Сіз бақыттысыз ба?..

0
2105

Бақыт дегеніміз… Иә. Түсінік әрқилы. Негізінен ол құсқа телінеді. Сонымен қатар қол жеткізілген армандар бақыт деп қабылданады. Алайда бақыт осылай қабылданған кезде адамдар өмірден бақытсыз болып озады. Себебі адам баласы иелік еткен «бақыт құсы» онымен бірге арғы әлемге бармайды. Сондықтан кімге де болсын өзі қауышқан бақытымен бақылдасуына тура келеді. Сонда біз бақыт соңына осы әлем қажеттілігін өтеу үшін түсеміз бе?

Иә, адам өмірінде бақыттан басы айналған кездер болады. Қайсы бірін айтарсың… Еске алғанның өзіне жаның жадырайды. Бұдан бір жағы бақытты сәттердің өтпелі екендігі де аңғарылады. Сірә бақыттың құсқа телінетіндігі де сондықтан болса керек. Құс болған соң… Иә. Ұшады да кетеді. Егер бақытты осы өмірге тән ұғым деп түсінсек, онда адамдардың дені бақытсыз екендігіне көз жеткізуге болар еді. Мәселен, сіз бен біз кедейміз. Біз ғана емес, адамдардың дені кедей. Себебі… Себеп көп. Шіркін-ай, бай болсақ қой!

Ал бай болдық. Енді осы екеуінің арасындағы айырмашылыққа назар аударайық. Назар аударатын түгі де жоқ. Оны аталарымыз: «Кедей — бай болсам, бай — құдай болсам дейді» деп айтып қойған. Алайда біз бай болсақ құдайлыққа үміт артпай-ақ қояр едік. Біз бар ғой, біз Алланың осы бергеніне шүкіршілік айтар едік. Біз бар ғой…

Жоғарыда да айттық. Адамдар әрқилы. Біреу — ауру, біреу — сау, біреу — бай, біреу — кедей, біреу… Егер біз осы «әрқилылықты» Алланың бізге бергені деп қабылдасақ… Иә. Бақыт дегеніміз сол. Демек бақыт дегеніміздің өзі иман екен дә. Ал оған қол жеткізу… Сіз бақыттысыз ба?..

 

Құдияр Біләл


ПІКІР ҚАЛДЫРУ