Бүгінгі жастар бойынан Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңіндегі ақын сынаған ұл мен қыз қылығы кездесе ме?

0
17411

Халықты зар илеткен зобалаң заманды жыр еткендердің бірі — ақын Шортанбай Қанайұлы. Ол 1818 жылы Қаратау өңірінде, Түркістан жерінде туылып, 1881 жылы Қарағанды облысы­ның Шет ауданына қарасты Ақсу-Аюлы ауылында өмірден озған. Шортанбайдың өз кіндігінен Алдаберген, Аязбай деген ұлдары мен Бәйіш атты қызы болған. Сыр бойы мен Түркістан аймағындағы ірі дін өкілі Мәді (Маһди) қажы — (Диуана) қожаның ұрпағы Шортанбай жас шағында арабша оқып білім алған. Көкірек көзі ояу, білімпаз Ш.Қанайұлы көрген-білгендерін көңіліне түйіп, санасына орнықтырып отырған. Тәңірдің берген дарынының арқасында ол ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ халқының тарихындағы ірі қоғам қайраткерінің бірі болған ақын. Өз дәуірінің өмір шындығын айқын көрсете білген бірден-бір көреген ақын заманның, қоғамның әр саласын кеңінен қамтып, шынайы өмірді көзбен көргендей етіп бейнелеп берген ірі суреткер, өткір тілді жампоз жырау болды.

Діни сауатты Шортанбай Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани Хикметінен» сусындап, оны жаттап өскен. Ислам діні жолындағы оқуының нәтижесі Шортанбайды ишандық дәрежеге жеткізді. Шортанбай ишан Түркістан өңірінде ислам дінін тарату жолында қызмет атқарып жүріп, Сарыарқаның Қарқаралысындағы Жамантай төренің жанына біраз уақыт қоныс аударады. Кейіннен Жанғұтты бидің қолқасымен Ақсу-Аюлы бойына қоныс жаңғыртады. Онда барған соң мешіт салдырып, медресе ашып бала оқытады. Өмірден озғанға шейін Жанғұтты бидің қамқорында болады.

Бойына туа бітті тәңірден берілген ақындық шабыт дарын иесін осы жолға түсірмей қой­майды. Жан-жақты сауатты, өлең-жырға әуес, сөзге шешен Шортанбай жиын, той-думандарда жырға ден қоя бастайды. Ақырында толғау айтса — толғап айтатын, жыр айтса — төкпелеп төгетін ақынға айналады. Қасиетті Түркістан жері оны ишан дәрежелі дін иесі етсе, Қарқаралы байтағына арқалы ақын ретінде танылады. Шортанбай шығармаларында ХІХ ғасырдағы қазақтың өмірі шынайы болмысымен суреттеледі. Әсіресе, елдің тұрмыс-тірлігі, жоқ-жұтаңдардың жағдайы ақынды қатты толғандырып, жат жұрттық келімсектердің қазақ жерін талапайға сала бастауы ақынға шаншудай қадалады. Елге жасалған отаршылдық, халыққа істелген қиянат ақынның көптеген шығармасына арқау болды, зар заманның келгенін күңірене жырлап, халқын төнген қауіптен қорғады.

Шортанбай шығармалары өткен ғасырдың соңғы ширегінде кейбір кітаптарда жариялана бастады. 1882 жылдардан бастап, өлең, толғаулары жинақталып, бөлек кітап көлемінде жарық көреді. Аталған жинақтарға ақынның «Тар заман», «Опасыз жалған», «Бала зары», «Байды құдай атқаны», «Атамыз Адам пайғамбар», «Өсиет-насихат сөздер», «Айттым сәлем», «Асан қожаға» тағы басқа да шығармалары енген.

Кешегі кеңес заманында бірқатар толғаулары мен айтыстары С.Сейфуллиннің 1931 жылы шыққан «Ескі әдебиет нұсқаларында», С.Мұқанов пен Қ.Бекхожиннің 1942 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің хрестоматиясында», 1962 жылғы «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» және1965 жылғы «Айтыс» жинағында жарияланған.

