Наурыз мерекесі (сценарий)

0
3107

Мектеп оқушыларына арналған Наурыз мерекесі қарсаңындағы концерттік бағдарламаның сценариі.

1-жүргізуші:

Ар ма, ағайын! Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Жер жүзіндегі халықтардың бәрінің де түрлі мейрамдары бар. Шығыс халықтарының сондай ерекше мейрамдарының бірі – Наурыз.

2- жүргізуші:

Дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз құтты болсын! Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып Жаңа Жыл келеді. Ендеше, той құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ұлы мереке сіздерге тек жақсылық әкелсін!

Наурыз келді, жайраң қақты таң күліп,

Жап-жасыл болып кетті дүние жаңғырып.

Жақсылыққа жаршы болған Наурызым!

Сен өмірдің көктемісің мәңгілік!

1-жүргізуші:

Уа, халайық, халайық!

Ақ сандықты ашайық,

Бұл мереке, бұл тойдың

Шашуларын шашайық! (Шашу шашылады). («Қош келдің, Жаңа жылым!» әні орындалады)

2- жүргізуші:

Концерттік бағдарламаны бастамас бұрын оқушылардың аузынан Наурыз мерекесінің қалай тойланатыны туралы сұрайық:

1-оқушы: Жаңа жылда Қызыр баба үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады деген сеніммен Наурызға дейін адамдар үйін қағып-сілкіп, тазартып қоятын болған.

2-оқушы: Ел арасында 21 наурыз түні даланы Қызыр баба аралайды деген аңыз бар. Осыған сенген халық дәулет дарып, бақ қонсын деген мақсатпен есіктерін ашып қояды.

3- оқушы: Бұл күні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттеріне соғымның етінен пісірілген «Ұйқыашар» деп аталатын дәм дайындаған. Ал жігіттер қыздарға айна, тарақ, иіссудан тұратын сыйлықтар сыйлаған. Оны «Селтеткізер», «Діреткізер» деп атаған.

4- оқушы: Наурыз мейрамы негізінен адамдардың көрісуінен басталады. Жігіттер төңіректегі бұлақтардың көзін ашып, бұлақ басына тал еккен. Жаңа шыққа күнге иіліп сәлем берген. Ренжіскен ағайындар татуласқан.

5- оқушы: Ұлыстың ұлы күні кем дегенде жеті түрлі дәмнен тұратын  Наурыз көже дайындалады. Наурыз көжеге соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы,  қатық, сүт, бидай, тұз, су қосылады.

Дәл осы кезде төмендегі видеоларды интерактивті тақтаға қою керек:

2-жүргізуші: Мереке қарсаңында бәріміз бірге «Қаражорға» биін билейік! Бір топ қыз-жігіттер ортаға шығады, басқалары да қосылып билейді.

1-жүргізуші:

Құтты болсын әр күнің,

Сыйла, бақыт баршаға.

Сәбидің әсем шат үнін

Тыңдат абзал анаға.

Наурыз – достық,

Наурыз – күн.

Барша халық бірлігі.

Тағы келді ұлыс күн.

Жалғасып ғалам тірлігі. (Осы жерде «Көрісу» дәстүрі сахналанады). Артынан күй тартылады.

2-жүргізуші: Наурыз ұлттық мереке болғандықтан, қазақтың салт-дәстүрлері туралы айтып кету де дұрыс деп санаймыз. Ендеше тақтаға назар аударыңыздар(интерактивті тақтадан төмендегі видео көрсетіледі):

«Қамажай» биі биленеді.

1-жүргізуші: Құрметті, оқушылар енді сіздерді қазақтың ұлттық ойындарын ойнауға шақырамыз. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтарымыз бар. Ойын бастамас бұрын әділ-қазылармен таныстыра кетейік. (Мектеп мұғалімдері арасынан қазылар тағайындалады).

1. Асық ойынынан жарыс

2. Арқан тартыстан жарыс

3. Қол күрестен жарыс

4. Наурыз көже ішуден жарыс.

Қазылар жеңімпаздарды анықтап, сыйлықтар табыс етіледі. «Алға, қазақ жігіттері» әні орындалады.

2-жүргізуші:

Ерітіп қарын даланың,

Жинатып гүлін саланың.

Жетелеп жұмсақ самалын,

Келді Наурыз – жыл басы.

Күлімдеп қарап күміс күн,

Аспаның бүркіп пүліш түн.

Ұлы күні Ұлыстың,

Келді Наурыз – жыл басы!

Кезекті қазақша күйге берейік.

Ән-шашу. «Наурыз думан» әні орындалады.

1-жүргізуші: Шашу! Шашу!

Көп шашайық шашуды,

Жауғандай кеп аспаннан нөсер жаңбыр.

Уа, жамағат, теріп ал несібіңді,

Ризығың болсын көл – көсір!

2 -жүргізуші:

Қашанда құт – береке орнасын деп,

Тойларда шашу шашу — салты елімнің.

Уа, халайық! Теріп ал несібіңді,

Қабыл болсын, жамағат, ақ тілеуің!

(Кеш соңында ата-аналар дайындап келген наурыз көже таратылады)


ПІКІР ҚАЛДЫРУ