Отбасы — ұлттың ұйытқысы

1
7718

Отан — шағын отбасы. Қазақта «Отан — отбасыдан басталады» деген тәмсіл бар. Бұл бекер айтылмаса керек. Барлық жақсылықтың да, жамандықтың да бастауы — отбасы. Отбасы, ошақ қасында көрген тәрбиең, алған тәлімің Отаныңның өсіп-өркендеуіне не кері кетуіне әсер етеді. Сондықтан Отбасыдағы тәрбиеге бүгіннен мән беруіміз керек.

Бұрын қазақ отбасысы өте үлкен болатын. Ата-әже, әке-ана, бала, немере, шөбере… Бүгінде қалалық ғұрыпқа көшкен қазақ отбасыларында төрт-бес жаннан ары аспайтын халге жетті. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейтін қазақ, ата-әжесін керексіз қылып «қарттар үйіне» жетелеп апаруды ұятқа санамады. Тіпті, шаранасын далаға тастаған тасжүрек аналарды да тәрбиелеп шығарды біздің қоғам. Айта берсең азғындықты көбейтпесек, шегіне жетпейміз. Ескі дәстүрде көбейеді деп, кеселдің атын  атамайтынымыз бар еді. Біз сол қағиданы бұзып теледидардан да, газет-журналдан да азғындықты жарияға жар салып насихаттадық. Себебімен емес, салдарымен күресуді әдетке айналдырдық. Және бұл үрдістің жемісі алдағы 10-15 жылда беретінін ескермедік. Қандай ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз?! Ойланбадық…

Қоғамды өзгерту бір адамның қолынан келмейді дейді. «Қоғамның өзгеруі маған қарап қалып па?»- дейтіндер де табылады. Біз неге жауапкершіліктен қашамыз?! Қоғамның өзгеруі тікелей саған байланысты. Егер сен отбасыңа дұрыс тәрбие берсең, иманды ұл, биязы қыз тәрбиелеп шықсаң, сол сенің қоғамды тәрбиелегенің. Бұрын қазақты «Ұят болады» деген бір ауыз сөз тәрбиелейтін. Сол сөздің қадірі кетіп барады. Біз өзімізді бүкіл әлемнің алдында тұрғандай жауапкершілікті сезінгенде ғана кемелдікке ұмтыламыз. Қоғамды өзгертудің ең дұрыс жолы — отбасыңды тәрбиелеу.

Үлгілі отбасы — ұлттың ұйытқысы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегенді айту арқылы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов те соны меңзеген еді.

Авторлық құқық Martebe.kz сайтына тиесілі

 


1 ПІКІР

  1. рахмет әр жерлен теріп теріп алдым👍🏻🫶🏻

ПІКІР ҚАЛДЫРУ