Орта білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында үштілді білім беруді ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу

0
3026

Баяндама тақырыбы:  Орта білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында үштілді білім беруді ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу

Мақсаты:

  • « Тілге көзқарас –елге көзқарас » Тілдің адам және қоғам үшін алатын орнының ерекше екендігін сипаттау.
  • Үштілділік — қазіргі заман талабы. Үштілділік білім беруді жүзеге асыру шарттарымен  және Елбасының Қазақстан халқына  Жолдауымен таныстыру.
  • «Үш тілді меңгеру – жарқын болашақтың кепілі» Көптілділіктің қажеттілігін сезіндру, тілдерді үйренуге деген құштарлығы мен белсенділігін арттыру, ақыл-ойын, таным-қабілеттерін дамыту

Адамның ойын жарыққа шығаратын құрал – тіл. Ал, тіл – адамдар түсінетін құрал болып қана табылмай, сонымен бірге атадан балаға мирас болып келе жатқан өмір тәжірибесін, өнер-білімін жеткізуші құрал. Рухани байлығымыз тіл арқылы жасалады, жеткізіледі. Кез келген халықтың тілі сол халықтың ұлттық ерекшелігін танытатын қойма тәріздес. Сол қойманы ашып, қазынасын танып білу – бізге мұратты іс.
Тәуелсіздік тізгіні қолымызға тиіп, егеменді ел болған алғашқы күндерден бастап-ақ елімізде тіл саясаты Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тікелей басшылығымен салиқалы да, сындарлы түрде жүзеге асырылуда.
Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі жолдауларында да тіл саясатына, оның ішінде қоғамдағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне тоқталмай өткен емес.
Білім мен ғылымның, экономиканың, бизнестің, саясаттың, жалпы бәсекелестіктің қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Әсіресе, өскелең ұрпақтың, жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр.
Мемлекет басшысы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі —жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі”, — деген болатын.
«Үш тілді меңгеру-жарқын болашақтың кепілі» атты желеумен мемлекеттік тіліміз қазақ тілін, орыс тілін және де халықаралық тіл ағылшын тілін ұйымдасқан түрде тіл үйрену курстарын қолға алды. Тілге тиек етіп өтер жайт бұл тіл үйрену болашақта қолданылатын латын әліпбиімен тікелей байланысты болмақ. Неге десеңіз ағылшын тіліндегі 26 әріптің көбі, тіпті барлығы десек те болады, латын әліпбиінде кездеседі және оқылуы жағынан да бірдей десек те болады. Бұл латын әріпіне көшу жайлы «Үш тұғырлы тіл» туралы жобаны 2006 жылдың қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 құрылтайында жария еткен болатын. Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады.

Мемлекет басшысы: “Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Және оған қамқорлық та сондай дәрежеде болады” деп сендірді.
«Орыс және ағылшын тілдерін оқып үйрену білімнің, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түсетін, экономикалық мүмкіншіліктерімізді арттыратын бірден-бір тетігі дей келе, жаһандануға бейімделуді, заман көшінен қалмай, осы үш тілдің үйлесіміне қол жеткізу арқылы тілімізді, дінімізді, дәстүрімізді, салт-ғұрпымызды сақтап қала аламыз» — деді.
Қазіргі заманда ағылшын тілі « 21 ғасырдың », халықаралық бизнес, қазіргі ғылым мен технологиялар тілі мәртебесіне ие болды. Ағылшын тілі – дүние жүзіне ең кең таралған халықаралық тіл. Әлемдегі ең көп тараған, әрі қытай тілінен кейінгі халық саны бойынша ең көп пайдаланатын тіл. Ағылшын тілі-бүгінде халықаралық қатынастың, ғылым мен техниканың, бизнес пен журналистиканың барлық салаларында кеңінен қолданылып келе жатқан тілдердің қатарына жатады. Ағылшын тілі – бүгінгі заманымыздың кілті, ақпараттық технологияның, компьютер технологиясының кілті деуге болады. Ағылшын тілінде әлемге әйгілі Вильям Шекспир, Джек Лондон, Джонаттан Свифт, Вальтер Скотт сөйлеген. Бүгінгі күні зерттеушілер ағылшын тілінде сөйлеушілердің саны 1,2-1,5 млрд. арасында деп тұжырымдайды. Ағылшын тілі әлемнің 75 елінде ерекше орын алады, ал 19 елде ол мемлекеттік тіл болып табылады. ХХ ғ. 60 жылдардан бастап ағылшын тілі кеңінен тарала бастады және көптеген халықаралық ұйымдардың ресми тілі болып табылады. Оның ішінде: БҰҰ, ЮНЕСКО,Бүкіл әлемдік Денсаулық сақтау ұйымы және т.б.

