Оқушылардың каллиграфиясын жетілдіру

0
4317
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Бүгінгі оқушы-еліміздің ертеңгі болашағы. Келешекте түрлі саланың мамандары атанады. Ал, қазіргідей бәсекелестік кезеңінде сауатты маманға сұраныс қай жерде де жоғары.

Сауаттылықтың басты белгілерінің бірі көркем жазуынан байқалады. Кез келген мекемеге барған кезде «Түйіндемені өз қолыңмен жазып қалдыр» деген сәтте, тосылмастан маржандай тізілген әріптермен толтырып бергенге не жетсін. Содан-ақ, алдына келген жастың қарым-қабілетін байқауға әбден болады.

Расымен-ақ, «тайға таңба басқандай» анық та әдемі жазылған жазуларды көрсе кім де болса сүйсіне қарап, иесін көрмесе де жағымды пікірде қалатыны белгілі. Өйткені, моншақтай тізілген түп-түзу әріптер-тиянақтылық пен ұқыптылықтың белгісіндей көрінеді.

…Әлі күнге дейін алғашқы ұстазым мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген мұғаліміме алғысымды айтумен келемін. Олар сабаққа кірген кезде алдымен қаламсабымыз бен дәптерімізге қарайтын. Түрлі қаламсаптардың шығып жатқан кезі. Сиясы да өте қанық. Біз сонымен жазғанды қалаймыз. Бірақ, тәртіпке үйренген дағдымызбен қанық бояулы қаламсапты дәптерімізге жолатпаймыз. Оны сезетін мұғаліміміз: «Сендердің қаруларың-қолдарыңдағы құралдарың. Ал, кез келген адам дәптерлеріңнің ішіндегі жазуларыңды көріп-ақ бағасын береді.

Сондықтан, әр нәрсеге еліктей бермей, ашық түсті, жіңішке жазылатын сиямен жазуларың керек» деп апта сайын қайталаудан жалықпайтын. Сондай-ақ, қатесінен бұрын жазуымыздың көркемдігіне қарайтын. Бір әрпіміз қисайыңқырап немесе боялып тұрса, қызыл сиямен сол сәтте түзетіп, тіпті астына ережесін де ерінбей жазып қоятындықтан, барынша көркем жазуға тырысатын едік. Оның пайдасын көріп келеміз. Қазір өзім де ұстазбын. Оқушыларыма да сондай талап қоямын. Дегенмен, заман ағымына қарай оқушылардың да психологиясында өзіндік ерекшеліктері қалыптасқандығы жасырын емес.

…Еліміз егемендік алып, қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде білім беру саласында да жаңаша талпыныстарға жол ашылды. Мектепалды даярлық сыныптардан бастап сауат ашуды, жазуды, тіпті шет тілін үйретуге бет бұрылды. Заман талабына сай ақпараттық технологиялардың даму қарқынының басымдылығы сонша, барлық жазу үрдісі компьютермен қамтылған. Ашығын айтқанда оқушы да көп уақытын компьютердің алдында өткізетіндіктен, қолымен жазуға ерініп, жай нәрсенің өзін компьтермен жазғанды оңай көреді.

Мұғалімдердің де соған үйренгендіктері соншалық, көбіне: «Интернетте қарап, шығарып әкелелерсіңдер» деп тапсырма беретіндіктен, қолмен жазылмайды. Бұл-оқушыны жалқаулыққа, «дайын нәрсеге тік қасық болуға» жетелейді. Кітапханаға барып ізденіп, кітаптан қарап, қағазға жазып, қатесін түзеп еңбектенгенде ғана сауаттары артып, жазулары көркем қалыпта болады. Тіпті, дәптер мен күнделіктің сыртын да компьтермен жазуға үйрендік. Әр бала өзінше бір әлем. Әрқайсысының мінез-құлқы өзгеше. Сондықтан, өз қолымен толтырғанға не жетсін деп ойлаймын. Себебі, ол да жауапкершілікке жетелейді.

Мектептегі оқыту үрдісі сауат ашудан басталатыны белгілі. Сауат ашу жұмысының негізгі мақсаты-балаға хат таныту, яғни, оған жазу мен оқуды үйрету. Сауат ашу-аса жауапты да, күрделі жұмыс. Өйткені, сауат ашу кезінде оқушылар дыбысты әріппен таңбалайды, сонымен бірге каллиграфиялық тадапқа сай жазуға дағдылануы тиіс. Демек, сауат ашудың міндеті-әріпті жаза білуге үйрет ғана емес, оның әрбір элементін дұрыс сақтауға, дәптерге қалай болса дұрыс жазбай, оңға қарай, біркелкі көлбеу, таза, анық жазуға машықтандыру. Осы талаптарды орындау негізінде оқушының көркем жазу дағдысы, яғни, каллиграфиясы қалыптасады. Сондықтан, оқушыны мәнерлі жазуға баулуда оқытудың бастауыш буынының алатын орны ерекше.

Жазу мәнерлерінің әдемі болып қалыптасуына бастауыш сынып мұғалімдері жауапты. Бастауыш сыныптарда сауаттылықтың алғы шарттары жазу ережелерінің дағдысы қалыптасады.      Әдемі жазу-сауаттылықтың белгісі әрі өнер. Таза, анық, әдемі жазуды оқу да жеңіл, ойын түсіну де оңай. Мектепке алғаш келгеннен оқушының жазуына көңіл бөлмеу көп жағдайда оның өз ісіне салдыр-салақ қарауына, жауапкершілікті сезінбеуіне әкеліп соғады. Ал, таза әдемі жазуды талап ету оқушының әсемдік сезімін оятып, мінез-құлқын тәрбиелеп, ұқыптылыққа үйретеді. Сол үшін, жазу сабағы 1-сыныптан бастап талапқа сай өтуі тиіс. Мысалы: әріп элементтерін жазуда дәптер жолына қалай болса солай ұзынды-қысқалы созбай, жан-жағына қисайтпай, оңға қарай сәл көлбеп, сөздердің арақашықтығын сақтап жазуды үйрету керек.

