Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие беру

1
16802
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны
ТАҚЫРЫБЫ:

Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие беру

МАҚСАТЫ:

Мектеп жасына дейінгі балаларға экологиялық тәрбие беру арқылы табиғат әлемі туралы түсініктерін қалыптастыру.

МІНДЕТТЕРІ:

  1. Балалардың табиғатқа деген көзқарасын дамыту.
  2. Өлі және тірі табиғатпен таныстыру, ол туралы өз ой – пікірін айтуға үйрету.
  3. Тәжірибелер жасау және алған нәтижеден тұжырым шығаруға үйрету.
  4. Балаларды табиғатқа, өсімдіктерге,құстарға және жануарлар дүниесіне қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Зерттеу объектісі

Мектеп жасына дейінгі балалар

Зерттейтін пән

Қоршаған ортамен танысу

Экология

Болжайтын шешім

  1. Балаларға экологиялық тәрбие беру, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру, әлемнің әдемілігін көре білуге тәрбиелеу, табиғат құбылыстары, заңдылықтары туралы түсініктерін қалыптастыру;
  2. Табиғатта және тұрмыста өзін — өзі ұстаудың экологиялық сауаттылық дағдыларын меңгерту;
  3. Қоршаған ортаға деген қарым-қатынасы әрекетін болжай білу.
Балаларды табиғатпен таныстыру негізіндегі адамгершілік

мәдениетін қалыптастыру.

Қазіргі таңда адамзат ауасын жұтып, суын ішіп отырған табиғат Ананы қорғап, аялау барша жұртқа тіршілік қамы, табиғи қажеттілік. Сондыктан да бүлдіршіндерді айналадағы табиғи ортамен үнемі қарым-қатынаста болуға үйрету, олардың ұғымдарын қалыптастыру, табиғатқа деген жанашырлыққа тәрбиелеу қазіргі балабақшадағы тәрбие ісінің өзекті тармақтарының бірі болып табылады.

Балабақшадағы тәрбиенің мақсаты-экологиялық тәрбие бере отырып, табиғатты  аялап, оны қамқорлыққа алып күту, тірі және өлі табиғаттағы құбылыстар жөнінде қарапайым ұғымдар қалыптастыру.

Балабақшадағы экологиялық тәрбие жұмысы, тәрбиешінің негізгі салалары болып есептелетін адамгершілік, эстетикалық, еңбек тәрбиелерінің желісінде және халықтық педагогиканың қайнар бұлағын пайдалана отырып жүргізсе, айналадағы орта, табиғат жайындағы жалпылама ұғымдар нақтыланып, қалыптаса  береді.  Экологиялық тәрбие жұмысына орай көрнекіліктерді қолдана отырып, табиғат бұрышының жабдықталуына байланысты сайыстар ұйымдастырылып экология мәселелері туралы, жағымды-жағымсыз әрекеттер бейнеленген суретте пайдаланылғаны, ата-аналар мен тәрбиешілердің бірлескен жұмысының нәтижесінде табиғат туралы шағын кітапхананы өлі және тірі табиғатпен жабдықтау арқылы көрме ұйымдастырылғаны дұрыс.

«Кұстар күні», «Табиғатты  сүйеміз»,  т.б.  ертеңгіліктер бала еңбегімен ұштасып, әр педагогтің ізденімпаз әрекеті ғана болашақ табиғат жанашырын тәрбиелей алады дей келіп, тәрбие жұмысын жүргізудің мынадай екі нысанасына назар аударамыз:

а) балалардың экологиялық тәрбие беру арқылы айналадағы табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, ұғымын кеңейту, оның әсемдігін нәзік сезінуге, өсімдіктер,құстар мен жануарлар дүниесін қамқорлыққа алуға баулу.

