Президент Н.Ә. Назарбаевтың Хакім Абай туралы баяндамасы

0
2832

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте, 1995 жылғы тамыздың 9-да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жасаған баяндамасы

 

Ардақты отандастар! Қадірлі меймандар!

Бүгін — ұлы мереке. Халқымыз ең аяулы перзенті мен ең дана ұстазына мәңгі өшпес махаббатын білдіруге жиылып отыр. Оның дүниеге келгеніне әр он жыл толған сайын осылай бас қосып, өткеніміз бен кеткенімізді, жеткеніміз бен жетпегенімізді бір сарапқа салып алу әлдеқашан әдетімізге айналған. Соның әрқайсысында Абайдың аты жаңаша асқақтап, халқымыздың мәртебе-мерейі жаңа биікке көтерілумен келеді. Бір кезде абзал ақынымыздың асыл мұрасының таптық идеология табанында тапталып қалмай, жаңа ұрпақтармен бірге жасайтын мәңгілік құбылысқа айналғанына куандық. Сосын онын қадір-касиетінің өз аумағымызбен шектеліп қана қоймай, іргелес халықтар мен елге де кеңінен танымал бола бастағанына масаттанып, марқайдық. Ал бұл жолғы сүйінішіміздің жөні тіпті бөлек. Ол үшін бір-бірімізді куана құттықтап, бір-бірімізден шүйліге сүйінші сұрасақ та, ешкандай ерсілігі болмас еді.

Абайдың ежелден-ақ әкенің баласы болмай, адамның баласы болуды армандағаны белгілі. Бұл жолғы тойдың төріне сол көксеген мұратына жетіп, барша әлемге аты қадірлі, сөзі өтімді, пікірі қымбат адамзат ардағы, адамзат ақыны, адамзат ақылманы болып көтеріліп отыр. Бұл жолғы салтанаттың Алматы мен Семейден, Қарауыл мен Жидебайдан басталмай, Батыс пен Шығыстың іргелі елдерінен, Еуропа мен Азияның ең беделді мемлекеттерінен, Мәскеу мен Ыстамбұл, Париж бен Пекин сынды әлемдік астаналардан басталғаны да соның айғағы. Бұл — бүкіл планетамыздың мәдени-рухани тынысын жүйелеп отырған аса беделді халықаралық ұйым — ЮНЕСКО-ның біздің жеке өтінішімізді ыстық ықыласпен қабылдап, мұндай шаруаның қалыптасқан жылтізбелік үрдісін алғаш рет бұзып, оны дүниежүзілік деңгейде өткізуді өзінің биік құзырына алуға шешім қабылдағанының арқасы.

Біз бұны енді ғана тәуелсіздік алып, адамзат қауымдастығының тең құқықты мүшесі ретінде енді ғана санатқа кіре бастаған ежелгі халқымыз бен жас мемлекетімізге көрсетіліп отырған үлкен ықылас, биік саяси-рухани қолдау деп бағалаймыз. Күллі қазақстандыктардың атынан ЮНЕСКО ұйымына, соның Бас директоры, бүгін ортамызда отырған аса сыйлы мейманымыз, көрнекті қоғам қайраткері, әлемге мәшһүр ақын, аса қадірменді Федерико Майор мырзаға шын жүректен шексіз ризашылығымызды білдіруді айрықша парыз санаймын. Сондай-ақ, Абай мерекесін атап өткен, атап өтпек, мұрасын насихаттауға белсене үлес косып жатқан, бүгінгі салтанатқа өздерінің беделді өкілдерін жіберіп отырған барлық мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға шын жүректен алғыс айтамыз. Бұл демократия мен гуманизм мұраттарының әлемдік кеңістікте түбегейлі жеңістерге жетуінің нәтижесінде қалыптаса бастаған жаңа рухани ахуалдың айқын айғағы деп білеміз. Ағайын бір өліде, бір тіріде деген осы. Қуанышы мен қайғысы ортақ рухани бауырмалдықтың әлемдік деңгейде орныға бастауы біздің ертеңге деген сенімімізді нығайта түсері хақ. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дейді қазақ. Ақ пейіліміз бен адал ниетіміздің асыл көрінісіндей Абайымыздың әлемдік татулық пен ынтымаққа өз үлесін косатын рухани мәмілегерлігіне кіріскеніне ерекше тәнті болып отырғанымызды да жасыра алмаймыз. Ері елінің атын шығарады, елі ерінің атын шығарады деген де осы. Біз бүгінгідей тарихи кезеңде, адамзаттық қауымдастыққа енді танылып, сенімді ықпалдас, сертке берік серіктес ретінде алғаш рет бой көрсете бастаған кезімізде беделімізді асырып, рухани бедерімізді айқындай түсетін Абайдай беліміз барлығына шүкірлік етеміз. Сондай беліміздің атын аспандата ұлықтай алатын еліміз барына да шүкірлік етеміз. Құдайдың бізді бұндай күнге жеткізгеніне де тәуба дейміз. Сондай кезеңде өмір сүріп, сондай ел мен сондай қоғамға жан-тәнімізбен кызмет ету маңдайымызға жазылғанына да мың қайтара тәуба дейміз. Оны сезіну біздің үмітімізді нығайтып, жігерімізге жігер қоса түсетіні анық. Өйткені, Абайды Абай қылған қилы тарихтың қырық қатпар шындығы қазіргі біз бастан кешіп жатқан заманалық құбылыстармен тікелей жалғасып жатыр. Оның тағдыры мен рухани ізденістерінің қиыры мен шиырын, тұңғиығы мен тұтқиылын жіті пайымдап, дұрыс қорытынды шығара білсек, басымыздағы дәуренмен талай сабақтастықты танып, бүгінгі ахуалымызды да салиқаландыра түсетін талай мән мен нәр таба алар едік. Абайдың сол заманда осылай толғанып, осылай жазбауы қандай мүмкін болмаса, біздің бұл заманда осылай қиналып, осылай әрекет етпеуіміз сондай мүмкін еместігін түсінер едік.

