Махамбет өлеңдерінің көрскемдік ерекшелігі

0
7540
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Махамбет өлеңдерінің көрскемдік ерекшелігі

Махамбет хадимше және орысша хат танып, жаза да білген ақын. 1839 жылы Назар, Шүренде жүрген кезінде, өз еліндегі достарына арабша жазған хатының қолжазбасы күні бүгінге шейін архивта сақтаулы.

Махамбет хат біле тұрса да оның бізге жазып қалдырған өлеңдері жоқ. Бірен-саран өлеңдері болмаса, көпшілігі-ақ ауызба ауыз, суырыпсалмалық әдісімен шығарылған өлеңдер. Өлеңді керекті жерінде суырып салып айту қазақ ақындарына дағдылы әдет. Мұның әуелгі себебі хат білмеушіліктен, кейін біртіндеп оған дағдыланушылықтан десек, Махамбет те суырып салмалыққа жас шағынан талаптанып, әдеттенгенге ұқсайды.

Махамбет өлеңдері, көбіне жыр ағымымен келеді. Суырып салма ақындардың бірен-сараны болмаса, көпшілігі-ақ өлеңдерін жыр ағымымен шығарады. Әрине бұл сөзден 11 буынмен өлең шығарушы суырып салма ақындар (импровизаторлар) болмайды екен деген ұғым тумауы керек.  Айтайын деген ойын не 7-8 буынды, не 11 буынды өлеңмен айтып беру тақырыпқа, суреттейін деген жағдайға байланысты. Қазақ ауыз әдебиетіндегі батырлар жырын алсақ, бәрі дерлік, жыр ағымымен (7-8 буынды) келеді. Ол кездейсоқ емес. Батырлар жырында суреттелінетін әралуан ерлік қимылдар: жорық, шабуыл, тартыс, жекпе-жек айқас т. б. Әртүрлі өмір құбылысы өзіне тән суреттеу әдісін керек ететіні бізге мәлім. Ақын-жазушылардың оны саналы түрде ұғынбауы мүмкін, бірақ, сезінбеуі мүмкін емес. Бұл оларға табиғи нәрсе.

Махамбеттің жыр еткен тақырыбы ерлік, халықты ерлік қимылға үндеу. Сондықтан жайма-шуақ жәй кездегі көңіл күйін көрсетуге қолайлырақ келетін 11 буынды өлеңдерден көрі, қимыл, әрекетті, алыс-жұлыс, жортуыл тәрізді өмір құбылыстарын суреттеуге лайықты жыр ағымы, 7-8 буын аралас келетін өлең ырғағы оған анағұрлым ыңғайлы тәрізді.

Біздің байқауымызша, ойдан тез шығарып айтушыларға, белгілі синтаксистік біткен бір ойды көрсету үшін шумақтарының бірыңғай болып келуін қажет қылатын он бір буынды өлеңнен көрі жыр ағымымен келетін жеті-сегіз буынды өлең құрылысы әлдеқайда жеңіл тәрізді.. Өйткені жыр ағымымен шығарылған өлеңдерде синтаксистік бір ойдың бітуі үшін шумақ төрт, не сегіз жолдан бітуі және алдыңғы шумақ құрылысы, өлеңнің соңғы жолдарында сақталып отыруы, немесе шумақ төрт жолдан құрылса үш жолы ұйқасып, бір жолы ұйқассыз қалуы (а-а-в-а ) шарт емес. Жыр ағымында шумақ аз жолдардан да, көп жолдардан да құрыла береді. Мысалы, Махамбеттің «Ереулі атқа ер салмай» атты өлеңі 19 жол. Бір-ақ шумақ. 19 жол өлең көп бағыныңқылы бір-ақ сабақтас сөйлемнен құрылады.