ә) балабақшада  табиғат жайында  алғашқы  ұғымды қалыптастыра отырып қарапайым білім беріп, осының  негізінде  тірі  және өлі табиғаттағы құбылыстар  жөнінде нақты және жалпылама  таным-түйсік қалыптастыру. Табиғат туралы бүлдіршіндердің ой-өрісін кеңейтіп, осы түйсіктер арқылы бүлдіршіндерге  табиғат  сырларын ұғындыру жөніндегі  экологиялық тәрбиенің ортаңғы тобына арналған жоба-бағдарламасын ұсынып отырмыз:

Бұл топтағы балаларда ортаны танудың физиологиялық механизмдері өзінің жоғары даму деңгейіне жетеді. Іштей ойлау, ой түю пайда болады. Баладағы ой-сана мен жүйкенің қозғалуы мен тежелуі ширығып, күшейеді, тепе-теңдік сипат алады. Абстракты ойлау біршама дамиды, айналадағы орта туралы талдау, ой түю әжептеуір жетіледі, табиғат туралы кәдімгідей түйсік таным қалыптасады. Ол енді табиғаттың өзіне тән кейбір құбылыстары мен қасиеттері жайында білетін болады. Ойын мен еңбек әрекеті
ұштаса жүреді. Табиғат құбылыстарының кейбір заңдылықтары, бұл құбылыстардың мерзімді қайталануымен таныстырылады, осының негізінде табиғат құбылыстарын реалистік тұрғыда ұғынуы, білуге құлшынысы, байкап-көре білуі, логикалық ойлауы, табиғатқа эстетикалық тұрғыдан қарау сезімі қалыптаса береді.

Өсімдіктер туралы ұғымдары кеңейтіліп, оның ішінде күнбағысқа т.б. өсімдіктерге тоқтала, оның күнге қарап өсуіне байланысты аталатын және дәнінен май сығып алып, күнделікті өмірде пайдаланатындығын айтып әңгімелеу, олардың сондай-ақ өсуі үшін белгілі бір жағдайлар — топырақ, ылғал, күннің нұры, жылуы керек екені түсіндіріледі. Кейбір жануарлардың өсіп дамуы жөнінде балалардың білімі толықтырылады, құстар жұмыртқалайды, балапан басып шығарады, оларды азықтандырып асырайды және түйе ботасын, сиыр бұзауын, ит күшігін, мысық баласын өз сүтімен асырайтындығы түсіндіріледі. Балалардың жабайы хайуандар (қасқыр, аю, түлкі, қоян, кірпі) олардың тіршілігі, қорек табу әрекеті жөніндегі ұғымдары кеңейтіледі.

Күзде: Балалардың өлі табиғаттағы, өсімдіктердің құстар мен аңдардың тіршілігіндегі күзгі өзгерістері туралы накты түсініктерін кеңейту, балаларға бұрыннан таныс кейбір кұбылыстар мен ауа райының жағдайы және өсімдіктер мен жануарлар тіршілігі арасындағы байланыстың реттілігін анықтап «күз» ұғымының мәнісін айқындап, қорытындылауға бағыттау. Балалардың жансыз табиғаттағы, құстардың хайуандардың өмірінде бірте-бірте болатын өзгерістер: жапырақтардың түсуі, құстардың жылы жаққа ұшып кетуі жайындағы ұғымдарын бекіту. Күзде егістікдегі көкөністерді жинау, қазып алу, ауланы тазарту (жапырақтарды жинап бір жерге үю) т. б. жұмыстарға көмектесіп, пайдалы еңбекке араластырылады, әңгімелесулерде күз туралы түсініктері нақтылана толықтырылып бекітіледі, фильмдер көрсетіледі.

