Рая Серікбайқызы: «Қоғамның жаңа келбеті үшін ұстаздар да саясатқа араласуы керек»

0
103

«Жасөспірім кезімде «Дочь степей» деген шығарма оқығанмын.Қарапайым дала қызының әкесінің жұрналы мен анасының пальтосын киіп қырға шығатынын суреттейтін жері санамда қатты жатталып қалды. Сол қыздың образы есте қалып, мен де  ағарту жолына түсуді армандадым…» — дейді, сол арманына жетіп, отыз жылдан астам білім саласында қызмет атқарып жүрген маман.

Оның ұстаздыққа деген құштарлығы тек сабақ берумен шектелмей өзі қызмет ететін мектеп туралы кітаптар жазуға, бір ұжымды басқаруға және шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналуға жол салған.

Менің бүгінгі кейіпкерім – Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері, ұстаз Ибадуллаева  Рая Серікбайқызы.

Сұхбат барысы

Қарашаш Есенбай: Рая ханым, «Ұстаздық ұлы жол» дейді, дегенмен оның қиындығы да бір төбе. Осындай жолды таңдауыңызға не түрткі болды?

Рая Серікбайқызы: Біз жанұямызда үш қыз өстік. Мені нәзік, талғампаз деп әсерелеген әкем, үнемі «Мен Раяны Парижге оқытамын! Францияға алып барамын, французша сөйлейтін болады. Әсем қаланы, Луврды көрсетемін. Көркемсурет галереяларын аралатамын», — дейтін. Әкеміз үшеуміздің де ұстаз болғанымызды қалады. Үнемі арқамыздан қағып, «менің қыздарым апай болады» деп отыратын. Қазір сіңілілерім де педогогикалық кәсіпті таңдап, сол салада қызмет етіп жүр.

Қарашаш Есенбай: Мұғалім болып ең  алғаш рет оқушыларға сабақ өткен сәттер есіңізде ме?

Рая Серікбайқызы: Әрине, есімде. Алматыда оқып жүрген кезімізде тәжірибеден өту үшін мектептерге жіберетін. Алғаш рет 2-курс оқып жүргенімізде қазақ мектебіне тәжірибеден өтуге барып, оқушыларға сабақ бердік. Мектеп табалдырығын аттағаннан қуанышымда шек болмады.Әсіресе сынып жұрналын ұстап сыныпқа ену мен үшін үлкен мәртебе ,асқан жауапкершілік болатын. Оқушылармен тез тіл табысып кеттім. Сабаққа көп дайындықпен барған едім бір жағынан қуанып, бір жағынан қорқып… Балалармен қарым-қатынас жасай келе қорыққаным басылып, балалар жүзінен пәнге деген қызығушылықтарын байқай келе шынында да қатты қуанған болатынмын. Журнал ұстағанымда өзімді шын бақытты сезінгенім рас.

Қарашаш Есенбай: Ұстаздық бір бөлек те, ұстаздардың басшысы болу екі есе ептілікті, мықтылықты қажет ететіндей. Соңғы он жылдан аса уақыт мектеп директоры болған екенсіз, сырт көзбен қазіргі жас мұғалімдердерден құлшыныс пен махаббатты, шабытты көре аласыз ба?

Рая Серікбайқызы: Бала кезден шығармашылыққа бейім болдым, суретті жақсы салатын едім. Мен жұмысқа кірген кезеңдерде мұғалім жетіспейтін.  Маған қабілетіме қарай сурет, география, орыс тілі деген сабақтарды қосып беретін. Екі ауысымда да жұмыс істедім, бірақ оның ақшасына ешқашан қызыққан емеспін. Мектепке жұмысқа кіргенде тәлімгерлерім ерлі-зайыпты кісілер болды, олардың да француз тіліне деген махаббаттары ерекше еді. Материалдық базаны өте жетік, бай етіп жасаған. Кейін әдістемелік кабинетте он жыл әдіскер болып жұмыс істедім, шет тілдері әдіскері, бас маман болып, тәрбие жұмысын үйлестірдім, кадр бөлімінде де қызметте жүріп осы басшылық қызметтің қыр-сырын үйрендім. Өмір мені осы қызметке дайындаған сияқты, өйткені мұғалімдермен жиі сұқбаттасып, нәтижеге бағытталған әдістеменің бел ортасында жүрдім. Қаламыздағы қаншама ұстаздың сабақтарына еніп, тәжірибелерін қала, облыс көлемінде таратып, қылтиған жаңалықтарына жаршы бола білдім.

