МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ «БАТЫР БАЯН» ПОЭМАСЫ

0
6046
Әбіш Кекілбаев

МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ «БАТЫР БАЯН» ПОЭМАСЫ

XVIII ғасыр қазақ халқының қиын-қыстау заманы болды. Жоңғар, қалмақтың жан-жақтан қыспағы елді қатты күйзеліске ұшыратты. 1723 жылғы қайғылы да қасіретті «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» оқиғасы елдің еңсесіне батты. Қазақ елі бытыраңқылыққа ұшырады. Осы кезде халықтың басын қосып, қасына батырларды жинаған ер Абылайды айтпай кетуге болмайды. Жастайынан Төле бидің қолында өскен Сабалақ жорықтарға қатысып, ерлігінің арқасында елдің айбатты арыстанына айналды. Елжіреген жұрттың қамын ойлап, халықты ауызбіршілікке шақырып, елдің еңсесін көтерді. Бірақ,

Жалғыз батыр – жалғыз жан

Майданға тұлға бола алмайды.

деген сөз бар ғой. Сол кезде ер Абылайдың төңірегінде халықтың батырлары шоғырланған болатын. Абылай жинаған батырлар ішінде Кара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Сары, Баян мен Сағынбай сынды ел ардақтылары болатын. Аталған батырлар ішінде бүкіл өмірін қазақ жұртының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған ер жүрек ардагерлердің бірі – батыр Баян Қосаболатұлы (1710 – 1757). Батырлығымен, тапқырлығымен Абылай ханның ерекше құрметіне бөленген. Қазақ-жоңғар шайқасына қатысып, Баян батыр атанған. Өкінішке орай Баянға қатысты тарихи деректер өте аз. Батыр жайлы мәліметтерді біз сол кездегі ел мұқтажын жырлаған, халықты ауызбіршілікке үгіттеген жыраулардан көреміз.

Абылай ханның тұсында өмір сүрген Үмбетей мен Тәтіқара жыр толғауларынан Баянның сол кезде жоңғарларға қарсы күрескен батыр екенін білеміз. Мәселен, Үмбетей жыраудың «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» атты ұзақ толғауында мынадай дерек бар.

Қара Керей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Сары, Баян мен Сағынбай

Қырмап па еді жауыңды,

Қуантпап па еді қауымды,

Ұмыттың ба соны, Абылай.

Үмбетей толғауынан, батыр Баянның Абылай ханның тірегінің бірі екендігін байқаймыз. Баянның халқы ардақтаған, ел қорғаған батырларымен бірігіп, қазақ халқының туын жықпай, талай қан майданда ерлік көрсеткен еліміздің хас батырының бірі болғандығына көз жеткіземіз.

Ал, Тәтіқара өз толғауында

Бөкейді айт Сағып менен Дулаттағы,

Дәріпсәлі маңдайды айт қыпшақтағы

Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын

Сары менен Баяндай уақтағы.

Баян батырдың ержүрек батылдығы мен ел қорғағаны, халықтың тұлғалы азаматы болғанының айғағын Тәтіқара жырау толғаулары дәлелдейді.

Батыр Баян туралы деректер Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде кездеседі. Зерттеушінің «Исторические предания о батырах XVIII века» атты мақаласында батыр жайлы деректер кездеседі. Шоқан Уәлихановтың Баян туралы айтқан деректері Мағжан ақынның «Батыр Баян» поэмасының мазмұндық арқау болғанын айтуға болады. Шоқанның келтірген деректері мен оқиғалар дастанда кездеседі.

М. Жұмабаевтің екі тараудан тұратын көлем жағынан ауқымды поэмасында ескілік пен жаңалық арасындағы байланысты белгілі сюжетпен сомдайды. Мағжан поэзиясынынң шыңы — «Батыр Баян» дастаны. Поэма аса көркем деңгейде ерекше шабытпен жазылған. Жан күйзелісі, сезім, батырлық пен махаббат дастанда жыр болып өріледі. Поэма өзінің сюжеттік жағынан эпостық жырларға өте ұқсас. Мағжан тілінің әуезділігі мен әсемдігі, көркемдігі мен көріктігі ерекше үйлесімділікте сай келуі поэмада айрықша көрінеді.

Поэма Көкшенің керемет табиғат сұлулығы тамаша теңеу мен метафоралық салыстырудан тұрады.

Сарыарқа – сары дария, қиыры жоқ,

Кез болсын, қандай қыран, талады да,

Ішінде сары дария көз тоқтатар,

Көкшетау – Сарыарқаның аралы да.

Көкшеде күні кеше қойдай өрген

Түрлі аң: бөрі, бұғы, маралы да.

Айрылып асау, ерке аңдарынан

Көкшенің тас жүрегі жаралы да!

немесе

Бауырында Бурабайдың қалың ағаш

Көкшенің жалыменен біткен жалғас.

Арудың ақпен өрген тұлымындай

Қарағай, қызыл қайын, тал аралас.

