Органикалық химия: ҰБТ сұрақтары

0
4639

Органикалық химия — химияның көміртек және оның басқа элементтермен түзілген органикалық қосылыстарын, олардың өзара түрлену заңдылықтарын зерттейтін саласы.

А.М. Бутлеров теориясының негізгі қағидалары:
1. Органикалық қосылыстардың молекуласын құрайтын атомдар белгілі бір реттілікпен байланысады, бір- бірімен байланысуға бір немесе бірнеше валенттілік жұмсалады.
2. Органикалық заттардың қасиеттері молекуласының құрылысына, яғни атомдардың қосылу реттілігіне және байланыс сипатына тәуелді болады. Сонымен органикалық заттардың қасиетін зерттеу арқылы оның молекула құрылысын анықтап және белгілі формуламен көрсетуге болады.
3. Атомның немесе атомдар топтарының химиялық қасиетіне молекуладағы басқа атомдар мен топтар әсер етеді, әсіресе өзара байланысқан атомдардың әсері үлкен болады.

Органикалық қосылыстардың негізгі кластары:
1. Көмірсутектер (R – H);
2. Галогентуындылар (R – Hal);
3. Спирттер (R — OH);
4. Жай және күрделі эфирлер (R – O — R; R – CO – OR);
5. Карбонильді қосылыстар – альдегидтер мен кетондар (R – CHO; R – CO — R);
6. Карбон қышқылдары (R — COOH);
7. Аминдер (R – NH2; R2 – NH; R3 — N),
8. Нитроқосылыстар (R – NO2);
9. Сульфоқосылыстар (R – SO3H);
10. Металорганикалық қосылыстар (R — Me).

Осы кластарға қаныққан заттар және еселік байланыстары бар (қанықпаған) заттар кіреді.

Көмірсутектердің табиғи қорлары

Көмірсутектердің біздің еліміздің экономикасындағы маңызы зор. Олар энергияның негізгі көзі болуымен қатар химиялық өнеркәсіптің бағалы шикізаттары. Көмірсутектерден шаруашылық салаларына және күнделікті тұрмысқа қажетті өте көп заттар алынады. Көмірсутектер табиғатта кең таралған. Олар табиғи және мұнайға серіктес газдардың, мұнайдың және көмірдің құрамында кездеседі.

Табиғи газ қоры жөнінде ең бай елдерге: Ресей, Иран, Ирак, Кувейт, Сауд Арабиясы, Катар, т.б. жатады. Қазақстан Республикасы да газ қоры мол елдердің бірі. Біздің елдің табиғи газ кендері, негізінен, Батыс Қазақстанда шоғырланған. Каспий маңы ойпатында, Маңғыстауда, Үстірт қыратында, Орал қаласы маңында мол табиғи газ кен орындары бар.

Қазақстанда табиғи газ Қарашығанак, Жетібай, Қаламқас, т.б. кен орындарында өндіріледі. Батыс Қазақстан мұнайға серіктес газдарға да бай. Бір тонна мұнай өндірген кезде шамамен 50 м3 серіктес газ бөлінеді екен. Жанғыш газдардың, әсіресе метанның көп мөлшері көмірдің кен орындарымен де бірге кездеседі. Табиғи газ, негізінен, көмірсутектерден тұрады. Оның басты құрам бөлігі метан болып табылады. Кездесетін жеріне байланысты газ құрамындағы метанның мөлшері көлем бойынша әр түрлі, 80—97% аралығында болады.

Табиғи газ құрамында метаннан басқа этан, пропан, т.б. газдар болады. Табиғи газ көбіне отын ретінде қолданылады. Жанғанда күл қалмай толық жанатындықтан, табиғи газ қоршаған ортаға зияны аз, таза отындардың бірі. Газды жаққанда, көміртек (IV) оксиді мен су буы түзіледі. Өндірілген газдың жартысына жуығы күнделікті тұрмыста, қалған бөлігі электр энергиясын өндіруде және өнеркәсіпте пайдаланылады.

Табиғи газ жылу электр станцияларында, пештерде, шойын, болат, шыны, т.б. өнеркәсіптерінде қолданылады. Соңғы кезде автокөліктерде сұйық отынды газ тектес отын ығыстыра бастады. Бұл экологиялық таза отын болуымен қатар, қозғалтқыштарды ұзақ уақыт пайдалануға және жағармайды үнемдеуге де мүмкіндік береді. Бағалы отын болуымен қатар, табиғи газдың, химиялық шикізат ретінде де маңызы зор. Метаннан қандай бағалы химиялық заттар алады.

Өнеркәсіпте табиғи газдан күйе мен сутек, этилен, ацетилен, резеңке және галогентуындылар алынады. Соңғыларын өңдеп этил спиртін, синтетикалық көксағыз, пластмасса, талшықтар, бояулар, дәрі-дәрмектер жасайды.

ОРГАНИКАЛЫҚ ҚОСЫЛЫСТАРДЫҢ ГЕНЕТИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСЫНЫҢ КЕСТЕСІ: (суретте көрсетілген).

ҰБТ — Кешенді тестте кездесетін конспектегі сұрақтар.

Келтірілген заттардың этанол, фенол, глюкоза бәрінің құрамында болатын ортақ функционалдық топ:
Көмірді кокстеу дегеніміз – ол …
Мыс (ІІ) гидроксидімен әрекеттесетін қосылыстардың саны: 1. Н2О. 2. HCl. 3. CH3 – COH. 4. C2H2. 5. HCOOH.
Мұнай өңдеудің химиялық емес процесі:
Мұнайды айдағанда бөлінетін фракциялардың реті …
Мұнайды крекинлегенде …
Мұнайдың негізгі құрамы:
Табиғи газдың құрамындағы негізгі көмірсутек:
Циклоалкандардың алкандардан ерекше реакциясы:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