ақын бұлбұл үнсіз өлсе.

Мағжан Жұмабаев көңіл күйін, өткен өмір жолын башқұрт халқының аса үлкен, қадірмен жазушысы Сайфи Құдаш тебірене баяндайды. Сайфи Құдаш ғасырдың бас кезінде Солтүстік Қазақстанда  Мағжан Жұмабаевпен бірге қызметтес болған, жете таныс адам. 1969 ж. Ол Қазақстан басшыларына Мағжанды ақтау, шығармаларын жариялау керектігі жайында толғана ұзақ хат жазған, бірақ онан еш нәтиже болмады.

20-шы жылдар оқиғалары мен өмір құбылыстары қаншама күрделі екенін ойға алсақ, саяси мәні жағынан сан-алуан, тіпті көбіне қарама-қарсы екенін ескерсек, тыңғылықты тұжырым жасау, нақты талдаумен бір ортақ ой-пікірге, қорытындыға келу оңай еместігіне көз жетеді. 1920 ж. ҚазАССР –ның құрылуы, ауылдардың кеңестендірілуі, ал екінші жартысында – байларды тәркілеу, республика жетекжілері мен интеллигенция өкілдерінің сан тарапқа тартқан сөздері, ұлттық шекаралады бөлу, әсіресе, ұлттық мәдениет мәселелері талайлардың намысын қоздырып, ақыл-ой, сананың шайқалуына әкеліп соқтырғанын анық білеміз. Мұнымен қоймай, кеше ғана ауыз жаласқан достардың табанда бір-біріне ата жау болып шығуы, бір-бірін қаралау, күйе жағуға дейін баруы қауым үшін әбден шиеленістіреді. Омындай әрекеттер салдарынан М. Жұмабаевқа ұлтшыл деген айдар тағылып, оның көркемдігі жоғары дүниелеріне, бұл пролетардық емес, таптық емес деген негізсіз кінәрабтар қойылды.

Ақынның өлеңдері

Мағжан шығармаларымен тереңірек, молырақ танысқан шақта оның поэзиясының қай қырын ерекше сөз еткен орынды болар еді деген сұрақ туады. Мүмкін ақын туындыларының уақытысына төтеп берерлік бүкіл ұлттық, адамзаттың мазмұн – тақырыбын, тіл құнарлығы мен ой тереңдігін, сөз қолдану шеберлігін басты ерекшелігі деп айтуға болар. өйткені ақынның нағыз өзіндік бет бағдары мен айырым қырлары осы маңайдан табылмақ. Тәңірдей талантының, дарын табиғатының көрінісі осы бұлақтай мөлдір поэзиясына көрінетіні анық. Ол поэзияға шын беріліп, тәнті боласың. М. Жұмабаевтың ақындық ерекшелігін дәл бағалап, көпшілікке жеткізу аса қажет іс екені анық. Ой, қиял ұшқырлығы, молдығы, сөз кестесінің әрқилы, сан айшықты болып келуі мүлде еншісі бөлек жайлар. әңгіменің түп түйініне келсек, М. Жұмабаев Абай тәжірибесін бойына сіңірген де, өзімен қатар өмір сүрген С. Торайғыров, С. Сейфулин, И. Жансүгіров, Б. Майлин және С. Мұқанов шығармашылығына мүлде ұқсамайтын, тың жол салған.

М. Жұмабаев — өз орнын өмірден үнемі іздеумен өткен, бар білген-түйгенін соған сарп еткен суреткер. Оның шығармашылығының бір қырында, яғни таразы басының бір жағында – мұңлы толғаныс, өкіну және қайғы-қасірет, күйініш жатса, таразының екінші басында – романтикалық өршілдік, махаббат, сүйініш, арман, мақсат, үміт жатады. Көп қайғы-қасірет шеккен, азап пен уайым тауқыметін тартқан ақын осы бір-екі оттың жалынына шалынып, соған шарпылған! Оның шығармаларында тарих тұңғиығын терең түсіну, өткенді бажайлау, болашақты болжай білу, бүгіннің ақиқатына көз жеткізу сияқты терең толғаныстар заманның астан-кестен, аласапыран жаймен астасып жатады.

М. Жұмабаев өлеңдерін оқи отырып, өзі көп айтатын, тылсым буғандай әсерге енесің, таң қаларлық күй кешесің, ойлар мен толғамдардың терең тұңғиығына сүңгіп, әсем суреттер дүниесіне кіресің. Не суық, не жылы, әлде жарық, әлде көмескі сезімнен хабар беретін алуан бояудың сырларына қанығып, ақынның құдіретті шеберлігін танисың.

Ақын тау туралы толғанысын, не дархан даланың кеңдігін жырласын, тіпті көл немесе жазғы таңды, қысқы кешті, егінді, не жер, күн, айды суреттесін, бірінші кезекте өзінің дүние түсінігі, ішкі жан-кйүйі тұрады, сонысымен айнала әлемді бірге толғандырып, бірге тебірендіреді. («Көкшетау», «Жазғы түндер», «Қысқы жол», «Қайың», «Орман», «Алдамшы өмір», «Ой», «Жел» т. б. өлеңдері куә).

Ақын жырларында табиғат пен адамның жан дүниесі бірге өріліп, бірге астасып жатады. Әлем құбылысы санамен, көңілмен үндесіп, сұлы, сырлы, тіпті, кейде ақыл-ойға сыймайтын фантастикалық суреттер көз алдыңа келеді. Сөз көбіне ойдың білінер-білінбес сыртқы қауызы ғана сияқты көрінеді де, ақынның құдыретті шабытымен кестеленген түпкі мағына сурет болып санаңа еніп, сезімінді қалай билеп алғанын білмей де қаласың. «Жазғы жолда» деген өлеңіне көңіл аударалық:

Дала, дала, Сар дала!

Жапан түзде бір қара…

Шілде.Оттай ыстық күн,

Дала-өлік. Жоқ бір күн,

Жер де жатыр тұншығып.

Жол жыландай иірілген,

Шаң ерініп, үйірілген,

Ешбір леп жоқ, тып-тымық.

Көкте жалғыз бұлт жоқ,

Көктің түсі қызғылт көк.

Дүниені тылсым билеген.

Ыңыранғандай әлдекім,

Жылай ма екн әлде жын?

Перілер ме күйлеген?

Қарапайым ғана көріністер мол сырға ие болып, жол, дала, көк аспан, бұлт-бәріне де жан бітіп, адамның өзімен тілдескендей әсер қылдырады. Өзіміз оны көзбен көріпкұлақпен естігендей боламыз. Адам мен табиғат арасы ақын өлеңінде ажырамас бірлікте, тоғысқан күйде, яғни айнала өмір, ақынның оны қабылдауысырлы сөз күшімен әсерлі сурет береді.Әрине мұндай көркем сөзді көркем  ой тудырмақ. Поэзия шеберінің тәңір табынарлықтай құдыретті өлеңді Абай айтқандай «теп-тегіс жұмыр» етумен бірге, сезім, түсікке молықтыруда. Онсыз қайсыбір өлең болса да, жай хабарлама, сөзтісбе болып шығатыны анық. «Қысқы жол » деген өлеңінен мына жолдарды оқып қаралық:

Ызғарлы жел долданып,

Екі иінінен дем алып,

Ішін тартып осқырып,

Андай ұлып бір мезгіл,

Екі санын шапақтап,

Біресе сақ-сақ күледі.

Кейде кенет баяулап,

Жер бауырлап жаяулап,

Аузы-басы жыбырлап,

Асып-сасып сыбырлап,


ПІКІР ҚАЛДЫРУ