Жаңа оқу жылында Түркия Республикасы Қазақстандық студенттерге 500 оқу грантын бөледі. Бұл гранттар Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде тегін білім алуға мүмкіндік береді. Түркия грантын жеңіп алған талапкерлер 1 жыл бойы Дайындық, тіл үйрету орталығында Foundation бағдарламасы бойынша тегін оқытылады. Бағдарламаны меңгеріп, қорытынды емтиханды сәтті тапсырған білім алушылар 1-курсқа Түркия Республикасының гранты негізінде қабылданады. Конкурс министрліктің жүйесімен бейіндік пәніне сәйкес таңдаған мамандық бойынша жүргізіледі.
Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Қазақстанда да, шетелде де бәсекеге қабілетті болу мақсатында халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламаларын жасауда. Университеттің болашақ жоспарларында бакалавр және магистрлік бағдарламалардың санын, білім беру процесін, материалдық-техникалық, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту көзделген. Ол отандық және шетел студенттері үшін университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі.
Университет әлемдік деңгейдегі білім беру мекемесі ғана емес, сонымен қатар, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша да білім тарататын, тәжірибе алмасатын орталық болып табылады. Жыл сайын 400-ге жуық студенттер Түркияның және Еуропа елдерінің алдыңғы қатарлы университеттерінде 1 семестр жоғары білімді дамыту мүмкіндігіне ие болады.
Университеттің білім беру жүйесі мен бағдарламалары Болон үдерісіне және әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінің оқыту жүйелеріне негізделген. Корпустары Еуропалық үлгіде салынған. Бүгінгі таңда студенттер әлемнің 17 мемлекетінен келіп оқиды. Ал, түлектер – Қазақстандағы ең ірі медиахолдингтердің, кәсіпорындар мен мекемелердің басшысы болып қызмет атқаруда.
Қазіргі таңда университет ұжымы Халықаралық аккредиттеуден өткен білім беру бағдарламаларының негізінде бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандар даярлайтын әлемдік деңгейдегі университетке айналу бойынша жұмыс жасап жатыр.
Қымбатты талапкерлер! Сіздердің шетелдік білімгерлермен бірге бір шаңырақ астында толыққанды білім алуларыңызға жан-жақты жағдайлар жасалынған. Сондай-ақ, қазіргі заманның технологияларымен жабдықталған оқу орнында білім алу – көп мүмкіндіктерге қол жеткізуге жол ашады. Біз сіздерді Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алуға шақырамыз!
Түркия грантының конкурсына өтініштерді қабылдау 10 тамыздан басталып 25 тамызға дейін жалғасады.
Қабылдау комиссиясымен байланыс: 8 (72533) 63690