Сақтар. Олардың қоғамдық құрылымы мен мәдениеті

0
20552

Сақтар. Археологиялық мәліметтер бойынша сақ тайпалары Қазақстан аумағын б. з. б. VII-IV ғғ. мекендеген. Сақ тайпалары әр түрлі аталған. Сақтарды ежелгі грек авторлары «Азиялық скифтер», парсы ескерткіштерінде «Құдіретті еркектер», Иран жазбаларында «Жүйрік атты турлар» деп атаған. Сақтарда негізінен әскери қоғам болды. Сақтардың этномәдени ареалына көптеген тайпалар кіреді. Олардың нақты санын белгілеу мүмкін емес, грек деректерінде – даилар, массагеттер, исседондар, т. б., парсы деректерінде – сақ-хаомоварга, сақ-тиграхауда, сақ-парадарайа деп аталады.

Сақ тайпаларының қоныстануы

Сақ топтарының аты Мекендері
1 Теңіздің арғы жағындағы сақтар (парадарайа) Қара теңіздің солтүстігі, Арал теңізінің маңында, Сырдария мен Әмударияның төменгі ағысында
2 Шошақ бөрік киетін сақтар (тиграхауда) Сырдарияның орта ағысы, Тянь- Шаньда, Жетісуда
3 Хаома сусынын дайындайтын сақтар (хаумаварга) Мургаб аңғарында өмір сүрді

Сақтардың антропологиялық типі еуропеоидты болды. Сонымен қатар моңғолоидтық элементтердің етек жаюы күшейді. Батыс Қазақстандағы савромат-сарматтар сақтарға туыстас келді.

Сақтардың қоғамдық құрылысы. Алғашқы қауымдық қатынастар ыдырап, әскери демократия құрылысының пайда бола бастаған кезеңі.

Бүкіл тайпа мүшелері сайлаған тайпа көсемі – бас қолбасшы болды. Олар тайпаны да басқарып отырды. Әр көсем өз тайпасының қарумен, азық-түлікпен қамтамасыз етілуін қадағалады, тайпа атынан келіссөз жүргізіп немесе келісімге келіп отырды. Тайпа одақтарының көсемдері ру мен тайпа арасында жайылым және көшуге қажетті жер бөлу ісімен айналысып, осы жерлерді пайдалану ережесін анықтады. Сонымен қатар олар жер дауын шешіп, рулар мен тайпалар арасында қақтығыс туып кетпеуін қадағалады. Сақ әйелдері қоғамдық өмірге белсене қатысты және еркектермен бірге соғысты. Тіптен олардың кейбіреулері тайпа көсемдері болып та сайланды

Әскери демократия таптық қоғамға өту кезеңі болды. Демек, сақтар мемлекет құру ісінің табалдырығында тұрды. Бұл құбылыс отырықшы халықтарға қарағанда, көшпелілерде кешірек пайда болды.

Сайланып қойылған көсемдердің қолына азаматтық және әскери билік шоғырланды, әскери жасақтар құрылды. Сақ бірлестігін хан басқарды. Әрбір тайпа бірлестігің өз ханы болды. Хан мұрагерлік жолмен сайланды. Егер хан өлсе, оның орнына ұлы, ал кәмелетке толмаған немесе мүлде болмаған жағдайда ханның ең сенімді әйелдерінің бірі ел басқарды.

Хан елбасы, ел мен жердің иесі, бас қолбасшы саналған. Ханның жанында ірі-ірі тайпа басшылары және әйгілі батыр-қолбасшылардан тұратын хан кеңесі жұмыс атқарған.

Маңызы бар мәселелер халық жиналысында талқыланып, оған әйелдер де қатысты. Малға жеке меншік пайда болды. Соғыс негізінен тайпа көсемдері үшін пайдалы еді. Осылай мүлік теңсіздігі шықты. Тұтқындар құлға айналдырылып, үй шаруашылығында жұмыс істеді. Бұл кезеңдегі құлдардың көбі ер адамдар болды.

Сақ қоғамында өмір сүрген адамдардың үш тобы ерекшеленді: жауынгерлер, абыздар және басқа қауым адамдары (малшылар мен егіншілер). Әрбір қоғамдық топтың дәстүрлі өз түсі болды. Жауынгерлердікі – қызыл, абыздардікі – ақ, өзгелердікі – сары және көк.

Шаруашылығы. Сақтар, негізінен, мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығының 3 түрі болды:

  1. көшпелі мал шаруашылығы Батыс және Орталық Қазақстанда өріс алды.
  2. қыстық және жаздық қоныстарды қажет ететін жартылай көшпелі мал шаруашылығы — Алтай, Тянь-Шань тауларында, Жетісу, Шығыс Қазақстанда көп тарады.
  3. отырықшы мал шаруашылығы (жартылай егіншілікпен айналысқан). Шаруашылықтың мұндай түрі Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария, Келес, Шу өзендерінің аңғарында дамыды. Сақтар жылқы, қой, түйені өте көп өсірді, ал ірі қара (сиыр) саны аз болды.

Сырдария өзенінің аңғарында егін шаруашылығымен айналысты. Бидай, тары, қарабидай өсірді. Егінді канал арқылы суарды.