Ерекше жағдайдың ерекше ізденістер мен ерекше әрекеттерге бастайтыны белгілі. Ерен талант пен ерен жігер де сондайда керек. Әрдайым алға ұмтылып, биікке ұмсынған адамзат нәсілі.

Ешқашан толас таппаған және таппайтын рухани күресіне адастырмас нысана, алжастырмас бағдар сілтеп бере алатын көреген көсем тұлғаларды әрдайым сусай аңсаған, әрдайым төбесіне көтере құрметтеген.

Өйткені, ақыл табылмай тұрып, ештеңе табылмайды. Ол жетілмей тұрып, ар-намыс шыңдалмайды. Ар-намыссыз азамат өзгелердің көсегесі түгілі, өзінің көсегесін көгерте алмайды. Онсыз ұлттық сана мен ұлттық намыс та тұл. Онсыз қоғам дамудың даңғыл жолына түсе алмай, үйреншікті үрдістің солғын соқпағынан шыға алмай, заманалар шырғалаңында басы айналып, дағдарыс хал кешеді. Ондай дағдарыстан шығар жолды тарих пен табиғаттың айрықша пейілі түскен перзенттері ғана сілтеп бере алады.

Абай да дәл сондай балағат заманда ғаламат тәуекелге бара алған ерекше парасат пен ерекше рух иесі. Соның арқасында ол бүгін күллі адамзаттын абыройы аласармас рухани сардарларының біріне айналып отыр. Оны туғызған дәуірді кеңінен қарастырмайынша, одан қалған мұраның тереңіне бойлай алмаймыз.

Ол қазақ тарихының айрықша ауыр кезеңі еді. Жер шарының неғұрлым көп бөлігін иемденуге тырысқан империя Орталық Азияны көктей өтіп, шығыс пен күнгейге тереңдей енуді көздеген-ді. Сондай стратегиялық мақсаттың дәл өтінде тұрған ел Қазақстан болды. Басқадан айырылса да, одан айырылмау саясаты алғаш рет сол кезде бой көрсетті. Ел билеудің тарихи қалыптасқан ұлттық жүйесі біржола мансұқталды. Метрополияның өзіндегі тәртіп күштеп енгізіле бастады. Әуелі қазақтың әр ұлысынан бірнеше шағын хандықтар құрылып, этно-аумақтық тұтастық бүзылды. Сосын әр хандықтың халқы мсн жері ата-атаға, ру-руға бөлінетін жігімен ауыл-ауылға, болыс-болысқа бөлінді. Сөйтіп, сойылған тоқтыдай ұшаланып-мүшеленген хандықтар дербестіктен айырылып, көрші губерниялардың құрамына күштеп кіргізіліп, кірме күн кешті. Одан хандықтар дуандарға бөлініп, бекзаттардың орнына патша үкіметі тағайындаған «сенімді қазақтарға» басқартылды. Солай дәстүрлі ішкі жымдастың әбден жойылған кезінде, ел, ауыл, болыс, уезд, облыстарға бөлінетін түзіліммен қайта құрылды. Ең төменгі ауыл мен болысты жергілікті атқамінерлер, уезд бен облысты патшаның әскери шонжарлары биледі. Осылай қазақтар өз жерінде, өздері кірме болып қалды. Ұлттық түгілі, рулық-тайпалық тұтастықтан ажырап, ауызбірліктен атымен жұрдай болды. Солай қожыраған халық пен қоныс жоғарының нұсқауымен алты облысқа бөлініп, көршілес Сібір, Орынбор, Астрахан, Түркістан губерниясына, ал Маңғыстау әуелі Кавказ сырты, артынан Каспий маңы облыстарына бағындырылды. Сөйтіп, қазақтар бет-бетімен тарап, бір халык,  бір ел екенін атымен ұмытатындай күйге жетті. Жер бетінде отаршылдық көрмеген халық кемде-кем болғанымен, бір ғасырда осыншама көп реформаға ілініп, тоз-тоз болатындай тәлкекке ұшыраған халық ешкайда да жоқ шығар.

Бұның бәрі отарлық кеңістіктің тұрғындары тарихи қалыптасқан мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтіре алмайтындай қып, оларды жер мен судың байырғы иелік кұкынан біржолата ажыратуды көздеп, алдын-ала ойластырылған зұлым саясат еді. Қазір бізге өршелене өшігіп жүрген алтын моншақты саяси қырғилар мен әншейін айтаққа ерген әулекілердің жаңа бағдарламалары қай кездегі «саяси макулатура» екендігін осыдан-ақ айыра беруге болады. Ондайлар көршілерінін жерін тоз -тоз қып бөліп әкетіп, өзін салпақтатып малға салып, атақонысынан табылып жатқан байлықтан соқыр тиын да татырмай, талтаңдап қалған дәуренді әлі де көксейді. Сондай кейбір көкімелердің өзі ұлы мәдениет жасаған ұлы елдін атын малданып, өзгелерге өнеге көрсеттім деп, өз абыройын өзі түсіріп жататынын қайтерсің! Ондай ұрдажықтар ол кезде де аз емес еді. Ел мен жерді ойрандағандарын былай қойып, сананы да уландыра бастады. Тілін, дінін, тұрмыс-салтын менсінбеуге, ата кәсібі мен тарихын ұмытуға, өзінен-өзі қорланып, өзгенің зорлығына бауыр басуға ынталандыратын әзәзіл саясат ерекше мүттәйімдікпен жүзеге асырыла бастады. Бұратаналану деп аталатын жексұрын құбылыс солай өрбіді. Қармакқа ілінген, жемге жүгірген шабақтай шошаңдаған бұратана сана, өзін-өзі отқа түсіретін көзсіз көбелек дәурен орнатты. Тұтастық пен ынтымақ ұмытылды. Санап алып оқытып, санап алып қызметке іліктіру бір жағынан орыстандыруды, екінші жағынан бақастык пен ішкі араздыкты күшейтуді көздеді. Басқаны былай койғанда, ағартушыльқтың өзіне арамза сипат берілді. Бір ғасыр бойына жантөсілім жау жағаласпен келген ереуілшіл халыққа енді әлгіндей қамқорсыған айла-шарғының қақпаны құрылды. Кітаптан гөрі зеңбіректі, мектептен гөрі әскери бекіністерді көбейтіп жатқан өкіметтен сескенгендер аяқ жетпес шөлдерге шегінді. Сескенбегендер саяси итаршылыққа жүгініп, есіктегі жалшылыққа пейіл болды. Шұрайлы жерлер, шырайлы кәсіп пен кызмет орталықтан әдейі көшіріліп әкелінгендерге ғана бұйырды. Шет аймақтардың дамуына бөлінетін қаржы түп-тұтасымен сырттан қоныстанушыларға жұмсалды. Ал бұратаналарды да оқуға тартпақ болғандар, патша сарайы ұлықтарының біреуінің дала губернаторына ашық жазғанындай, «шектен шыққан адам сүйгіштік» деп келеке етілді. Егер осы ғасыр басында қазақтардан да санаулы оқығандар шығып, орысша сауат ашқандар бір процентке жетсе, оған мансапқор дала дәулеттілері мен оқу-білім аңсаған түздіктердің өз қаражаты жұмсалды.

