Нұрлан Кадиров, мектеп директоры: «Ұстаздың ұлы болғаным — мақтаныш!»

0
1837

Білім жетістікке жетудің сенімді жолы. Ал ол жолда ұстаз бен шәкірттің үндестігі аса маңызды. Менің бүгінгі кейіпкерім де «Ұстаз ең бірінші бала жүрегіне жол табуы керек» деп есептейді.

Оқу жылының соңғы күні біз Түркістан қаласы, Оранғай ауылындағы М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің директоры Кадиров Нұрлан мырзамен сұқбаттасып қайттық.

Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Нұрлан аға. Өзіңіз көп жылдар бойы сабақ бердіңіз, соңғы бірнеше жылда басшылық қызметтесіз. Осы орайда білгіміз келетіні — ұстаздық еткен дұрыс па, әлде басшылық қызмет қолайлы ма? Жалпы басқарушы болу үшін ұстазда қандай қасиеттер болуы керек?

Нұрлан Кадиров: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп бекер айтылмаған ғой, әрине сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеуден біз ешқашан шаршамаймыз, жалықпаймыз! Ұстаз әр баланың жүрегіне жол тауып, оның талантын жандандыра білу керек деп есептеймін. Негізі басшылық пен ұстаздықтың айырмасы бар. Сабақ беретін кезіңде сен өз оқушыларың үшін ғана жауапты болсаң, ал басшы ретінде сен бүкіл мектепке, оның ішінде оқушылар мен әріптестерің үшін жауапкершілік алуыңа тура келеді. Қазір біздің мектебімізде 1200 оқушы мен 150 жуық қызметкер бар. Осы жандардың алдында жауапты болумен қоса, оларға үлгі болуды ойлайсың.

Қарашаш Есенбай: Сіздің ойыңызша жұртқа үлгілі, идеал ұстаз қандай болуы керек?

Нұрлан Кадиров: Ең бірінші жаңа айтқанымдай, ұстаз шәкіртке адал болуы керек! Оның жүрегіне жол тапқан, баланың қабілетін оятқан жанды идеал ұстаз деуге болатын шығар?! Одан кейін жаңа ақпаратпен толыққан, ізденуден қашпайтын педагогты идеал санауға келісетін едім.

Қарашаш Есенбай: Қазіргі балалар ұстазды неге идеал санамайды, оған не себеп деп ойлайсыз?

Нұрлан Кадиров: Барлық педогог оқушы алдында сыйдан жұрдай деп айта алмаймыз. Шәкірттер құрметпен қарап, сондай болуға ұмтылатын білімді, тәрбиелі ұстаздар жетерлік. Ал оқушы идеал тұтпайтын ұстаз болса, ол оның біліктілігінің, педагогтық қасиетінің төмендігінен болар?!

Қарашаш Есенбай: Ауыл мектебін біраз жылдан бері басқарып отырсыз, негізі көпшілік баласын қалада оқытуға асық екені рас. Осы орайда, қазіргі ауыл мектептерінің жағдайына тоқталып кетіңізші, білім беру дәрежесі қандай деңгейде?

Нұрлан Кадиров: Дәл қазір ауыл мен қала мектебінің дәрежесі тең деп есептеймін. Өйткені соңғы жылдары ҰБТ мен пәндік олимпиадалардың нәтижелерін салыстырмалы түрде алар болсақ, ауыл мектебінің балалары жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Ол үшін ауыл мектептеріндегі еңбек етіп жүрген мұғалімдерге алғыс айтуымыз керек. Олардың біліктілігінің арқасында оқушыларымыз жоғары жетістікке жетуде. Мысалы өзім басқаратын ұжымдағы педогогтарға құрметпен қараймын, әсіресе оқу ісі жөніндегі орынбасарымыз Саянова Ақнұр, бастауыш сыныптардағы орынбасарым Нұржанбаева Әлия апайларымыздың еңбектерін жоғары бағалаймын. Одан бөлек жыл сайын өтетін пәндік олимпиада оқушылары үздік нәтиже көрсетіп жүрген қазақ тілі пәнінің мұғалімі Мақұлбекова Гүлжәмила, орыс тілі пәні мұғалімі Бекмұратов Әмин секілді тәжірибелі ұстаздарымызбен мақтана аламыз.

Қарашаш Есенбай: Ал ауыл баласының білім, интеллект деңгейі қандай? Қалай ойлайсыз «Ауылбай» таптаурыны жойылды ма?

Нұрлан Кадиров:  Мен ауыл баласының интеллекті қала балаларынан кем деп айта алмаймын. Өйткені бұл біздегі талантты балаларға балта шабу болады. Нағыз дарындар мен шабандоздар ауылдан шыққанын мойындау керек. Еліміздегі танымал тарландарды айтпағанда олардың ізін жалғап келе жатқан жас буын өте мықты. Өзіміздің мектебімізден атап айтар болсақ, 2017 жылы Абдулла Әлия деген қызымыз республикалық «Ясауитану» байқауында бас жүлде, «Жарқын болашақ» олимпиадасынан екінші орын жеңіп, мектепті «Алтын белгімен»  тәмамдап, қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің үздік студенттерінің бірі болып жүр.