Қыста: Балалардың қысқы ауа-райының сипатты белгілері
ағаштардың, ормандағы құстар мен аңдардың тіршілігі туралы білімдерін кеңейту және қорытындылау мақсаты көзделеді. Еңбек дағдыларын қалыптастыру, жанды нәрселерге ұқыптылықпен қарау сезімін тәрбиелеуді жалғастыра беру. Қар жауып тұрған кезде балаларға қара қоңыр қағаз қиындысын беріп, оған қар ұшқынын тосып алып, оны анықтап қарап, соңынан суретін салуды ұсыну, бала қиялын ұштау. Қыс туралы ұғымын толықтыра отырып, күнделікті байқау, кештің ерте түсуі, ай мен жұлдыздардың шығуы, ауа-райы құбылыстарына қардың жаууы, аяз, боранның болуы назар аудару. Қыс қызығын тамашалап, жүздері суықтан бал-бұл жанған балалардың ақ қар, жалтыраған көк мұзда шана, шаңғымен сырғанап ойнап жатқан суреттері бейнеленген суреттер арқылы «Қыс қызығы», «Ортақ шана» атты қимылды ойындарын ойнату. Адамдардың еңбегімен көшені, жолды тазарту, қарды күреу балалардың өз аулаларының қарын тазалауға жәрдемдесулері. Қыс туралы,

суреттер, бақылаулар бойынша әңгімелесу, қыс қызығын тамашалаумен қатар, қыскы табиғатты қорғай білуіне назар аудару.

  Көктемде:Табиғаттың көктемгі құбылыстары, олардың себептері туралы, көктемдегі адамдардың еңбегі жайында балалардың білімдерін толықтыру қажет болады. Көктем ұғымын қалыптастыру. Өлі табиғаттағы өзгерістерді күннің ұзаруын, сеңнің жүруін, өсімдіктер дүниесіндегі ағаштар мен бұталардың бүр жаруын, алғашқы жапырақтың шығуын, көктемгі гүлдердің гүлденуін байқау. Жәндіктердің іс-қимылдарын бақылату арқылы балалардың түйсіктерін толықтыру. Құстардың ұшып келуін, ұя салып, балапандарына жем беруін бақылай отырып,  қарлығаштың ұясы туралы әңгімелеп беру, құстардың пайдасы, оларды қорғау, қамқорлыққа алу жөнінде әңгімелесу. Мысалы, тоқылдақты ағаштың арасынан  құрттарды теріп жейтіндігінен «ағаш дәрігері» аталғаны, ал қарлығаштың ұшуына қарап, олар шарқ ұрып ойнап, күн нұрына шомылып жүр дейміз, ал шын мәнінде үнемі «жұмыс істеп» құрттарды аулап жүретінін, сондай-ақ тоқылдақ, қарлығаштардың суреті салынған көрнекі құралдарды пайдалана отырып әңгімелеу.  «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты мультфильмді пайдалану. Көктемнің алғашқы гүлі бөйшешекке тоқталу, тақпақ жаттату, бейнелеу жұмысы бойынша суретін салғызу.

Гул жамылған өлкедегі

  Бұталар да ән төгеді.

  Бөктердегі бәйшешектей,

  Көктем неткен көркем еді.

Егіс даласындағы көктемгі жұмыс, гүлзарлардағы балалар еңбегіне тоқталу. Табиғат бұрышындағы өсімдіктер туралы дидактикалық ойындар ойнату.

Жазда: Жаз мезгіліндегі күннің жарығы мен жылудың әсерінен өсімдіктердің өсіп жетілуі жөніндегі бала ұғымы кеңейіп, жинақталады, жеуге жарамды және улы саңырауқұлақтар мен шөптесін өсімдіктерді айыра білуге үйрету ескеріледі. Адамдардың гүлзарлардағы, егістіктердегі еңбегімен таныстырады, табиғатқа құмарлық, сүйіспеншілік, ұқыпты қарау сезімін тәрбиелейді. Балалар арам шөптерді отап, гүлдердің тұқымын жинауды үйренуі тиіс. Тәрбиеші күнделікті серуен кезінде аспанға назар аударады (бұлтты, бұлтсыз сөздерінің мағынасын түсіндіру). Жаңбырдың жаууы кезінде тәрбиеші балаларға оның бұлттан жауатындығын түсіндіреді.

 Мысалы:

Ақ мақта әлдеқайда барады ауып,

Жақындап кетсе жерге алар жауып.

