Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы

0
2023

Қазақ баласын үш-ақ сөзбен тәрбиелеген .Оның алғашқысы:ұят болады.Екіншісі:жаман болады.Үшіншісі-обал болады.

Ұят болады дегені-өлімнен ұят күшті,ұятты істі істеме дегені ,жаным арымның садағасы дегені еді.

Жаман болады дегені -жақсы сөз жарым ырыс, жамандықтан аулақ жүр дегені, жаманның кесапаты, жақсының шарапаты тиеді деген еді.

Обал болады дегені – әр нәрсенің сұрауы бар,саған түкке тұрғысыз болған нәрсе басқа біреуге өте қымбат болуы мүмкін дегені ,ешкімге көлеңкең түспесін дегені еді.

Жаман боладыға жақындамай,ұят боладыға ұрынбай, обал болады дегенге ойлана қарайтын текті ұлт болған едік. Ал,қазір ше?

Қазіргінің тәрбиесі кішкене мүлде бөлек.Осы сөздерді айтатұғын балаға ата-ананың уақыты да жоқ.Бәрі жұмысбасты, бәрі іскер. Қоғам баласын бірдеңе бүлдіріп қойса, «бала ғой» деп қорғаштап шыға келеді.Ақылын айтып»мына жерің дұрыс емес» дейтіндер де азайып барады.

Бүгінде заманауи қазақ баласының тәрбиесі Скандинавия еліндегі бала тәрбиесіне аздап ұқсап барады. Қазіргі заманауи ата-аналар бала тәрбиелеуде балаларына толықтай еркіндік береді.Пікірлерімен санасады.»Баласына кафеде отырса, сен мынаны жейсің деп емес, не жейсің балам»деп таңдау береді. Әпкесінен қалғанды кию деген жоқ. Әр заманауи баланың өзіндік стилі кішкентай кезінен қалыптасып, «маған бұл ұнамайды» деп өз көзқарасын білдіре алады.Әрине,баланы еркіндік беріп тәрбиелеген де дұрыс шығар.Себебі, бала үлкен өмірге қадам басқанда, үлкен кедергілерден қорықпастан, нақты шешім қабылдай алатындай дәрежеге жетеді.

Сондай-ақ Скандинавия елінде балаға қол көтеріп, қатты сөйлеуге болмайды екен. Сондықтан балалар кішкентай кезінен өз құқықтарын біліп өседі. Ата-ана тарапынан ондай іс-әрекеттер байқалып жатса,баланы отбасынан алып кетеді екен.Қазақстанда, өкінішке орай,ондай жоқ.Балалар түгілі, ересек адамдар өз құқықтарын білмейді.Осыған мысал ретінде «әкенің баланы тепкілеп,ұрған Түркістандағы оқиға» еске оралады.Кішкентай ғана баланы аяусыз озбырлықпен сабайтындай не көрінді?Ертең күні бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілмей ме?

Англияда ата-аналар баласын өзін-өзі бағалауға тәрбиелейді. Яғни,әр титімдей нәрсе үшін, балаларын мақтайды.Осылай тәрбиелеу арқылы өзіне сенімді тұлға қалыптасатынына сенеді. Бізде,қазақ баласын «жұрттың баласымен» салыстырып, тәрбиелеуді жөн санайды.Салыстыру арқылы,жақсы болсын дегені шығар. Бірақ-та солай тәрбиеленген бала,сол жұрттың баласын жек көріп кетпей ме?Кей отбасылар өзгенің балалары тұрмақ,өз балаларын кейде салыстырып жатады. Бұл дұрыс емес. Салыстыру арқылы балада қызғаныш,реніш,жек көрушілік пайда болмайды ма?

Қазіргі заманауи ата-аналар арасында балаларын кішкене эгоист қылып өсіретіндер де жоқ емес.Эгоист болып тәрбиеленген бала да не обал болсын.Ондайлар кейін тек өздерінің бастарына күн түспесе деп ойлайды. Өзгенің қамын жейтін ұрпақ, өзгеге көлеңкем түспесін деген ұрпақ, өзгенің ала жібін аттамайтын ұрпақ қана ұлт болашағы емес пе?Ұлттың болашағы жарқын,әр ұрпақтың мақсаты айқын болсын десеңіз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгеніміз абзал.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