Аягүл Миразова: -Мақсатым математиканы қазақ тілінде оқушылардың санасына құю еді…

0
4537

        Ұстаз бақыты – шәкіртіңмен бірге қуана білу. Біздің дәстүрімізге айналған ақжолтай  ниетіміз: әйтеуір, қатысу емес, жарыстың бәрінен озып келу. Ұранымыз – «Алға! Алға… тек Алға»  Әрдайым оқушылар бір жақтан жеңіске жетсе, ең алдымен жүгіріп менің кабинетіме келеді. Содан менде олармен бірге қуанып, мәре – сәре болып, кабинетімнің ішін у-шу қыламыз. Жеңіске қалай қолдары жеткендерін жарысып айтып береді. Балалармен қуанғанға не жетсін, шіркін! Менің ұстаздық ғұмырымда ұмытылмас ең бақытты сәттер – осы естеліктер. Мен үшін басты бақыт – оқушы қуанышы, ата – ана
алғысы,
ұстаз еңбегінің өтелуі.

                                                                                                                       Аягүл Миразова

         Ұстаздық – ойласаң , — ой жетпейтін, сөйлесең, — сөз жетпейтін, теңіздей терең, асқар шыңдай заңғар, қазақ даласындай байтақ ұлылық. Ұстаз – жай ғана белгілі бір кәсіптің я мамандықтың атауынан бүкіладамзаттық ізгі құндылықтардың, адам атануға тән қымбат қасиеттердің жиынына айналған ұғым.   Мұғалім – ұстаздың күнделікті елеусіз еңбегі ертеңгі елді, келешектегі еңбеккерді қалыптастырады. Адамның жаны – Алладан болса, болмысы – отбасынан, рухы – мұғалім – ұстаздан.   Мұғалім қандай болса –мектеп сондай болмақ. Мұғалім – мектеп жемісі. Ал, мектеп басшысы – ұстаздың ұстазы. Демек, директор қандай болса, мектеп сондай деген тұжырым шындық.  Ұстаз туралы қалам тербеп, олардың ұлы ісін жазу оңай емес. Осы сұхбатымызда  ұстаздардың ұстазы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Қазақстан Республикасының маңдай алды көрнекті
педагогы —  Миразова Аягүл Төреқызы туралы сыр шертеміз.

     Дәрігер болуды армандағанмын…  
   Мен 1948 жылдың 15 желтоқсанында  Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Берікқара мекенінде дүниеге келдім. Әкем Төре, анам Зухра – бес ұл , екі қыз өсіріп, елге қосқан, бақ қонған отбасы.  Мен үйдегі балалардың үлкені болдым. Ата – анам бетімнен қақпай, еркін өсірді.  Мен  кішкентай кезімнен сабаққа аса ықтиятты, ұқыпты болып өстім. Оған себеп:  Сайлаухан Слямханов, Алдамжар Сыдықов,  Мамытхан Айтжанов, Рахметолла Лұқпанов, Мұрат Шералиев, Қанатбай Әбдімәліков, Валентина Ильичина Колодяжная, Шымырбай ағай және тағы басқа көптеген ұлы ұстаздардан тәлім – тәрбие алуым еді. Өзімнің сынып жетекшім Алдамжар ағай бізге әрқашан оқушы кезімізде үлгі болатын. Көшені аралап, қай қыздың үйінің қора – қопсысы қоқып жатса, ертеңіне ерінбей, тәрбие сағатында сөзбен сабап алатын. Қазір байыптасам, мен ол кісінің сол кездегі бізге ұрысқанын тәртіпті, ұқыпты болуға баулығандығынан деп ойлаймын. Ал біз  содан кейін сабақтан келе сала үйімізді, ауланы тазалауға кірісетінбіз. Сол кезде бізге әрқашан Алдамжар ағай сыртымыздан бақылап тұратындай көрінуші еді. Міне, осылай ұстаз беделі біздің бойымызда кішкенемізден қалыптасты.  Осындай жандардан білім алуым, тағылым-тәрбиелерін бойыма сіңіріп өсуім бәлкім мені де  үлкен өмірде адам болып қалыптасуыма  сеп болғанда шығар…

         Мен негізінен бала күнімнен дәрігер болуды армандағанмын. Мектепті тәмәмдағаннан кейін, осы саланың маманы боламын деп Алматы қаласына үлкен арманымды арқалап келіп, оқуға тапсырдым. Өкінішке орай,  сол кезеңдерде он бір жылдық білім жүйесінің он жылдыққа түбегейлі ауысуы менің оқуға түсуіме кедерге келтірді. Қысас қылғанда, химия пәнінен сынақтан да төрт алып қалдым. Сол жылдары дәрігерлік мамандықта тек қыздарға жиырма ғана орын бөлініпті. Оның өзін кімдердің иеленетіні айтпаса да белгілі еді. Қайтпек керек?  Сосын әкемнің нұсқауы бойынша Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Институтындағы математика  факультетіне  оқуға  түстім. Осылайша, менің  сүрлеуі сан, машақаты мен мадағы қатар жүретін  ұстаздық жолында қызметім басталып та кетті.
    Институтта да  мықты-мықты ұстаздардың алдынан өттім. Үлкен профессорлардан тәлім – тәрбие алып, оқуымды үздік бітірдім. Біздің осындай қайраткерліктің орбитасына шығуымыз институттағы  оқытушылардың , ғалымдардың арқасында деп ойлаймын. Менің тұлғалық дамуыма студент кезіндегі ұстаздарым да ерекше әсер етті.  
Не керек, Институтты тәмәмдаған соң, туған мектебім Қарабастауға  оралуға тура келді. Жарым Байнатов Жұмабай оқуын бітіргесін  Киев қаласында аспирантураны жалғастыруға кеткендіктен, бір жыл Киевте тұрақтадық та кейіннен оның анасымен  бірге туған  ауылыма қайта оралдым.  Әкемнің араласуымен алғаш өзімнің бітірген мектепке  математика пәнінің  мұғалімі болып қызметке орналастым. Мектеп жылдарында оқушылармен ұстаздығым жарасым тауып,  кейіннен тәрбие бойынша  директордың  орынбасары, кәсіподақ ұйымының басшысы тағы басқа жұмыстарда басшылық жасадым. Менің сол ауыл мектебіндегі ұстаздық еткен жылдарым менің парасат пайымыма, ұстаздық көзқарасымның қалыптасуына түбегейлі әсер етті деп ойлаймын. 