Сөз арқылы керемет сурет салған Мағжанның шеберлігі енді сол суретті бейне фильмге айналдырады. Сюжет басы әуелгі Абылай ордасына «Жиылды өңшең ноян ағай-сығай» деп жиналған қауымның тізбелеп ішінен шоқтығы биік Баян батыр бейнесі дара көрсетіледі.

Қанайым, ойың удай, тілің шаян,

Амал не, келген жоқ қой батыр Баян.

Көр жаудың албастысы, ел серкесі

Баянның батырлығы алашқа аян.

Баянның аруақты құр атынан

Көп қалмақ болмаушы ма ед қорқақ қоян.

Наркескен, өрттей өскен қайтпас болат,

Баянсыз қанатымды қалай жаям?!

Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай,

Келмесе қандыбалақ батыр Баян! — деген

Абылай сөзінен батырдың хан ордасындағы орны мен беделін байқаймыз. Жиналған өншең батыр Баянның кешігуін түсінбей,

«Жау!» десе жатпайтұғын батыр Баян,

Апырым-ай, келмеуінің мәні қай,- деп таңданулары күшее түсті. Қайткен күнде де Абылайдың Баянсыз жауға аттанбауы батыр Баянның шын мәнсінде беделдігін көрсетеді. Қазақ халқымен жауласқан қалың қалмақтан Баян сұлу аруды өзімен әкеледі. Арудың сұлулығына тең келер ешбір сұлулық болмайды. Қыз сұлулығын Мағжан былай көрсетеді:

Сол сұлу сұлу екен атқан таңдай,

Бір соған бар сұлулық жиылғандай.

Торғын ет, шапақтай бет, тісі меруерт

Сөздері – су сылдырлап құйылғандай.

Бір улап көзқарасы, бір айнытқан

Жұлдызы еркелеген сонбей – жанбай.

Лебізі – жібек лебі, жұмақ желі

Кәусардай татқан адам қалар қанбай.

Жұрт осындай сұлуды еліне әкелген Баянға таңданады. Батырдың сұлулық отына түсіп қалмауы, сабырлық танытуы – оның бойындағы ерекше қайсарлық, батырлықтың белгісі. Жат елден келген қалмақ қызы Алаштың аруы болып кетсе де, өз елін жанынан шығармаған. Сыр бермеген қалмақ қызының Ноянға көз тастауынан, он бес жасар баланың жүрегінде ұшқын туады. Сол ұшқын жүректе отқа айналып, батыр інісі Ноян аласұрады. Алғашқыда Ноян қызға көңіл бөлмей жүргендей болады. Бірақ қанша жерден қарамаймын, жалтақтамаймын десе де, еріксіз сұлуға көз тартады. Бір-бірінен көз алмаған екі жас келісіп,  сайда кез болады. Жүректерде тулаған сезімдерге екі жас айрылмаймыз деп ант береді. Қыз бен Ноян арасында шиеленіскен махаббат өршиді. Қыз Ноянға сені сүйем, бірақ саған қосылу үшін жылап-зарлап қалған ата-анамның батасын алу керекпін дейді. Мені сүйген Баянға екеуміз қосылсақ ауыр тимей ме? Сарыарқадан сапар қылайық, сонда тыныш бас қосайық дейді. Қыз айтқанына Ноян нанып, екеуі келісіп қашады. Болған іс тезарада Баянға жетеді. Мұны естіген Баян сенбей қатты ашуланады. Ойланып ары-бері теңселеді. Ақылдан айрылған батыр көзіне қан үймелейді. Ашуланып қашқындардың артынан қуғынға түседі. Ызаға толы, көкіректі намыс жеген Баян қыз бен жігітке жетіп, артындағы садағын қолға алып, ызадан өз інісін танымай қалады. Мұны көрген Ноян қорқып:

“Жан көке!” – деп сөз қатқанша,

Сұлу да жетіп келіп: “Баян аға!” –

Дегенше, қалды тартып батыр Баян,

Баянның батырлығы алашқа аян.

Оқ тиіп жүрегінен құлап түсті

Атынан бүктеліп бөбек Ноян.

Ызаның, ашудың буына уланған Баян інісінің «Жан көке, аға!»  — деген сөздерді естімей, қыз бен жігітті аттан құлатты.Шамалы есеңгіреп, ат үстінен өзі  де құлап түсті. Бірталай уақыт қара жерде отырып, ойланды. Есін жиіп, ер Баян екі жасқа қарап, қайғырды, жылады. Енді батыр өз өзіне қайта–қайта: «Мұның не?» — деп күбірледі. Баян өзінің жорыққа шыққанына, қу қалмақ қызын әкелгеніне, өзінің қызу қандылыққа салынғанына қатты өкінеді. Өзі жақсы көрген қалмақ қызына деген махаббатын да кінәлайды. Осының бәріне қатты қайғырған, түңілген Баян енді:

Өз бауыры, өз сүйгенін өзі өлтірген

Болар ма, сірә, сорлы адам менен?!

