Үндістан мен Ресейдегі қазақ тілі мұғалімі

0
1397
Қазақ тілі Мәскеуде сұранысқа ие. Тіпті көрші елдің астанасын қоя тұрып, Үндістанда да қазақ тіліне қызығушылық бар екен. Бірнеше жыл қатарынан шетелде ана тілімізді оқытып жүрген Кәмшат Шахатова осылай дейді. Тіл жанашыры сырттағы азаматтардың неліктен қазақша сөйлегісі келетінін егжей-тегжей баяндап берді.

Кәмшат Шахатова – филолог, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі. Қазір Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде оқытушы, осы білім ордасындағы Қазақ тілі мен мәдениеті орталығының меңгерушісі.

Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті Ресейде шет тілдерін оқытудың басты әдістемелік орталығы саналады. Білім ордасының негізі 1930 жылы қаланған, ал қазіргі бас ғимараты 1764 жылы, яғни 255 жыл бұрын салынған. Осы күнге дейін оқу орнының атауы бірнеше рет өзгерген. Бүгінгі таңда университетте 36 шет тілі оқытылып, көптеген тіл және мәдениет орталықтары жұмыс істейді. Лингвистикалық университет әлемнің 32 елінің 91 жетекші жоғары оқу орнымен әріптестік орнатқан. Әріптестер қатарында Қазақстан да бар.

«Білім ордасының басқалардан ерекшелігі – бұнда ТМД елдерінің тілі мен мәдениеті оқытылады, арнайы орталықтары да жұмыс істейді. Оқу орнында ең бірінші болып армян тілі орталығы, одан кейін қазақ тілі мен түрік, өзбек сияқты басқа тілдердің орталықтары ашылды. Қазақ тілі мен мәдениетінің орталығы 2003 жылы жұмысын бастады. Биыл орталығымызға 16 жыл толды. Университетте ТМД елдерінің тілдері, оның ішінде қазақ тілі екінші шет тілі ретінде оқытылады. Оларды көбінесе аударма ісінің студенттері, болашақ журналистер, саясаттанушылар мен халықаралық қатынастар мамандығының студенттері оқиды. Тілдерді әр мемлекеттен арнайы шақыртылған оқытушылар үйретеді. Қырғызстан, Өзбекстан, Армения мен басқа да елдерден келген ұстаздар бар. Ал Қазақстан өкілі — менмін», — дейді Кәмшат Шахатова.

Маманның айтуынша, оның Лингвистикалық университетте жұмыс істегеніне бес жыл болды. Осы уақыт бойы студенттерге қазақ тілін оқытып, Қазақ тілі мен мәдениеті орталығының жұмысын жалғыз өзі жүргізіп келеді.

«Қазір тоғыз студентім бар. Тоғызының бірі – марийилік, екіншісі – армян, қалғандары – орыстар, жергілікті тұрғындар. Биыл олар үшінші курста оқиды, жалпы төрт жыл оқып, бітіріп кетеді. Сосын тағы да жаңадан топ келеді. Өткен жылы қазақ тілі магистратурада да оқытылды. Барлық студенттерім белсенді, қазақ тілін ынтамен оқиды. Наурыз мерекесінде қазақша өлең айтып, би билегенді де жақсы көреді. Негізі бұрын Мәскеуде Ресейдегі қазақтардың «Мұрагер» ақпарат-мәдениет орталығы жұмыс істеп, онда қазақ тілі, домбыра курсы мен театр болған. Бұл орталықта алғаш рет қазақ тілін үйретуді қолған алған — Ресей азаматы Әлия Шүриева. Ол өзі сол кезде студент болса да, қазақпын ғой деп, Мәскеудегі қазақтарға ана тілін оқыта бастаған. Қазір ол Қазақстанда тұрады, еліміздің азаматына тұрмысқа шықты. Ал театр жұмысын Ерзия Ертілес деген қыз бастап кетсе, домбыра курстарын Бекзат пен Сәния деген жастар қолға алған еді. «Мұрагер» сияқты бүкіл Мәскеуді қамтитын орталықтың жұмысын да жандандыруға болушы еді. Бірақ бұл жұмысты қайта дөңгелетіп әкету үшін өте мықты адам керек. Мен бұны өз жауапкершілігіме ала алмаймын. Бұған өте көп еңбек пен күш қажет. Ал қазір мен қолымнан келгенімше Лингвистикалық университеттегі Қазақ тілі мен мәдениеті орталығында еңбектеніп жатырмын. Қазақстанның Ресейдегі елшілігімен тығыз байланыстамын. Біз бірлесіп, студенттерді елімізге жіберуге тырысамыз. Өткен жылы наурызда студенттерім бір жарым айға Қазақстанға барып келді. Президент қоры елшілік арқылы жолақыларын бәрін төлеп берді. Мақсатымыз – елімізді барынша таныстыру, тілмен бірге мәдениетін, тарихын көрсету. Қазақстанды көрген студенттерімнің ойы тамаша. Олар маған биыл да барғымыз келеді дейді. «Москва қазақша» жобасын жүргізетін, қазақ тілін еркін меңгерген екі орыс қызым да бар. Олар оқуды бітіріп кеткен, бірақ әлі де елімізді көруді армандайды», — дейді Шахатова.

