Оқушыларды сын тұрғысынан ойлауға үйрету

0
1600
Менеджмент қағидасында мектепішілік басқару дағдыларын жетілдіру, педагогикалық квалиметрия әдістері

Сын тұрғысынан ойлаудың ХХl ғасырдың оқыту талаптарын қанағаттандыратын, біздің нені оқып, нені түсінгіміз келіп жатқанымызды тереңірек түсіндіретін дағды екендігін бәріміз білеміз. Дегенмен, сыни  тұрғыдан ойлау  дегеніміз  не?  Біз бұл кең ұғымды дұрыс  түсініп  жүрміз  бе?

Бұл  қойылған  сұрақтарға  жауап беру  кімге болса  да  оңайға соқпасы  анық. Себебі, бұл термин  өзінің бойына шеберлік, әрекет түрлері, құндылықтар т.с.с. түрлі параметрлерді сіңіріп алған. Жалпы шет тілдері сөздігінде «критический» деген  сөз  екі  мағынаны береді: а) сынау, сыни қарау.  б) қиын қыстау( кризис).

Қазіргі жағдайда біз аударманың бірінші түрін – сыни қарау деп   қолданып жүрміз. Бірақ, бұл  қаншалықты  дұрыс. Мұғалімдер нұсқаулығында “Сын тұрғысынан ойлау «ойлау туралы ойлау» деп  түсіндірілген. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды…” деп айтылған.

Америка философы, әрі педагогі Джон Дьюи сын тұрғысынан ойлау оқушылар тек нақты бір мәселемен айналысқанда ғана пайда болады деп есептейді. Дьюидің айтуы бойынша мәселелерге ерекше көңіл аудару оқушылардың табиғи әуесқойлығын оятып, оларды сын тұрғысынан ойлауға итермелейді. “Нақты бір мәселені қарастырып, қиын жағдайдан  шығудың жолын өзінше іздеу арқылы оқушы шын мәнінде ойланады”.

Біздің білетініміз сын тұрғысынан ойлау – сынау емес. Сондықтан біз оны біріншіден, жоғарыда көрсетілгендей  «ойлау туралы ойлау» яғни  қандайда бір қортынды ойдан жаңа бір ойды, жаңа бір идея шығаруды немесе тығырыққа, тұйыққа тіреліп, шешуші жауабын таппай жатқан жағдайдағы “ойтолғау” ретінде  қарастырғанды  дұрыс деп санаймыз. Екіншіден, сын тұрғысынан ойлау —  дамудың, алға  жылжудың, өсудің  жолы  және кілті.

Философияда “қарама – қайшылық” деген ұғым бар. Қарама-қайшылық – дамудың тетігі. Даму дегеніміз қарама-қайшылықтың пайда болуы, оның шешімінің табылуы және жаңа қарама-қайшылықтың пайда болуы. “Сын тұрғысынан ойлау” мен “қарама-қайшылық”бір-бірімен астарласып жатыр. Қарама-қайшылық қоғам мен ғылымның дамуына және оның проблемаларын шешуде басты рөл атқарып, олардың даму тетігі болса, сыни тұрғыдан ойлау оқушының өзіндік ойы және оқушыны жаттанды білімнен құтқарудағы басты әрекеттің бірі. Сыни ойлаудың ең кереметі кез келген анықтаманы, теорияны немесе қорытынды ойды соңғы деп қарастыруға болмайтындығында. Ендеше сыни ойлауда дамудың бірден – бір тетігі.

