Гендерлік теңдік

0
514
Ерте ерте ертеде, әкесі ұлына “Сен еркексің! Көз жасыңды тый! Ұят емес пе!” деп жиі ұрысады екен. Өзінің ұл болып туылғаны үшін ғана кінәлі бала тіпті сезімін сыртқа шығара да, білдіре де алмайды. Соның есебінен барлық мұң-қайғысы жиналып, ішкі желігі маза бермей жүре береді.


Өскен соң табиғатынан мейірімі тапшы адамдардың кесірінен тағдыр соққысына ерте ұрынады. Мұғалім болып жұмысқа орналасқысы келгенде “әйел атаулысы кіші балаларға жақын келеді, тез тіл табыса алады” деп бірнеше рет бетін қайтарып жібереді екен.

Шарасыздықтан үйіне келіп әйелін соққыға жығуды ермек қылады. Себебі, әйелдерді ұру ол үшін — қалыпты жағдай. Кішкентай қыздары осы зорлық-зомбылықты ес білгенше көріп келеді. Әкесі — “шектен тыс еркектік” түсінігінің құлдығында қалып кеткені сонша, тіпті балаларына жақсы көремін деп те айтпайды екен.

Жылдар өтеді. Қыздары әкелік махаббатты сезіне алмағанын, ал болашағы ертерек күйеуге шығып, үй жинап, тамақ дайындаумен шектеліп қалғанын түсінеді. Олар да отбасын құрған соң, балаларын дәл осы түсінікпен тәрбиелейді. Гендерлік қысымның кесірінен өз қалауынша өмір сүре алмайтын, құқығы жан-жақты тапталып жатқан тағы бір тобыр адамдар дүниеге келеді… Тек қатал әкенің кенже қызы ғана бақытсыздыққа душар қылған гендерлік теңсіздікпен күресуді жөн көреді.

Бәлкім, гендерлік теңдік болған жағдайда, жоғарыдағы кейіпкерлердің тағдыры бақыттырақ болар ма еді?

Дәл осы оқиға теңдік болған жағдайда қандай боларын елестетіп көріңіз.
Елестеттіңіз бе? Міне, мен сондай қоғамды таңдаймын.

Өтеп Жібек


ПІКІР ҚАЛДЫРУ