Қос боздақ. Құрман Пұшпақов пен Айманбет Құрманалинов туралы

l;l;

Сөрелердегі атамнан қалған кітаптарды ерекше қызығушылықпен қарап жатқанымда кітаптар арасынан бүктеулі қағазды көзім шалды. Ашып қарасам, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1984 жылдың ақпанында шыққан саны екен.

Өте жақсы күйде сақталыпты.Газеттің 3-4 беттері «Отан үшін от кешкендер» деген айдармен жарық көрген. Жазылған мақалаларды шолып шықтым. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Отандастарымыз жайлы екен.

Тарих беттерінен оқып жүрген, аттары құлағымызда жатталып қалған апа-ағаларымыз жайлы емес еді.Бұрын естімеген бейтаныс батырлар Құрман Пұшпақов пен Айманбет Құрманалинов жайында баяндалған. 30 жылдай қағаз бетінде сақталған автор Мұхаметқан Имашевтың «Қос боздақ» деген мақаласын біздің заманымыздың оқырмандарына ұсынамын.

«Кешегі өткен Ұлы Отан соғысы елдің – елдігіне, ердің – ерлігіне үлкен сын болды.Сол бір халық үшін жүректерін жалаулатып жауға аттанған боздақтарымыз үлкен сыннан мүдірмей өтіп, халқымыздың мақтанышына айналды.

Бүгін біз сұрапылда Отан үшін от кешкен азаматтарымыз, фашистердің концлагерінде қайғылы қаза тапқан халқымыздың адал ұрпақтары Құрман Пұшпақов пен Айманбет Құрманалинов туралы жазылған мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.»

Иә,НЕМІС басқыншыларына қарсы шайқас күндерінде тек майдан даласына емес,қапылыста жау қолына тұтқынға түсіп,оның сан қилы азап отына күйген сандаған боздақтарымыз нағыз батырларша күрес жүргізе білгенін біз жақсы білеміз.Солардың бірі – фашистердің 304 – Н.Цейтхайн деп аталған ажал лагерінің тұтқыны болған жас суретші Александр Иванович Пахомов.

Осы азаматтың «Рисунки кровью» деп аталатын кітабы 1966 жылы «Советская Россия» баспасынан жарық көрді.Міне,осы кітапта А.И.Пахомов өзі көрген концлагерьдің тұтқындары: Құрбан мен Айтмет дейтін екі қазақ жауынгерінің ерлігі жөнінде де сөз етеді.Бір қызығы,бұл екеуі де Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданынан болып шықты.

Кітаптың авторы А.Пахомов соңғы жылдарға дейін Сочи қаласындағы бір мектепте сурет сабағынан ұстаздық еткен. Ұлы Отан соғысының бастапқы жылдарында майданда жүріп, 1942 жылы фашистердің қолына тұтқынға түседі.Фашистердің өлім лагері 304 – Н.Цейтхайнда жүріп-ақ тұтқындағы совет жауынгерлерінің қаһармандығын,өз Отанына деген шынайы сүйіспеншілігін бейнелейтін суреттер сала бастайды.

Бұл жұмыста оған тұтқындар арасынан астыртын құрылған саяси ұйым үлкен көмек көрсетеді.Әсіресе,ұйым бастығы,сонау 1929-шы жылдың өзінде «Салават Юлаев» деген тамаша шығарма жазған жазушы Степан Злобин суретші жігітті тікелей өз қамқорлығына алған екен.

А.И.Пахомов өз кітабында бір тамаша естелікті суретімен жариялаған.Ол – «Құрбан мен Айтмет» деп аталады.

«Бірде біздің бараққа төбеттерін арсылдатып,автоматтарын кезеніп,фашистердің бас кесер жендеттері – полицайлар кіріп келді, – дейді автор. – Олар тұтқындарды жаңбыр құйып тұрған далаға қуып шықты.Полицайлардың басшысы Кубис деген унитер-офицер болатын.Ол менің жаныма келді де,батпаққа былғанған таяғының ұшымен иегімен қағып қалып:

– Неге дұрыс тұрмайсың,шошқа! –деді.

–Ауырып тұрмын, –дедім мен.

–Ауырып тұрсың!.. –деді ол мені кекете сөйлеп. –Аурулар ұлы Германияның жауы екенін,әлсіздер мен науқастарды біздің қолма-қол құртатынымызды сен білесің бе?