(Бұлт)
Тәрбиеші балаларды әдемі гүл мен, жағымды иісімен қызықтыратын шөптесін өсімдіктермен таныстырады.  Ойлау қабілетін  дамыту үшін өсімдіктерді атағанда кейбір өсімдіктердің атауларына  және олардың ерекшелігіне назар аударған дұрыс, мысалы: жолжелкен — жол бойында өседі, шырмауық — басқа шөптерге оралып, шырмалып өседі, т.б. Сондай-ақ табиғаттағы жаз құбылыстары, ерекшеліктері туралы бүлдіршіндердің ой өрісін дамытып, толықтыру, өсімдіктерді күту, жануарларға қамқорлық жөніндегі адам еңбегіне тоқталу. Жаз күнінін ұзақтығы, жаңбыр, найзағай, кемпірқосақ туралы түсініктерін нақтылау. Серуен, экскурсия кезінде жаздың әр кезеңінде гүлдейтін

өсімдіктердің, жемістердің пісуін, құстардың көбеюін бақылау. Гүлдерді жинау, шоқгүлдер тобын жасау арқылы топ бөлмелерді безендіру. Табиғат бұрышында  балалар  бөлме ішінде өсімдіктерді суарып, гүлдердің түбін қопсытады, сондай-ақ аквариумды, құс торларын тазартады, өсімдіктер мен жануарларды дұрыс күту мен олардың жақсы жағдайда болуы  арасындағы  байланысты анықтауға үйретіледі. Табиғат мүйісінін эстетикалық көркемдігіне балалар назарын үнемі аударып отыру. Бұл топта тәрбиешінің суреттерді,  диафильмдер  мен  көркем әдебиетті оқуды пайдалану арқылы әңгімелесулеріне көп орын беріледі және  табиғат құбылыстары туралы өз елінің табиғатын қорғап, қамқор бола білу қасиеті бойына сіңіріледі.

Балабақшадағы экологиялық тәрбие жұмысының және бір арнасы – адамгершілік тәрбиеге саяды. 1. Адамгершілік тәрбиесінің мәнісі баланың адамдарға, айналадағы ортаға, туған өлкенің табиғатына деген сүйіспенішілігін, қамқорлығын арттыруды көздейді. Туған өлкеге сүйіспеншілікті тәрбиелеудің негізгі құралы — ұлтгық тілі, мәдениеті, көркем өнер туындылары. Бала әдеби шығармаларды: өлең, ертегі, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, аңыз-әңгіме, батырлар жырын тыңдау арқылы ана тілінің құдіреттілігін сезінумен қатар, оны сүюді үйренеді. Адам табиғат пен өмірдің бар қызығын ән-жырға қосып, оның әдемі де сұлу көріністерін бала санасына ән арқылы жеткізе білген.

Халқымыздың қандай ән-әуені болмасын мейірім-шапағатқа, мәнді мазмұнға, ұлағатты тәлім-тәрбие, терең философияға негізделе жазылған. Сондықтан да ол сезімге әсер етіп, балалардың мінез-құлқы мен адамгершілік қасиеттерін, эстетикалық талғамын дамытуға ықпал етеді.  Халық балаға табиғаттың құпия сырларын ән арқылы жеткізумен бірге, өмір сүрудің негізгі көзі адал еңбекке де баули білген. Оларға арнап мақал-мәтел, тақпақ, жаңылтпаштар, жұмбақтар, қанатты сөздер, ертегілер шығарып, күнделікті
бала тәрбиесіне қолданған. Тәрбиенің осындай мол мұралары арқылы баланың сезімін оятып, рухани дүниесін байытқан, айнала қоршаған дүниені танытып, еңбекке баулыған және де табиғат өсімдігімен қатар кең даладағы құстардың сан алуан дыбыстарымен, жабайы аңдардың үй жануарларының үнімен таныстырып, танымдық қызығушылығын арттырған.