Сонымен қатар, жыр ағымдарында, көбіне, ұйқас ерікті болып келеді. 11 буынды өлең тәрізді белгілі бір ойды айтып беру үшін 1-2-4 жолдары ұйқасып, 3 жолы ұйқассыз қалып отыратын тәртіп жоқ. Ой қалай бітсе, өлең жолдарының ұйқастары да соған бағынады. Бұл өлең құрылысы импровизаторларға анағұрлым жеңіл соғатынға ұқсайды.

Әрине жыр ағымы импровизаторлықтың негізгі шарты емес, кейде бұл үйрену, ақынның дағдылануымен де байланысты болуы мүмкін. Махамбет өлеңдерін буыны жағынан қарастырсақ үш түрлі өлең құрылысы барлығы аңғарылады. Он бір буынды, жеті буын мен сегіз буын араласып келетін жыр ағымы, таза жеті буынды өлеңдер.

Он бір буынды-Махамбетте бір-ақ өлең. «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай». Басқа өлеңдерінің бәрі де не 7 мен 8 буыннан, не таза 7 буын болып келеді. 7 мен 8 буын аралас келетін өлең түрлері:

Бұл дүниенің жүзінде (7)

Айдан көркем нәрсе жоқ, (7)

Түнде бар да, күндіз жоқ.

Күннен көркем нәрсе жоқ,(7)

Күндіз бар да, түнде жоқ.(7)

Сонымен қатар, аралас буынды болып келетін өлеңдер тек жеті буын мен сегіз буынды ғана емес, кейбір жолдарының буын сандары онан да көрі басқаша.  Мысалы:

Толарсақтан саз кешіп  (7)

Тоқтамай тартып шығарға. (8)

Қас үлектен туған қатепті (9)

Қаранар керек біздің бұл іске. (10)

Махамбет өлеңдерінде кездесетін мұндай жолдар айтайын деген ойына сабақтас. Өлеңнің ұйқасы мен ырғағына ойға бағындырудан туған деуге болады. Әрине бұл жаңалық емес. Онан бұрынғы тарихқа аты белгісіз, эпостық тамаша жырлар шығарып кеткен халық ақындарының өлең-жырларында мұндай жолдар кездеседі.

Бірақ, Махамбет өзінен бұрынғы және өз кезіндегі ақындардың қайсысынан болсын жалы биік, өркеші жоғары тұратын ақын. Әңгіме оның өлеңдерінің мазмұны жағынан ғана емес, көркемдігі жағынан да солай.

Махамбеттің қай өлеңін алсақ та терең мазмұнды тамаша көркем образдарға бөлеп, өлең сөйлемдерінің логикалық жағын шебер байланыстыруында. Сондықтан белгілі зерттеушілер болмаса жәй оқушылар оны кейбір жолдарының буын артықтығын аңғармай да қалады. Өйткені өлеңнің мазмұны оқушыға тек солай құруды, сондай сөздерді керек ететін тәрізді ой-сезім туғызады. Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан атышулы өлеңінің бір жерінде:

Шамдансам жығар асаумын.(8)

Шамырқансам сынар болатпын,-(9)

деген жолдарында буын сандары, өлеңнің жалпы құрылысынан бөлекше келгендіктен олқы соғып отыр деп кім айта алады? Өзінің өршіл  ерліктерін көрсету үшін, ол жауының алдында тек солай сөйлеуге ғана тиісті тәрізді.

Махамбет өлеңдерінде (11 буынды, қара өлең ұйқасымен келетін бір-ақ өлеңін есепке алмағанда) үш түрлі ұйқасты кездестіреміз: шұбыртпалы, кезекті, ерікті ұйқастар. Ақын көбінесе шұбыртпалы ұйқас пен ерікті ұйқасты көбірек қолданады. Өйткені бұл екі ұйқастың екеуі де ақынның айтайын деген ой-пікірін дәл беруге ыңғайлы, белгілі бір заңды өлшеуге бағынған шумақты, ұйқасты өлеңдерден шеңбері тарлық етпейтінге ұқсайды.