  • Ұстаздығымның  шуақты кездері  Алматыға көшіп келгенімізде Қ.Қошмамбетов атындағы мектептепте көзге іліне бастады. Ол мектепте де біраз жетістіктерге қол жеткіздім. Ұжымдық жиындарда менің есімім де үздік мұғалімдер атағынан кенде қалмай, ерекше аталатын болды. Бір қиындығы, сабақтың бәрін орысша жүргізілді. Әрине,  алгебра аса қатты сөз байлығыңды қажет етпейді. Геометрияда оқушылардың алдында сөзбен сурет салуың керек. Ал менің бұрыннан орыс тіліне аңсарым аумаған. Мақсатым математиканы қазақ тілінде оқушылардың санасына құю еді. Сәйкесінше келер жылы Алматы қаласындағы №86  мектеп орыс – қазақ білім ордасы болып ашылды да ебін тауып, орысша  сабақ жүргізіп жүрген мектебімді тастап  ауысып кеттім. №86  мектепте бойыма жаңаша қан тарағандай болды…
      1991 жылы ашылған  Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия менің ұстаздық даңғылымды  шырқау биікке көтерді. 1991 жылдан бері №159  қазақ  орта  мектебін ашылған күнінен бері, осы уақытқа дейін үздіксіз басқарып келемін. Мектеп жылдарында басымыздан небір қиындықтар да, қуаныштар да өтті. Қазір маған сол кездердің естеліктері үнемі әсерлі күш беріп тұрады.
         Көбісі менің ұстаздық көзқарасымды білгісі келеді. Менің жалпы алғандағы  концептуалдық ұстанымым:
    -Сөз үйретпейді, әрекет үйретеді: сөз арқылы  ғана  үйрену  бүгінгі  таңда  мүмкін емес, білімді әрекет арқылы ғана меңгеруге болады;
    — әр сабақта үйренушілер ойлау, өзінше ізденіс жасау, пікірлесу, пікірталастыру, диалог сияқты
      белсенді  әрекеттер атқаруы керек.
    Иә, ғұлама Конфуций да: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, ал менің өзіме жасатсаң – үйренемін!»- деп нақыл айтқан. Бұл тәмсілді әрқашан бүгінгінің ұстазы жадында ұстауы керек.   Математика – гумандық пән. Ол себеп – салдырлық жүйеде дұрыс ойлауды үйретеді. Ал ойлау мәдениетін меңгерген адамның адамгершілігі де жоғары болады, жаман істерге бармайды.
    Жүсіпбек Аймауытов  айтқандай «сабақ беру – үйреншікті жәй шеберлік емес, ол-үнемі  жаңадан  жаңаны  табатын өнер». Ұстаз – мектептің де, қоғамның да , ғылымның да, білімнің де, тарихтың да, ұлттың да, жақсы мінездің де жанды өкілі.
    Жүзден – жүйрік , мыңнан – тұлпар атанған, Тәуелсіздігіміздің жаршысы,
      Тәуелсіздігіміздің негіздерін жас ұрпақ бойына сіңіруші ұстаздар мерейі әрдайым  үстем болсын! Еліміздің болашағы жас ұрпаққа білім мен тәрбиенің  тұнығын бере отырып,  еліміздің көркеюіне  зор үлес қоса  берулеріңізге тілектеспін!

                                            Аягүл Миразова жетістіктері:


  • Қазақстанның Еңбек Ері;
  • «Алтын жұлдыз» және «Отан ордендерінің» иегер
  • «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі»;
  • Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер;
  • ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері;
  • Ы.Алтынсарин медалінің иегері;
  • «Дарын» медалінің иегері;
  • Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі;
  • Қазақстан гуманитарлық  ғылымдар академиясының академигі ;
  • Семей қаласы Қазақ инновациялық гуманитарлық — заң университетінің құрметті профессоры;
  • Жамбыл облысы, «Жуалы ауданының Құрметті азаматы»;
  • «Жамбыл облысының құрметті азаматы»;
  • «Алматы қаласының құрметті азаматы»;
  • Геометрия оқулықтары мен есептер жинақтарының және дидактикалық материалдардың (7,8,9-сыныптар), үш жүздей публицистикалық — педагогикалық материалдардың, сұхбаттардың, ой-толғаулардың , теле және радио пікірлердің авторы;
  • Екі өлеңдер жинағының  деректі лирикалық қаһарманы;

Сұхбаттасқан: Сымбат Айдархан
Дастан Қастай


ПІКІР ҚАЛДЫРУ