Мектеп жасына дейінгі балаларды табиғат құбылыстарының жұмбақ сырлары әрқашан да қызықтырады. Олар тілі шыға бастаған кезден-ақ үлкендерден әрнәрсені сұрап, білмекке құштар. Әрнәрсені «қар неге жауады? Жаңбыр қайдан пайда болады? Жеміс-жидектер қыста неге піспейді? Қарлығаш неге күн жылы кезде келеді? Шыбын-шіркейлер күн суығанда қайда кетеді? – деген сияқты сан алуан сұрақтар қояды. Бала естіген, көрген, сезген нәрсесін танығысы, білгісі келуі заңды  ғой.  Ендеше балалардың осындай сұрақтарына мән беріп, ойдағыдай түсіндіре аламыз ба? Бүлдіршін бөбектің тіршілік, түйсігі осындай ұсақ-түйектен қалыптаса беретіні бекер ме?

Бала зейінін құстар сайраған дауысына, судың сылдырына, жапырақтардың сыбдырына аудара отырып, жыл мезгілдерінің ауысуына байланысты осы құбылыстардың өзгеруін түсіндіру ғана емес, айналасындағы ортада болып жатқан өзгерістерді өздігінше бақылай білуге де үйрету қажет. Мұны бала психологиясын жетік білетін, туған елінін табиғатын сүйетін, жаны нәзік тәрбиеші ғана істей алады.

Мектепке дейінгі балаларды табиғатпен таныстыру әдістері  және түрлері

Табиғатпен таныстыру әдістері

Педагогикада әдіс- ересек пен баланың біріккен әрекеттінің амалы ретінде қабылданады.

    Мектепке дейінгі мекемедегі табиғатпен таныстару процесінде әртүрлі әдістер – көрнекі (бақылау, суретті (карина) қарау, кино немесе диофильмдер көрсету), практикалық (ойын әдісі, еңбек, қарапайым тәжірибелер), Сөздік (тәрбиешің әңгімесі, әдеби шығармалар оқу, әңгімелесу).

Көрнекілік  әдісі

Бақылау

Бақылау- қоршаған ортадағы құбылысты және заттарды мақсатты көздей отыра жоспарлап қабылдау. Бұл күрделі танымдылық әрекет, бұған түйсік, ойлау және сөз қатысып және тұрақты зейінді талап етеді.

    Табиғатта бақылауды ұйымдастырғанда тәрбиеші көптеген міндеттерді шеше алады: табиғат туралы балалардың білімдерін қалыптастырады, байқағыштықтықтарын дамытады, эстетикаға тәрбиелейді. Бақылаудың екі түрі бар – қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді. Қысқа мерзімді- заттың немесе құбылыстың сапасы мен қасиеттері туралы білімдерін қалыптастырады, балаалар пішінін, түсін, көлемін, бөлшектің кеңістіктегі орналасуы, бетінің мінезін, ал аңдарды таныстырғанда – қимыл-қозғалысының ерекшеліктері, шығаратын дыбыстары, т.б.

         Күрделі бақылау – ұзақ бақылау, балалар бұрын болған құбылысты салыстырады, т.б. Бақылауды жеке бір белгілерге де жасауға болады. Мыс: құмырадағы гүлдің топырағы арқылы су құю керектігін анықтау, аквариумдағы балықтың жүріс-тұрысына қарай суды ауыстыру немесе тұтас суретті қалыптастыру(қардағы ізден кім келгенін, жидектің түсінен – оның піскенін, піспегенін анықтау). Бұл бақылау – балалардың құбылысьтарды анализдеу дағдыларын, жеке деректерді салыстыруға, қарапайым ой тұжырымдама жасауды үйретеді. Кейінгі бақылаудың екеуінің күрелігіне қарастап ұйымдастырылады. Бұл бақылау барысында тапқырлық,қайқағыштық, анализдеу, салыстыру , ой тұжырымдау процестері  жетіледі.