Ағылшын тілін оқып-үйренемін деушілердің саны күннен-күнге көбеюде. Осы орайда, шет тілінің еліміздің оқу жүйесінде айрықша мәртебеге ие болатыны айқындалғандай. Жалпы білім беретін орта мектепте шетел тілін практикалық тұрғыда меңгеруге үйреткенде оқушыларды өз бетімен жұмыс істеуге баулу, алған білімін, икемділік дағдыларын жаңа жағдайларға кездескен кезде, шығармашылықпен қолдана білуге машықтандыру көзделеді. Шетел тілін оқыту мақсаттары қоғамның мұқтаждығына қарай өзгеріп отырады.

Бұрын шетел тілінен білім беруге баса көңіл бөлінбесе, қазіргі кезде алған білімін өмірде іс жүзінде қолдана алу, пайдалануға қажетті білік пен дағдыларсыз білім алып, білу ғана жеткіліксіз екендігіне баса назар аударылуда. Жеке тұлғаның мәнді іс-әрекеті процесін ескере отырып білім беру көзделуде.

Қазіргі уақытта, ағылшын тілін игерудің талабы жоғары болғандықтан, ағылшын тілін тереңдетіп үйренуге арналған арнайы мектептер, гимназиялар, колледждер көптеп ашылуда.

«Елбасының «Үш тұғырлы тіл» жобасы ел болашағын баянды етуден туған, алысты көздеген мақсат. Осы жобаны түсіндіруде және іске асыруда түрлі жансақтықтарға жол беріп алып жатамыз. «Үш тұғырлы тіл» — қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар қойып, жарыстыру емес. Керісінше, бұл әр тілді өзіне лайықты орнымен қажетіне қарай лайықты пайдалану деген сөз.

Заман талабына сай көптілді білім берудің өзектілігі жалпы әлемдік экономикалық нарықтың даму қарқындылығына кірігуінен көрінеді. Көптілді білім беру үдерісі арқылы әлемдік мәдениетті танып, мемелекетімізді дамыған елдердің қатарына енгізудің мақсаты тұр. Осы мақсат аясында ұлттық құндылықтарды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу міндеттері қойылған: — жеке тұлғаның өзіндік көзқарасын қалыптастыру және оны қорғай білуге үйрету; — көптілділіктің қажеттілігін сезінген оқушының тілдерді үйренуге деген құштарлығы мен белсенділігін арттыру, ақыл-ойын, таным-қабілеттерін дамыту; — қазақ тілі негізінде басқа тілдерді (араб, ағылшын, орыс, түрік) коммуникативтік деңгейге жеткізу; — әр оқушының, олардың ата-анасының білім бағдарламаларының өзіне қажетті деңгейін ерікті түрде таңдауына жағдай туғызуды ескеру. Оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты қойылған бұл мақсат пен міндеттер білім беру парадигмасын өзгертіп, білім берудің мазмұнын жаңартты. Білім беру жүйесінде жаңаша қарым-қатынас пен көзқарастар пайда болды.

Қорыта айтатын болсақ,  көптілді білім беру бағдарламасы аясында үштілді меңгеру  тәжірибесін жинақтап, әлемдік деңгейде көтерілуіміз керек. Бұл оқушылардың халықаралық жобаларға қатысуын кеңейту, шетелдік әріптестермен ғылыми байланыстарын нығайтуға, шетел тілдеріндегі ақпарат көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Елдің ертеңі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны әлемдік озық ой-пікірімен ұштастырған сапалы білім мен тәрбие берілуі қажет.

« Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді» деген ұлы ақын Абай атамыздың сөзімен аяқтаймын.

Атырау облысы, Жылыой ауданы

Шоқпартоғай ауылы                             

№3 жалпы орта білім беретін мектеп

Ағылшын тілі пәні мұғалімі

Камысбаева  Акмарал Ертугеловна


ПІКІР ҚАЛДЫРУ