Сақ заманында доңғалақты көлік түрлері дамыған. Мұндай арбаларға өгіз, ат және түйелер жегілген. Соғыс және аңшылыққа арналған күймелер, негізінен, екі доңғалақты болған. Сақ тайпалары қосалқы кәсіп ретінде аңшылықпен және балық аулаумен айналысқан.

Сақтардың өнері мен саудасы. Сақтарда кейіннен қолөнер мен сауда дами бастады. Шеберлер ер-тұрман, әшекей, найза, семсер, қанжар т. б. жасаған.

Қолөнер жақсы дамыды. Мыс, алтын, күміс, қорғасын т. б. металдарды көп пайдаланған. Сонымен қатар теріден, ағаштан, қыштан ыдыстар жасаған.

Сақ тайпалары Сібір, Еуропа, Алтай және Шығыс елдерімен байланыс жасады. Сауда Жібек жолы және б. з. б. 1 мыңжылдықтағы «Дала жолы» арқылы дамыды.

Сақ жауынгерлері. Патшалар жауынгерлер тобынан шықты.

Сақ жауынгерлерінің ерлігі туралы көптеген деректі әңгімелер бар.

Сақтар б. з. б. 519–518 жылдары парсылармен соғысып, I Дарийдің әскеріне қарсы ерлікпен шайқасады. Сақтар парсылармен бірге Грекия, Египет жеріндегі соғысқа қатысады.

Сақтың әйел патшасы Томирис парсы патшасы Кирдің әскерін жеңген. Томирис адам қаны толтырылған меске Кирдің басын салып тұрып: «Аңсағаның қан болса, ал енді іш!» — деп айтады.

Б. з. б. IV ғ. Александр Македонскийдің Орта Азия жеріне жорығы басталды. Ол б. з. б. 330–327 жылдары Сырдарияның сол жағындағы өңірлерді түгелге жуық басып алып, Шеткі Александрия қаласына салады.

Александр Македонский шығысты жаулап алады, бірақ Сырдарияның оң жағындағы сақтардан жеңіледі.

Мәдениеті. Б. з. б. VII ғ. Батыс Сібір, Қазақстан, Еділ бойы және Еуропаның оңтүстігіндегі далалы аймақтар өнерінде аңдық стиль пайда болды. Оның басты тақырыбы аңдар мен аңыздардағы құбыжықтарды суреттеу еді. Мұндай бейнелермен қола қазандар, әр түрлі құрбандық заттары, қару-жарақтар, ат әбзелдері мен киімдер әшекейленді.

«Аңдық стиль» өнері оңтүстік дәстүрінің ықпалымен қалыптасты. Онымен сақтар Алдыңғы Азия мен Иранға жасаған жорықтарында танысты. Осы жерлерден сақтарға «өмір ағашы» дейтін арыстан бейнесі тарады.

Еуразия көшпелілері дамудың ұзақ жолынан өтті. Олардың бай фольклоры болды. Мифология – әлем, оның құрылымы туралы күрделі түсінік болып табылады.

Сақтар табиғат күштері – күнге, желге, күннің күркіреуіне, найзағайға табынды. Бұларды құдайдың ісі деп санады. Сақтардың түсінігі бойынша, құдай әр түрлі жануарлар бейнесінде өмір сүрді.

«Аңдық стиль» өнерінің негізі – ежелгі аңыздарда сақталған, адамның әр түрлі жануарлардан шыққандығы туралы түсініктермен байланысты. Адам өз тегін табиғатпен байланыстырып, өздерін сонын бөлшегі деп есептеді. Әрбір ру тайпаның шыққан тегі: бұғы, қасқыр, арқар, жолбарыс, дала бүркіті т. б. аңдар болып есептеліп, сондықтан аң бейнелері бар заттар қасиетті тұмар немесе бойтұмар саналды.

Қару-жарақтағы аң бейнесі шайқас кезінде жауынгерге рух беріп, оқ дарытпайды, жеңіске бастайды деп сенді.

Көркемдік шығармашылықтың бұл түрі дамудың шегіне жетіп, III-II ғғ. шынайылық негізін жоғалтып, ою-өрнектік кескінге айналды.

Сақтардың әлемнің құрылымы туралы да айқын түсінігі болды. Олар үш әлем: жер асы әлемі (төменгі), орта – жер әлемі, жоғары – көк немесе аспан әлемі бар деп есептеді.

Сақтардың археологиялық ескерткіштері. Шырыққабат – апасиактардың («су жағасын мекендеген сақтар») астанасы. Бұл қала қазіргі Қызылқұм шөлінде, жерді алып жатқан төбеде орналасқан. Қаланың орнынан көптеген дуал, мұнара құрылыстар табылған.

Сақтардың археологиялық ескерткіштерінің бірі – Бабыш молда қаласы.

Алматы облысындағы Есік қорғаны – б. з. б. VIII-IIIғғ. сақ моласы. Бұл молада әрі жауынгер, әрі малшы, әрі абыз адам жерленген. Ол алтын адам деп аталған. Онымен бірге қару-жарақ, басқа да шаруашылық құралдар көмілген.

Ежелгі грек тарихшысы Геродот сақтар жайлы көп тарихи деректер қалдырған.

Дереккөз: tarih.spring.kz


ПІКІР ҚАЛДЫРУ