Жан иесі жарыққа талпынбай тұра алмайды. Өз-өзінен жойылып кетуге пейіл еш мақұлық жоқ. Халық та солай. Қанша зорлық көрсе де, зомбылық көрсе де үмітін үзбейді. Өзіндей жұрттардын қолы жетіп жатқанға өз қолын да жеткізбек болып тырысады. Тап сондай дәме бұдан сегіз ғасыр бұрын біздің бір жерлесімізді ғылым іздетіп, Күнгей Азияға сабылтқан еді. Өткен ғасырда да тап сондай талап тұлпарларын ерттеп мінгендер шыға бастады. Бір кездегі Әл-Фарабидің жанқиярлық талабын Араб халифатының әкелік камқорлығы деп қалай айта алмасақ, өткен ғасыр соңындағы дала азаматтарының білім жолындағы нар-тәуекелін де патшалык самодержавиенің әкелік қамкорлығына жатқыза алмаймыз. Шет аймақтағылардын да сауатын ашып, білімге тартудын жүйелі саясаты болды. Бірақ, ол біздің даламызға осы ғасырдың екінші он жылдығынан бастап ене бастады. Демек, оған дейінгі оқу, білімге ұмтылу — ұлттық болмысымыздың етене зәруліктерінен туындаған рухани жанқиярлық. Бір экономикалық-коғамдық үрдістің дәурені әбден таусылып, екінші экономикалык-коғамдык үрдістін әбден орныға бастағанын байқаған ұлттық сананың тарихи дамуды өзінше пайымдаған етене көрегендігі. Ондай құбылысты айдалаға апарып телу әбестік болар еді. Ұлттық рухани өміршеңдігіміздің тереңіне бойлай пайымдаудан әдейі жалтару болар еді. Ондай көзкараспен қарасақ, Абай сынды алып тұлғалардың кеменгерлік болмысына атымен маңайлай алмас едік.

Абайдың адам көрмеген жанқиярлығы мен ерен кұбылыс саналардай ерекшелігі — отаршыл кемсітушілік бар жерде болмай қоймайтын тайсалудың орныңа тайталасты, жиренудің орнына үйренуді, жарамсақтыктың орнына жарастықты, мансап қуған баққұмарлықтың орнына білім қуған бәсекені сіңістіріп, ұлтымыздың рухани қайсарлығын атымен жаңа қасиеттерімен байқатқандығы.

Өйткені, халқына жаны шындап ашитын қайраткер орға жығатын емес, өрге бастайтын жол сілтейді.

Абай да ақыл айтпас бұрын қилы заманның бар қитұрқысын өз басынан өткеріп көрді. Онын сол кездегі еуропалык саяхатшылардың аузынан «Дала Цицероны» деген атақ алған шонжар әкесі ескі мен жаңаға бірдей жорға болды. Ел жақсылары мен патша әкімшілігіне сөзін бірдей өткізе білді. Сондай аса ақылды, көреген әке баулыған ұғымтал жас медреседе мұсылманша, мектепте орысша қатар оқып жүрген жерінен ауылға кайтарылып, билікке араласады. Ру мен ру, ескі үрдіс пен жаңа үрдіс, рулық-тайпалық психология мен самодержавиелік отаршылдык бетпе-бет шарпысқан тартыс пен таластың ортасында жүріп, есесі кетіп жатқан елінің жоғын жоқтауға күш салды. Бірақ еңбегі зая кетті. Қандастары қызғанышпен, отаршыл ұлықтар сенімсіздікпен қарады. Қапа болған жігерлі азамат билікті тастап, акындықтың соңына біржола түсті. Қалған жиырма жыл ғұмырын тек кана оқып білуге, тек қана шығармашылыққа жұмсады. Ол еңбегі, енді, міне, адамзат ақыл-ойының асқаралы тұлғасына айналдырып отыр. Ақын Абай қазақтың суырыпсалма поэзиясын шын мәніндегі реалистік жазба поэзияға айналдырды. Бұрын-сонды көтерілмеген такырыптарды көтерді. Бұрын-соңды үрдіске енбеген жанрларды үрдіске енгізді. Сырт сипаттау, сырт дәріптеуді қойып, адамның ішкі жанына үнілетін, болмыстың тұңғиық қалтарыстарын ашатын аса мәнді философиялык-әлеуметтік лирика туғызды. Шығыс поэзиясына тән нәзіктік, әуезділік, ойнақылық Батыс әдебиетіне тән жіті зерттеуші зердемен байыды.

Егер Абай болмаса, осы ғасырдың басында-ақ азаматтық кемелділікке, суреткерлік салиқалылыққа, стильдік әр алуандыққа, заманмен бірге аттап, замандаспен мұндас бола алатындай әлеуметтік пайымға ие болған жазба әдебиет мектебі: шын  мәніндегі Абай мектебі қалыптаспас еді. Мағжан Жұмабаев, Бернияз Күлеев, Шәңгерей Бөкеев, Шәкәрім Құдайбердиев лирикасында, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Ғұмар Қарашев, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Сералиндердің саяси-ғылыми көсемсөздерінде, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов шығармаларында бар бітімімен көрінген бұл мектеп Абай жүйелеген жаңа ұлттық эстетикалық әлемнін қаншалықты сындарлы екендігін айқын танытты.