  1. Шұбыртпалы ұйқас:

Беркініп садақ асынбай,

Біріндей жауды қашырмай,

Білтеліге доп салмай,

Қорамсаққа қол салмай,

Қозы жауырын оқ алмай…

.            .            .            .            .

Ерлердің ісі бітер ме?

  1. Кезекті ұйқас:

Аспандағы боз торғай,

Бозаңда болар ұясы.

Бозаның түбін су алса,

Қайғыда болар анасы.

Қара лашын, ақ тұйғын,

Қайыңда болар ұясы.

Қайыңның басын жел соқса,

Қайғыда болар анасы.

  1. Ерікті айнымалы ұқсас:

Алты күндей алаулап,

Он екі күндей ой ойлап,

Ақылды алпыс жаққа шаптырып,

Ақыл жөнге келгесін,

Толғай-толғай жүгірген,

Топырақты суырған.

Ертеңнен салса кешке озған,

Қой мойында көк жұлын.

Томаға көзді қасқа азбан

Көк жұлынды жетелеп,

Қисық жерден төтелеп,

Қабырға, қол сөгіліп,

Арғымақ ат бүгіліп…

Ақыретті жанға байланып,

Талай жүрдік далада

Әділ жаннан түңіліп.

Махамбет поэзиясының тілі-шын мәнінде халықтық тіл. Ақын өз кезіндегі қазақ халқының тіл байлығынан қажетінше ала да, оны өзінің керегіне жарата да білген.

Көшпелі шаруашылық тұрмыс жағдайынан туған әртүрлі атаулар мен түсініктер әрі дәл, әрі өте шебер түрде, асқан місекерлікпен Махамбет өлеңдерінде өріліп жатады. Жауынгерлік өмірге тән қару-жарақ аттары да, сол жағдайға лайықты сөздер де, халықтың рухани күшінің биік шыңы болған жортуылды күндердің сипаттарын берерлік тамаша образдар да  Махамбет өлеңдерінен өшпестік орын алды. Тек қана жауынгерлік емес, сонымен қатар халық өмірінің басқа жағдайдағы көріністерін суреттеу үшін қолданған сөз бейнелері күні бүгінге шейін өзінің сырын да, сынын да жойған жоқ.

Тілінің байлығы жағынан және оны шебер қолдана білуі жағынан Махамбет атақты сөз ұсталарының қайсысынан болсын кем түспейді. Махамбет тілінің асқан көркемдігі, анықтық, дәлдігі, әр алуан поэтика тілдердің элементтерін (эпитет, теңеу, тропа, фигуралардың түрлерін) жеке де, өзара байланысты түрде де өте ұсталықпен қолдана алуында ғана емес, ең алдымен, оның өлеңдерінде кездесетін сөз образдарының өмір шындығына дәл келетіндігімен, сөйлем құрылыстарының ішкі логикалық байланыстарының беріктігінде.

Қандай ақынға болсын, ең алдымен қойылатын шарт, өлеңдеріндегі қолданылатын сөз образдарының тек сыртқы сұлулығы емес, логикалық мәні, образының өмір шындығына дәл келу, келмеуі, міне осы болуы керек. Көркем сөз образдарын әр ақын-ақ таба алады. Бірақ сол қолданып отырған сөз образдары өмір шындығына дәл келмей, айтайын деген ойдың бір керегіне жарамайтын болса, ол оқушының эстетикалық сезімін оята алмайды. Бұл жайт тілдегі реализм болады. Ұлы ақындардың қайсысын алсақ та, сөз образдары, өмірдің бір бөлшегі болып, сол сөздің төркінін қуаласақ, тұрмыстың өзінде дәл сол айтқанындай болып шығады.

Осы айтылғандар тәрізді, сөз образдарының өмірдегі нақтылы шындықтан алынып, мағына дәлдігіне бейнелеу, теңеулері де дәл келіп отырушылық-Махамбет өлеңдеріне де тән.

Мысалы:

Арғымақтың баласы,

Аз оттар да, көп жусар,

Талаудан татқан дәні бар.