Қазір, біздің мектепте жұмыс істейтін мамандарымыздың бәрін қатты құрметтеймін. Оларға «Мен сабақтарыңа кіргеніме қуаныңдар…» деп жиі айтамын. Директор ретінде олардың құзыреттіліктерінің арттырып, кемшіл тұстарын астарлап түсіндіріп, ал бір артықшылығын байқасам шабыт беремін. Әрбір ұстаз бен шәкірттің өздеріне тән шығармашылық шырағын жағу менің басты арманым.

Қарашаш Есенбай: Ал қоғамдағы педогог мәртебесі қандай? Оқушылардан қандай көзқарас байқайсыз?

Рая Серікбайқызы: Қоғамдағы көзқарастың қалыптасуына мұғалімнің өзіндік рөлі болады. Кәсібін сүйіп келген адам ешқашан өзінің мамандығына қылау түсірмейді. Екіншіден, абырой мен беделді әр мұғалім өзі тырнақтап жинайды. Әйтпегенде оған біреу алып келіп бермейді ғой?! Бүгінгі таңда оқушыдан не оның ата-аналарынан да мұғалімге деген құрметті талап ете алмайсыз. Керісінше ұстаздың балаға деген сүйіспеншілігі мен мамандығын жетік меңгерген оны бала жүрегіне жеткізе алатын тәжірибесі мен ықыласы болуы қажет. Бала  жүрегінен жол тауып, белгілі бір ғылымға қызықтыра жетелей білген мұғалім, ол нағыз — Мұғалім. Мұндай ұстаз мектептің жүрегі ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, мәртебесі мен беделі әр қашанда жоғары аяулы тұлға болып бала санасында қала берері анық.

Осы мектепке директор болып келетін уақытта, сыртынан зерттеулер жүргізгенмін. Сонда өте күрделі мектеп екенін білдім. Оған оқушылардың көбінің ата-анасының тұрмыс жағдайының төмендегі немесе жалғызбасты аналардың болуы да себеп. Директор болып келгеніме бір апта болмай мектебімізге «тас жауып» кеткен, яғни мектепаралық төбелес болған. Балалардан шындықты біле алмай қиналғанбыз, сонда балаларды имандылыққа тәрбилеу керектігін түсіндім. Олардың жүрегін оятайық деген ниетпен, әр сыныпқа «Мәдени мұра» деген сабақтың бағдарламасын жасадым. Онда жеке бас мәдениетінен бастап бүкіл қазақ ұлттының мәдениеті мен діні туралы мағлұматтар бар…

Қарашаш Есенбай: Қазір ол ойыңызға жете алдыңыз ба, яғни балалардың жүрегін аша алдыңыз ба?

Рая Серікбайқызы: «Иә!» деп айта аламын. Білім мен мәдени салалардан, спорттан жетістігіміз шаш етектен. Халықаралық, Республикалық жарыстардан жүлделі орын алған дарынды оқушыларымыздың есебі жоқ. Актер де, ақын да, әнші де, ғалым да жеткілікті.

Кеше ғана менің праймеризге түсіп жатқанымды естіген мектебіміздің «Алтын белгі» иегерлері мені қолдаймыз деп жатыр екен, естіп қуанып қалдым. Ақын оқушымыз Нұрдәулет Өмірбек сайлау алды насихаттау өлеңін естігенде қиын да қызықты қызметімнің рахатын сезіндім. Батыр М.Мәметова атындағы мектебіміздің алға қойған көптеген мақсат міндеттеріміз мол. Алайда мен үшін қалалық мәжіліске депутат болу міндетті емес, бірақ оқушыларымның ниеті мен пейіліне, ықыластарына сүйсініп олардың болашағына бей жай қарамай киелі қаламыздың өркендеуіне бірден бір өз үлесімді қоссам артық болмас деген шешімге келдім.

Қарашаш Есенбай: Енді қазіргі оқу жүйесі туралы да айта кетсек. Жалпы бізде білім жүйесі жиі сынға алынып жатады, қазіргі жаңа бағдарлама қаншалықты біздің оқушыларға пайдалы?