Түп бастауы осы кәусар бұлақтан басталған көп салалы, көп жаярлы көркем әдебиетіміз XX ғасыр зобаландары тұсында өз халқына зор рухани медет болды. Тек өз жұртын ғана емес, бұрынғы кеңестік кеңістікте, тіпті әлемдік деңгейде талғампаз кауымның сусынын қандыра алатын рухани нәр тауып бере алады. Біз бұның бәрі үшін де бір жарым ғасыр бұрын эстетикалык ойдың тың жазирасына батыл аттаған Абайдың кайсар талантына қарыздармыз.

Абай Құнанбайұлының әлемдік санадан өз орнын алатындай елеулі кұбылыс болуы тек оның әдеби ізденістерімен шектелмейді. Әдебиет — Абайдың күллі дүниелік болмысқа, адами, ұлттық, кісілік, тарихи, заманалық болмыстарға бойлайтын кәусар дариясы, ежелгі дүниеден мәңгілікке дейін көл-көсір көсіліп жатқан рухани әлемге, рухани ғарышқа, универсиум деп аталатын ғалами дүниені ғажайып қиырларына шегер бір жағынан азапты, бір жағынан ләззатты сапарының бастау қақпасы, әрі тереңге бойлап, кемелге ұмтылар талпыныстарының алтын баспалдағы болды. Абайдың ойшылдық қарымы мен зерттеушілік тегеурінін де өз заманының шым-шытырық кайшылыққа толы шындығы белгілеп берді. Сол шытырманнан шығар жол іздеп жүріп, ол өз халқының ұлттық бітімін жан-жақты пайымдады. Оның басындағы тақсіретті егжей-тегжейлі талдады. Сөйтіп, кеселіне дауа, келешегіне бағыт қарастырды. Халкына қамқор, ұлтына жанашыр болам деп жүріп, күллі адамзатқа мейірбан гуманистік өреге көтерілді. Кісі мен кісінің де, халык пен халыктың да арасында бола беретін кикілжіндердің  бәрінен жоғары тұра білді. Ұлықтарды ұнатпағанымен, көрші орыс халқына, басқа да халықтарға зор ілтипатпен қарады. Патшалық билікті мансұқтағанымен, ұлы орыс мәдениетінен тәлім алды. Аз халықты да, көп халықты да бауырластыратын рухани ыкпалдастық деп түсінді. Адамға адам баласының бәрін дос санады. Оны батысқа, шығысқа, алысқа, жақынға бөлмей, біртұтас кұбылыс ретінде қарастырды. Дала өмірін түзету үшін толассыз жетіліп, толассыз шындалып жатқан адамзаттық қауымдастықтын тыныс-тірлігіне үңілу кажет болды. Сөйтіп, ол өз дәуіріндегі өз жұртының әлеуметтік болмысымен шектелмей, оны қалай сауықтыру мен сауаттандырудың амалын іздеді. Өз пайымын ортаға салды. Ол қазақ зиялыларының осы ғасыр басындағы әлеуметтік прогреске талпынысына айта қаларлықтай ықпал етті. Онымен коймай, қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы қоғамдық санасына тікелей әсерін тигізе алды. Абайдың әлеуметтік ойшылдығына тереңірек үңілетін тұс — қазіргі кезең. Қоғамымызда түбегейлі өзгерістер болып жатқан бүгінгі күндер.

Осы тұрғыдан келсек, дала философы халқына жаны ашу деген онымен қосыла жылау емес, оған өзін-өзі шындаудың сара жолын айқындап беру деп түсінгені ешқандай күмән туғызбайтын басы ашық мәселе.

Абайды мұндай нартәуекелге бел буғызған, оның осыншалық намысын кайраған қазақ даласындағы кемсітушілік саясат пен оның шашбауын көтерген әлеуметтік көлгірлік еді. Оларды жағадан алып, жағаласа кеткеннен мән шықпайтынын түсінді. Кенесары көтерілісі аяқталар кезде дүниеге келген сәби бесіктен белі шықпай жатып, дербес ел болудан біржола күдер үзіп, бөтеннің көсеуін көсеп, дәреже іздегендердің қырқылжың қырқысын көріп өсті. Тәуелділік мызғымастай боп орнығып, болары болып койғаннан кейін анғал халықты босқа арандату парасаттылыққа жатпайтынына көзі жетті. Есе кайтарудың жолы бар ма? Бар.

Абайға айтқызсаңыз: «әуелі мал тап», — дейді. Өйтпесе: «қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға кұмарлык қайдан тұрсын?.. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім, өнер керек екен…»

Өнер-білімді қайдан іздеген жөн?

Абайға айтқызсаңыз: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да — бәрі орыста тұр… Орыстың ғылымы, өнері — дүниенің кілті. Оны білгенге дүние арзанырақ түседі».

Естір кұлақ тосырқайтындар тосын жауап. Тым пайда қуған, бақ қуған утилитарлык көзқарас емес пе? Мұндай акылдың патша ұлықтары таратып жүрген пікірден несі өзге? Ұлык жалба тымақты түз адамын кемсіте беруді көздейді. Абай тезірек тең етуге асығады. Оның ұғымында сол астам ортаның «Зарарынан қашық, пайдасына ортақ болу үшін де оқуын, ғылымын білмек керек… Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді де, аса арсыздана жалынбайды ». Сонда бұдан шығатын қорытынды: кемсінгеннен мәдениетін меңгеріп, қомсынғаннан білімінді асырып қана есе қайтара аласың. Әйтпесе, аз бен көптің, күшті мен әлсіздің арасында басқаша теңдік болуы еш мүмкін емес екен.

