Менің елім – Қазақтан.

0
1472
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Менің елім – Қазақтан.

— Қазақстанның Еуразия материгінің орталық бөлігінде орналасқанын білемін.  Шекарасының жалпы ұзындығы қанша?

— Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы 15000 километрден астам, ал аумағы – 2717,3 мың  шаршы шақырым.

— Қазақстан жерінің көлемі керемет үлкен екен ғой.  Жер көлемі бойынша мемлекеттер арасында нешінші орында тұр?

— Қазақстан жер көлемі бойынша алтыншы орында.  Қазақстан жеріне Франция, Испания, Португалия, Италия, Греция,  Швеция, Норвегия және Финляндия мемлекеттерінің жер көлемі сияды.

— Бұндай үлкен жері бар мемлекеттің табиғаты да, климаты да, халықтары да ерекше шағар?

— Жер шарын бір тәулікте аралап шығатын күн біздің Республикамыздың үстінде үш сағатқа кідіреді екен. Жеріміздің оңтүстігінде өрік гүлдеп тұрғанда, солтүстігінде қар жауып жатуы да мүмкін. Елдің солтүстігі орманды, ал оңтүстігі таулы болып келеді, ал Орталық Қазақстанды жазық дала алып жатыр.  Халқының саны 16 миллионнан асады. Онда 100-ден астам ұлттар тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

— Табиғаты алуан түрлі Қазақстан өзен-көлдерге де бай шығар?

— Қазақстанның үлкен өзендері – Ертіс, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле және басқалары бар. Ең үлкен көлдері мен теңіздеріне Алакөл, Балқаш пен Зайсан көлдері, Арал мен Каспий теңіздері жатады.

— Жердің қоры, кені бар ма?

— Қазақстан кенге бай. Сарқылмас қоры бар түсті металдар, темір, көмір, мыс, мұнай, газ, алтын және тағы басқа кен байлықтары кездеседі.

— Қазақстанның ауыл шаруашылығы, өнеркәсібі қалай дамыған?

— Еліміздің ауыл шаруашылығы, өнеркәсібі жақсы дамыған. Өнеркәсібінің негізгі салалары – металлургия, машина жасау, металл өңдеу, отын-энергетика, химия және тағы басқа салалар бар. Ауыл шаруашылығының негізгі салалары – егіншілік пен мал шаруашылығы.

— Ал, ғылым мен мәдениет Қазақстанда қандай деңгейде?

— Қазақстан — ғылымы мен мәдениеті жоғары дамыған ел. Қазақстан Ұлттық Академиясы, ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, опера және балет театры, драма театрлары, мектептер, кинотеатрлар, кітапханалар, мәдениет сарайлары сияқты ғылым мен мәдениет ошақтары бар.

— Қазақстанның елордасы қай қала?

— Республикамыздың елордасы — Астана қаласы.

Қазақстан республикасының мемлекеттік рәміздері.

Ту.

— Қазақстан Републикасының Мемлекеттік жалауы неге көгілдір?

— Қазақстан Републикасының Мемлекеттік жалауы ашық көгілдір түсті. Бұл түс Қазақстан жері өте бай   көглідір өзен мен көлдердің түсі, біздің елімізде жүздеген ұлттар өкілдері  тұрып жатқан көгілдір бейбітшілік аспанның түсі.

— Ал жалаудың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген екен. Ол ненің белгісі?

— Қыран қазақ халқында өте қасиетті құс. Жалаудағы қыран – қазақ халықының бостандыққа  ұмтылуының белгісі.

— Мемлекеттік жалаудың сол жағында қызыл түсті ұлттық өрнегі бар тік жолақ орналасқан. Осы Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалауының авторы кім?

— Жалаудың авторы  атақты Қазақстан суретшісі Шакен Ниязбеков.

Елтаңба.

— Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік елтаңбасы ерекше.  Онда көгілдір түс аясында шаңырақ байнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған, оны аңыз әңгімелердегі пырақтар қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның жоғарғы жағында бес бұрышты жұлдыз бар.  Шаңырақтың не мағынасы бар?

— Елтаңбадағы шаңырақ мемлекеттің, жанұяның  негізі   болып саналады. Оның формасы дөңгелек  тәрізді. Бұл —  әлемнің бұртұтастығының белгісі.

