Наурыз айы туралы мәліметтер

0
8757

Наурыз айы

Шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Григориан күн есебінде де, жылдың алғашқы айы есебінде де, күн мен түннің ұзақтығы теңеседі. Сол себептен наурыз жыл басы болып саналған. Сонымен бірге қыстың соңы, көктемнің басы. Күн жылынып, қар еріп, жыл құстары келе бастайды. Сондықтан жылдың құт мезгілі есебінде де, жылдың алғашқы айы есебінде де, төл басы есебінде де наурызға бүкіл халық аса құрметпен қарап, оны есте қаларлық қасиетті ай есебінде бағалаған.

Наурыз күні

Наурыз — ежелгі мәдениеті дамыған елдің бірі Иранның «нау» — жаңа, «рыз» — күн, яғни жаңа күн деген сөзінен шыққаны көпке бұрыннан-ақ белгілі. Бұл қазіргі күн есебі бойынша наурыздың 22-жұлдызына сәйкес келеді. Қазақтар да бұл күнді Жаңа жыл, ырыс, береке мереке, жыл басы деп есептейді. Ұлыстың ұлы күні жұрт жұмыс істемейді, сапарға шықпайды, іс тікпейді, құрылыс, не басқа бір іс бастамайды, ешкімді ренжітпейді, дауыс көтермейді, әбес сөйлемейді. Бұл күні барлык даланы Қызыр ата аралайды.

Наурыз күні — мереке, демалыс күні.

Наурыз жыры

Наурыз мерекесінде айтылатын халық, ауыз әдебиетінің түрлерінің бір саласы. Жыр-өлең осы күнге лайықталып, мадақтау, тілек, бата, әзіл түрлерінде айтылады. Оның түрлері халық арасында өте көп тараған.

Наурыз бата

Халықта батаның түрлері көп. Соның бірі — осы Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге, осы күнге арнап «Наурыз көже» шакырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға тағы да басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді.

Наурыз тілек

Әр адам өзіне, отбасына немесе туыс-туғандары мен дос жарандарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір-бірінін үйіне кіріп дәм татады. Қай халықтың болмасын ұлттық, діни, мемлекеттік сияқты өзіне тән түрлі-түрлі мейрамдары бар.

Ұлыс күні «діни мейрам», «ескіліктің сарқыншағы»деген сияқты жала жабылып, қуғынға ұшырап асыра сілтеушіліктің салдарынан 1926 жылы тойлануын тоқтатты. Сөйтіп бұл мейрамды кейбір аймақтар мүлдем ұмытты да. Тек алпыс екі жылдан кейін ғана, 1988 жылы қайта құру мен жариялылықтың арқасында Наурыз тойын қайта тойлай бастады.

Ұлыс күнді қарсы алу арқылы жас, өскелең ұрпақтың бойына Отан сүйгіштік, табиғатты қорғау, еңбектің қадыр-қасиетін сезіну, үлкенді сыйлау, жаман әдеттерден жерігу тағы сол сияқты ізгі қасиеттерді сіңіруге болады. Оның үстіне Наурыз мейрамы екінші түрі мен түсіне бөлмейтін ортақ мереке.

Навруз, Науруз, Наурыз — Орта Азия мен Қазақстан халықтары үшін жыл басы, көктем мен еңбектің, халықтың мерекесі, береке басы бірлігі — күнтізбенің бірінші айы, бірінші күні.

Қыдыр ата

Қыдыр (Қызыр) ата бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы,ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер,әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Міне, сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұсауғаа тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп, немесе бата  беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан.

Наурыз тойы

Наурыз — шат-шадыманды ойын-сауық, той басы.»Ол күнде Наурыз деген бір жазғұтырым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен» (Абай). Кей жерлерде «наурыз тойы» деп те атады. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойын-сауықтар жасалады. Мұнда шарап ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге қатты тыйым салынған. Тойға ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт бәсекесі, айтыс, түрлі ойындар мен көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Әркім үлкендерден бата тіілейді. Наурызнама — бұрын 8-9 күнге созылатын, халықтың ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен қолданылатын ерекше үлкен жиын, той.

«Қазақтың қазақ болғалы өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы — Наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын ол кітаптың атын «Салдама» дейді. (Мәшһүр Жүсіп).  

