«Отбасым – бақыт мекенім» тақырыбында ашық тәрбие сағаты

1
57340
«Күн дидарлы-Қазақстан!»

Тақырыбы: «Отбасым – бақыт мекенім»

Мақсаты: Оқушылардың отбасы туралы түсініктерін кеңейту.Өз жанұясы туралы әңгімелеуге үйрету. Оқушыларды ұйымшылдыққа, жауапкершілікке, өз ойын жеткізе білуге тәрбиелеу.

Түрі: Ой бөлісу.

Әдісі: « Жүректен — жүрекке» шеңбері, ой қозғау, «Ашық микрофон», топтық жұмыс, «Конверттегі сұрақтар», пікір алмасу.

Көрнекілігі: Мультимедия, презентация, бейнебаян: «Отбасы құндылығы», шарлар, гүлдер.

Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар 5 «А» сыныбының ұйымдастыруымен өткелі отырған «Отбасым – бақыт мекенім» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер.

-Балалар, біз бүгін керемет бір ғажайып әлем туралы әңгімелесеміз. Қалай ойлайсыздар, ол әлем қандай әлем болуы мүмкін? Қане ойлап көріңдерші. Ол бір өзі кішкентай ғана шағын мемлекет.

Жауап: «Менің жанұям» ,«Отбасы».

-Ол мемлекет қандай болуы мүмкін?

Жауап: Бақытты, тату, өнерлі, үлгілі.

І. « Жүректен — жүрекке» шеңбері.

Ал, ендеше оқушылар ортаға шығып, шеңберге тұрып өз жанұяларыңның жақсы бір қасиеті жайлы айтып өтіңіздер.

Отбасы — адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап сол ортаның ыстық-суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер  жетеді.

Отбасының екі тірегі — әлпештеген әке мен аялаған ана. Ата-анаға үлкенге қызмет етіп, әкеңнің еңбегін, анаңның ақ сүтін өтеу — біздің борышымыз. Ата — ана — отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке туралы айтсақ, әке отбасының асыраушысы, қамқоршысы. Ана — отбасының ұйтқысы, жылуы, шуағы.

Алпанова Аружанның орындауындағы «Ата-әже» әнін қабыл алыңыздар.

Келесі кезеңіміз «Ашық микрофон» деп аталады. Бұл кезеңде оқушылар сіздерге отбасы туралы бірнеше сұрақтар қойылады. Ойларыңызды ашық, еркін айтуларыңыз сұралады.

Сұрақтар:
1. Отбасы дегенді қалай түсінесіңдер?

2. Отбасының басшысы кім?
3. Отбасы қандай болуы керек?
4. Барлық отбасы бірдей болады деп ойлайсыңдар ма?
5. Сен қандай отбасын армандайсың?
5. Өз отбасыңа көңілің тола ма?
7. Отбасын неліктен жақсы көресіңдер?

Сыныптың қыздарының орындауындағы қазақ биін қабыл алыңыздар.

Oтбасым — менің жүрегім
Отбасым — менің тірегім
Отбасым – менің Отаным
Тек сен деп соғар жүрегім – дегендей, отбасы болашақ ұрпақ бойына адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықтарын сіңіретін тәрбие ошағы.
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы.

ІІІ кезеңіміз «Менің отбасым – менің байлығым». Бұл кезеңде

1-топ. Отбасы туралы өлең жолдарын айтады.

2-топ, «Менің бақытты жанұям» тақырыбында эссе жазады.

3-топ. «Бақытты  отбасы» тақырыбында суреттер салып, қорғайды.

4-топ. Отбасы туралы мақал-мәтелдер айтады.

Абулгазиева Ботагоздің орындауындағы «Бала тілегі» әнін қабыл алыңыздар.

Отбасы — әр бала үшін алтын бесік. Бала отбасы аясында түлеп өседі, оңы мен солын сонда таниды. Ол отбасы жағдайында өмірдегі әр түрлі жағдайларда өзін қалай ұстауды, адамгершілік әліппесі: кішіпейіл болу, ізеттілік, сыйластық, үлкендермен және кішілермен қандай қарым — қатынаста болу керек сияқты тәжірибе жинақтайды және оны меңгереді. Отбасы – ол ең жақын адамдардың ошағы. Әрқашан отбасы мүшелерін сыйлап, құрметтеу керек.

ІҮ кезең . «Конверттегі сұрақтар»

«Біз баламызды танимыз ба?» деп аталады. Бұл кезең ата — аналарға арналады. Ортаға 6 ата-ананы шақырамыз.

Құрметті ата-аналар конверттің біреуін таңдап, ондағы сұрақтарға жауап берулеріңіз сұралады.

№1

1. Балаңыздың парталас көршісі кім?

2. Балаңыз бірінші сыныпқа қай жылы барды?

№2

1. Балаңыздың сүйікті асы не?

2. Балаңыз спорттың қай түрін жақсы көреді?

 №3.

1. Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?

2. Балаңызды еркелетіп қандай сөз айтасыз?

№4.

1. Балаңыздың аяқ киім өлшемі қандай?

2. Балаңыз сізді ренжіткенде ең алдымен аузыңызға қандай сөз түседі?

№5.

1. Балаңыздың бойында қандай өнер бар?

2. Балаңыздың жағымды және жағымсыз қасиеттерін атаңыз.

Сыныптың ұлдардың орындауындағы «Қара жорға» биін қабыл алыңыздар.

Анаң-күнің жүрегің,

Әкең -өмір тірегің.

Сен бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын.

Әжең- асыл ардағың,

Атаң- дана қорғаның

Сен бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын.

Ағаң –қамқор асқарың,

Інің- мөлдір аспаның.

Сен бақытты ұлансың,

Бәрі саған қуансын

Бейнебаян «Отбасы құндылығы»

1.Бейнебаяннан не байқадыңыз?

2.Қандай тұжырымға келдіңіздер?

3. Бір сөйлеммен түйіндеңіз?

Отбасында көрген жақсы-жаман қылықтардың бәрі бала өміріне әсеретеді. Қазақ салтында отбасы тәлімі – ерекше дәстүр. Отан отбасынан басталады, – деген нақыл сөз бекер емес. Адам өзінің ұрпағынан елді сүйсіндірер ұлы істерді тыңдырса деген мақсатты нысана етеді, үміт артады. Сол нитепен жақсылыққа баулиды. Отбасы қоғамның негізгі бөлігі, ұрпақтар тарихи сабақтастығының, мәдениеттің, рухани құндылықтардың қазынасы болып саналады. Өнегелі отбасы арақсында мемлекет те өркендейді, халықтың әл-ауқаты жақсарады.

Кері байланыс: «Тілек ағашы». Ал енді оқушылар алдарыңыздағы түрлі- түсті үй түріндегі стикерлерге отбасыларыңызға тілектеріңді жазып, тілек ағашына жапсыруларыңыз сұралады.

Қорытынды сөз мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мулдашева Маназилия апайға беріледі.
  • Осымен біздің ашық тәрбие сағатымыз өз мәресіне жетті.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Отбасыларыңызда әрқашан береке бірлік, татулық орнасын! Келесі кездескеше сау саламатта болыңыздар.

Атырау облысы

Құрманғазы ауданы

Ф.Энгельс атындағы жалпы орта мектебі

Жупаргалиева А.Б.

 


1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