   Бақылау балаларды өсімдіктер және аңдармен, ауа-райымен, ересек адамдардың табиғаттағы еңбегімен таныстырғанда ұйымдастырылады. Бақылау – сабақта, экскурсияда, серуенде, табиғат бұрышында, табиғатта жүргізіледі. Бақылауды жалпы барлық баламен немесе жарты топпен, бірнеше баламен ұйымдастыруға болады. Бұл бақылаудың мазмұны мен тәрбиешінің алдына қойған міндетіне байланысты. Бірақ барлық жағдайда да бақылау баланың ой жүгірту белсенділігі жоғары деңгейде болуы  керек, оларды ойландыру, қойылған сұрақтарға жауап іздуге, құштарлықтарын дамыту, табиғатқа деген қызығушылық пен құнтты қатынасқа тәрбиелеу.

Бақылауға дайындық.

Бақылауға дайындалу тәрбиеші үшін затты, объектіні таңдаудан басталады.  Таңдалған аң немесе өсімдік жақсы жағдайда болуы керек. Егерде топта, онда бақылайтын заттың орнын дұрыс анықтап алған жөн, ол барлық балаға көрінетіндеу болу керек…

Бақылауға басшылық.

Бақылаудың алдында, әсіресе ол алғашқы рет өткізіліп жатса, онда балалардың алдына қойылған міндет пен сұрақты қоюға асықпау керек. Балалар 1-2 мин өзбеттерімен объектіні қарап көріп алуға мүмкіндік берген жөн. Балалардың көрген заттары бойынша алғашқа әсерлері, туындаған құштарлықтарын қандырғаннан кейін ғана тәрбиеші әртүрлі тәсілдерді (сұрақтар, жұмбақ, затты зерттеу, салыстыру, ойын және еңбек әрекеттері) қолданады. Ол балаларға көргендерін түсінелері үшін түсіндіреді, әңгімелейді. Қызықтыру үшін, эмоциялық қатынасүшін, затты эстетикалық қабылдауларын қамтамасыз ету үшін, тәрбиеші кіші топтардың балаларына өлең-тақпақ, фольклораның қысқа түрін қолдану, ал ересек топтарында бақылаудың соңында тіпті әдеби шығармалар оқиды. Бақылау белгілі бірізділікпен өтуі керек. Аңды бақылағанда, тәрбиеші баланың зейінін әуелі оның мінез-қылқына аударады: «Не істейді?, Қалай жылжиды?, Не жейді? Қалай?». Сосын барып оның сырт пішініне көңіл аударады: «Денесі немен жабылған? Аяқтары ұзын ба, жоқ әлде қысқа ма? Көздері қандай (пішіні, түсі)?»

   Өсімдікті қарау – ол гүл болсын, ашық әшекейлі жапырақ болсын, тіпті сабақ болсын әуелі оның ең жарық көзге түсетін белгісінен басталады. Сосын оның сыртқы құрлысының негізгі ерекшіліктері:  гүлдің, өсімдіктің, сабақтың көлемі, мөлшері біртіндеп анықталады. Мектепке дейінгі балалардың зейіндері  еріксіз және соншалықты тұрақты ьолмағандықтан осындай бірізділік қажет. Тек соңында бақылау барысындағы түсініктерін тәртіпке келтірген жөн. Осындай бірізділікті  үнемі қолданған жөн, себебі балалар өздерінің ойларын жеткізерде жеңіл болады.

 Баланы табиғатпен таныстырғанда  әрбір бақылау нақты бір үлкен емес  міндеті шешеді. Сондықтан тәрбиеші бақылауды өткізгенде өткен бақылаумен байланыстыра ұйымдастырған дұрыс.

Табиғаттағы маусымдық өзгерістер.