Шортанбай ақынның шығармаларының дені дерлік «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай заманды аңсап, заман ағысының кері кетіп бара жатқанына налудан туған. Мысалы, «Зар заман» деген толғауында өткен заманның жақсылықтарын аңсау байқалады. Мұнда ақын заман азды, заң тозды, бұрынғы зорлар қор болды, қорлар зор болды, ұрпақ ата-анасын тыңдаудан қалды деп торығады. Ел ішіндегі әлеуметтік мәселені жырға арқау етіп, жұртқа төрелік айтатын билер мен ел билеушілерінің парақорлығы мен әділетсіздігін, ел ішіндегі алауыздықты тағы басқа да мін-қылықтарды шариғат жолымен кінәлап, бұрынғы өтіп кеткен замандағы билердің әділ іс-әрекеттерін аңсайды. Аласапыраны көп алмағайып замандағы өзгерістер мен жаңалық біткенді танығысы келмей, оған үрке қарап:

— Мына заман қай заман?

Азулыға бар заман.

Азусызға тар заман,

Мұның өзі — зар заман…- деп, кейпі қашқан заманның кесір кепиетін ашына айтады, батыл толғайды. Қазақ жеріндегі ел билеушілерді сын садағына алып, Асанқайғыша толғанады әрі торығады.

Заман ағымының беталысының қалыптан ауып, адамдар арасындағы әлеуметтік теңдіктің ауытқуын, осыдан барып кедей мен жоқ-жұтаң елдің басына түскелі келе жатқан кесапаттан жұртты сақтандырып:

Мынау ақыр заманда,

Алуан-алуан жан шықты.

Арам, араз хан шықты,

Қайырымы жоқ бай шықты.

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп көрер күші жоқ,

Ақша деген мал шықты.

Кедей қайтіп күн көрер? —

Сол себепті қорқамын! — деп, заманның түнеріп келе жатқан қара бұлтын ашық көрсетеді.

Шортанбай шығармаларының өзегі — беталысы өзгерген заман, қайырымсыз қоғам, берекесі кете бастаған халық тұрмысы, елдің өмір сүру ырғағының бұзылуы, қонысы мен жерінен шеттетуге негізделген қысым көрсету, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қоғамдық қарым-қатынастардан туындаған ел тонаудың небір түрлері, екі жүзді ел билеушілер, бұзақы тонаушы топтар. Патша отаршыларымен қатар елді қанауға малды байлар да, алып сатар саудагерлер де кірісіп жүргенін шығармаларында көрсетеді. Бұларға қоса князьдар мен генерал-губернаторлар, әскербасылар мен дуанбасылар, соттар, тілмаштар секілді сол кездің әкім-ұлықтары елдің тыныштығы мен дәулетін судай ша­шады. Осыны көріп отырған Шортанбай ақын:

Заман қайтып оңалсын,

Адам қайтып қуансын,

Жандарал болды ұлығың.

Майыр болды сыпайы,

Айрылмайтын дерт болды,

Кедейге қылған зорлығың.

Князьді көрдің піріңдей,

Тілмәшті көрдің биіңдей,

Дуанды көрдің үйіңдей,

Абақты тұр алдыңда,

Қазылып қойған көріңдей, — деп, олардың барлығын елдің ырыс-несібесін жалмайтын ауызын ашқан аждаһадай етіп көрсетеді.

Ол «Бір тәңірге аян-ды», «Бір насихат айтайын» және тағы басқа да өлеңдерінде қараша халықтың ауыр тұрмысын, би-болыстар, ұлықтар мен байлардың ел билеудегі кейбір келеңсіз әрекеттерін, озбырлықтарын әшкерелеп көрсетеді.

… Кедейлерге салып шығынды,

Негізі байдың тоймайды, — деп, байлардың тойымсыздығы мен ашкөздігін өткір тілімен түйрейді, олардың бет-бейнесін ашып береді.