Мен:

–Тезірек сауығуға тырысармын тақсыр, –дедім.

Дәл осы кезде Кубистің таяғы менің жанымда тұрған жігіттің басына сарт ете түсті.

–Азиятпысың? –деді оған полицей.

–Қазақпын… Көршімнің ұшқын атқан қара көздері Кубистың өңменін тесіп өтердей болып көрінді маған.

–Оңбаған ит,енді бір рет қозғалсаң-ақ атып тастаймын, –деді фашист».

 Міне,Құрбан атты қазақ жігітімен кітап авторы А.Пахомов осылай тар жол–тайғақ кешу үстінде танысады.

Осы күні Кубистың бұйрығымен тұтқындар барақтарды өліктерден тазартуға шығады.Нөсерлете құйып тұрған жаңбырдың астында жалаң аяқ,жалаң бас жұмыс істеген Құрбанның жарасы мүлде асқынып кетеді. Құрбан аяғынан ауыр жаралы еді, –дейді автор. –Оған әр қадам басудың өзі аса ауыр қиындыққа түсетін».

 Осы күні жаралы Құрбан қатты науқастанып,А.Пахомов оны лагерьдің ішіндегі санитарлық бөлімшеге апарады.Бірақ,фельдшердің көмегі де асқынған жараға шипа бола алмайды.Осылай жаны қиналып ажал аузында жатқан Құрбан Александр досына:ол тұратын барақта Айтмет деген жерлесінің бар екенін,соған жағдайды айтуды өтінеді.Сонан соң елде жүргенде өзінің колхоз председателі болғанын айтады,балаларын есіне алады. Осы әңгіменің үстінде А.Пахомов Құрбанның суретін салып та үлгереді.Сол күні Александр Құрбанның айтуымен Айтметті іздеп тауып,жерлесінің мүшкіл халін айтады,сәлемін жеткізеді.

Кітап авторының айтуына қарағанда Құрбан мен Айтмет нағыз жерлестер,ауылдастар болған көрінеді.Оны мына бір әңгіме айқындай түседі.

 Құрбанның суретін көргенде Айтмет егіле жылады. «Төрт баласы бар еді.Елге оралсам,семьясына көрсетейін,суретін маған бер» дейді.Бірақ,Айтмет қанша жалынса да А.Пахомов суретті бермейді. Өйткені,автордың айтуынша,өзінің концлагерь тұтқындары өмірінен салған ұйымның басшылығымен құпия орында сақталады екен.

 Сол күндері ол Айтметтің де суретін салады.Тас қамауда бейнет шегіп жүрсе де,ол да совет жауынгерлерінің жауды жеңіп,өздерін тұтқыннан босатып алатынына кәміл сеніммен қарайды.Амал не,суретші бір күні немістердің қару жарақ жасайтын заводына келген тұтқындардан фашистердің Айтметті дарға асып өлтіргенін естиді.

 …Біз А.И.Пахомовтың жоғарыда аталған кітабындағы осы екі суретті «Семей таңы» газетіне көшіріп басып,бұл азаматтарды кімдер танитындығы жөнінде сұрау салғанбыз.Алайда ешкімнен жауап болмады.Сонан кейін көршілес Шығыс Қазақстан облысының «Коммунизм туы» газетіне тағы да мақала жариялай отырып,жауап күттік.

«Құрметті редакция! –деп жазылыпты онда. –Сіздердің газеттеріңіздің бетінде жарияланған «Бұларды білетіндер бар ма?» деген мақаламен қоса жарияланған қос суреттен мен өзімнің аяулы жұбайым Айманбет Құрманалиновты таныдым. «Айтмет» дегендеріңіз сол менің Айтманбетім болып шықты.Ал,оның жанындағы жауынгер серігі «Құрбан» да біздің жерлесіміз.Бірақ,ол «Құрбан» емес,колхозымыздың бұрынғы бастығы Құрман Пұшпақов деген азамат.

Айналайын, редакция қызметкерлері!Сонау жылдарда Отан өрісі өртке шалынғанда фашист сұмдардан туған елді қорғау үшін қан майданға аттанған асыл азаматтарымыздан дәл отыз жыл бойы хабарсыз едік.Бірақ,күдерімізді үзбеп едік.Міне,ақыры сол тілегімізге жетіп отырмыз.Отан жолында опат болған азаматтарымыздың нақты дерегін тауып,олардың жарқын есімдерін ортамызға қайта оралтқан Сіздерге айтар алғысымыз шексіз.

