Мен неге ұл болып туылмадым?

0
713
1999 жыл, 14 қазан.
Қайнаған өмірлі қаладан шеткеріде, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы ауруханасының бірінде Сейдахметтің 5-ші қызы Жібек туылады.

Өсе келе, өмірдің бейқам бір толқынындағы әртүрлі адамдардың сан алуан пікірін ести бастайды. “Сенің ұл болғаныңды қалаған шығар?”, “Атыңды Ұлболсын, Ұлтуған деп атау керек еді”, “Отбасыны аяққа тұрғызатын тым болмаса 1 еркек болуы қажет қой, 5 қыз күйеуге тиеді де, отырып қалады”, “Ата-анаң қартайғанда кім асырайды?”.

Бірақ Жібек қоғамда неліктен осындай гендерлік стереотиптер қалыптасқанын түсінбейді. Қыздардың қолынан жетістікке жетіп, бір шыңды бағындыру келмей ме? Неліктен ол жауапкершілікті тек ұлдардан күтеді? Мен де ата-анама қолғабыс бола аламын!

2013 жыл. 14 жасар Жібек болашақта жаһанның жедел жаршысы — журналист болуды мақсат етеді. Алайда еститіні тек бір сөз: “Бұл әйел адамның жұмысы емес! Ертең тұрмысқа шықсаң балаларыңа кім қарайды? Тұрақсыз жұмыс. Педагог боласың”. Болашағыма күмәнмен қарай бастадым. Шынымен де, кім боламын? Қай жұмыс “әйелдердікі”?

Кейде шаршағаннан үй тірлігіне де араласқысы келмейді, алайда “Ертең сені күйеуге ешкім алмайды”, “Ата-енеңнен ұят болады” деген сөздерді естіген соң, сонда тұлғалық қасиеттерім ешкімге маңызды емес пе? — деген сұрақтар мазалайтын.
Нәтижесінде, Жібек өзіне сенімділігін жоғалтады. Асқақ армандары тұнық ойлар астында жиі өліп, отбасы құру мен бала тууды өмірінің бас мақсаты етіп алғандай…

Ұл болғаным артық болар ма еді?

Eсейе келе, маған тыныштық бермеген сұрақтың жауабын таптым.

Мен — өмірге ұрпақ жалғастыру үшін ғана келген жоқпын. Менің өз өмірім мен жеке таңдауым бар.

Мен — әлсіз, нәзік, эмоционалды жан емеспін. Менің де қолымнан билік басында отырып, басқару келеді.
Мен де тұлғалық, карьералық дамуымды жалғастыра аламын.

Мен үшін арнайы мамандық пен жұмыс жоқ, космонавт болсам да, өз еркім.

Менің жалақымды менің қыз болғаным үшін ғана аз төлей алмайды.

Мен түсіндім және ары қарай талпынатын боламын. Ал сен ше? Гендерлік стереотиптерге үнсіз мойынсынудасың ба, әлде, күресудесің бе?

Өтеп Жібек


ПІКІР ҚАЛДЫРУ