Шаңырақ киіз үйдің ең негізгі  бөлшегі. Шаңырақ — атадан мирас болып қалған ұяның бегісі.  Жаңа отау тігіп, жаңа үйге көшіп жатқан жанұяларға қазақтар «Шаңырақтарың биік болсын!» — деп тілейді. Қазақстан елтаңбасында бейнеленген шаңырақ – Қазақстан Республикасы  біздің жанұямыз және осы мемлекетте тұрып жатқан барша халықтың  мықты ортақ үйі деген  мағынаны білдіреді.

— Ал қанатты пырақтардың не мағынасы бар?

— Қанатты пырақ, тұлпар –  уақыт пен кеңістіктің белгісі. Қазақ халқында тұлпар жігіттің қанаты деп еспетелетін.

Елтаңбаның жоғары жағында  бес бұрышты жұлдыз орналасқан. Аспандағы жұлдыздарды көшпелі қазақ халқы тура жол көрсететін сенімді сілтеуші ретінде түсінетін. Елтаңбасындағы бес бұрышты жұлдыз – халықтың жақсылыққа деген үмітінің, жеңіске деген сенімділігінің белгісі.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының рәміздерінің бірі — Әнұран.

Қазақстан мәдениеті.

Қазақстан мәдедиеті атам заманнандамып келеді. Мәдениет- қоғам арасында пайда болады. Қазақстан қоғамы арақатынасында оның мәдениеті шыңдала түседі. Қазақстан мәдениетінің басын ата-бабаларымыз бастап кеткен болатын. Қазақ халқы көшпенді, өнерлі, мәдениетті халық. Кезінде көшіп-қонып, тойлатып, думандатып, қазақ жерін дүркіретіп келген қазақ халқы, көпті көре келе, ұзақ жолдар жүре келе мәдениетті де дамыта келген  еді. Қазақ халқының ұлы күндері, салт-дәстүрлері, қонақжайлылығы мәдениетті дамытуда үлкен ықпалын тигізді. Той, жиындарда дәстүрді жалғастыра отырып, музыкалық аспаптарды жетілдіре және оны қазақ жастарына үйретуге, келер болашаққа мол мұра ретінде қалдырды. Міне, осының барлығы қазақ мәдениетінің әрі қарай шарықтауының себебі. Енді, Қазақстан мәдениетінің бастауы -Ұлы күндерден бастсақ деп отырмын.

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз.

— Осы Наурыз мейрамы деп жатады, ол не мейрам? Діни мейрам ба? «Наурыз» деген сөздің мағынасы не?

— Наурыз – шығыс халқының ұлттық мейрамы. Бірақ ол діни мейрам емес.  Наурызды парсы тілінен аударғанда «жаңа күн», «жаңа жыл» деген мағына береді.  Сондықтан  Наурыз – жыл басы, жаңа жыл.

— Наурыз  мейрамның мағынасы неде? Европа халқының, орыс халқының Жаңа жыл мейрамымен бірдей ме?

— Қазақ халқы әр рәсімге өте қатты көңіл бөліп, ерекше ниет қояды. Наурыз мейрамы көктемде наурыз айының 22-сінде тойланады. Бұл күні күн мен түн теңеледі. Жылдың басы болғандықтан, халық Наурызды үлкен дайындықпен  қарсы алады.  Наурызға дейін адамдар үйлерін, қораларын, ауласын тазартады. Наурыз күні  халық әдемі, сәнді киімдерін киеді.  Бұл күні ерлер қолдарына күрек, кетпен алып бұлақ басына барады. Оны тазартады, тал егеді. Наурызға дейінгі өкпелеу, ренжу – бәрі бұл күні ұмытылып, кешіріліп, жақсы тілектер айтылады. Сақтаған дәмді тамақтарын пысырады.

—   Наурыз мейрамында қандай тілектер айтуға болады?

— Қазақ халқында жеті деген сан қасиетті сан болып саналады. Сондықтан Наурыз мерекесі келгенде, жеті түрлі тағамнан (мысалы: сүт, тұз, тары, бидай, күріш т.б.) жыл басы тамағы – нарузы көже пісіріледі.  Дастарханға қазы, шұжық, ірімшік, құрт, май, жент қойылады. Бұл дәмнен барлық ел дәм тату керек. «Ақ мол болсын!» — деген тілек әрбір үйде айтылу керек.

