Ж.Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасында ұлттық құндылықтардың қаншалықты көрініс тапқанын дәлелдеп жазыңыз.

2
32903

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасына қатысып, бағыңды сына!

«Жұбанның «Мен-қазақпын» тамаша поэмасы халқымыздың, бүгінгі кәрі-жасымыздың қанатты сөзіне, мақтаныш сезіміне айналып кетті. Қазағың баяғы қағажу, мешеу ел емес. Ол – терезесі тең жұрт. Ол — талантты халық. Халқымыз бұғаудан босап, бойындағы асыл қасиет-жігерін күллі әлемге паш етті. Бұл дастан ақын шығармаларының көш басында өрге қиялай тартқан атан түйедей, жолында жүк қалмайтын нардай биік шоқтығы. Поэманы оқығанда Жұбанға әркім-ақ: «Сен қазақсың, сен шын ақынсың, азаматсың» деп тұратындай».

                                                                                                                              Ж. Бектұров

       Ж. Молдағалиевтің ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығармасы — «Мен – қазақпын» поэмасы (1964). Өткен ғасырдың 70-ші жылдары жарық көрген туынды қазақ ұлтының өзі туралы поэмалық жариялауы болды. Бұл поэмада ақын қазақ халқының өткен өмірі мен тағдыры жайлы лирикалық-публицистикалық стильде толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ашуда, оның ерлік дәстүрі, туған жер мен ел, оның байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді.

Мен — қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде табыстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен — қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен, —

деген өлең жолдарынан — ақ ақынның қазақтық, азаматтық, патриоттық намысын бірден танимыз. Өзінің «қазақ» екенін ағынан жарыла ерекше шабытпен жырлауы — оның ерлігінің бір көрінісі десек қателеспейміз. Бұл поэмада ақын қазақ халқының басынан кешірген небір қиын кезеңдерді суреттейді.
Ақын қазақ халқының сан ғасыр бойында ауыр азаппен өткен тағдырын еске түсіреді. Қазақ елінің талай шапқыншылыққа ұшырағанын, бірақ халық бәріне төтеп беріп, өзін қорғай білгенін, елдігі мен салтын, ұлттық қасиетін сақтап қалғанын мақтана, асқақтата жырына қосады.

…Қарсыласпай өлмедім, қан татырдым,
Құлап қалсам атымнан, қайта тұрдым.
Сансыз басты диюдай сан тіріліп,
«Мен – қазақпын» дегенді айта тұрдым, —

деп, оқырманды жігерлендіре түседі. Ерлік, қарсылық, күш, қуатты жырға қосып, «құласа да қайта тұрып» өзінің қазақ екенін тағы да жүрек жара, жан даусымен қуана, шаттана жеткізеді. Енді бірде қазақтың ән — күйінің құдіретін өзгеше бір үнмен суреттейді:

….Күй емес пе, ботасыз нар идірген?
Ән емес пе, аққудай жар ілдірген?
Жыр емес пе жүрекке жел бітірген?
Олар барда қалайша тарылды іргем? –

деп, қазақ халқының ән — күйі мен жырының өзіндік ерекшелігін, даралығын паш етіп, мұндай өнері бар халықтың ешқашан мойымайтынына үлкен сенім артады. Поэманың келесі бір шумағында ақын:

Шалқы, қазақ, шалқитын заман келді,
Текке қанын төккен жоқ Аманкелді.
Кең далаңда керіліп, атыңды атап,
Жырла, қазақ, жаңа күй, жаңа ән келді… —

деп, қазақ халқына жаңа заманға сай болуға, еркіндікті, елдікті, бірлікті сақтауға үндейді. Елі үшін құрбан болған Әлия, Мәншүк, Төлегендерді жырына қосып, олардың ерлігін, олар бастаған жол, халық бақытының түп қазығы болғанын суреттей отырып, олардың ісін жалғастырушы бүгінгі ұрпақ екенін мақтан ете жырлайды. Мерейі өскен бүгінгі бақытты халқымыздың қуанышы жыр боп төгіледі. Бүгінгі таңда еліміз егемендік алып, осы азаттық жолындағы «мың өліп, мың тірілген» кездерді еске алғанда ақын арманы поэма шумақтарынан анық байқалады.

Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті,
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең.
«Қазақ болу — зор бақыт» дер күн тіпті… —

деген өлең жолдары бүгінгі «егемендікті» жыр еткендей әсерге бөлейді. Ақын болашаққа сенеді. Сондықтан да ол ақынша желпіне, көңіл күйдің ырқына беріле жырлайды. Енді бірде ақын:

Мен — қазақпын қаныммен, сүйегіммен.
Сән — салтанат, салтымды сүйемін мен, —
… Өз бейнеңдей әлемге тұр танылып.
Қазақстан гербі де, жалауы да, —

деп шаттанады, қазақ елінің ешкімнен кем емес екенін дәлелдей түседі. Ақын өз жырының елі үшін ешқашан таусылмайтынына ерекше қуанады.

Мен — қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске —
Айта бергім келеді, айта бергім, —

деген өлең жолдары бүгінгі күн үшін айтылғандай сезіліп, ақындық даңқын көтере түседі.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасына қатысып, бағыңды сына!


2 ПІКІРЛЕР

  1. Бұл эссені «көбейген көшірме» деген дұрыс. Бəлкім мен қателескен болармын. Автор өзі жазған шығар. Бірақ «ұлттық құндылықтарды көрсет» дегеннің астына мына мəтінді тіркеуге келмейді. Себебі тақырып ашылмаған. Дəлелді тұстары жоқ. Əн-жырды сөз еткен бір-екі абзацын санамасақ жалпылай талдап өте шыққан.
    Дəл осы тақырыпқа тəуір эссе керек.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