        Наурызнамада қыз-жігіттер жиналып бас косып «ұйқыашар» әзірлейді. Ол тәтті ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз-келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны «селт еткізер» деп атайды. Бұл күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арналып жылы-жұмсақ тағамдардан «бел көтерер» деп аталатын дәм дайындалып, тартылады. Бұлардың соңы келер күні «наурыз көжеге» жалғасады.

Наурыз жұмбақ

Табиғатқа, аспан әлеміне, ауа райына, жерге, күн мен түнге байланысты айтылатын жұмбақтар осындай атпен аталған. Онда ақындар, қыз-жігіттер осы тақырыптарға ғана құбылыстарды жұмбакқа өлеңдетіп айтысатын болған. Мысалы:

Ұшарқар Айдай туып, Күндей батар

Туғанда Шабансары таң сонда атар.

Аспаннан жұлдыз тарап, Шолпан туып,

Таң райы Күнменен манауратар.

Шығыстан үркер туса егінді ор,

Батса көктен егісті егетін бол

Қырық күн, қырық түн сол Үркер көктен безіп,

Жоғалып қараңғыда шөгеді жол.

Мұндай жұмбақтар жастарды табиғат тылысымын біліп, үйренуге жетелейді.

Наурыз төл

Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар «наурыз төлі» деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, мал жанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.

Наурызкөк

Наурызкөк — наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурызкөгім келдің бе?» деп шақырады, жем шашады.

Наурызкөкті ешкім қумайды, үркітпейді, оны бақыт құсы қатарына қосады.

Наурыз есім

Наурыз күні туғандарды халық бақытты, ерекше адамдар деп ұғынған. Сондай есбеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы қазақ халқында Наурызбай Құптанбайұлы (1700-1781), Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) атгы батырлар болған. Алтын ордада Наурыз есімді хан (1859-60) болғаны тарихта белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.

Наурыз шешек

Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түрлі гүлді, қауашақты әсем өсімдік (шөп) . Әсемдік үшін үйде де өсіреді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурыз шешек «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.

Наурызша

Наурыз айында ашық күндері қолдан жасағандай ерекше ою-өрнекті әрі  жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Ол күн көзіне шашырап, жылтылдап құбылады. Анықтап қарағанда басқа қар қиыршықтарындай емес жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық «наурызша» деп атаған. «Наурызша» жаңа жылдың алдағы жылылықтың белгісі.

Саумалық

Наурыз айында жаңа жыл еніп, жер бусанып, күн күркіреп, жаңбыр жауып, көк дүркірегенде ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Оны өлеңмен айтады:

Саумалық, саумалық,

Наурызымның көк құсы

Ұйқыдан көзін ашты ма?

Саумалық, саумалық,

Самарқанның көк тасы

Жібіді ме көрдің бе?

Саумалық, саумалық,

Ескі жыл кетіп, жаңа жыл келді,

Ескі жыл есіркей кет.,

Жаңа жыл жарылқай кел —  деп бір ескі ыдысты сындырып, «жамандық кетсін» деп ырым жасайды.

Самарқанның көк тасы

Бұл да Наурыз күніне байланысты сөз. Оның бірнеше мәні бар. Бірі аңызда әйгілі астроном Ұлықбек (1394-1449) обсерваториясындағы көк тасқа  дәл 22 наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді-мыс.

Екінші, бұл күні өр адам қателігі болса, кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс. Кешірмесе «бұл күні Самарқанньң  да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен. Сол сияқты бүл күннің әлемге жыллық  әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан.

 

Келгенінше құттықтап бірін-бірі,

Куанышта көрісіп кәрі-жасы.

Көңілі түгел адамның сен келген соң,

Самарқанның елжіреп түскен тасы.        

                                    (А. Байтұрсынов).

 

Үшінші, ертеде Наурыз күнінде өз қатесін түсініп, кешірім сұраған қылмыскерлер мен жазаға ұшырағандарға да кешірім жасалатын болған. Осыдан әз Наурыздың қасиеті мен ізгілік пен жақсылыққа бастайтын ерекше күн екенін білеміз.

                                                                                                                                                   А. ТОҚТАБАЙ


ПІКІР ҚАЛДЫРУ