— Той болғаннан кейін ойын-сауық болуы керек қой.

— Әрине. Наурыз күні халық  ұлттық ойындар ойнайды, мысалы, «Ақ сүйек» деген жастардың ойыны бар.  Бір-біріне қонаққа барып, көңілді өткізеді. Өнер адамдары таңертеңнен кешке дейін өнер көрсетеді. Алтыбақан құрылады, ән айтылады, айтыс болады.

Ұлттық музыкалық аспапатар.

  • Әр елдің өнері, мәдениеті, салт-дәстүрі  сол елдің табиғатына, тұрмыс-жағдайына байланысты екені белгілі. Қазақ халқының жері қандай кең болса, көңілінің сондай кең, қонақжай, мол халық екені белгілі.  Бірақ, қазақ халқының музыкалық аспаптары туралы мәлімет менде өте аз екен. Домбырадан басқа қандай аспаптар бар?

— Шыныда, қазақ халқы өнерге өте бай халық қой. Қазақтың бір тойы ойын-сауықсыз, ән-өлеңсіз өтпейді.  Сондықтан да музыкалық аспаптары да әр алуан.  Домбырадан басқа, қобыз, шертер, жетіген, дауылпаз, сыбызғы сырнай, аса таяқ сиықты музыкалық аспаптары бар. Сырнай мен  сыбызғының өзінің түр-түрі бар. Осы музыкалық аспаптардың ішінде кең тарағаны домбыра.

— Иә, домбыраны мен жақсы білемін, көп естігем. Өте керемет аспап.  Сол туралы біраз айтып бересің бе?

— Домбыра – қазақтың ежелден келе жатқан қос ішекті музыкалық аспабы. Қазақ тарихын, өмірін, тұрмыс-тіршілігін домбыраның қос ішегі туралы баяндаған.

— Сонда домбыраның құрылысы қандай?

— Домбыра шанақ,  қақпақ бет, ілгек, тиек, екі ішектен, пернелерден, құлақтардан тұрады. Оның қақпақ бетінде дыбыс ойығы болады.

— Домбыраның халық арасында кең тараған себебі не? Мен бір жерден оқыдым: «Домбыра тартпайтын, ән айтпайтын қазақ баласы жоқ» — деп. Домбыраны тартып үйрену қиын ба?

— Домбыраның халық арасында кең тараған себебі, оны кез келген ағаштан ойып жасай береді. Ал домбыраның ішегін, пернесін қойдың ішегінен жасайды. Домбыраны тартып уйрену де қиын емес. Домбыраны отырып та, түрегеліп тұрып та,  ат үстінде де тартады. Домбырамен әнші, жыршы, термешілерді сүйемелдеуге болады.

Қазақ халқының салт-дәстүрі.

— Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық деп естідім. Сол туралы айтып бересің бе?

— Қазақ халқының салт-дәстүрі шынымен алуан түрлі. Қазақтың отбасымен байланысты дәстүрлері көп қой.  Жастардың үйленуіне байланысты көптеген ұлттық дәстүрлер бар: құда түсу, ұрын келу, қыз ұзату,  бет ашар деген сияқты.

Нәресте дүниеге келгенде және есейіп жүре бастағанда жасалатын дәстүрлер де бар. Олар: баланы бесікке салу,  қырқынан шығару, шілдехана тойын жасау; тұсауын кесу.  Бала 3 жасқа келгенде атқа отырғызу салты, сүндет тойы бар. Бала мектепке барарда  тілашар тойын жасайды.

— Расында көп екен. Жоғарыда айтылған салт-дәстүрледің біреуін айтып бересің бе?

— Жақында мен досымның тойында болдым. Үйлену тойына байланысты көптеген ұлттық дәстүрлер орындалып жатты. Бәрінен де маған ұнайтыны беташар жыры.   Тойдың алдында жас келіннің бетін ақ орамалмен жауып қояды.  Жас ақын әндетіп келінді қайын ата, қайын ене, қайын аға, қайын апа, басқа да туысқандарымен таныстырып, оларға сәлем бергізеді. Ал одан кейін келінге өнегелі жырмен отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы қандай болуы керек екенін, үлкендерді сыйлау жөнінде ақыл-кеңес айтып, келіннің бетін ашты. Қазақтарда келіннің бетін кім ашса, сол адам ыстық болады деген сөз бар.

