Тәуелсіздікке тарту. «Мен мәңігілік ел азаматымын!»

0
2839

           Менің елім – Қазақстан. Қазір бұл сөзді естіген барлық елдің азаматтары елең ете қалады. Себебі, Қазақ елі  — өзін жер-жаһанға татулық пен берекенің, бейбітшіліктің ордасы ретінде танытты. Ал, мұндай зор мәртебеге ие болу үшін қаншама ата-бабаларымыз жанын аямай, қасық қаны қалғанша күресті.\r\n\r\nСолардың ең басында Ұлы даланың үлкен  бір мемлекет болып қалыптасуына, аяғынан тік тұрып, жауынан өз елінің қақпасын қорғауына, Қазақ елінің алғаш іргетасын қалануына үлкен  үлес қосқан Жәнібек пен Керей хан еді. Олар  қай кезде де ел болуға сақадай сай Сақтардан бастап арман боп келген қасиетті жер – «жер жаннаты» аталып кеткен  Жетісуға  Қазақ хандығын  құрды. Бұл – 1465-1466 жылдар еді. Ол туралы Мұхаммед Хайдар Дулати былай деп жазады: «…олардың төңірегіне жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Олар енді өзбек-қазақ деп аталатын болды. Қазақ сұлтандарының билігі 870 жылдан басталады. Бәрін Алла біледі». Тарихшылардың айтуынша, бұл жылдар қазіргі біздің жыл санауымыздың 1465-1466 жылдары екен.  Содан бері сан жылдар өтсе де, қазақ елінің шаңырағы  шайқалмай,  тарих парақтарына  алтын әріппен жазылып қалды.\r\n\r\nСол тарих бүгінгі таңда толысып, жаңа жетістіктермен жаңаруда. Атап айтсақ, биылғы жылдың өзі үлкен мерейлі мерекелермен аталып өтуде:  қанша жастың елі үшін жанын қиған Жеңіске 70 жыл, Қазақстан халқының бірлігіне, тұтастығына елеулі үлес қосып жүрген  Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдығы, Ата заңымыз — Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл, Қазақ хандығынаң құрылғанына 550 жыл және дана Абай атамыздың туылғанына да 175 жыл толып отыр. Мұндайда халқымыз «Екі тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын!» деп ізгі тілегін білдірген. Ал, той-думан мен береке тек бірлігі жарасқан елде, «қой үстіне бозторғай  жұмыртқалаған » жерде ғана болары сөзсіз.\r\n\r\n           Қазір бізді бүкіл әлем таниды, мойындайды. Оның бір дәлелі: жақында ғана Елбасымыз  қыркүйек күні өткен  БҰҰ-ның Нью-Йорктегі сессиясында қазақша баяндама жасап, оны бүкіл әлем өз тілдеріне аударма жасауы – үлкен жетістік. Елбасымыз қашан да «жарғақ басы жастыққа тимей», туған халқына қалтқысыз еңбек етіп, шаршамай қызмет жасап жүр. Ол балалардың жақсы білім алуына  мүмкіндік жасап, Назарбаев зияткерлік мектептерін ашып жатыр. Бұл мектептерге тек үздік оқушылар ғана  іріктеліп алынып, болашақта шетелге оқып, білімін жетілдіреді. Елбасымыз «Еліміздің болашағы – білімді жастардың қолында»,- деп білімділікке  ерекше мән береді.  Ал 2017 жылы болатын ЭКСПО көрмесі де еліміздегі білімді де өнерлі  өнертапқыштардың бағын ашып,  үлкен жетістіктер әкеледі деп сенеміз.\r\n\r\n          «Отан – отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Менің атам үйде: «Қашан да болсын өз еліңді, туған жеріңді жақсы көр»,-деп ақылын айтып отырады. Менің туған жерім – Қызылорда қаласы. Бұл жерді «100 шайыр шыққан жер» деп атайды. Яғни, ел-жұртын  жырымен жылытқан, жыраулық өнердің шырқау шыңына шыққан шайырлар мен жыраулар өсіп-өнген жер.  «Сыр елі – Жыр елі» деген қанатты сөз де бекер айтылмаса керек.\r\n\r\nМіне, осындай кең байтақ, химиялық элементтердің барлық түрі кездесетін  жеріміз бар біз – бақыттымыз. Бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен  қорғап табыстаған аманатын көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ол үшін жүрегі елім деп соққан әрбір азамат өз еліне адал қызмет етіп, Алаш абыройының асқақтауына үлес қосуы қажет. Сонда ғана еліміз еңселі, егемендігіміз мәңгі болады. Мен оған сенемін!\r\n\r\n \r\n\r\nОңдашұлы Даниял\r\n\r\nҚызылорда облысы, Қызылорда қаласы\r\n\r\n№264 мектеп- лицейдің 6-сынып оқушысы