Ел беті енді маған болсаң арам,

Алашым, аттанамын жауыңда өлем! – деп

Баян енді өмірден үміт үзіп, ажал аузына өзі ұмтылады. Екі жанды жерге бөлеп, басында көп отырып, көз жасын қайта төкті батыр Баян. Көп ұзамай Баян атқа мініп, ауылға қарай тартты. Жиналған қол Баянды күтті. Баянның келуін Абылайға жеткізгенде, хан “Таң ата жүреміз” – деп жарлық береді. Ертесіне таң атып, түн өткенде Абылай әскерге “Аттан” деп хабар салады. Аттанған қалың қолды Іленің аңғарында қалмақ күтіп отырады. Қазақтың қалың қолын көргенде қалмақтар сескеніп қулықпен алдап кетуді ойлайды.

Келіс сөз жүргізуге жеті қалмақ жіберіп, ағаттықтың өздерінен болғандығын, соған кешірім сұрап бар байлық, малды береміз дейді. Бұл айтқандары Абылайды ойландырады. Өзінің кеңесін жинаған Абылай қалмақтардың бергенін алайық дейді. Көпшілік үн-түнсіз мақұлдап тұрғанда Баян қарсы шығады. Алдияр олар қу, бізді алдап кетеді, қалмақтарды шабайық дейді. Хан мен Баян сөздері келіспей қалады. Абылай Баянның қарсылығын іштей жақтырмай қабақ түйеді. Өз қолына хан қайту деп бұйрық береді. Жас Баян хан бұйрығына разы болмай, таңның атысымен жүз жолдас ертіп, қалың Қытайға қарай шабады. Көкіректегі кернеген ыза Баянды мың қолдық қалмаққа алып кеп соғады. Бір қазаққа жүз қалмақ болып соғысқан шайқаста Баян әскері жеңіліс табады. Осы жеңілісте Баянның кеудесіне бір қалмақ найза салып, бұлғағанда батырдың соншалық қиналғаны жан даусымен “Қыларың қатын қалмақ, тағы бар ма?” дейді. Көз жұмар шағында Баянның алдына Ноян менен Ақшамаңдай келеді. Көз алдына анық болып елестеген екі жасқа Баянның айтқаны:

«Іс өтті. Ажал жетті. Енді не бар?

Қоштасып айтысалық. Соңғы сөзді.

Келіңдер, қарақтарым, кешіңдер!» — деп

батыр мәңгілікке көз жұмады. Мағжан керемет ел аузынан естіген миф-аңызды өзінің ақындық шеберімен тамаша поэма етіп жазады. Трагедиямен аяқталған бұл поэма Мағжан поэзиясының биік асқар тауы болып табылады. Реалистік негізде жазылған поэманы Мағжан табиғатпен әсерлей күшейте түседі. Бір қарағанда қызықты сюжеті бар бұл поэма тек тарихты айтатындай. Әрине Мағжан ақында тек тарихты жырлап қою ғана емес, сонымен қатар ерлікті, еркіндікті жырлау болып табылады. Керемет символистердің бірі болған Мағжан поэма арқылы терең бір ой бермекші. Біз жұмыс барысының көп талдау нәтижесінде негізгі ойды поэманың бірінші бөлімінен көрдік. Мәселен,

Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,

Сұм өмір абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл қолым емес, кісендеулі

Сондықтан жаным куйіп жанады да.

XX ғасырдың басында қиын қыстау заманда өмір сүрген Мағжан Жұмабаев сол кезеңдегі қазақ халқының орыс боданынан босап, жеке шаңырақ болуына күрескен азаматтардың бірі. Әрине, сол кезде Мағжан сияқты зиялыларды абақтыға жауып қолын кісендесе де, патриот азаматтардың қызыл тілін тия алмаған. Ескіні жырлау арқылы жаңаға жол беру мағжанның үрдісі. Жаңаға жол беру дегеніміз, сол кездегі қазақ халқына XVIII ғасырдағы қазақи рухпен жігерді бере білу. Батыр Баяндай ерін танып, ұмытпаған халықтың ерлікке, еркіндікке деген күш жігері артатыны сөзсіз. Мағжан Жұмабаевтың эпостық поэмасындағы  негізгі түйінді ой халықты жігерлендіріп, рух бере отырып, тарихымыздың алтын діңгегінен айырылмау болып табылады.

Ойды қорыта келе Мағжанның өз сөзіне үңілсек

Әдемі өткенді ойлап айнымасам,

Сұм өмір күшті уын аяды ма?

Ия, абақты аталған сұм өмір Мағжанды улады ғой. У ішуден бас тартқан Мағжан арғы тарихқа кетіп, сол арқылы берілген уға себетін қарсы у шашты. Поэмадан көргендей символист Мағжан Жұмабаев ең алдымен өз заманында қаламмен қаруланған батыр күрескер.

Пайдаланған әдебиеттер.

  1. М.Жұмабаев “Сүй жан сәулем”А., 2002ж. Атамұра
  2. С.Қирабаев “Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті” А., 2003ж. Білім
  3. “Бес Арыс” (естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалары) А., 1992ж.
  4. З.Қабдолов “Сөз өнері” А., 1974ж.
  5. Е.Әбен, Е.Дуйсенбайұлы, И.Тасмағанбетов “Дала даналары” А., 2001ж.
  6. М.Жұмабаев “Шығармалар” 3-томдық А., 1995ж.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