Азамат ердің баласы,

Аз ұйықтар да, көп жортар.

Дұшпанда кеткен ары мен

Барымтаға түскен малы бар, —

деген үзіндіні алсақ, мұндағы сөз образдарының қайсысы болса да өмір шындығына дәл. «Арғымақтың баласы» — деп қазанаттың ең асылданған тегін ұғынсақ, олар шындығында аз оттап, көп жусайды.

Өзі үшін туып, ел үшін еңбек етуді аңсаған ер ұлдардың қиыннан тоят тілеп, қияға құлаш сермеулері, ел намысын, ер намысын аяққа бастырмау үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, жауымен арпалысып, жорық жолында өлетіндігіне — әр елдің-ақ тарихы, тарихи ерлердің өмірі айғақ.

Өмірдің  әралуан  құбылыстарына шаншыла көз тігіп, терең ұғынуға машықтанған ақын, сөз образдарын да сол өмірдің бір бөлшегі етуге тырысқан.

Екінші бір өлеңінде:

Тағыдай таңдап су ішкен,

Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген,-

дейді.

Махамбет өлеңдерін сөз еткенде, екінші бір көңіл аударатын мәселе, оның өлең жолдарының ішкі логикалық байланыстарының беріктігі дедік. Қандай ақынға болсын бұл ең керекті шарттың бірі. Не көркем сөз, не әдеби, тіпті үздік образдарды қолданса да, өлең сөйлемдердің ішкі мазмұны өзара жымдасып, шебер түрде қиюласып жатпаса, образдар айтайын деген ойдың бір керегіне аспаса, ол образдардың оқушыға ешбір әсері болмайды. Көркемдіктің негізгі тірегі — мазмұн. Мазмұн сөйлемдегі сөздердің өзара логикалық тығыз байланысынан туады.

Махамбет өлеңдерін сан рет оқысаң да, оқығың келе беретіндігінің, оқыған сайын оқушысының эстетикалық сезімін оятып, өзіне қызықтыра түсетіндігінің бір тамыры — сол логикалық байланыстарының күштілігінде. Оның өлең жолдарында ой нендей жайылма сөйлеммен айтылса да, кейде көп бағыныңқылы сабақтас сөйлем болып келсе де, өлең жолдарындағы логиканың күштілігі, оқушысын ертіп әкетеді. Сөйлемдеріндегі логикалық байланыстардың күштілігі, бағызы бір өлең жолдарында кездесетін артық буындарды да аңғартпай кетеді.

Махамбет шығармаларының тілі әрі көркем, әрі образды, әрі өткір, әрі күшті болуымен қатар, әр сөзі орынды, әр жағдайдың өзіне лайықты, соған тән болып келеді. Оның тілдерінің күштілігі, көркемдігі мазмұнға бағыныңқылығында. Мысалы:

Мұнар да, мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн.

Буыршын мұзға тайған күн,

Бура атанған шөккен күн,-

деген үзіндідегі «мұнар», «шұбар» деген эпитеттерді алсақ, бұл эпитеттердің батырлардың өз бастарына және ел басына түскен ауыр халдерін суреттеп беруге үлкен мәні бар. Хан мен билердің ел басына туғызылған қара күнін, басқа күндерден айырықша көрсету ушін, ақын сол күннің бейнесінде оқушыларының көз алдына елестету үшін «күн» деген сөздің алдына, «шұбар», «мұнар» деген эпитеттерді қолданған. Осы үзіндідігі:

Буыршын мұзға тайған күн,

Бура атанға шөккен күн,-

деген жолдарындағы өткен шақтық есімше етістік арқылы жасалған эпитеттер мен аралас келген поэтикалық контраст тамаша шебер қолданылған.

Мақсаты орындалмай Исатай өліп, жолдастары оққа ұшып, көтеріліс апатқа ұшырап, оңға деген іс теріске, ойланған мақсат керісінше шыққандықтан-Махамбеттің қолданатын образы, сөздері де керісінше, шалыс келеді.