Рая Серікбайқызы: Бұл өзекті әрі қажетті сұрақ. Шоқан Уәлихановтың “Әлемдегі халықтардың мәдениет пен ұстанымдарындағы жақсы тұстарын өзімізге ендірсек, біз де жаман болмаймыз» деген сөзі бар екен. Өз сайлауалды бағдарламамда жас ғалымның пікірін ұран етіп алып Елімнің,Халқымның білім саласының жаңа форматтағы оң өзгерістеріне теңіздің тамшысындай үлесімді қоссам,Елбасының білім көкжиегінде дамыған өркениетті мемлекет Ұлыбританияның Кембридж университетімен білім көкжиегінде келісім шартқа отыруы ел болашағының жарқын болуына мол жанашырлығы мен көрегендігі деп білемін.Білім салаларындағы орын алған аудиттер жойылса оқушы білімінің бір нәтижеге жетері анық.Оқушылардымызың тұлғалық, шығармашылық, ғылыми дәрежелерінің дамуына жол берсек, бізде де неге небір Нобель сыйлығының иегерлерін шығармасқа.

Қарашаш Есенбай: Өз сөзіңізде мектептегі кедергілерді жойса деп айтып қалдыңыз. Нақты қай кедергілерді жоюды қалайсыз?

Рая Серікбайқызы: Менің жаныма тиетін нәрсені айттыңыз ғой, мысалы«оқушылар үні» деген өте жақсы шетелдіктердің сауалнамасы бар. Яғни баланың жан дүниесін білу мақсатында оның жанұясы мен сыныбында не ұстаздармен кедергілерін анықтауға болады да сол кедергілермен күресіп жолға қоя білгенде мектеп жұмысы жолға қойыла бастамақ.Мәселен Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге дайындық барысында әр баламен жеке сөйлесіп, қандай мұғалім керек екенін, нендей мүмкіндіктер қажеттігін сұраймыз. Бала ешқашан медальі бар немесе ерекше білімді мұғалімді таңдамауы мүмкін.Оқушы тек өзінің жан дүниесі түсінетін ұстазды қалайтыны анық. Сондықтан да оқушы мен ұстаздың жағдайын жасап беруге тырысамыз. Мұғалімдердің ғылыми тұрғыда бірнеше құзіреттіліктері  бар. Сол құзыреттілік талаптарына сай мұғалімді нағыз мұғалім деуге болады. Осы орайда мектеп басшыларына үйлестіру жұмыстарының ауқымы өте күрделі. Осы тәжірибелерді жандандыруда мектеп басшыларының көшбасшылық беделдерін арттырып, өркениетті мемлекеттердің білім ошақтарынан тәжірибе алмастырудың мазмұны тереңде.

Қарашаш Есенбай: Карантинде қашықтықтан оқыту басталды, бірақ ол туралы екіұдай пікірлер әлі де айтылып жатыр. Өзіңіз 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз ретінде және болашақ депутат ретінде оны оңтайландырудың қандай тәсілдерін ұсынар едіңіз?

Рая Серікбайқызы: Бұл кезең өтпелі сынақ қой. Тереңнен ойлансам, осы кезге дейін мемлекет тарапынан мұғалімдерді түрлі әдістемеден өткізіп, деңгейлерін көтеруге барынша қаражат бөлініп, жағдай жасалынды. Соның нәтижесінде қазіргі кезеңде ұстаздар белсенділік танытып, қашықтықтан оқытуға толық мүмкіндіктері бар. Мысалы мен «Мәдени мұра» сабағынан беремін. Бірінші тақырып «Мәнени мұра» бағдарламасының мақсаты, шығу тарихы»  туралы. Соны айту үшін бар материалды сұрыптап, балалардың жас деңгейіне байланысты лайықтап ұсынамын. Жақсы терең ойлайтын бала сол берген  ақпараттың өзін ары қарай іліп әкетеді. Былтыр Мекке Мединаға Умраға барып келдім. Келген соң бағдарламаға орай үлкен қажылық пен кіші қажылықтың айырмашылығы деген сабақ өттім. Сонда мен барып, көріп келген материалдарды дарынды да зейінді балалар бәрін біліп қосылып айтып отырғандары мені қызықтырды.

Қарашаш Есенбай: Енді праймериз жайына да тоқтала кетсек. Сіздің бағдарламаңыздың мақсатын айта кетсеңіз.

Рая Серікбайқызы: Менің алға қойған мақсатым – Отаным, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының өркениетті мемлекеттер қатарында дамуы және киелі қаламыздың Облыс орталығы болып жаңарып, жаңғыруы мен қала қоғамының жоғары мәдениетін қалыптастыру жолында теңіздің тамшысындай болса да өз үлесімді қосу.

Қарашаш Есенбай: Сол ниетіңізге жетуге тілектеспіз. Сұқбатқа уақыт бөлгеніңізге рақмет!


ПІКІР ҚАЛДЫРУ