«Мәселе мақұлмен емес, ақылмен шешіледі» деп, басталатын бағдарламаны
сенбі сайын, отбасымызбен отырып көру дәстүрге айналды. Көрерменді өзіне
тарта білген, барлығы дерлік мойындаған «мәселе» бағдарламасы қоғамның
өзекті мәселелерін айтып қана қоймай, дәлелдей де біліп, іс жүзінде де
көрсетіп, көрерменнің көзін ашады.
Шынайы жаңалық үшін қиындыққа қарамай еңбек етіп жүрген бұл
бағдарламаның барша ұжымы халқымыздың құрметіне әбден ие адамдар деп
санаймын. Аса жауапты әрі қауіпті, қателесуге болмайтын ұлттық арнаның
тілшілерінің өзіндік стилі ешкімге ұқсамайды. Не жеп, не ішіп, не киіп
жүргенімізді, қоғамдағы небір сұмдықты зерттеп, бар күшін салып дайындау
оңай жұмыс емесі анық. Оны мен жақсы түсінемін. Себебі, қазіргі таңда сұхбат
алудың өзі оңай шаруа емес. Ал журналистің жұмысы сұхбатқа келіп тіреледі.
Бұрын БАҚ өкілдерін көрсең, сұхбат алса екен деп тілеуші едік, қазіргі қауіпті
қоғамда асығыс адамдар қолын бір сілтеп, кейбірі тіпті тілшілермен төбелесуге
дейін баратын заманда журналист болудың өзі ерлік деп санаймын.
Әр адамның кумирі болады. Менің кумирім осы бағдарламаның жүргізушісі —
Нартай Аралбайұлы. Өзекті мәселесімен, өткір тілімен көрерменді
таңқалдырудан жалығар емес. Құпияға толы әлемді саралап, халықтың қамын
ойлайтын сауатты әрі мықты төртінші билік иелері біздің елімізде де жетерлік.
Солардан үлгі алып, болашақты мен де өз еліме адал еңбек етіп, халықтың
жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, мұқтажын түгендеп жүретін журналист болуға
дайынмын.