Дұрысын алғанда, буыршын, жалпы жас түйе, мұзға таймайды, оның қара құсы өткір, табаны бедерлі болады. Мұны ол білмей отырған жоқ, біле тұра қолданып отыр. Сол шалыс келген образдар арқылы ел басындағы ауыр күндерді жайшылықтағы күндерден жекелеп көрсетіп, оқушыларын өз көзімен көргендей, өз жүрегімен сезгендей дәрежеге жеткізу ушін қолданып отыр.

Жалғыз эпитет, не поэтикалық контраст емес — теңеу, метафора қолданыстары да ақынның мақсатымен ұштасып жататынын және өздерін жауынан жоғары етіп, жауын төмендете, оған оқушылары жексұрын көзбен қарайтын етіп шығару үшін қолданғандығын көреміз.

Исатайды ел қамқоры етіп көрсету үшін: «Қызғыштай болған есіл ер»,-дейді.

Қазақ елінің ұғымында бұл жақсы түсінік беретін теңеу. Ал оның ерлігін көрсетейін деген жерде оны арыстанға балайды:

Арыстан еді-ау Исатай,

Бұл фанидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен,- деп оның ерлігін метафора арқылы көрсетеді. Арыстан ел ұғымындағы ең күшті аң. Біреуді мықты етіп көрсетпек болса, елдің арыстанға, жолбарысқа балап теңейтіні бізге мәлім. Сөйтіп ол Исатайды арыстанға баласа, өздерін апатқа ұшыратқан жауын ел ұғымындағы ең оңбаған айуанға балайды. Баймағамбетке: «Сендей нарқоспақтың баласы», — дейді Өйткені балап отырған түйесі — түйенің ең жаман түрі. Мал шаруашылығымен күн көрген әсіресе көшпелі елдердің түйе малы ішінде ең жақсы көретіні бірі тума нар, қас жампоз, онан кейінгісі қоспақ (түйенің басқа да түрлері көп); ең жек көркетіні гүрт, жарыбай, сұлама, нарқоспақ. Міне Махамбет жауын жексұрын етіп көрсету үшін, Баймағамбетті қор туған нарқоспаққа балайды. Махамбет былай дейді:

Шамдансам жығар асаумын,

Шамырқансам сынар болатпын.

Бұл арада да жауынан өзін биік етіп көрсететіндігі, сондықтан да өзін асыл нәрселерге балайтыны анық. Махамбет шығармаларында жай теңеу, не метафораның ұлғайған түрі көп кездеседі. Мысалы:

Мен тауда ойнаған қарт марал,

Табаным тасқа тиер деп.

Сақсынып шыққан қиядан,-

деген үзінді бұған толық мысал бола алады.

Ақындық тілдің өте бір толық түрі, ақынның шеберлігін керек ететін (өз орнына қолдана алса ), суреттейін деген өмір құбылысын айтып беру үшін мәні күшті ауыстырып айтатын сөздердің бір түрі — метонимия (алмастыру ).

Махамбеттің:

Қой мойынды, көк жұлын…

Көк жұлынды, жетелеп,-

деген екі жолындағы метонимия әрі орынды, әрі шебер болып шыққан. Бұл сықылды метонимиялар Махамбетте көп, оның бәрін келтіріп жатудың керегі аз.

Махамбет өлеңдерінде теңеу, не метафора ғана кездесіп қоймайды, ауыстырудың алуан түрлері де табылады. Сонымен қатар, оның өлеңдерінен фигураның түрлері де өте көп кездеседі, мысалы:

Ау қызғыш құс, қызғыш құс!

Көл қорыған сен едің-

Сен де айрылдың көліңнен,

Ел қорыған мен едім-

Мен де айрылдым елімнен,- деген параллелизм, немесе:

Борай да борай қар жауса,

Қалыңға боран борар ма ?