Сәлеммен,қарт колхозшы Кәмалжан Құрманалинова».

Осыдан біраз жыл бұрын А.Пахомовты іздеп Сочи қаласының әскери комиссариатына хат жолданған болатын.Ойы:аман-есен жүрген болса,кітап авторымен бір тілдесіп қалу.Алайда бұл үміт ақталмады.Краснодар өлкесінің Сочи қалалық әскери комиссариатынан мынадай мазмұндағы хат келді:

«Сіз іздестірген азамат Александр Пахомов Сочи қаласындағы Бытха көшесінде 6 «а» үйдің 27 пәтерінде тұратын.Бірақ, 1975жылы 14 мартта  57 жасында қайтыс болды.Сол себепті де Сіздің өтінішіңізді орындаудың реті келмеді.

Сәлеммен,Сочи қалалық әскери комиссары,полковник В.Шаблов»

Қаһарман Совет Армиясы гитлершіл басқыншылардың күлін көкке ұшырған болатын.Фашистердің қанды шеңгелінен құтылып, көппен бірге концлагерь тұтқыны суретші А.И.Пахомов та туған Отанымызға оралған еді.Кейін Сочи қаласында тұрып,осындағы мектептердің бірінде ұстаздық етеді.Жеңістен соң туған жас ұрпаққа сурет өнерінен сабақ береді.

Ал,Құрман жайында көп іздестіруге тура келді.Самар аудандық әскери комиссариатына сұрау салдық.Көп кешікпей мынадай жауап келді.

«Сіздің сұрағыңыз бойынша мынаны хабарлаймыз.Самар аудандық әскери комиссариатында Құрман Пұшпақовтың соғыста қазақ болғандығы жөнінде қара қағаз болмады.Бұған қоса айтарымыз:Құрман Пұшпақов 1909 жылы туған.КПСС мүшесі, 7 кластық білімі болған.Соғысқа дейін Жамбыл атындағы колхоз председателінің орынбасары қызметін атқарған.Әйелі Нәби 1945 жылы дүниеден қайтқан.Қазір екі қызы бар.Рақышева Гүлжиһан Самар ауданындағы Бастаушы селосында,Құрманова Кәмалжан Семей облысы,Көкпекті ауданы,Үлгілі малшы селосында тұрады.

Самар аудандық әскери комиссары Королев».

Зерттей келе Құрман Пұшпақовтан ешқандай сурет қалмапты.Ал,Айманбет Құрманалиновтың жалғыз ұлы Оқап (Уахап) семьясының қолында шамамен  1937 жылы түскен Айманбеттің жалғыз фотосуреті бар болып шықты.Фотосурет кітаптағы суретке өте ұқсас.Біздің өтінішіміз бойынша,Қазақ ССР Юстиция министрлігінің сот-экспертиза ісі жөніндегі Қазақ ғылыми-зерттеу институты қызметкерлері кітаптағы суретті зерттеді.Айтметке фотосуреттегі Айтманбет бейнесінің ұқсайтынын сегіз дәлел арқылы талдап көрсетіп берді.Бұл документ те біздің қолымызда.Олай болса,кітап авторының Құрбан деген суреті де біздің Құрман Пұшпақовтың өзі деуге толық негіз бар.

Қорыта айтқанда,біз,совет халқы Ұлы Отанымызды гитлершіл басқыншылардан қорғау жылдарындағы қанды шайқас күндерінде қапылыста жау қолына түскен,бірақ,зұлым жаудың ажалды үңгірлерінде қаншама азап шексе де Отанын сатпаған, «совет азаматы» деген қасиетті сөзге дақ түсірмей,ар-намысты аяққа таптамаған сандаған боздақтарымздың жарқын есімдерін мәңгілік ұмытпаймыз.

Себебі,ерлерімізді осылай құрметтеу халқымыздың қашаннан бергі дәстүрі.Біздің елімізде кешегі қан майданда қаза тапқан бірде-бір адам ұмытылмайды.

Мұхаметқан Имашев

СССР Журналистер одағының мүшесі. Семей қаласы.

Дереккөз: «Қазақ әдебиеті» газеті; 1984 жыл 24 ақпандағы санынан.

Дайындаған: Гүлманат Райымбаева


ПІКІР ҚАЛДЫРУ