— Шыныда қызық қой. Бір тойға барған мені де ала барсаң қайтеді.

— Жарайды, ала барайын.

Қазақ – ежелден қонақжай, бауырмал халық.  Қазақтың кең пейілін, мол дастарқанын қазақ елінде болған саяхатшылар, ғалымдар, шетелдіктер жоғары бағалаған.

Қазақ халқының салт-дәстүрі  сан алуан. Мұндай салт-дәстүрге бай ешбір халық жоқ шығар. Қазақ қонақ күтуді де, қонақ болып қыдыруды да қызық көрген.  Қонақ күтудің өзі тек ас берумен шектелген емес, әңгіме құрып,  ертегі-жыр, домбыра мен өлең айтып қонақтарының көңілін көтерген.

Қазақтың қонақтары «арнайы конақ», «құдайы қонақ», «қыдырма қонақ» деп бөлінетін. «Арнайы қонақ» — мал сойып шақырған сыйлы қонақ. «Құдайы қонақ» — бір түнеп аттанатын бейтаныс жолаушы. «Қыдырма қонақ» — алыстан ағайын-туғандарын, құда-жекжаттарын іздеп келіп, жатып-жастанып, бір мал жеп кететін қонақ.

Халқтың салт-дәстүрінің мағынасы «Қуаныш-қайғы мен ас, ат ортақ» деп, халық өз ұрпағын бауырмалдыққа, береке-бірлікке тәрбиелеген.

Жас нәресте дүниеге келсе: «Нәрестенің бауы берік, өмір жасы ұзақ  болсын!» дпм тілек айтқан. Жас келін түскен үйге: «Құтты болсын!» айтып келген.  Алыстан келген ағайын-туыстан жас нәрестеге,  жас келінге көрімдік сұрау рәсімі қазір де сақталған.  Көршілері, туыстары жас келінді отқа шақырып, үйін көрсеткен.  Жаңадан көшіп келген көршісіне, ағайын-туысқа, достарына ерулік берген, қонаққа шақырып  үйін көрсеткен.  Үлкен той-томалақтан кейін, той өткізген үй «құдайға шүкір» шайын берген. Ал той алдында «маслихат» немесе «ақылдасу» шайын берген. Онда той жасайтын  үйдің туыстары, достары өз ақылдарын беріп, әрқайсысы тойды ойдағыдай өткізу үшін міндеттерін бөліп алады.

Сонымен қатар қазақтар көршілерін бие байлағанда, алғашқы қымызға – қымыз мұрындыққа шақырған. Бие ағытқанда, соңғы қымызға шақырған. Қыста соғым сойған кезде соғым басына шақыратын болған.  Кез келген астан кейін үлкен кісілер дастарқанға бата жасап, тілек айтады. Сонымен қатар адам қайтыс болған үйдің кісілерін шақырып, көңілін сергіту үшін ас берген.

Қонағын шығарып салғанда үй иесі одан «бұйымтай» сұрайды. Дәстүр бойынша үй иесі қонақтың қалаған затын берген. Қазақ халқының қонақты күту дәстүрі өз алдына.

Қазақтың қай дәстүрін алсаңызда жақсылыққа, баршылыққа, молшылыққа ниеттелген. Сондықтан қазақ халқының сал-дәстүрі қазіргі заманымыздың қарқынына қарай үзілмей, одан ары жалғасын тауып жетіле беруі керек. Бұл салт-дәстүрлер ел-жұрт арасын жақындатады, нығайтады, ағайын-туысқан, көрші-қолаң, үлкенді-кіші болып сыйласуға әсер етеді. Жастар көпшіл, мейрімді, үлкенді құрметтейтін, кішіге қамқоршы болып  өседі.

Қонақ күту рәсімі.

— Қонақ күтудің қандай рәсімі болуы мүмкін? Қазақ болсын, орыс болсын, қай халық болсын қонақтарын бірдей күтіп алмай ма?

— Қазақ  — ежелден қонақжай, бауырмал, көңілі кең  халық қой.  Кез келген жолаушы қазақ үйіне «Құдайы қонақпын» деп  келе беретін болған. «Қонақпын» деп келген жолаушыға қойын алдына тартып, сый-сыйпатын көрестіп, күтіп алатын халық. Қазақ үйінде әрқашан қонаққа деген сыбаға сақталған.