Сын тұрғысынан ойлайтын адам басқа біреудің көзқарасымен барлық уақытта келісе бермейді. Дегенмен, оның басқаның пікірмен келісуге не келіспеуге толық құқығы бар, бұл біріншіден. Екіншіден, білімге, ойға, мәселелерге күмәнмен қарау да  сын тұрғысынан ойлауға алып келеді.  Басқалардың идеяларына күмәнмен қарауды – олардың ойына сенімсіздікпен қарап оны  теріске шығару емес, басқаның ойынан ой тудыру деп түсіну керек. Сын тұрғысынан ойлаудың бір ерекшелігі идеяның ерекше болуы міндетті емес, тек ойлау өзіндік сипатқа ие болғанда ғана сын тұрғысынан ойлағандық болып есептелінеді. Сондықтан күнделікті оқу жағдайында оқушыны сын тұрғысынан ойлауға үйрету үшін одан ешкімге белгісіз жаңа идеяны талап ету ол — астамшылдық. Оқушы белгілі нәрсені, белгілі теорияны не  шығарманы оқып, түсініп, сол теорияға басқа көзқараспен, басқа  таныммен қарап, өзіндік ой-толғау жасаса немесе тақырыпты оқып, өзгеше қорытынды рефлексия жасап жатса, бұны да сын тұрғысынан ойлау деп түсінуге болады. 

Әлемдегі өзгерістер оқушылардан “есте сақтауды” ғана  емес, “ойлау немесе ойтолғау” қабілеттерін дамытуды талап етіп отыр. Ойлауды қажет етпейтін өмір сүру сферасын  табу мүмкін де емес. Ойлау – бұрын игерген білімімізді  пайдалана отырып жаңа білім құру үшін қажет, яғни ойлау арқылы біз барлық уақытта  бұрынғы біреудің құрған біліміне сүйене отырып, жаңа білім құрамыз. Сондықтан да ойлау оқу процессінің негізгі бөлігінің бірі болып қалмақ. Өкініше орай, көпшілігімізге қалай  нәтижелі ойлау керек екендігін ешкім үйретпеді.Біз мектептерде оқушылардан жаттап алуды,  есте сақтауды, фактілерге  анализ жасауды, тапсырмаларды орындауды талап етіп, бірақ оны қалай жасау керектігі туралы ойлауды білім алушыларға жеткілікті түрде түсіндіріп жатқан жоқпыз.

“Сын тұрғысынан ойлаудың» – “шығармашылық ойлау” мен  “рефлексиядан” айырмашылықтары мен ұқсастықтары бар.  Ойлаудың осы аталған үш түрінде ортақ  қасиеттер өте көп. Мысалы, үшеуі де дербес және жеке өзіндік ойлау, үшеуі де жаңашыл яғни қойылған сұраққа тың, жаңа, бұрынғыны қайталамайтын жауап іздейді.Көптеген басылымдардағы осы терминдерге берілген анықтамаларды салыстыра отырып бір – біріне  қарама – қарсы да анықтамаларды кездестіруге болады. Біз шығармашылықты сезімталдықпен және интуициямен сипатауға болатындығына ешқандай күмәніміз жоқ. Себебі, шығармашылық – ақын-жазушылар мен өнер адамдарына тән қасиет. Ал, синергия шығармашылықтан гөрі сын тұрғысынан ойлауға келеді деген пікір айтқымыз келеді. Синергия – бір  – біріне қатысы жоқ екі саладан (нәрседен) жаңаны ойлап шығару. Бұған мысалы ретінде, Иоганн Гутенбергтің баспа білдегін (печатный станок) бұрыннан белгілі бірақ, бір – біріне ешқандай қатысы жоқ жүзім сыққышы мен тиын шақасына арналған қалыпты біріктіру нәтижесінде ойлап тапқанын келтіруге болады. Біздер қалыптасқан әдет бойынша жіберетін үлкен қателігіміз, проблеманың алғашқы шешіміне тоқталып қалатынымыздықта, соның нәтижесінде басқа альтернативті шешімді іздемейміз. Сондықтан, сын тұрғысынан ойлауда  біздің білетінімізге қарағанда білмейтініміз маңызды және шешуші рөл атқарады. Проблемаларды шешуде, сын тұрғысынан ойлау  — бұрынғы қатып қалған көзқарастардан бас тартып  жаңа идеяларды ұсыну арқылы жаңа мүмкіндіктерді  көруге апаратын ойлау. 

 

Басқа материалдар


ПІКІР ҚАЛДЫРУ