Табиғаттағы маусымдық күз мезгіліндегі өзгерістерді (күн қысқарды, түн ұзарды, жапырақтар түсу, тұман, қырау, жаңбыр, жел, шыбын-шіркейлердің біртіндеп жоғалуы, жыл құстарының жылы жаққа ұшып кетуі, кейбір жануарлардың ұйқыға кетуі, астық жинау, қысқа жеміс-жидектерді дайындау), қыс мезгіліндегі маусымдық өзгерістерді (күн қысқарып, түн ұзарады, аяз, қар жауу, өзендер мен су қоймаларына мұз қату, қарлы жер, жапырақсыз ағаштар мен бұталар, қалалар мен елді мекендер көшелерін қардан тазалау, жабайы аңдар мен қыстап қалған құстарды қоректендіру), көктемдегі маусымдық өзгерістерді (күн ұзарып, түн қысқара бастайды, ағаштар бүршік жарады, алғашқы шөптер, бәйшешек шығады, жыл құстары ұшып келеді, жәндіктер пайда бола бастайды, кейбір жабайы аңдар қысқы ұйқыдан оянады, жан-жануарлар төлдейді, дәнді дақылдар мен көкөністерді сеуіп, көшеттерін отырғызады), жаздағы маусымдық өзгерістерді (күн өте ұзақ, түн қысқа, күннің ысуы, өсімдіктердің өсуі, жануарлардың, жәндіктердің, құстардың тіршілігі, бақшадағы мәдени өсімдіктерді күтіп-баптау) бақылап, ерекшеліктерін ажыратып айта білу дағдыларын қалыптастыру.

Мектеп жасына дейінгі жастағы балалардың жеке тұлғасының, психологиясының дамуының ең басты міндеттері қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Соның ішінде экологиялық сабағының бала өмірінде алатын орны ерекше.Осы кезде ересек мектеп жасына дейінгі баланың өз-өзіне, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік тұжырымдамасында болашақ ұрпақты ана тілін таза білетін, туған жеріне, отанына, жүрген ортасына сүйіспеншілігі мол, табиғатын сүйетін, қорғайтын ,сақтайтын ұл-қыз тәрбиелеу деп көрсетілген.Қазақстан Республикасының «Білім беру» жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі қазақ халқының азаматтары жан-жақты білімді, елін сүйетін еңбекші болу керек деп көрсетілген негізге сүйене отырып жасалған экологиялық тәрбиені еңбек арқылы үйрету сабағының бағдарламасы.

Бағдарлама аптасына 1 рет базистік жоспардың жылжымалы бөлігінде жүргізіледі.Жыл бойы жүргізілетін сағат саны 36, бағдарлама негізінен тоқсандық тақырыптарға бөлініп жоспарланған.

Экологиялық табиғатты тану сабағында балалар білімді жан-жақты тәрбиеленеді.

Сабақ әр түрлі формада жүргізіледі: *кіріктіру сабағы;

*саяхат сабағы.

Сондықтан да балалардың қызығушылығына байланысты алынатын тақырыптар.

« Экология және біз»

Өсіп келе жатырмын

Бесігінде бақыттың,

Ән-жырымен уақыттың

Қанатында арманның.

Шыршасындай орманның

Өсіп келе жатырмын.

Экологиялық тәрбие

Балалардың ойлау тұтастығын яғни, табиғатты қорғау көзқарасын дамыту үшін жыл мезгіліне сай жүйелі, мақсат міндеті айқындалған экологиялық тәрбие жұмысын оқу жылының өн бойында жүргізіліп отырады. Экологиялық тәрбие берудің басты мақсаты бала бойында азаматтық борыш, ғылыми білім, көзқарас пен сенім жүйесін орнықтыру болып табылады. Бұл қоршаған ортамен қарым-қатынаста тәртіптілік, ұқыптылық ережелерін орындау, табиғатты аялап, оған қамқорлық таныту қабілетін дамытуға негізделген. Экологиялық тәрбие жұмысын осындай міндеттерді атқарта отырып, жүзеге асырады.

