Оралхан Бөкей шығармаларының тілі
Қазақ әдебиетінде алпысыншы жылдары өз өрнегімен ерекшеленіп келген жазушылардың бірі — Оралхан Бөкей. Жазушы өзінің азғантай ғұмырында жазу шеберлігі мен өнердегі ізденістері арқасында оқырмандардың зор сүйіспеншілігіне бөленген ұлы суреткер. Қаламгер «Кербұғы», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Құм мінез», «Жетім Бота», «Бәрі де майдан», «Қар қызы», «Өліара», «Сайтан көпір» т.б. сынды көптеген повестері мен әңгімелері, «Өз отыңды өшірме», «Атау кере» сынды романдары арқылы асқарлы биікке өзін де, туған елін, әдебиетін де шығарып, қазақ әдебиетіндегі ұлы суреткер ретінде әлемге танылды.
Автор шығармаларының әрбір жолынан ең алдымен туған жеріне деген махаббатын көре аламыз. Шығармаларындағы кейіпкер болмысын табиғатпен байланыстыра суреттеу арқылы таныту – жазушының өзіндік бір қыры. Жазушы шығармаларында адам мен табиғат арасы ажырамас бірлікте болып, кейіпкердің жан күйзеліс сезімі табиғат құбылыстарымен егіз бейнеленеді. Оралхан Бөкейдің романтикалық пейзаждарындағы табиғат адамға тән сезімдер мен мінезге ие болады. Жазушы табиғатқа адам іс-әрекетін береді. Ал мұндай тәсіл – романтизмге тән белгілердің бірі.
Кейбір зерттеушілер Оралхан Бөкейдің шығармашылық өсу жолында романтизмнен реализмге қарай бет бұру байқалады дейді. Бірақ осыған қарап жазушының шығармашылық өсу жолында романтизмнен реализмге қарай толық көшу деп түсінбеу керек. Оралхан Бөкейдің даусыз реализмін мойындай отырып, біраз зерттеушілер оның алғашқы шығармаларындағы романтикалық сарын кейіннен реалистік прозаға ұласты деп пайымдап жүр.
Оралхан Бөкей шығармаларында ылғи да жауабы жоқ сұрақтар қоя отырып, оқырманды терең ойдың шыңырауына тастап жібереді. Жазушының осындай оқыған жанның тыныштығын бұзып, ойландыратын жауапсыз сауалдарға толы шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Атау кере» романы. Шығарма бүкіл адамзаттық мәселерді қозғай отырып, адамзатты ғасыр дертінен сақтандыру мақсатын көтереді. Повестегі Шал образында романтизм сарыны байқалады.
Жазушы Шал образын беруде өмір шындығына деген өз көзқарасын таныту, өзінің ойдан жасалған әлемін көрсету мақсатында жоғарыда сөз еткен романтизмнің тәсілдерін пайдаланады. Шалдың қаймана жұрттан қашып тіршілік кешуі, Қозы және Баян есімді балаларды бірін Шығыстағы, бірін Батыстағы балалар үйінен алып келіп асырауы, ағалы-қарындастай болып кеткен балаларды өскенде қоспақ ойы — бәрі де тұнып тұрған романтизм. «Адам-орманның ортасында жүріп күнәға батқанша, ағаш-орманның арасында таза өскеніне не жетсін. Мен қазақтың атом апатынан да, бүлінген ауадан да; ішімдік пен аяқтан шалар ағайын алауыздығынан да ада, таза да тәкаппар ұрпағын тәрбиелеймін. Иә, пәле – қала, өсек – жаладан… меңдуан жегендей желіктірер әуен мен әумесер қылар айғай-шудан да алып қашып отырмын», — дейді Шал. Мұның өзі романтизм қаһармандарына тән қасиет.
Жазушының романтикалық дүниетанымынан хабардар ететін тағы бір шығармасы – «Өліара» повесі. Бұнда жазушы адалдықты, тазалықты ұлықтап, рухани байлықты материалдық дүниеден жоғары қоятын гуманистік ой тастайды. «Өліара» повесі – оқырманды селқос қалдырмай, әр адамның ішкі жан дүниесіне әсер етіп, ойға қалдыратын эмоциялы шығарма.
Басты кейіпкер – еңбек адамы, Қойшы. Жазушы оны қарапайым, адал адам деп көрсетеді. Бір қарағанда сыртқы тұлғасында ешқандай ерекшелік жоқ. Бірақ оны басқалардан ерекшелейтін қасиеті – оның рухани бай әлемі. Ол бейкүнә сәби сияқты пәк, жаны таза, еңбекті бағалай білетін адал адам. «Дүниедегі ең мықты, керемет Әйел – қаншалықты қорлық-зорлық көріп, өзегі талып өртенсе де, жер басып тірі жүрген күйеуінің – азаматының көзіне шөп салмаған әйел», — деп ойлайды ол.
Жазушы бұны шығармада былай көрсетеді: «Қойшы жанталасып ықылық атқан Әйелінің кеберсіген ернін осы сәтте тұңғыш рет сүйді де: «Мен саған сенемін, — деді күбірлеп, — менің екі-ақ асыл дүнием бар, үшіншісінің тағдыры соған байланысты. Бірі – сенім, ол – сен; екіншісі – үміт, ол – тұңғыш ұлым, үшіншісі – төзім; алғашқының бірі жоғалса, төзімім де құрымақ…».
«Өліара» шығармасы – романтикалық сипат береді. Белинский: «Жалпы романтизмнің мәні сыртқы түрдің кездейсоқтығында емес, оның идеясында» — дейді. Шығармадағы негізгі идея – адалдықты, адам ұлылығын ұлықтау. Жазушының айтпақ ойы да – осы. Оны бәрінен жоғары қою. Әйелінің опасыздығын, сатқындығын естіген Қойшы, өміріндегі ең асыл «Сенімін» жоғалтқаннан кейін мәңгілікке аттанады. «Мен саған сенгенмін, менің сенен басқа кімім бар еді, менде қалған жалғыз қуат сол еді ғой – сенім еді ғой, оны да тас-талқан еткенің бе?!», «Өліараның сол бұршақты түні Қойшы сенімін іздеп, ұзақ сонарға аттанды» деп суреттеледі.
Қорыта айтқанда, Оралхан Бөкей ірі характерлер жасауда өзінің үлкен романтик екенін айқын көрсетті. Жоғарыда айтып кеткендей, жазушының қай шығармасы болмасын оқырманды бей-жай қалдырмайды. Оқып болған сон әр оқырмаға ой салып, сұрақтың астанда қалдырады. Өзінің бұл екекшелігі жайында «Оқырманға айтар сырым барында» былай дейді: «Мен ойлаймын: тегінде өмірмен, өнермен бірге оқырманның да зерделеніп, ұдайы ізденіп, өне бойы өсіп отырғаны қандай жарасымды болар еді. Менің қаламымнан шыққан әңгіме, повестердің қайсыбіріне тән жұмбақтылықтың түп тамыры да осында жатыр… Міне, мен жазған дүниелердің тылсымдылығы әрі кейіпкерлерімнің қиялшыл да арманшыл болып келері сондықтан». Міне, мұның өзі де үлкен романтиктерге тән қасиет.
Қарағанды облысы, Теміртау қаласы
№15 қазақ мектеп-гимназиясы
Тусупбекова Жанерке Рымбековна