Оқушы әдемі жазуға баулуда әр түрлі жұмыс тәсілдерін қолдануға болады. Әріп үлгілерін көрсетіп, қателерін түзетіп қадағалап, оған қосымша жаттығулар беріп отыру керек. Жасыратыны жоқ, кейбір мұғалімдер өздерінің жазуы жөнді болмағандықтан, оқушы дәптеріне үлгісін дұрыс көрсете алмайды. Мұғалім қалай жазып көрсетсе, оқушы соған бейімделеді. Ал, тәжірибесі аз жас мұғалімдердің көбісі сауат ашу кезеңі аяқталған соң, тек мәтінді оқытуға көңіл бөлетіндіктен, оқушылардың каллиграфиялық машықтары назардан тыс қалады. Бастауыш сыныпта сауаттылықты және мәнерлеп жазу дағдысын жете меңгерген оқушы жоғары сыныптарда да солай қалыптасады.

Көркем жазудың ойдағыдай болуына гигиеналық талаптар мен сынып жиһаздарының дұрыс орналасуы, тақта мен парта арасындағы қашықтықтың сақталуы, жарықтың дұрыс түсуі, партаның оқушы бойына сәйкес болуы немесе оның жазу кезіндегі ыңғайлылығы, оқушының партаға дұрыс отыра білуі, дәптер мен көру арақашықтығын сақтауы мен жазу құралдарын тиімді пайдаланудың маңызы ерекше екендігін әрбір мұғалім білуі және сол талапты сақтауы тиіс. Жете көңіл бөліп қадағаламаса, яғни, дер кезінде оқушының жазуын жөндеуге назар аударылмаса, сол қалпында қалуы мүмкін. Ал, кейін кештеу болады.

Барлық оқушы бірдей емес. Ойлау қабілеттері де әр түрлі. Сондықтан, жазу каллиграфиялары да әр түрлі. Біреуі өте жақсы, енді бірі нашар жазады. Ал, нашар жазатын оқушылармен жеке жұмыс жүргізу қажет. Жазу жұмысын жақсарту үшән мұғалім оқушы дәптерін жүргізуге қойылатын негізгі талаптарды, яғни, ұқыпты және түсінікті етіп жазуды, 1-4-сыныптарда жазба жұмысының мәтіні мен тақырыбын көрсетілген бетте азат жолдан бастап, әр күнде орындалған жұмыстан соң немесе әрбір аяқталған мәтіннен кейін қазақ тілі дәптерінде төрт көз тастап жазып отыруды қадағалау керек. Кейбір оқушылар тез жазамын деп жазу каллиграфиясын бұзады. Сондай-ақ, жазудың ауытқуына невроз, көз ауруы, ревматизм сынды түрлі аурулар да себеп болады. Мұндай кезде мұғалімнің бақылауынан тыс қалмауы керек. Тіпті, қосымша сабақтар ұйымдастырып, оқушының жағдайына қарай отырып, талап деңгейінде еңбектенсе ғана нәтижеге қол жеткізеді.

Өз тәжірибемде байқағанымдай, тағы бір мәселе-оқушының үй жұмысын орындауына ата-аналар тарапынан жете көңіл бөлінбейтіндігі. Сыныпта әп-әдемі жазатын кейбір оқушының үй тапсырмасындағы жазуын көргенде өз көзімізге өзіміз сенбей қалатынымыз да рас. Бұл-ата-аналардың немқұрайлылығының бір көрінісі. Бастауыш сынып оқушысы үйден де көп көмекті керек етеді. Емлелік қателерді есептемегенде, бір мәтіннің өзін әр түсті сиямен жазып, азат жолды қалдырмайтындығы келе-келе қалыпты әдетке айналып кететіні белгілі. Ата-аналарға жазу жұмыстарын жарық та таза жерде асықпай орындау үшін баласына жетек көңіл бөлуі тиіс екендігін де жиі айтқан оңды. Мұғаліммен тығыз байланыс жасап отырса, екі жақты үйретудің оң нәтижесін беретіні анық.

Жазуына қарап та адамның мінез-құлқын шамалап білуге болады деп жатамыз. Әр баланың мінезі әр түрлі. Өзіндік мінез-құлықтарына сай жазулары да түрліше қалыптасады. Осы кезде де абайлап, жылы сөзбен қанаттандыра отырып, көркем жазу дағдыларын түзеуге болады. Мектеп психологінің көмегі де осындай кезде керек.

Күн сайын оқушыларымның дәптерін тексергенде, көркем жазуларына ерекше мән беремін. Сәл дұрыс таңбаланбаған әріптерін қосымша дәптерлеріне жазып, жеке сөздер мен сөйлем құрауды тапсырып отырамын. Үйге ізденуге тапсырма бергенде, міндетті түрде қолмен жазуларын тапсырамын.

Қорыта келгенде, мұғалім уақытпен санаспай, ерінбей-жалықпай тер төккенде ғана оқушылардың жазу каллиграфиясы дұрыс қалыптасады. Мұғалім еңбегінің нәтижесі шәкіртінің сауаттылығымен өлшенеді десек, талапқа сай ізденіспен жұмыс жүргізе білуіміз қажет.

Садықова Сәнімкул Серікбайқызы

Қызылорда облысы, Арал қаласы №2 Облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернатының бастауыш сынып мұғалімі

 

Басқа материалдар


ПІКІР ҚАЛДЫРУ