С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасындағы Сұлушаштың «Сүйіктің еркін басын ноқтаға ілді» сөзіне өз көзқарасыңызды танытып, талдап жазыңыз.

0
13268

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасына қатысып, бағыңды сына!

XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінін бірі – академик жазушы Сәбит Мұқанов. Бүкіл шығармашылық жолы кеңес өкіметінің билік құрған жылдарымен тұспа-тұс келген ол өз заманының көкейкесті тақырыптарын шығармаларына арқау етті. Әдебиеттің барлық жанрында еңбек етті. Қоғамдық мәселелермен айналысты.
Сәбит Мұқановтың поэмалары кезінде қазақ поэзиясы үшін жетекші рөл атқарды. Ақын поэмаларында әдіс-тәсіл қолданысының небір үлгісі кездеседі. Бірқатар шығармаларында оның халықтық поэзия үлгілерімен, ауыз әдебиетінің дәстүрлерімен терең сабақтастығы аңғарылып жатады. Ең бастысы – Сәбит Мұқанов поэмаларында ежелден келе жатқан фольклорлық мұраларымызға тән бейнелеу құралдары мен ақын өмір сүрген жаңа тарихи дәуірдің өзгешелеу ырғағының қызықты үйлесімі бар.
«Сұлушаш» поэмасы. Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиетінің алтын қорына қосқан талантты шығармаларының бірі – «Сұлушаш» поэмасы. Оны өлеңмен жазылған роман деп те атайды. Қалай болғанда да осы шығармасы арқылы ақын дәуір шындарын тарихи тақырып тұрғысынан кең қамтып бейнелеуде елеулі табысқа жетті.
Шығарманың сюжеттік желісін ел аузындағы аңыздан алғанымен, ақын оны өз дәуірінің талабымен шебер ұштастырады. Жастардың бостандыққа ұмтылуы арқылы автор жалпы адамзат баласына тән азаттыққа ұмтылу идеясын көрсетеді.
Автор аңыздағы халықтық сарынды сақтайды да, оқиға мазмұнына өз жанынан өзгерістер енгізеді. Сол арқылы өмір шындығын, әлеуметтік мәселелерді терең бейнелейтін реалистік шығарма жасайды. Поэмадағы оқиға бірін-бірі сүйген екі ғашық – Сұлушаш пен Алтайдың махаббатына кұрылған.
Поэманың кейіпкерлері Сұлушаш пен Алтай екі түрлі әлеуметтік ортадан шыққан. Сұлушаш атақты Тілеуберді байдың ерке өскен қызы болса, Алтай – байдың малын бағып жүрген жалшы жігіт. Өмірден көрген қиындығы мен таршылығы Алтайдың намысшыл, жігерлі болып өсуіне ықпал етеді. Оның бойында тағдырдың әділетсіздігіне қарсылық, наразылық ерте оянады.
Алтай Сұлушашқа ғашық болады. Қыз да өнерлі жігітті ұнатады. Бірақ қоғамдағы салт-сана тәртібі екеуінің қосылуына жол бермейді. Өйткені бірі – байдың қызы, бірі – құл мен күңнің баласы.
Армандарына жету жолында жастар көп қиындықтар көреді. Озбырлардан қанша қысым көрсе, олар өз сезімдері жолында бастарын тәуекелге байлайды. Махаббатқа адалдық оларды неге болса да тайсалмай қарсы тұруға жетелейді. Алтай мен Сұлушаштың озбыр топтан қашып шығып, қол ұстасып иесіз тауды паналаған кездерінде, ашығып-тарыққанда оларға осы сезім қуат береді. Алтайдың жанында сенімді серігі Қайсар болады.
Үшеуі тауды паналап, талай қиындыққа кездеседі. Құстың ұясынан жұмыртқа алам деп жартасқа өрмелеген Қайсар құздан кұлап өледі. Алтай мен Сұлушашты оңайлықпен ұстай алмасын білген қуғыншылар таудың етегіндегі қалың орманға өрт қояды. Сондай бір сәтте өрттен қашқан жолбарыспен бетпе-бет келген Сұлушаш жар басынан өзенге секіріп суға кетеді. Жан досы мен сүйген жарының өлімін көрген Алтай өз жүрегіне өзі қанжар салып көз жұмады.
Ел ауызындағы аңыз желісіне құрылған поэманың оқиғасы осындай. Адам баласының бас еркіндігін аңсаған жастардың трагедиясы аянышты. Дегенмен бұл трагедияны ақын бірлі-жарым жастардың басындағы күй ретінде суреттемейді. Оны әлеуметтік мәселе дәрежесіне көтереді. Бұл қайғылы оқиғаға себешпі сол кезеңдегі қазақ өміріндегі әлеуметтік теңсіздік екенін баса айтады.
Поэмадағы оқиғалар біріне-бірі жалғасып, ширек дамиды. Кейіпкерлердің іс-әрекеті де үнемі үдеп, бірте-бірте тұлғалана түседі. Оқиғаны баяндауда, кейіпкерлердің образын сомдауда автор фольклорлық бейнелеу құралдарына жүгініп отырады. Мәселен, С.Мұқанов суреттеген Сұлушаштың сұлу бейнесі де, байдың қызы бола тұрып, кедей жігітке ғашық болуы, сол жолда мерт болуы да лиро-эпостық жырлардағы ару қыздарға ұқсайды. Дегенмен Сұлушаштың іс-әрекеті нақты, өз дәуірінің әлеуметтік жағдайларымен үндес, шынайы өмір шындығымен астасып жатыр.
Парасатты, көркіне ақылы сай Сұлушаш ғашығы Алтайдың кедейлігін мін санамайды, онын адамгершілік қасиеттерін қадірлейді. Алтайдың бойында да байлар әулетіне деген ыза мен кек бар. Өйткені көзін ашқаннан бері көргені – байдың есігіндегі жалшылық, жоқшылық, қиянат. Дегенмен шынайы махаббат сезіміне келгенде екі жастың арманы да, мақсаты да үндесіп кетеді. Бірлесе отырып өмірдегі қиянат атаулыға қарсы, адамның бас еркіндігі жолында ақтық, сәттеріне дейін күреседі.
«Сұлушаш» поэмасында автор тек әлеуметтік мәселелерді, екі ғашықтың махаббат жолындағы трагедиялық тағдырын ғана суреттемейді. Поэмада адалдық» ар тазалығы мәселесі бар. Сұлушаш пен Алтай арасындағы ғашықтық арқылы ақын махаббатқа адалдық, ардың тазалығы туралы мәселе көтерсе, Қайсар образы арқылы досқа адалдық, адамгершілік тазалығы жайынан оқырманға ой тастайды. Поэманың композициялық құрылымы шебер, тілі көркем. Бейнелеу құралдары әр алуан. Оқиға барысын, кейіпкерлерінің іс-әрекетін баяндағанда, ауыл тіршілігін, жылқышылар өмірін, табиғат көріністерін сипаттағанда, ақын қарапайым бояумен әдемі өрнек салады. Поэма кейіпкерлерінің ішкі толғаныстарын, сезім күйлерін әсерлі бейнелейді.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасына қатысып, бағыңды сына!

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