— Қонақ күтудің басқа халықтардан қандай ерекшелігі болуы мүмкін?

— «Құтты қонақ келсе, қой егіз табар», «Қонақпен еріп құт келеді» деген ниетпен қонағын қарсы алған отағасы есігін өзі ашып, алдымен үйге қонағын кіргізеді. Қыз балалар немесе келіндер сырмақ төсеп, көрпе жайып, қонақты төрге жайғастырады.

Үй иесі жөн сұрасып болған соң,  қонағына барын беріп, риза етуге тырысады. Қонаққа шөліңізді басыңыз деп,  қымыз береді.  Ыстық тамақ дайын болғанша, шай әзірлейді.  Әдетте шайды қыз бала құяды.

— Неге қыз бала қонаққа сырмақ төсеп, шай беріп қонақ күту керек? Үй иесінің  жолдасы немесе келіндер болмаушы ма еді?

— Оның мәнісі үлкен.   Қыз бала деген  келешек шаңырақ иесі.  Сондықтан, қыз бала жастайынан қонақ күтуді үйрену керек. Бойжеткен қызға шай құйғызып отырып, оның аспазшылық өнерін елге паш ету керек.  Қонаққа шайды жақсылап әзірлеу — үлкен өнер.  Осыны көрген кісі барған жерінде бойжеткен қызды мақтайтын болған. Құда түсу үшін көз салу осындайдан басталған.

— Ал ыстық тамақ әкелгенде де қонақ күту рәсімі болама? Ыстық тамаққа қандай тағамдар берілуі мүмкін?

— Қазақтар келіп жатқан қонақтарына міндетті түрде қой сойып, бас тартады. Ет жеудің алдында қонақтың қолына су құйылады. Сыйлы қонаққа бас ұсынады, бұл ежелгі дәстүр.  Ол —  адам әлемді баспен билейді деген ұғымды білдіреді.  Балаға құлақ беріледі — ол үлкеннің ақыл-кеңесін ұғып жүр дегенді білдіреді. Ет желініп, сорпа ішілгеннен кейін дастарханға бата беріледі. Бұлда ешбір халықта жоқ салттардың бірі. Қазақ «үлкендердің батасын алып жүр, батамен көгересің» деген трбиелік мағынасы зор сөздерді жиі айтады.

— Енді қонақ күту рәсімі осымен аяқталатын шығар?

— Жоқ. Қонақ тамақ ішіп болған соң, ауыл адамдары ән айтып, домбыра тартады немесе ертегі айтады. Мұны «қонақ-кәде» дейді.

Қонағын шығарып саларда үй иесі одан «бұйымтай» сұрауы керек. Дәстүр бойынша үй иесі қонақтың қалаған затын берген.

— Шыныда да қазақ халқының  қонақ күту дәстүрі ешбір елде жоқ дәстүр екен. Бұл дәстүрдің өзі тектен тек осы заманға дейін сақталып келген жоқ шығар? Қазақ халқының көпшіл,  бауырмал, туысқаншылдығы осында ма деп ойлаймын.

— Қазақ  халқының қонақ күту дәстүрі ел-жұрт арасын нығайтып, жақындатады, ағайын-туысқан, көрші-қолаң, үлкенді-кіші болып сыйласуға әсер етеді. Жастар көпшіл, мейірімді, үлкенді құрметтейтін, кішіге қамқоршы болып өседі.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, Қазақстан мәдениетінің әрі қарай дамуына осындай халықтың қасиеттері ықпалын тигізген еді. Қазақстан мәдениеті ата-бабаларымыз қалдырып кеткен мұра десек те қателеспеспіз. Қазіргі таңда ата-бабалар мұрасы дегеніміздей, оларға ғана шектеліп қалмай, сонымен қатар басқа да елді мекендер мәдениетінен де үлгі алып келеміз. Қазіргі Қазақстан мәдениеті ата-бабаларымызды таң қалдырса, болашақтағы мәдениет біді таң қалдырады деген ойдамын. Қазақстан мәдениеті қарқындап дамып келеді, әрі дамуы тиіс. Қорыта келсек, халықты рухани және материалдық мол мұраларға байыта келе, өзгерістерге толы «мәдениет» дамуын жалғастыра береді.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