Қоғам және жастар

Біздің бүгінгі тәуелсіз қоғамымыз бен егемен еліміздің негізгі үміті – жастар. Жастарға сенім арту – барлық қоғамға тән құбылыс. Бүгінгі жастар – келешек ұрпақ. Қоғам дамуының алғы шарты — адам факторы, адамның білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты, қазіргі жастардың білім алуына, таланты мен дарынына орай ғылымға келуіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан іс-шаралар, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жастар – ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші, қоғамның жемісті дамуының кепілі.  Қазақстандықтар – жас ұлт: республиканың әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған жастар. Мемлекет әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан, жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасаудың барлық шараларын қолдануда. Мысалы, жас мамандарды еңбек нарығында қамтамасыз ету жолындағы мемлекеттік бағдарламалар, ауыл жастарына берілетін көп салалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектер, жетім балаларға және мүгедек жандарға көрсетілетін көмек түрлерін атап өтуге болады.  Қазақстанның болашағы Қазақстан жастарының даму деңгейімен, олардың қоғамға ықпал етуімен байланысты, болашақтың негізі бүгін қаланады.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