Пуб­ли­цис­ти­ка­лық стиль­дің тілдік ерекшелікте­рі мен түрлері

0
28130
Freepik.com

Публицистика (лат. publіcus – «көпшілік», «әлеумет») термині «қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді талқылау» деген ұғымда жұмсалады.

Публицистикалық стиль қоғамдық талапқа сай жазылған шығармалардың негізінде қалыптасады. Жазбаша түріне газет, журналдардағы мақала, очерк т.б.; ауызша түріне шешендік сөздер жатады.

Публицистикалық стиль жұртқа үндеу, үгіт айтуда пайдаланылады. Мұндай үндеуге, үгітке қоғам үшін маңызды, дәл сол кезеңде мәні зор мәселелер тақырып болады.

Мысалы: саяси, экономикалық, экологиялық, мәдени, моральдық мәселелер.

Үндеудің мақсаты – жұртшылықты қоғамдық мәні бар іске қатыстыру, олардың санасына ықпал ету. Ол көбіне газет, журнал, радио, теледидар арқылы беріледі.

Пуб­ли­цис­ти­ка­лық стиль­дің тілдік ерекшелікте­рі:

Қоғамдық-саяси терминдер мен сөздер: Демократия, өркениет, тәуелсіздік туы, саяси партия, қаржы дағдарысы т.б.

Баға беруші сөздер: Еңбек озаты, көшбасшы, ұлтжандылық, бәсекеге қабілетті, ұрпақ сабақтастығы т.б.

Стандарт тілдік бірліктер: Арнайы тілші репортажы, жаһан жаңалықтары, тілшіміз әңгімелейді, хабардар етеміз т.б.

Перифразалар: Ақ алтын – мақта, күріш. Қара алтын – көмір,
мұнай. Көгілдір отын – газ т.б.

Қос сөздер:  Қоғамдық-әлеуметтік, бұқаралық-саяси, үгітнасихаттық т.б.

Бұйрық рай тұлғасы: Ана қадірін білейік, жұмыла жасайық, табысқа
жетіңдер т.б.

Қаратпа сөздер:  Жарқырай бер, Димаш! Арғы беттегі ағайын,
халің қалай? т.б.

Инверсиялық орын тәртібі, риторикалық сұрақтар т.б.:
Үлгі болса ұлысы, қадірлі болар ұланы. Бүгінгі күннің өзекті мәселесін ашып көрсете алдық па? Қоғамға мұндай түбегейлі өзгерістер қажет пе?

Публицистикалық стильдің жанрлық түрлері.

Публицистикалық стильдің жазбаша түрі: мерзімді баспасөз; ауызша түрі: радио, теледидар хабарлары, деректі кино.

Жанрлық түрлері: мақала, ақпараттық хабар, очерк, халықаралық
шолу, репортаж және интервью.

Репортаж (латын report – «жеткізу») – баспа, радио, теледидарға оқиға орнынан берілетін ақпарат, әңгіме. Репортаж оқиға болған жердің топырағында туады. Сондықтан да репортаж дегеніміз – оқиғаның өзі. Репортаждың басқа жанрлардан ерекшелігі – өткен оқиғаны емес, болып жатқан оқиғаны баяндайды, соны суреттейді.

Репортаждың мақсаты – болған оқиғаны бұлжытпастан суреттеу ғана емес, сол
оқиғаның әлеуметтік мәні мен маңызын ашу, өзінің пікірін білдіру.

Журналист оқиғаны неғұрлым тез, айқын, әсерлі түрде жеткізсе, ол соғұрлым бағалы, ықпалды да тартымды болады. Репортаж өмір шындығына сүйенеді. Тілі нәрлі, стилі тартымды келеді.

Мақала. Мақала ғылыми және публицистикалық стильмен жазылады. Автор өзі жазатын мәселені анық білетін және оны белгілі деректерге сүйеніп баяндай алатын дәрежеде болуы керек.

Ғылыми мақалаға ғылым саласына қатысты өзекті мәселелер тақырып бола алады. Ал
кәсіпорын, мекеме, шаруашылық саласы, оқу орындарындағы ұжымдық іс, еңбектегі қол жеткен табыстар, достық, жолдастық қарым-қатынастар, өнер, ғылым, алдағы үлкен міндеттер т.б. публицистикалық мақаланың басты тақырыптары болып табылады.

Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