Мысалы:

  • Балаларды өсімдіктер мен жануарларды күтіп-бағуға балу,

Олардың бойында қабілет пен икемділікті орнықтыру;

  • Табиғаттың сан-алуан сырлары мен байлықтары жөнінде

эстетикалық және ұлтжандылық сезімдерін дамыту;

  • Табиғатта барлық нәрсенің бір-бірімен өзара байланысты

Болатынын түсіндіру және осы байланысты күнделікті өмірде

Ескеру қажеттігін үйреніп отыру.

Міне осы міндеттердің барысында балалардың экологиялық таным-түсінігін тереңдетіп, олардың табиғатқа деген жаңа мәдени қарым-қатынасын бекітеді. Мұндай жұмыс түрі балалардың физиологиялық даму, психологиялық ерекшеліктерін ескеріп, әдіс-тәсілдерді шебер пайдаланып, шығармашылықпен жұмыс істейтін тәрбиеші басшылығымен жүргізіледі. Оқу жоспарында экологиялық тәрбие жұмысын бір рет өткізуге болады. Жыл мезгілінің ерекшелігіне орай күзгі табиғат құбылысы (жаңбырдың жаууы, адамдардцң пайдалы іс-әрекеті , ауладағы жапырақтарды жинау , жылы жаққа ұшатын құстарды бақылау т.б).Қыстап қалған құстарға қамқорлық, табиғат бұрышындағы өсімдіктер мен құстарды күту, балыққа жем беру.Көктемде ұшып келетін құстарға үлкендер көмегімен дайындалған ұяларға жем шашу, ауладағы гүл,көкөніс өсімдіктерін өсіруге жәрдем беру.

Бүршік жарған ағаш бұтақтарын (бұтақ,бүршік, өсімдік т.б) мағынасына сай түсіндіру.Наурыз мерекесі қарсаңында жас шыбықтар отырғызып ,оны күтуді күнделікті әдет-дағдыға айналдыру . Көктемнің әдемі келбетін жырлайтын өлең жолдарын әнге қосу ,психологиялық дайындық жұмыстарын жүргізу ,сөзжұмбақтар шешу, дидактикалық қимылды ойын түрлерін пайдалану, өз ойларын табиғат көрінісінің суретін салып,әңгімелеп айтып беру.Жаз кезінде тәрбиешілердің ұйымдастыруымен өзен-көл жағасына,баққа,гүл алаңына барған кезде,айналаның тазалығына мән беру.Бұл әр баланың жауапкершілік дағдысын, ұжымдық бірлігін арттырады. Экологиялық тәрбие жұмысын ұйымдастыруда тәрбиенің негізгі салалары болып табылатын адамгершілік,эстетикалық,еңбек ,имандылық тәрбиелерімен сабақтастыра жүргізу басшылыққа алынады.

Экологиялық тәрбие жұмысын жүргізуде оқытудың негізгі формалары бақылау,қызықтау ,серуен т.б қамтылады.Бақылауда табиғаттағы құбылмалы ауа-райын,құстың жемге келуін,мысалы аула сыпырушының қар күреуін т.б

Қызықтау кезінде балаларды таза ауада,көз тартар әдемі гүлдер мен ағаштар арасында болуы көтеріңкі көңіл күймен қатар,табиғат сұлулығын сезіне білуінеәсер етеді .Ал серуен кезінде тәрбиеші балаларды табиғатпен таныстырып ,өсімдіктерге су құю қураған жапырақтарды бір жерге жинау,өсімдіктерді суару ,ағаш түптерін тазалау т.т сияқты қарапайым еңбек түрлеріне қатыстырады.Мұндай еңбек түрлерінорындау балалардың еңбекке деген жауапкершілік сезімдерін дамытып ,ынтасын арттырады.Нәтижесінде өсімдіктерді жұлмауға ,құстарды қорғай білуге дағдыланады,өздерінің мұның пайдалы іс-әрекетімен құрбыларына да ықпал жасайды.

МКҚК «Айналайын» балабақшасы
Тәрбиеші: Саубетова Гулнур Бакытжановна

Басқа материалдар

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