Мұғалімнің айтуынша, Мәскеуде қазақ тіліне сұраныс бар. Ол жексенбі сайын қосымша сабақ беретінін де айтты. Оқушыларының қатарында бала да, қарт та, орыс та, қазақ та бар екен.

«Көбінесе бизнестегі азаматтар оқиды. Оларға қазақ тілі Қазақстанмен байланысты нығайтып, бизнеспен айналысу үшін керек. Ана тілін білмейтін қазақ студенттері де келіп оқиды. Мысалы өткенде екі қазақ студенті келіп тұр. Жастар кавказдықтармен араласады екен. Олар «кавказдықтар өз тілдерін біледі, біз де білуіміз керек. Сол үшін келдік» дейді. Қазақ тілін түрлі себеппен оқиды. Түрлі тағдырлар да бар. Мысалы, менің 56 жастағы Айгүл деген оқушым бар. Немерелері бар. Айгүл апамыздың әкесі қазақ, анасы орыс екен. Бұрын анасы Ресейге алып кеткен, әкесін көрмеген. Кейін есейген кезінде анасы «әкең – қазақ» деген. Сосын ол «Жди меня» бағдарламасы арқылы Қазақстаннан туыстарын тауып, Павлодарға барған. Сол жақта оны таңғы сағат төртте туыстары қарсы алған. Бір-бірімен жылап көрісіп, бірнеше күн қонақта болып, елден кетерде де жылап қоштасқан екен. Сөйтіп, Айгүл апамыз жазға дейін, Қазақстандағы тәтесінің туған күніне қазақ тілін үйреніп келемін деп уәде берген екен. Қазір сол үшін қазақ тілін оқып жатыр. Сабағы өте жақсы, топтың үздік оқушысы», — дейді ол.

Ұстаздың айтуынша, қазақша үйренгісі келетін мәскеуліктер «оқытушылар аз, оқыту бағасы қымбат» дейді. Сол себептен Кәмшат Шахатова Мәскеу сияқты үлкен мегаполисті барынша қамту үшін тегін онлайн курс бастауды ойластырып жүр.

«Оқығысы келетіндер көп. Бірақ, барлығы қазақ тілін бес минуттың ішінде үйреніп алғысы келеді. Мен оларға «қазақ тілі де басқа тілдер сияқты, оған да уақыт керек, күш жұмсау керек» деп айтамын. Сондықтан, меніңше, онлайн курс болсын, басқасы болсын, жылдам үйрететін тиімді әдістемені негізге алу қажет. Тағы бір айтарым, Ресейде еңбекақым аса жоғары емес. Бұндай жалақыны Қазақстанда да табуға болады. Бірақ мен тәжірибе жинақтау үшін, басқа елдерде қазақ тілінің жағдайы қандай екенін көру үшін келдім. Бұған дейін Үндістанда жеті ай жұмыс істедім. Сол елдің университетінде қазақ тілін басынан бастап оқыттым. Ол жақта бес студентім болды. Олар қазақ тілін өздері таңдап, тілге деген қызығушылығы жоғары болды. Қазір Үндістанда маман жоқ, оларға маман керек. Өкінішке қарай, сол елде мұғалімге төленетін жалақы аз. Меніңше, біздің елшілік, университеттер, жалпы, Қазақстан тарапы соларды оқытуға мұғалім жіберуге немесе студенттерді білімін жетілдіру үшін елімізге шақыруға мүмкіндік жасау керек», — дейді Кәмшат Шахатова.

Оның айтуынша, Қазақ тілі мен мәдениет орталықтары Армения, Германия, Қытай мен басқа да бірқатар елде ашылған. Бірақ көбінде жұмыс жүргізілмейді.

«Ана тіліміздің көмегімен көп жұмыс атқаруға болады. Мысалы, елімізге деген қызығушылықты арттыруға, студенттерді тартуға болады. Армения астанасы Ереванда орталық бар, бірақ мұғалімнің жалақысы төленбеген соң жұмысы тоқтап тұр. Еңбекақысы төленсе, кез келген мұғалім барып, қазақ тілі, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің беделін көтеруші еді. Сөз соңында Еревандағы бір жақсы бағдарламаны мысалға келтіргім кеп отыр. Ол жақта дүние жүзіндегі бүкіл армяндардың басын қосатын жазғы мектеп бар. Бұл мектепке басқа елдерде, мысалы АҚШ-та, Еуропада тұратын армяндар өз балаларын жібереді екен. Осындай жоба балалардың ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білуі үшін жасалып отыр. Бізге де армяндардан үлгі алып, бір айға болсын жазғы мектеп ұйымдастырып, оған қазақ тілі курсымен бірге домбыра сабағын қосуға болушы еді», — деп ойын түйіндеді Кәмшат Шахатова.

Қымбат Елтайқызы
BAQ.KZ порталы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