Қаптай соққан боранда

Қаптама киген тоңар ма ?

Ту түбінде тұлпар жығылса,

Ту байласа тұрар ма ?

Туырлығы жоқ тұл үйге

Шаппаған нәмерт оңар ма ?

Қарындастың қамы үшін,

Қатын менен бала үшін,

Қайырылмай кеткен жігіттің

Өзін қатын алғанын,

Талам деп айтсам, болар ма ?- деген риторлық сұраулар фигураға жатады.

Фигураларды қолданысы да оның негізгі тілегімен байланысты. Бұл риторикалық сұрауларға берілетін жауаптың бәрі де қарындас үшін, қатын-бала үшін, екінші сөзбен айтқанда, ел үшін, Отан үшін  жауға шап деген оның негізгі мақсатымен ұштасып жатыр.

Махамбет өлеңдерінде көркем тілдердің жеке-жеке барлық түрі де кездеседі. Махамбет өлеңдерінде эпитет, теңеу, әсірелеу, литота, ауыстыру мағынасында қолданылатын фигура өзара байланысты түрде де жиі ұшырайды. Бұлардың өзара байланыстары ақынның сөзге шеберлігін дәлелдейді. Бұл жағынан алып қарағанда да Махамбеттің көркем сөз ұстасы екендігінен ешкім шек келтіре алмайды. Мысалы:

Кермиығым, кербезім!

Керіскендей шандозым!

Құландай ащы дауыстым!

Құлжадай айбар мүйіздім!

Қырмызыдай ажарлым!

Хиуадай базарлым!

Теңіздей терең ақылдым!

Тебіренбес ауыр мінездім!- деген үзіндіде метафора, теңеу, эпитет бір-бірімен байланысып келетінін көреміз. Мұндағы образдар шебер қолданылған, мына жері жетіспей тұр, не артық деп айта аламыз ба? Жоқ. Әр сөзі орынды. Әр сөзі суреттеп отырған геройының характерін (мінезін ) айқындайды. Осы өлеңінен:

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,

Атылған оғы Еділ-Жайық тең өткен.

Атқанда қардай боратқан,

Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан.

Арыстан еді-ау Исатай!

Бұл фәнидің жүзінде,

Арыстан одан кім өткен?!- деген үзіндіні алсақ,- теңеу, метафора, әсірелей теңеу (эпитет) және әсірелеуді кездестіреміз. Міне, не барлығы  6-7 жолдың ішінде бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше көркем сөздердің қабат келуі, түр жағынан алып қарағанда да, оның шеберлігін көрсетеді. Бірақ оның шеберлігі тек қана сол сөздерді табуында емес, сол образдарды сөздердің ақынның ойымен байланыстылығында. Демек бұл контексте қолданылған образдар тек көркемдік үшін тұрған жоқ, бәрі де ақынның негізгі пікіріне  бағыныңқы; суреттейін деген құбылысының, айтайын деген ойының бірі онысына,  бірі мұнысына жарап тұр. Ақынның күштілігі де, сөздерінің көркемдігі де осында.

Қай жазушы, қай ақын болса да, шындық болмысты образ арқылы суреттейді. Бірақ көрсетейін деген құбылысты, айтайын деген ойды суреттеу үшін кез келген  образ кез келген жерде дәл келе бермейді. Бір уақиғаны айтып беру үшін бір жерде эпитет керек, екінші жерде теңеу, ауыстыру, не фигура керек, не жоғары мысал тәрізді аралас келуі керек. Ақын-жазушылар мұнымен санасады, санасуы да керек. Образды айтайын деген ойына, суреттейін деген уақиғасына қарай таңдап қолданушылық — ол ақын-жазушылардың  сөзге ұсталығын көрсетеді. Бұл жағынан алғанда, Махамбет өз шеберлігіне таң қалдырады. Ол Исатайдың жауға шапқан жерін :

Толғай, толғай оқ атқан,

Он екі тұтам жай тартқан.

