Біз кейде өз ісімізді дұрыс жоспарламағандықтан, уақытымыздың барлығы қайда кетіп жатқанын түсінбейміз. Қазіргі тілмен айтқанда тайм менеджмент жүйесі орнықты құрылмағандықтан, осындай олқылықтарға жол береміз. Барлығының алдын алып не уақытылы тосқауыл қоя білейік. Белгілі бір уақытты көздеңіз (жыл, ай, апта, күн). Сол уақыт аралығында атқарып аяқтауыңыз керек шаруалардың тізімін жасаңыз. Бұл тізімге үйде де, жұмыста да істейтін жұмыстарыңызды кіргізіңіз. Олар нақты мақсатқа бағытталған болсын.
Оларды мән-мағынасына қарай жіктеңіз:
ABCD.
A – маңызды әрі шұғыл;
В – маңызды, бірақ шұғыл емес;
С – маңызды емес, шұғыл;
D – маңызы жоқ, шұғыл емес.
Осыдан істі неден бастау керек екені көрініп тұрады.
1. Жазылған істерді атқаруға қатысты ескертпелерді жазып қойыңыз.
2.Қай іс қай уақытқа дейін орындалуы керек екенін де қалдырмай жазыңыз.
3.Уақытыңызды босқа өткізуге жол ашатын жағдайларға «жоқ» деңіз.
4.Жоспарды орындауға кедергі болып, аяққа оратылатындарға жол бермеңіз.
5.Жұмысыңызды жеңілдетіп, көмектесетін жауапкершілігі жоғары адамдар болса, жарты шаруаңызды сол кісілерге жүктеңіз. Толығымен сеніп алмаңыз.
6.Бос әңгімемен уақыт жоғалтпаңыз.
7. Ешкіммен сөзге келіп, оны өз пікіріңізді мақұлдауға тырыспаңыз.
8.Теледидар көрмеңіз, пайдасынан зияны көп.
9.Жұмыс орныңызды ретке келтіріңіз.
10.Алдағы уақытта оқымайтын журналдарыңызды, қажетсіз қағаздарды қоқысқа тастаудан тартынбаңыз.
11. Үстеліңізде орын алып тұрған сиясы біткен қалам, мерзімі өткен желім деген секілді ұсақ-түйектің барлығынан арылыңыз.
12.Жазбаларға жүйе құрыңыз.
13. Барлық папканы ақтарып, қажетсіз файлдарды өшіріңіз.
14. Барлығын бөлім-бөліммен, папка-папкамен реттеп қойыңыз.
15.Маңызды қадамдардың алғышартын қарастырыңыз.
16.Барлық үлкен іс кіші адымнан басталатынын естен еш шығармаңыз.
17.Қолайсыз жайттар туып қалған жағдайда, оларға да бөлетіндей уақыт арнаңыз.
18.Бос уақытта шұғыл емес істерді атқарып тастауға да болады.
19. Демалысты да уақытылы жоспарлаңыз.
20. Мимен атқаратын істер мен дене қуаты арқылы тындыратын шаруаларды кезектестіріп келтіріп отырыңыз.
21.Күнделікті таза ауада жүріп, серуендеуді әдетке айналдырыңыз.
22.Денсаулығыңызға аса мұқият қараңыз. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген артық екенін жадыңызда ұстаңыз.
23. Ең бастысы – өміріңіз өз қолыңызда екені әрдайым есте болсын.
Оны босқа өткізесіз бе, мәнді етесіз бе, қызықты қыласыз ба, мұңды етесіз бе – ол да өз еншіңізде. Қандай жағдай болса да, адамгершіліктен ажырамаңыз.