Үнімді есті

0
642
Мен қауіпті ауданда тұрамын. Соның кесірінен болса керек, 5 жасымнан көшеде ер адамдар өз әйелдеріне қол көтеріп, соққыға жиып жатқанының жиі куәгері болғанмын. Тіпті бір рет менің қасымдағы әйелге күйеуі пышақпен жүгірген соң, анам үйдегі барлық үшкір/өткір заттарды үнемі тығып қоятыны да есімде.

?БҰҰ-ның зерттеуіне сәйкес, әртүрлі елдерде пандемия кезінде гендерлік зорлық-зомбылық деңгейі 33%-ға дейін көтерілген.

?Қазақстанда биылғы қаңтар айында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша 130 өтініш түссе, төтенше жағдай жарияланғаннан бастап осы күнге дейін көмек сұраған 500-ден астам қоңырау мен 120-дан астам смс өтініш келіп түсіпті. Бұл статистикаға енбей, айтылмай кеткені қанша екенін елестетіңізші?

Проблематика неде?
⁃ Агрессордың қол жұмсауды қалыпты құбылыс деп санауы.
⁃ Өзінің “қожайын” екенін дәлелдегісі келуі.
⁃ Пандемия уақытында төрт қабырғаға қамалған ерлі-зайыптылар стресс, күйзеліс, жұмыссыздық, рухани құндылығын жоғалту, ақшаның жеткіліксіздігі, ішімдікке салыну мәселеріне тап болуы. Сәйкесінше сабырлығы қыл үстінде тұрған қос аққу бір-біріне агрессия толқынын жаудырады.

Көп ер кісілер қазір “қандай болса да жақсы көремін” деудің орнына, “бір жанұя болған соң тәрбиелеп, өзгертіп аламын” деген идеологияны ұстанады. Бірақ бағындыра алмағанын түсінген соң, барлық кінәні өз әйелінен көруге бейім.

“Менің ұрғаным дұрыс — өзі мені ашуландырды. Әйел адам өз орнын білуі керек!” Жоқ. Эмоцияңды бір сарынға жиып, жалғыз жарыңды аялай алмасаң, онда сенің жануардан еш айырмашылығың жоқ.

Әйелдердің құқықтары немесе гендерлік теңдік қазіргі кезде азаматтық қоғамның шағын тобын ғана алаңдатады. Тіпті әйелдердің өзі де осы мүшкіл жағдайға көніп кеткен.

Құрметті ерлер қауымы, үнімізді естіңіздерші! Біз — өзіндік ойы, қалауы, арман-мақсаттары бар жанбыз.

Біз — өміріміздің соңына дейін үй шаруашылығы үшін арнайы жалданған жұмысшы емеспіз.

Қанша жерден “ашуымды келтірдің, миымды жедің” десеңіздер де, бізге қол көтеріп, басынсынуға ешкімнің құқығы жоқ.

Біз ешкімнің жеке меншігі емеспіз!

Өтеп Жібек


ПІКІР ҚАЛДЫРУ