Қабырғасын қақыратқан.

Тебінгісін тесе атқан,

Тізгінінен кесе атқан,- деп суреттейді.

Бұл арада ақын көрсетейін деген құблысын дамыту арқылы берген. Түтеген оқ, бораған атысты олай суреттемесе, уақиға шындығы жинақы, жанды боп шықпас еді. Бұл жерде уақиғаның дамыту арқылы суреттелуі өте орынды.

Махамбет бір нәрсенің ұлылылығын айтпақ болса, не бір нәрсені мақтамақ болса, көбінесе әсірелеуді қолданады.

Мысалы, «Нарын» деген өлеңін алсақ:

Қойды мыңға жеткізген

Нарынның анау құмдары.

Түйені жүзге толтырған.

Көкпекті, шытыр жерлері,

Жатып қалған тайлағы

Жардай атан болған жер,

Жабағылы тоқтысы

Қой болып қора толған жер.

Балдырғаны білектей,

Баттауығы жүректей, — деп суреттейді. Мұнда Махамбеттің көрсетейін дегені Нарын. Мұның үшін Махамбет әсірелеуді қолданған.

Бір нәрсені мақтайын дегенде, не үлкейтіп көрсетейін дегенде әсірелеуді пайдаланса, бір нәрсені кішірейтіп көрсету үшін, не істің оңға келмей қалғанын суреттеу үшін, ол литотаны қолданады.

Өздерінің дегені болмай, жауынан жеңілген күндерін суреттейтін өлеңдерінде былайша суреттейді:

Телегей — теңіз шалқыған

Қоғалы көлдер суалып,

Тізеге жетер — жетпес күн болған, —

Жапанға біткен бәйтерек

Жапырағынан айрылып,

Қу түбір болған күн болған

Бұл келтірілген мысалдарымыз, Махамбеттің айтайын деген ойына, суреттейін деген құбылысына керекті образдарды таңдап ала біледі деген пікірлерімізге толық дәлел.

Сонымен қатар, Махамбет нені айтсын, нені суреттесін, мейлінше еркін, жеріне жеткізе, ар жағына ештеме қалмағандай, онан асырып ешкім айта алмағандай етіп суреттейді. Махамбет өлеңдерінің тіл мәселесі жөніндегі келтірілген көркем әдебиетке тән сөздерін де таба алатындығын, әр сөзінің орындылығын, оның мазмұнымен тығыз байланыстылығын көрсетеді. Қорытып айтқанда, Махамбет шын мағынасында көркем сөздің ұстасы.

Қорытынды. 

Сол айтқандай, Махамбет поэзиясының  ең күшті, ең құнды жағы халық үшін қызмет істеуінде, еңбекші  бұқараның мүддесін іске асыруында. Мұны біз жоғарыда көрсетілген Махамбет өлеңдерінің әлеуметтік мәнін талдаумен байланысты  дәлелдеуге күш салдық.

Махамбет сөз жоқ, көтерілісші елдің ақыны болды. Ол ақсүйек феодалдарға қарсы күрескен қазақ еңбекшілерінің арманын, ойын мұңын жырлады. Оның үгіттік лирикасына тақырып болған да-осы халықтық мәселелер. Оның үгіттік күшінің де қандай дәрежеде екенін айқындайтын ерекшелік те ақынның өлеңдеріндегі жұртшылық, тілегімен қабысып жатқан идеясымен қабысуында. Жауынгер батыр тек қана қылыш, найзамен ғана жауға шапқан жоқ, ол өзінің жалынды өлеңдерімен де дұшпанын найзалай түйреп, езілуші халықтың ой-сезімін оятты. Бұл жолда оның өлеңдері таптырмас күшті құралдың бірі болды. Өзі үгітшілік өлеңдері үгіт ролін атқарды. Бірақ, Махамбет өлеңдері жай ғана үгіт емес, ойға, сана-сезімге эстетикалық азық боларлық дәрежеге көтерілді.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