Әншейін қиқарлықтай көрінетін бұл қағидасын Абай өз өмірімен дәлелдеп шыға алды. Айдаладағы киіз туырлықты ауылда жатып, орыс классикасын түгелге жуық оқып қана қоймай, шетінен қазақшаға аударып, ел арасына насихаттаумен шұғылданды. Ол аз болғандай, орыс тілі арқылы Байрон, Гете, Шиллер, Лесаж, Дюма, Мицкевичтерді зерделеп, казақша сөйлетуге тырысты. Тіпті, көне грек, ежелгі Рим дәуірлеріне тереңдеп, Аристотель мен Сократтан бастап, Спиноза мен Спенсерге дейінгі аса көрнекті ойшылдарды шұқшия зерттеді. Дарвинді ақтарып жаратылыстану жетістіктерімен танысса, Нью-Йорк университетінің профессоры Джон Уильям Дрепердін еңбектеріне ден койып, Еуропаның ақыл-ой дамуының тарихына, католицизм мен ғылымның арасындағы қарым-қатынас тари­хына қанықты. «Менің қағбам енді батысқа ауысты», — деуі де сондықтан еді.

Сезімтал ақын, сергек ойшыл, ғұлама дала тіршілігін өзге дүние тіршілігімен салыстыра зерттеп барып түсінгісі келді. Бала кезінен таныс араб, парсы тіліндегі кітаптарды қайта ақтарып, Шығыс поэзиясына, тарихына, философиясына соны көзқараспен қарап, жаңаша баға берді. Әсіресе Табари, Рабғузи, Рашид-әд-дин, Бабыр, Абылғазы еңбектеріне ерекше зейін койды. Шығыстық логика мен мұсылман құқығын үңіле зерделеді. Өз тұсындағы Кіндік Азия мен Күнгей Азияның мәдени-рухани өмірінен мейлінше хабардар отырды.

Абай зердесі тек сырткы дүниеге ғана назар аударып қоймай, ұлттық болмысты пайымдайтын төл мұраларға да көңіл бөлді. Қорқыт, Асан Қайғы, Аталык, Сыпыра жыраулар, Қодантайшы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Марғасқа, Жиембет акындар жырларындағы уайым мен жігер, Бүкар, Төле, Қазыбек, Әйтеке өсиеттеріндегі өміршілдік — Абай дүниетанымының ең тёрең және етене қабаттары еді.

Оған  ғұламалар Қожа Ахмет Иассауи, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағүн, Махмұд Қашкари, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Мүхаммед ибн Қайс, Хусан Аддин Бар-шынлегінің енбектерін қоссаныз  қазақ акынының көп кабатты, көп атырапты дүниетанымына еріксіз кайран калар едініз.

Екі алып кұрлықты алтын кіседей айқара құшақтатып жаткан ежелгі сахарада қалыптаскан ғұламалық ой-сананың қаншалыкты терең, қаншалықты кең қарымды, белгілі бір мәдениет, мектеп, ағым ауқымына тұтқындалмайтындай қаншалыкты бостан әрі азат болатынына көзініз жете түсер еді.

Абайдың көзшоласы кандай ұлан-ғайыр кең болса, танданған, қызыққан, жиренген, құмартқан, алған өсерлері сондай ұлан-асыр, байқаған-түйген парасат-пайымы соншама терең еді.

Бірақ оның мұншалық күрделі рухани әлеміне ерекше бір сындарлылык бітіріп тұрған әсер мен ой, сезім мен зерде, әуен мен бейне аражігін ажыратпай, айқұшақ қауышып жататын шынайы адамилық, шынайы азаматтық кемелділік. Неге де болса, даму тұрғысынан қараған, диалектикалық серпін. Тоқмейіл тоғышарлыққа бой бергісі келмейтін шыншылдық пен  уайым …

Азияның шетқақпай түкпірінде туып-өскен түз ақынына мұндай рухани рационализм, адамгершіл максимализм қайдан бітіп жүр?.. Оның шығармаларына ол кезде Еуропаның өзі түгел мойындай қоймаған, адамды  басты тұлға, адамгершілікті — басты қасиет санайтын кайта өрлеу мұраттары, шын мәніндегі кайта құрушылық көзкарастар қайдан дарып жүр?

Оқыған кітаптан ба, заманнан ба, ортадан ба, күнде-күнде көз алдында көлеңдеп тұрған көңілсіз болмыстан ба?

Дұрысы — соңғысы. Қара басының өзі ел бағам деп алыс-жұлыстан мезі болып, мыңмен жалғыз алысып, әбден қажыған сананы, әсіресе, сарғайтқан — дүние түгел өзгеріп жатса да, өзгермей қойған дала тірлігі, қыр тұрмысы еді. Далиған даланың қай қиырынан да көзге ұрып тұрған — мелшиген мешеулік еді. Соны әлі ұғып болмаған аңғал жұрт еді.

Күні кеше өзінен өзгенің бәріне күлетін ауылдастарын тыңдай жүріп «бізден басқаның бәрі антұрған, ең тәуір халық біз екенбіз» деп ойлап қалған аңғал ұғыммен айналасына көз тастай барласа, кешегі келеке қылып жүргендердің бәрі озып кеткен… Біреулердің «екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ», саудагеріне дейін  жүрмеген жері жоқ, қылмаған кәсібі жоқ». Біреулері «солдаттыққа да шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды». Біреулерінің біз құлы, күңі кұрлы да жоқпыз», «біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз», «бағанағы мақтан, күлген, куанған қайда?»