Биыл Махмуд Назерке деген қызымыз тағы «Ясауитану» байқауының бас жүлдесін жеңіп алды, ал үшінші орынды Әділхан Жанерке атты түлегіміз иеленіп отыр. Екеуі де Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің грантын жеңіп алды.

Шәкірттеріміз тек білімде ғана емес спорт, өнерде де өздерін шыңдап жүр. Олардың жан-жақты болуы үшін түрлі мүмкіндіктер қарастырып отырмыз. Мысалы, мектебімізде ақысыз домбыра, дойбы, еркін күрес үйірмелері бар. Домбыра курсының жетекшісі Аббасов Анарбек мектеп оқушыларынан оркестр жинақтады. Сенсеңіз, қала бойынша мұндай домбыра оркестрі бізде ғана бар.

Күрес пен дойбы бойынша да балалар тек облыстық деңгейде емес, республикалық, әлемдік деңгейде сынға түсіп жүр. Жақында ғана күрес үйірмесінің жетекшісі Өтепбергенов Нұрархан әлем біріншілігінен күміс медалмен оралды. Сондықтан осындай көрсеткіштер тұрғанда «ауылбай» деген сөз орынсыз деп білемін.

Қарашаш Есенбай: Жақсы, ол жетістіктер үшін қуаныштымын! Енді осыны жетілдіре түсу үшін біздің білім жүйемізге қандай өзгерістер керек деп ойлайсыз?

Нұрлан Кадиров: Білім беру жүйесі қазір жаңартылған бағдарламаға толық өтіп болғандықтан, енді оқулықтарды, көрнекілік құралдарын бір жүйеге келтіру керек деп ойлаймын. Осылар бір жолға түссе, еліміздегі барлық мектептердің жұмысы ретке келер еді. Әрине жүйе мықты болған тұста, олардың нәтижесі де жоғарылайды.

Қарашаш Есенбай: Жақында тағайындалған Білім және Ғылым министрінен қандай өзгерістер күтесіз?

Нұрлан Кадиров: Күләш Шәмшидинова білім саласына енді келіп жатқан жоқ. Ол кісінің министрліктегі бұрынғы қызметтерін ескеріп, көп үміт күтетініміз анық. Өзі 2011-2019 жылдарға арналған «Даму» бағдарламасының негізін қалаған мамандардың бірі. Әсіресе, жалпы орта мектептердің білімдерін жетілдіру мақсатында көп еңбек етті. Әлемдегі дамыған Жапония, Англия сияқты елдердің білім салаларын зерртеп, оны бізге енгізіп отыр. Осы қасиеттері мен  сөз саптауын қарап, мол үміт артып отырмыз.

Қарашаш Есенбай: Енді әңгімені өзіңіз жаққа қарай бұрсақ, сіздің ұстаз болуыңызға қандай дүниелер әсер етті?

Нұрлан Кадиров: Менің мектепте жұмыс істеуіме әсер еткен — отбасым. Өйткені әкем де, шешем де мектепте ұстаз болды. Анамыз мектепті алтынға, колледж пен жоғары оқу орнын да үздік бітірген білімді адам. Математика пәнінен сабақ беріп, балаларға жан-тәнімен нәрін берген. Үйді ұмытып, оқушыларының жоғары жетістікке жетуін қалайтын, қазір зейнетте. Қазір көшеде көрген кісі мені алдымен сол ұстаздың ұлы деп құрметтейді. Анамның шәкірттері мені көргеннен сол кісінің жағдайын сұрайды, кішкентайымнан солай болатын. Сондықтан анам шәкірттерінің жүрегінен орын тапқан ұстаз деп есептеймін, әрі сондай ұстаздардың көп болуын қалаймын.  Сол кұрметтерді көргендіктен мұғалім болуға аңсарым ауған болар деп ойлаймын. Ұстаз болу деген, баланың екінші ата-анасы болу деген сөз.

 Қарашаш Есенбай: Өзіңіздің сабақ беріп, басшылық етіп қана қоймай спортқа да қызығушылығыңыз бар екенін білеміз. Осы туралы да айта кетсек..?

Нұрлан Кадиров: Өзім спорттың бірнеше түрімен айналысқанмын. Әсіресе тоғызқұмалақ, дойбы, футбол, баскетбол, валейбол, қолдобы деген сияқты спорт түрлеріне жақын болдым. Әрі осы спорт түрлерін әлі күнге дейін серік етіп келем. Осы кезге дейін тоғызқұмалақтан облыстық спартакиадада күміс медаль, дойбыдан республикалық біріншілікте күміс медаль алғанмын. Еркін күрестен де республикалық жарыстарда жүлделі болғандым. Мен ұстаз жан-жақты болуы керек және сонысымен жастарға үлгі болуы керек деп есептеймін. Сондықтан болар шәкірттерді өзім баулып, түрлі жарыстарға алып баруға тырысамын.

Қарашаш Есенбай: Шәкірттеріңіз үміттеріңізді ақтасын! Ісіңізге табыс тілеймін, сұқбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет!


ПІКІР ҚАЛДЫРУ