Мұрат Мөңкеұлның «Қыз» өлеңі

0
3103

Бұраңдап ақ моншақтай керілген қыз
Оздырдың салтанатты еліңнен қыз,
Сәулесі ақ жүзіңнің жерге түссе,
Реңкің сары алтындай көрінген қыз.
Шәй ішіп самаурыннан сәске түсте
Керіліп әзер тұрасың төріңнен қыз.
Қосшы ертіп, үкі қадап, жорға мініп,
Көшкенде салтанатың көрінген қыз.
Дәулеттің қалың қара арқасында
Асқан жоқ қатар — құрбың өзіңнен қыз.
Бұлаңда дәурен өтпей басыңнан қыз,
Сүйегің жаратылған асылдан қыз.
Лебізің, сөзің — шырын, маржан — тісің,
Кеткісіз келген адам қасыңнан қыз.
Адамның жалғаншыда арманы не,
Сенімен дүниеде қосылған қыз.
Сөйлесең сүт шығады тіліңнен қыз,
Құрбыңа салтанатың білінген қыз.
Басыңнан бұл дүние өтеді деп,
Қайғымен тамақ ішпей бүлінген қыз.
Қамқа бөрік, камзол, бешпет, алтын ілгек,
Ақ көйек зер шашақтан киінген қыз,
Қызығын дүниенің сізде көріп,
Ата — анаң үйде отырып сүйінген қыз.
Шалықта ата — анаңның дәулетіне,
Бір күні жөнелерсін үйіңнен қыз.
Әуелде атаңа еріп анаң келген,
Ойласаң осы жерден білінген қыз.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