Абайдың ақыл-санасын түгел жаулап алған осы сауал, бұның бәрін «елемеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалмаса керек». Кереңнін басы ахиретте ауыра ма, жоқ па? Ал кемелдің басы бұл дүниеде жүріп-ақ әбден дал болары сөзсіз. Бірақ ондай «үнемі уайым-қайғымен жүре аламыз ба? Үнемі қайғыға жан шыдай ма? »

Батыс пен Шығыс ғұламаларын ақтара-ақтара келіп, тапкан түйіні: құдайдың өзі де рас, сөзі де рас; ол ешкімге арам бол, қанішер бол, масыл бол деген емес; ендеше, кұдайға құлақ аспай, қулық түзелмейді; құлық түзелмей тұрып, құлқын арам ішкенін коймайды; адалға жүрмей, адам түзелмейді; адам түзелмей, қоғам түзелмейді; халық түзелу үшін әркім жеке-жеке өзін-өзі түзеуі керек. Ол үшін «қуанбасқа куанып, ұялмасқа ұялатынын» қоюы керек. Одан арылтатын жалғыз дауа: еңбек. Абайдың ұғымында: «Еңбек танымды арттырады. Еңбек естіген нәрсені бекіте түседі. Адам алған білімін ретке келтіреді, керектіні керексізден сұрыптап, ақылды болады». Сондықтан да, ол еңбекті барша игіліктің негізі, оған деген сүйіспеншілікті адамдық өмірдің басты мәні мен мақсаты деп санайды. Ал жалқаулықты барша қырсықтың, одан туындайтын жарамсақтықты барша қиянаттың, мақтаншақтықты түзелуден үмітін үзген бейшаралықтың түп атасы деп түсіндіреді. Халықты «түзелмейтін қайыршыға» айналдырмайтын амал: «Егін, сауда, кәсіп, ғылым» деп біледі. Ол тек ыждаһат пен ынта бар жерде ғана жүзеге асады. Абайдың: «Құдай саған еңбек етуге жеткілікті күш берді. Бірақ сен еңбек етпейсің. Құдай саған ғылым берді. Бірақ сен оқымайсың. Құдай саған сана берді, сен оны жоғалттың. Сен ерінбей еңбек етсең, шыдамдылыкпен іздеп, пайдалы жұмыс жасасаң — бай болар едің», — деп жазғыратыны да сондықтан.

Ол тек енбек етудің арқасында ғана адам моральдық жағынан кемелденіп, от басына, жас ұрпақ тәрбиесіне, аталық, аналык, достық, жолдастық, туысқандык парызға деген көзқарасты өзгерте алады деп санайды. Әйтпесе, атадан қалған малға масаттанған масыл, ел үстінен күн көрген жымысқы өзгедегіге көз сүзген өлермен бақастық пен ұрлықты, жалқаулық пен жарамсақтықты, қатігездік пен мансаптықты өршітпесе, үй құлкын да, түз құлкын да түзей алмайды.

Абай барша ұғымның шын мәнін ашып беретін бірден бір өлшем — еңбекке көзкарас деп санайды. Алтыншы сөзінен» мына бір үзіндіні келтірейікші: «Қазақ айтады: «Бірлік болмай тірлік болмайды», — деп. Сондағы айтып отырғаны қай бірлік?.. Қазақ ойлайды… ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дөулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік — акылға бірлік, малға бірлік емес… Бірлік малға сатылса, антұрғандық… Ағайын алмай бірлік кылсын… сонда әркім несібесін кұдайдан тілейді, не шаруа іздейді… Әйтпесе, елі біріне бірі пәле іздейді… Мұның қай жерінен бірлік шықты?

«Ырыс алды — тірлік» дейміз. Кай тірлік?.. Жаны кеудеден шықпағандық па? Ондай тірлік итте де бар… Ол айтылған тірлік бұл емес. Көкірек, көзіңіз тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсан да, көкірегінің әлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың».

Айтудай-ақ айтқан емес пе? Жалпы, біз қазір қолға алып жатқан көп бастаманың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де Абайдан табасың.

Бүгінгі халықаралық жағдайларға байланысты ұстанып отырған мемлекеттік ішкі-сырткы саясатымызға да жауапты Абайдан табуға болады. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген жолдардан халықтар достығы ақын үшін қатар өмір сүрудің жалан дипломатиясы ғана емес, тіршіліктің негізгі мағынасын айкындайтын ұлы мұрат екені көрінеді. Ақын көзкарасын казіргі тілге салсақ, өзге елдермен достык қарым-қатынаста, ынтымақтастықта болу саясаты — біздің ел болып қатарға косылуымыздың алғышарттарының бірі. Өзге өскен ел не істесе соны істе, ғылымын, мәдениетін меңгер дейді Абай. Ол үшін өзгелермен «мәдени, экономикалық, саяси араластық керек, оның аты, бүгінгіше айтсақ, интеграция.

Ал «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істін бәрі бос» деген сөздері шын мәнінде ұлт болып ұюымыздың негізгі шарты. Өз халкымыздың мүддесі үшін күресте достық, татулық, бірлік керек пе? Керек. Ендеше, Абай сөзін тереңірек ұғынып, онымен өзгелерді ұялтуға емес, өзімізді өзіміз ұялтуға тырысайық.

Өзгеше тарихи жағдайда өмір сүрген қазақ халқына бұдан әрі бұрынғыша тіршілік етуге болмайтынын, заман талабына сай еңбек етіп, кәсіпті, сауданы меңгеру керектігін де бірінші айтқан Абай. Яғни, қазақ кауымына әлеуметтік реформаны да, экономикалык реформаны да бірінші ұсынған — Абай.

Жерінен, суынан, тәуелсіздігінен, билігінен айырылған қазақты құткарудың жалғыз амалы — оның рухани әлемін, елдік, адами ізгі касиеттерін сақтап калу екенін, сонда ғана оның ұлттық сипатын аман алып калуға болатынын акын жақсы түсінді. Сол үшін жан аямай күресті.

Абайды мұқият оқыған адам оньң көзкарастары күні бүгінгі нарық экономикасымен де тікелей үндес екенін айқын аңғарар еді. Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ак, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда, біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жоқ.

Әйтпесе, көп дүние әуелі сол әркімнің өзін-өзі түзей алмағандығынан өрге баспай жатыр емес пе?

Өз халқын «жұрт болсын, өссін, өнсін» дейтін әрбір азамат әуелі Абайды оқысын, Абайға құлақ ассын. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіннен өзін. есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісін? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей калыппысың? », — деген ақын сөзін еске алайықшы.