Отаршыл Ресей патшасының қазақты үйреншікті сүйегіне сіңген әдет-ғұрыптан, наным-сенімінен, иманынан, ел билеу салтынан айыруға жасаған әрекеті мен зорлықшыл әділетсіздігін көрген Шортанбай одан әрі:

…Осы күнде заманың

Осылайша болып тұр.

Мұсылманды бұл күнде,

Орыс кәпір жеңіп тұр…- деп, түйіндейді.

Ш.Қанайұлы қазақтың бойындағы адами қасиеттердің айни бастағанын, ұлттық тұрпаты мен елдік сипатының бұзылғанын былай деп көрсетеді:

Заманақыр кезінде —

Ұл сыйламас атасын.

Қыз сыйламас енесін,

Ер жеттім деп егесіп,

Салыстырар денесін, — деп, қазақтың қанында жоқ жат қылықтардың өріс алып келе жатқанын ашына жырлап, ескертеді, кимелеп келе жатқан кесапаттың кері кеткен кейпіне ашынады.

Бұдан әрі мұсылмандық шарттар мен иманға жасалып жатқан қиянат, адал мен арамның ара қатынасы туралы да болашақ болжамын айтады.

…Зекетсіздің бұйырар

Сүндетсізге жиғаны.

Аузы түкті ие боп,

Қазаққа берер қиғанын, — деп, көреген ақын күйініш білдіреді.

Бұдан соң ақын ХХ ғасырда қазақтың басынан өткерер бар қияметі туралы:

…Қайран да халқым, қайтейін,

Кейісті көп тартасың.

Көппен көрген селебе,

Селебені елеме,- деп, егіле отырып, елін жұбатады.

Шортанбай ақын елдің басына түскен нәубетті ақырзаманның келгеніне теңейді. Оның бұл жердегі ақырзаман дегені дүниені жойып жіберетін ғаламдық апат емес, отаршылық пен қанаудың аранына түскен ұлттың күйреуі мен тозаққа ұшырауы сипатындағы ақырзаман екенін көреміз. Ол осы тұрғыда:

Таңда махшар күн туса,

Таразыны аударар.

Жаһаннам деген дозақта,

Шайтан болар жолдасы.

Құбыласын білмей құл

Сонда тартар жазасын.

Кешірмейді Құдайым

Бес намаздың қазасын.

Құрт-құмырсқа жиылып,

Сонда алады мазасын.

Жаһаннамның белгісі

Жалғанға болар расың.

Мұқып қылмай құдайым

Ол залымның тәубасын

Сақта құдай солардан,

Сол себепті қорқамын!- дейді. Осылайша келер нәубеттің зардаптарын тайға таңба бас­қандай күн ілгері айтып береді.

Ақын өмірден өтер алдында көптен сыйлас досы Жанғұтты мен Асанбұғы қожаны ша­қыртып алып, араздасады. Заман ағымы, ұрпақ болашағы, ел болу қам-қаракеті туралы олармен ой бөліседі, пікірлеседі. Екі ақылдасына келер заман туралы өзінің болжамын жаздырады.

…Отыз, отыз бірінші жылдары,

Елдің ері еренде,

Жалғыз-ақ қара қалады.

Ұялмастан бұл кәпір,

Оған да салық салады.

…Сол уақыттың кезінде,

Ұмытпасаң тәубаңды,

Түтін салар соқпаққа.

Түзу жолдан сан қилы,

Жолығарсың күрзі менен соқпаққа, -деп, алдағы күннің болжалды, келер ұрпақтың мойнына түсер ауыртпалықты көзбен көргендей, қолға ұстатқандай етіп айтып берген.

Шортанбай негізінен болжампаз, көреген, ақылгөй, өсиетшіл ақын. Сондықтан жырлары­мен де адами ақыл айтып, халықты түзу жолға салып, жөн сілтеуді өзінің зор мақсаты санаған болса керек. Ақын әр кезде терең толғап, өрнекті де өрелі сөз термелейді. Орынды да орнықты ақылдар береді, нақылды сөз айтады.

