Поэзиялық шығармаларды талдаудағы мұғалімдер алдындағы негізгі ұстанымдар

0
2646

Поэзиялық шығармаларды талдаудағы мұғалімдер алдындағы негізгі ұстанымдар

Әлем жаратылғалы бері, оны билеудің тізгіні адам баласына тигелі бері, ашылмаған жаңалығы, таппаған құпиясы қалмаған шығар, сірә! Дегенмен әлемнің қойнауындағы тылсым сырды, жасырынған құпияны, шешілмеген жұмбақтарын тапқанымен, адамзат өз кеудесіне рух сәулесі әнмен енген поэзия тылсымын әлі шеше алмай келеді.

Қазақтың ақыны Серік Ақсұңқарұлы «Анти-поэзия кәріне мініп тұр. Адамзаттың алғашқы ақыны Гомер туған күні ол да қоса туған» деуі не?..

Әдебиетші ғалым Тоқболат Еңсегенұлы айтпақшы «… адам баласының қуанбай, ерекше шаттанбай және қайғырмай өмір сүруі мүмкін емес. Сол көңіл-күйінің мөлдір сыры жыр болып төгіліп, сұлу сөз болып өріліп, әсем ән болып естілмеуі тағы мүмкін емес. Адам баласының сол ішкі толқыныс сезімі көбіне шағын көлемдегі өлеңдермен беріледі» деуі адам мен өлеңнің өнердегі үндестігін, егіз ұғым екендігін тілге тиек етіп, өлеңнің ашылмаған тылсым өлкесіне жетелейді.Белинский айтқандай «Поэзия — әлемдік өмірдің қан тамырларының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні» деуі табиғи үндестікке ұластырады.

Әлишер Науайының тілімен айтсақ

Ұқсайды өлең – сөздің патшасына,

Жайдарлы, әнші, күйші кел қасыма –

деп еріксіз іздейтініміз тағы бар. Онсыз сән-салтанатымыз мына өмірдің мәні жоқ құбылыс екенін түсінеміз.

Абайша айтсақ:

Туғандай дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең –

деп еріксіз тағы мойындаймыз.

Осы өлең жұмбағының шешімін таба алмай жүрудің себебі қандай? Жауабы не? Сыры неде?

Қадір Мырза Әліше айтсақ «Өлең деген – ой мен сезімнің ар жағы» Бұл не? Тағы жұмбақ.

Меніңше ақын айтқан өлең дегендегі ой – теңіз, сезімі – кеме емес пе?

Б. Томашевскийше айтсақ «Өлең туралы айтылғанның көбі даулы, сондықтан бәрі қызық» емес пе? Еріксіз тағы пікірлер іздейсің.

Армиянның талантты ақыны Паруйр Севак «Поэзиядан не бар, қалай бар, сол сияқты үшінші бір нәрсе бейнелі ой бар» дейді. Оның айтқан үшінші нәрсесі «Бейнелі ойы» түсінікті. Ал оның бірінші және екінші нәрселерін белгілі педагог, әдебиетші ғалым Төлеутай Ақшолақов былай түсіндіреді.  «Ақынның не деп отырғаны – шығарманың мазмұны да, ал қалай деп отырғаны оның формасы» дейді.

Әрине Л. Леонов айтқандай «Көркем шығарма жазу — әрқашан пішіні жағынан өнер табы, мазмұны жағынан жаңалық ашу» емес пе?..

Меніңше өлең өлкесіндегі өзгеге ұқсамайтын форма іздеу, мазмұны жағынан тың жаңалық ашу бұл ақынның өзгеге ұқсамайтын даралығы болар.

Бірақ Маралтай Райымбекұлының поэзиясына  Әуесхан Қодар «Оның өлеңінде Төлегеннің екпіні бар да, романтикасы жоқ. Жұмекеңнің ойшылдығы бар да, дидактиасы жоқ. Мұқағалидың лирикалық нәзіктігі бар да, аңғалдығы жоқ» деуі тағы жұмбақ кейіпке енген астарлы пікір емес пе?

Бақыт Кәрібаеваның М. Әуезовтың «Көксерегі» мен Д. Лондонның «Ақ азуымен», сол сияқты Ә. Ақматалиев айтқандай Ш. Айтматовтың «Ақ кемесі» мен Ю. Рытхәудің «Киттер ауып кеткендегісі» арасындағы жанрлық-стилдік, идеялық-тақырыптық, сюжеттік-композициялық үндестіктер сияқты поэзиядағы байланыс болар.