Егер әркім баяғыны қойып, өзгеріске ұшыраған он жыл, тәуелсіздік алғаннан бергі төрт жыл ішіндегі тіршілігін оймен шолып көрсе, қанша мүмкіндікті қапы жібергенін, қаншама нәрседен ғапыл қалғанын айқын аңғарар еді. Әуелде ағайынға, кейін өкіметке қол жайып калған, өз қамын өзі жемей, өзгеден жәрдем күтетін әлеуметтік енжарлық көп азаматымызды әліге дейін шұғыл өзгеріп жатқан уакыт талабына икемделгізбей келеді. Соның салдарынан, бейқамдық пен бейберекеттіктің қырсығынан сыртта өндіріс пен шаруа, үйде тұрмыс күйзелуде. Біреуден нұскау күтіп, әркімге қол жайып, айтпасаң білмеу, ақырмасан түсінбеу кесірінен амалдын орнына айла, істің орнына сөз, ұсыныстың орнына қолқа, дөлелдің орнына сылтау, акыл-кеңестін орнына өкпе-бопса бел алып барады.

Тарихтың берген мүмкіндігі мен табиғаттың берген байлығы әлі де болса, орнын таппай, боска зая болып жатқаны жанға қатты батады. Ол үшін сыртқа өкпелейтін ештеңе жоқ. Тәуелсіздігімізді уактылы мойындады. Қолқабыс-көмектерін ұсынды. Экономикамызды, әлеуметтік-мәдени дамуымызды көтеру жолында бірлесе әрекеттенуге әзір екендіктерін білдірді. Жан-жағымызбен тату-тәтті қарым-қатынастамыз. Алыспен де, жақынмен де алысып-берісіп жатырмыз. Нағыз іскер ахуал орнатуға не керектің бәрі бар. Жетпейтіні: Абай айтқан ынта мен ыждаһат, білуге ыждаһат, үйренуге ыждаһат, енбектенуге ыждаһат күшеюдің орнына әлсіреп бара жатқандай. Оның орнына Абай айтқан қырсыздық пен қияңқылык, «өтірік пен өсекті жүндей сабаған» даукестік пен данғойлык, өз елін өзі аңдыған» ұрлық пен «жүз қарата екі жүз аларман бар» көрсеқызарлық, қозғау салып қоздырғыш» жікшілдік пен «сөз қыдыртқан, жұрт құтыртқан партияшылдық» азаяр емес. Экономикалык белсенділікті, Абайша айтсақ, «өз жерімен, өз елімен ойрандасып, ойсыздарға қойнын ашып, мал шашумен», «халыққа қайыры бар іс бітірмей», «қардың суы сықылды тез суалар, енбек қылмай табылар мал-дәулет», саяси белсенділікті дау жоқ жерден дау іздеумен, жау жоқ жерден жау іздеумен, әлеуметтік белсенділікті ұрынарға қара таппай жүретін ұрдажықтықпен, әр нәрсеге бір тұмсық тығатын тіміскілікпен шатыстырып алу етек алып барады. Бұған ренжімегенде, неге ренжисіз? Өзімізге өзіміз өкпелеуге мәжбүрміз. Соның бәрі «Шала мейір шала байқайды» демекші, тәуелсіздігіміз бен бостандығымыздың қадірін шала ұғып, шала бағалаудан шығып жатқан кеселдер. Осы тұста ұлы ақынның: «бәйгеге ат қоссан, атыңды тартыспайтын ағайын, атың келсе, бәйгесіне өкпелейтіні қалай?.. Тыныштық іздеп, таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай, тыныштықтан жалыға калатұғыны қалай?.. Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?.. Қазақтын шын сөзге нанбай, құлак та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке серттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұкпай кетпейтұғыны калай?» деген сөздері ойға келеді. Осы бір жан айқайының бүгінгі біздін қоғамға да қатысы бар екенін естен шығармасақ болғаны.

Өздерініз жақсы білесіздер, бас қосқан ұлы жиындардың бәрінде де мен халқымыздың бірлігі мен татулығы туралы айтпай калған емеспін. Өйткені, әлімсақтан белгілі, ел болудың амалы — ішкі бірлік.

Тарихтың барлық кезеңінде даудан да, жаудан да қазақ ұтылса, тек бірлік пен татулықтың аздығынан ұтылды. Абайдың да өзегін өртеген кайғы осы болатын. Егер елде бірлік болса, Абай:

«Бас басына би болған өңкей қиқым

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

… Бірлік жоқ, береке жок, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шыркың», —

деп өкінер ме еді?

Бірақ, Абай тағы да былай дейді: «…Бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ол екі мінез қайсы десен, әуелі, ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. «Екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген сон, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегенінді жетілтемін», — деп жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан сон жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі де өз бауыры, бәрі өз малы болған сон, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардын қамын жемей кайтеді?!

Екіншісі — намысқор келеді екен. Ат аталып, аруак шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен: … «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», — деп, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» — десіп.

Кәнеки, осы екі мінез кайда?» (Абайдың «Қара сөздері», 39-сөз).

Ел болудың  кағидасындай болған, пәтуа мен бірліктің көзі — осы екі мінез дәл бүгін ұлт тағдыры шешілер тұста біз үшін бұрынғыдан да керегірек секілді.

Рас, мен қазір Абайша ашынып, бұл екі мінез бізде мүлде жоқ деп айта алмаймын.

   Өйткені, отандастарым маған екі мәрте мәрттік жасап, екі тізгін, бір шылбырды сеніп тапсырып отыр. Олар үдесінен . шықты. Мен де уәдемде тұрам: бәрі де бауырым болғасын, мен де қарап қалмаймын, қамдарын жеймін. Олардан бөлек уайымым да жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені де болса, елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін.