Ол өсиеттерін қалың қазаққа, оның кәрі-жасына арнайды. Елдің бас көтерер адамдарын тәубаға шақырып, бір күндік мал-мүлік пен дүние жинап қор болмай, халық үшін, бір Құдай­дың жолында қызмет етуін тілейді. Ізгілік, әділет жолынан тайынбай іс қылып, саналы, салиқалы өмір кешуін уағыздайды. Ақирет жолы мен адамгершілік, әділет жолдарын тең ұстап, ешкімге обал, қиянат жасамай, тек қана ізгілік жасап өткенін қалайды. Адамдарды тойымсыздық пен опасыздықтан аулақ болып, қанағат пен рақымға жақын болуға үндейді.

Шортанбайды зар заман кезеңінде өмірден түңіле жырлаған жігерсіз, қайғы мен мұңның ақыны деп тұжырым жасауға келмейді. Жоғарыда келтірілген бірқатар өлеңдердің үзінділе­рінен-ақ ақынның бойындағы басым күш пен жігерді бағамдауға болады. Өлеңдер өзегінен елді бас көтеріп, серпілуге шақырып, батыл күреске үндеуді, халықтың сана-сезімін оятуды көздегенін көреміз. Шортанбай өмір сүрген зар заман деп аталған — тар заманда халыққа ұран тастап, үндеу жасап, алды-артын болжап бергеннің өзі үлкен ерлік, елге адал қызмет. Шортанбай шығармашылығын зерттеушілердің пайымдауынша, халқының тағдырын ойлаған ақынның жарғақ құлағы жастыққа тимеген. Ол ел-жұртының қасіретін ерлерше арқалап, мұңын мұңдады, ақындық шабытынан күрескерлік жыр толғады. Өз елінің мінезін, мінін түзетпек болды. Жасығандардың жігерін жанып, тәуелсіздігі үшін аянбай күресуге шақырды.

Сол замандағы қоғамның жай-жапсарын зерделеп, залалды зардабын елге түсіндірді, салдарынан сақтандырды, кесапаттың алдын алуға жатпай-тұрмай жұртын үгіттеп, ілгері жетеледі. Ел ішін дендей бастаған әр түрлі келеңсіздіктерге, талан-таражға, алауыздыққа, берекесіздікке, бейәдептікке, опасыздыққа қарсы халықты аянбай күресуге шақырды. Сол заманда бұдан артық елі мен халқының қамы үшін адал қызмет ету екіталай еді.

Шортанбай өз заманындағы қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздік пен өмір шындығын шынайы суреттей білген сұңғыла жыршы екендігімен қатар суырып салма айтыскер ақын болған. Кезінде ол Шөже, Орынбай, Асан ақындармен сөз сайыстырған. Осылардың ішіндегі көлемдісі де, мазмұны жағынан толымдысы да Орынбаймен айтысы. Айтыстың өн бойынан ақынның тапқырлығын, сөзге шеберлігін, тілінің өткірлігін анық аңғаруға болады. Талай айтыстарда шыңдалып, сан рет жүлде алған Орынбай сияқты айтулы ақынмен сайысқа түскен Шортанбай өзінің алғырлығымен тілге тиек болар жағдайды бұрынырақ болжап, табан астында қарсыласының алдын орап кететін тапқырлығын танытады.

Шортанбай Қанайұлы өр мінезді өлеңдерімен қазақ әдебиетін түр, мазмұн жағынан байыта түскен, адами және бекзаттық қасиеттерді, ізгілік пен парасаттылықты жырлаған, оны елге насихаттаған ірі ақын.

Бір сөзбен айтқанда, Шортанбайды заманның тамыр соғысын дөп басып танитын, мезгіл мұңдарын алдын-ала болжап, күн ілгері көре білетін өз заманының да, одан бергі заманның жаршысы болған кемеңгер де көреген ақын деп бағалауға болады.

Бойындағы адами қадір-қасиетінің молдығына, дарынды білім иесі болуына, елі мен жерін қастерлей білуіне байланысты Шортанбай ақынды ел бүгінге дейін әулие деп есептейді.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасына қатысып, бағыңды сына!


ПІКІР ҚАЛДЫРУ