Л. Толстойша айтсақ «Миллион сөз ойлап, соның тек біреуін ғана таңдау – қандай азап» немесе «Бір сауалдың бір емес, бірнеше жауабы болатын секілді, бір тақырыптың бір емес, бірнеше идея тууы мүмкін» — деп Белинскийше өзімді жұбатамын.

Өлеңдегі негізгі объект – адам. Сондықтан да кез келген шығарма адам үшін жазылады. Сол өлеңдегі мазмұн мен форма біртұтас ұғым. Формасыз мазмұн, мазмұнсыз форма болуы тағы мүмкін емес. Лирикалық шығармаларда мазмұнын бір бөлек, формасын бір бөлек таныту поэзияға жасалынған қиянат. Тіпті лирикалық шығармалардағы образға психологиялық дәлел мен оқиғаға логикалық дәлелдердің қажеті жоқ.

Қ.Аманжоловтың:

Шықшы тауға қарашы кең далаға

Мәз боласың ұқсайсың жас балаға

Ол шеті мен бұл шетіне жүгіресің

Шаршайсың ба құмарың бір қанама

немесе Ж. Нәжімеденовтың

Ала алмаған жау бізді мекендей бір,

Мекендей берік болсаң екен деймін

Жақсының бәрін өзім мақтан етіп,

Жаманыңды көрмесем екен деймін

деген ақындардың өлең жолдарында үлкен мәні бар философиялық ой мен эстетикалық сезім жатқанына ешкім дау айта аламас.Сол терең түйсікті талғам түсінікпен өлең құрлымынан қалай танытуға болар еді? Біріншіден, ішкі мазмұнмен үйлесім тапқан ұйқас — өлеңдегі негізгі айшығына айталып тұрса, екіншіден ұйқас пен ырғақ, шумақ пен бунақ – бәрі де адамның көңіл-күйі мен сезім толқындарына байланысты туған. Үшіншіден, «Ш» және  «Ж» дыбыстарының қайталануы өлеңге өзіндік саздылығын, әуезділігін арттырып, өлеңге ерекше көркемдік сипат беріп тұр. Некрасовша айтсақ «бір ғана образбен, бір ғана сөзбен, қаласа, тіпті бір ғана дыбыспен… өмірді өзгеше құбылыс қалпында, қозғалыс үстінде әркімнің көз алдына әкеле алады.»

«Бүгінгі оқу үрдісінің оқушыны қазықтырмауаның  басты себебі; оқу- үрдісіндегі жасандылық, 45 минуттық көз бояушылық, дайын сұрақ пен дайын жауап шеңберіндегі мұғалім мен оқушы қызметі, олардың арасындағы формальді қатынас. Мұғалім оқушыдан білім мазмұнына қатысты тосын сұрақтар алатындай дәрежеде оқу – үрдесін ұйымдастыра білсе, бұл сұрақтың жауабын өзім білмей қалуым мүмкін деген үреймен емес, бұл сұрақтарға «оригинал» жауаптарды аламын деген сеніммен оқушаларды жетелей білсе, мұғалім беделі,  құзырлылығы, мұғалімің өзіне деген, өз  оқушыларына деген сенімі арта түсері қақ.» Құдайбергенов К.С

Өлең туралы арнаулы ғылым бар екен өлеңді де сол ғылым тұрғысында оқыту қажет. Өйткені өлең Қабдоловша айтсақ «еркін сөйленетін жай сөздер тіркесі емес, ырғағы мен ұйқасы белгілі қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына дейін белгілі тәртіпке бағынатын сөздер тізбегі.» Бұл қандай тәртіп? Біз мұны оқушыға қалай түсіндіреміз?

Еріксіз тағы өлең туралы ғылымға жүгінеміз. Өйткені өлеңді оқыту, оқу, тыңдау, оның әрбір сөзіне тұшыну, толқу,  тебірену – бәрі ырғаққа байланысты құбылыс. Жаңа сабақ біріншіден белгілі бір тәртіппен ырғаққа бағынуы керек. Өйткені ырған адамның жүрісі тәрізді не сөйлеуі сияқты белгілі бір қалыпқа түскен іс-әрекет. Адам жүрісінен шалынса не сөйлеуінен жаңылса ырғақ жоғалады. Өлеңнің де мәні қалмайды. Әнді тыңдататын не айттыратын, өлеңді жаздыратын не шабыттандыратын осы ырғақ емес пе?..