Бұл орайда басын ашып айтатын бір мәселе: біз экономикадағы реформадан қандай бас тартпайтын болсак, демократиядан да сондай бас тартпаймыз. Өйткені, демократиялык бостандык. жоқ жерде экономикалық бостандык та болмайды және керісінше, біз сол бостандыққа қолбайлау болатын тұстарды ғана түзетеміз. Әйтпесе, уақытша қиындықтарды пайдалана қойып, жеке үстемдік құратын жер тәңірі болайын деп жатқан ешкім де жоқ. Ондай байбалам, шынында да, Абай айтқандай, кейістікті күндестікпен, тыныш отыра алмағандыкпен шатыстырып алып жатқандардың аузынан шығуы мүмкін. Біздің далада, арғы-бергіде қырсыздықка көп төзгенмен, қиянатқа көп төзе қоймағанын жақсы білемін. Өзім үшін емес, елім үшін толғанамын: бір басыма керекті кай күнде де табармын. Халқыма керекті қалай табам, қайдан табам деп, қам жеп жүру тек кана менің емес, әр азаматтың ісі мен жадында болуы кажет. Онымды алыстағы, жақындағы саясатшылардың кейбіреулері түсінбегенмен, халқымыз жақсы түсінгеніне ризамын.

Қысқасы, Абай армандары — тек бір ғана ұлт ұстанатын мұраттар емес, күллі адамзат ұстанатын мұраттар. Қазақ топырағында онын орайын келтіруге мүмкіндік енді туып отыр. Мына сіздер мен біздерге үлес боп тиіп отыр. Өйткені, біз осы далада өмір сүрген ұрпақтардың ішінде әлгіндей мүмкіндікке қол жеткізіп отырған ең алғашқы және бірден-бір ұрпақпыз.Сондықтан ұлы ойшыл-демократ, ұлы рухани реформатор Абайға ең жақын, ең етене ұрпақ та тек біз. Мұндай жақындық, мұндай етенелік бізге тарих алдында үлкен жауапкершілік жүктейді. Асыл ұстаз өсиет еткен абзал мұраттардың тек қиял боп қалмай, нақты шындыққа, нақты әлеуметтік болмысқа айналар-айналмасы, мына біздерге байланысты.

Оның шығармаларындағы шынайы гуманизм, адам мүддесіне деген айрықша ынта, айрықша қамқорлық, өмірдің көзіне жалтармай қарайтын шыншылдық, енжарлықты, шалағайлықты, қиянатты, сұғанақтықты жегідей жек көретін рухани максимализм біздің бүгінгі жүзеге асырмақ бастамаларымыздың да басты сипатына, басты мазмұнына айналуға тиісті.

Абайдын айтуынша, адамның бақытты болуы үшін, оның ынтасы мен сол ынтаның мақсатына жетуіне былайғы жұрттың ықыласы керек. «Достықты достық шақырады», — дейтіні де тегіннен тегін емес. Сондықтан да, ол ұлттық бүтіндік, ішкі татулық, уыздай ұйыған ынтымақты көп аңсады. Ал халық дегеніне жету үшін оған да өзін қоршаған ортамен дәл сондай  ынтымақ пен ыкпалдастық керек. Бұл — біздің бүгінгі таңда тағдырымызды шешетін ең басты тарихи факторлардың бірі.

Біз де бүгін ұлтішілік татуластыкқа да, ұлтаралық татуластыққа да, әлемдегі барлық ел, барлық халықтармен ынтымаққа да, мәдениеттер арасындағы сабақтастыққа да Абайша қарап, Абайша қастерлеуге ерекше мән береміз.

Қорыта келсек, бүгінгі таңда бәріміз ұлықтап отырған ұлы ақылгөй осыдан бір жарым ғасыр бұрын өз  тұсындағы өркениеттен атымен шетқақпай жатқан аймақта жүріп-ақ, тек бүгінгі өркениет қана камтамасыз ете алар адамдар мен халықтардың бостандығы мен жарастығына негізделген, ізгілігі мен игілігі бірдей биік дамыған азат қоғамның қандай болмағы керек екендігін де дәл пайымдай алыпты.
Ал бүгін сол асыл жүрек, абзал ақыл дұрыс сипаттаған кемелділік коғамын ойдағыдай жүзеге асырып шыға алатын  моральдық мүмкіндік бізде бар. Акын армандаған ғылым да,

өнер де, кәсіп те, білім де баяғыдай таңсық емес. Халқымыз сауатты, мамандарымыз білікті. Еліміз тату. Қоғамның үштен бірі – отызға толмаған жастар. Тек сауатқа сәйкес қабілет, білімге сәйкес сана, жастыққа лайық жалын, жігер, жасампаздық болса, Абайдың қолы түгілі, аузын байлаған ізгі мақсаттарды іске асыруды уақыттың өзі талап етіп отыр.

Абай жылын өткізген жақсы. Абай жырын жаттаған дұрыс. Ал оның терең ойы мен  пікірі тек айта жүрер әңгіме болмай, күнбе-күнгі тірлігімізге бір кірпіш боп қаланып жататын нақты іске айналса, тіптен құба-құп.

Ол үйреткен тағылым мен ол көксеген мұраттарды шын қастерлей білгеніміздің, әділет пен абзалдық ұстазы алдындағы перзенттік қарызымызды терең түсініп, өтей алғандығымыздың бірден-бір белгісі де осы болып табылады.

Бүгінгі елімізде жасалып жатқан ұлы істердін нәтижелі болуына ең кажетті нәрсе — сенім. Елге деген сатқындық ең алдымен оның болашағына сенбеуден басталады. Ал ұлы Абайдын, уайымшыл Абайдың болашаққа деген сенімін әсте жоғалтпағанын мына бір сөздерінен көруге болады: «Жа-мандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек — қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседен баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баядап калады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді», — дейді ұлы ақын.

Айтқаның келсін, жан баба!

Ел басына түскен бүгінгі қиын-қыстау кезеңнің баянсыздығына, халқымыздың көңілін шаттыққа бөлейтін келісімге, жарастыкқа толы рыздықты, молшылықты күндердің сарғайтпай ертең-ақ келетініне менің де сенімім мол.

Абайды бізбен мәңгілік бір қылатын да осындай ұғым, осындай сенім.

Ендеше, Абай өнегесі әрдайым көз алдымызда болғай! Қай ісіміз де Абай армандаған биіктен көріне бергей!

Рахмет!

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

Дереккөз: «Абай әлемі» сайты


ПІКІР ҚАЛДЫРУ