Екіншіден М. Жұмабаевша айтсақ «Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның қолынан келеді.» Өлеңді ақынның өзімен байланыстыра оқыту. Өйткені өлең «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» болуы қажет. Қазіргі таңда оқытылатын пәндер балалардың болашағына таңдаған мамандығына қарай бағытталып, нақты мақсаттың болуы ерекше назар аударуды қажет етеді. Өлеңде ақын, оқытушы, оқушы арасында осындай нәтижеге бағытталған үндестік тұрғысында оқытылуы қажет. Үндестіксіз ырған болмайтыны сияқты ырғақсыз да үндестік болмайды.

Қазіргі қазақ өлеңіндегі психологизм мәселесін ғылыми тұрғыда оқыту, яғни ақын шеберлігін таныту өлеңдегі басты ерекшеліктер болып табылады. Бұл тұрғыда көркемдік құралдарын дұрыс пайдалану және бейнелеу ерекшеліктерін көрсету лирикалық кейіпкердің бейнесін жасау деген сөз. Бүгінгі әдебиеттануда түрлі бағыттар мен ағымдар, көркемдік әдіс-тәсілдер мәселенің көкейтестілігі күн тәртібінен түскен жоқ. Соның ішінде қазақ әдебиетіндегі, әсіресе поэзиядағы психологизм мәселесі — өзекті мәселеге айналып отыр. Өлеңдегі кейіпкердің ақындық әлем күрделі де жүйелі оқытуды қажет етеді.

Әдебиет псхиканың заңдылықтарын емес, адамның қоғамдық өміріндегі орны мен содан туындап, дамитын психолгиялық құбылыстарды бейнелейді. Лириканың өзі психологиялық бейнелеу амал-тәсілдерінен туындап, өрбігендіктен психологизм – лириканың жанды өзегі.

Үшіншіден кез келген халықтардың поэзиясы бір – бірінен сөз байлығы, образдар жиынтығымен ерекшеленеді.Өлеңдегі образдардың бейнеленуі мен берілу тәсілдері ұлтың көркем ойлау ерекшеліктеріне байланысты. Осындай ерекшеліктердің бірі теңеу тәсілі арқылы берілетіні белгілі. Бұл поэзия тілінде көптеп қолданылатын тәсіл яғни ұлттық характер. Мұнсыз поэзия тілі жұтаң. Осы тұрғыда бірнеше пікірлерді тілімізге тиек етелік. Әдебиет теориясы оқулығында «Екі құбылысты бір-біріне жанастыра отырып, біреуінің қосалқы белгілері арқылы екіншісін сипаттайтын түрі.» Міне теңеудің осы белгісі поэзия тілінде оқушыларға айқындалып түсіндірілмей үстірт баяндаумен ғана шектелетініміз шындық. Л. И. Тимофеев «Теңеу дегеніміз – ортақ белгілері бар екі затты, ұғымды және күйді бір-бірімен салыстыратын және сол ортақ белгінің негізінде, алғашқы заттың көркемдік мәні күшейе түсетін бейнелі сөз тіркесі» дейді. Ал қазақ ғалымы Т.Қоңыров теңеу болу үшін үш элементтің болуын баса айтады.

  1. сипатталушы мүше;
  2. сипаттаушы мүше
  3. белгісі

Бұл оқушылар ұғымына түсінікті әрі меңгертудің тиімді тәсілі. Мысалы,

М. Жұмабаевтың “   Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемiн “ өлеңiнiң көркемдiк ерекшелiктерiн тануда бiр ғана теңеудiң 3 элементтен тұратынын түсiндiрмес бұрын логикалық танымға олардың назарларын аударамын.( Кез келген нәрсеге не құбылысқа затты теңеу үшiн олардың ұқсастығына мән беру және олардың арасындағы жастардың Арыстан мен Жолбарысқа сондай-ақ Қыранға ұқсастығы не? Екеуiнiң белгiлерi бар ба? )

Предмет ( зат) – жас ( — тар)

Белгiсi – қайраты, айбаттылығы, қанатты

Образ – Арыстан, Жолбарыс, Қыран

Поэзиялық шығармаларды эстетикалық тұрғыда талдау үшін әдеби теориялық ұғымдарды жете меңгеру негізгі құрал болып табылады. Поэзия тілінің әсемдігі ғана емес, әсерлеу үшін құбылту (троптар) мен айшықтау (фигуралардың) тәсілдері қажет — ақ. Өйткені лирикалық шығармаларда сюжет бола бермейді. Сондықтан да оны мазмұндап айтуға еш негіз жоқ. Яғни поэзиялық шығармаларға талдау жасау – оның бейнелі ойын аша білу деген сөз. Осы тұрғыда сабақ процесін шығармашылық тұрғыда оқыту әдісі әдебиет сабақтарында тиімді тәсіл.

 

Дүйсенбаев Базарбай Рысбайұлы.

Жамбыл облысы «Ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