Сәбитова Асылзат Сәбитқызы — ІІ Республикалық «Жас маман» байқауының жеңімпазы

0
4097

Martebe.kz  ақпараттық білім порталы II Республикалық «Жас маман» байқауын ұйымдастырып жатқандығы туралы естіген күннен «қатыссам» деген бір ауыз сөз санамда жатталып қалса керек, сол қызығушылығым мен азды-көпті тәжірибемді көрсетсем деген мақсатым ұштасып, «сабақты ине сәтімен» демекші, қызу дайындықты бастадым. Бұл байқау туралы балабақшамыздың директоры Стамғалиева Баршагүл Қабдолқызынан бүкіл ұжымның жас мамандары хабардар болған едік. Алдымен байқаудың ережесімен толықтай танысып алдым. Содан кейін, байқаудың тапсырмаларының әрқайсысына жете назар аударып, ізденіп, тыңғылықты дайындалдым. Бес білім беру саласы қамтылған сапалы ұйымдастырылған оқу қызметін қызықты әрі оңай меңгеруі үшін сиқырлы әлемдегі тәрбиеленушілерімнің сүйікті кейіпкері Дашаның қатысуымен өткізген «Funny English» тақырыбындағы технологиялық картаны шынайы болу мақсатында, оқу қызметінің әр бөліміне суреттерімен қоса  ұсынған болатынмын. Ал портфолиомда осы уақытқа дейінгі ұстаздық қызметімдегі қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі жетістіктерімді, кәсіби сайыстардан иеленген марапаттарымды толықтай қамтыдым. Байқаудың соңғы тапсырмасы  бойынша «Жаңғыру жолындағы жас маман» қандай болу керек? деген сауалды басшылыққа ала отырып, өз ойымды қара сөзбен әрі өлең шумақтарымен әрлеуді жөн санадым.

Мен әрбір байқауда «Біреуден оза шабамын, басқадан алда боламын деп жарыспаймын. Және жеңілуге де талпынбаймын, жеңуге де құлшынбаймын. Оза түссе ешкімді күндемеймін, менен артық білді демеймін. Дауламаймын… Талдамаймын… Мен тек кешегі Асылзат пен бүгінгі Асылзатты салыстыра отырып, кешегі «Өзімнің» деңгейімнен жоғарырақ болғым келеді.
Кешегі  Асылзаттан да білімдірек,  алғыр, еңбекқор, ізденімпаз болғым келеді. Мен әрқашанда тек қана өз біліміммен, өз қабілетіммен, өз-өзіммен ғана күресуге асығамын!».
Міне, дәлел, кешегі Асылзаттың деңгейінен тағы да жоғарыладым! Жас мамандардың біліктілігін арттырып, педагогикалық шеберлігін шыңдау мақсатында күллі Республика көлемінде ұйымдастырылған ауқымды жарыста Бас жүлдеге ие болдым! Әлбетте, байқаудың нәтижесін асыға күтіп жүрген мен үшін осынау жоғары марапаттың  берілгенін білу күтпеген жағдай болды. Ең алғаш байқау қорытындысын сайттан көрген кездегі әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шынымды айтсам, дәл мұндай нәтиже көрсетемін деп ойлаған емеспін.
Ерекше қуанышты сезімдемін, себебі ұйқысыз өткен түндерім мен тынымсыз еңбегім еленіп, бағаланды. Еңбек өтілім аз болса да, осы уақытқа дейінгі  жасаған жұмыстарым зая  кетпегеніне қуаныштымын. Бұл байқаудан үздік атану мен үшін үлкен бақыт, әрі қарай жұмыс істеуге деген үлкен мотивация!
Қаланың, балабақшаның, бірлестігімнің, әріптестерімнің үміттерін ақтадым деп ойлаймын! «Мен бұл күнді Жұлдызымның тағы да биік жанған күні! » деп атасам артық болмас…

Республикалық «Жас маман» байқауына балабақшамыздың атынан қатысқан жас мамандармен

Сонымен қатар, бұл байқауға өзім еңбек ететін мекемеден де бірнеше жас мамандар қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Осы байқауға қатысқан ұстаздардың барлығының өзіндік ерекше қасиеттері бар, жеңіске бәрі де лайықты. Мен үшін шын қуанған және де әрдайым қолдаған жандарға шексіз алғысымды білдіремін!

Балабақшамыздың директоры Стамғалиева Баршагүл Қабдолқызымен

Мен бaлабaқшада биыл бесінші жыл еңбек етудемін, бұл еңбектен ешбір жaлыққан емеспін. Керісінше, жас бүлдіршіндерге арнаған осы уақытымды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп айта аламын. Балабақшаға кіргеннен-ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, балалардың тәтті қылықтарымен, әдемі жүздерінен шаттанамын. Күнделікті менің алдыма ағылшын тілін білгім келеді деп келген бөбектерді көргенімде, мен өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Кей кездері бөбектердің ағылшын тіліндегі сөздерге тілі келмесе де, барынша тырысып бағатыныны мені қуантады. Бастапқыда мен өзімді мамандық алып келген жас маман деп есептесем, ал қазір мен жүрегімнің қалауын таңдағанымды сезгендеймін. Мамандығым «Тәрбиеші» болмаса да, тәрбие көзі саналатын балабақшада ағылшын тілін үйретумен қатар, бала тәрбиесіне тікелей араласып келемін деп ойлаймын. Бір қуантарлығы өзім де, өзімнің тәрбиеленушілерім де әр түрлі деңгейдегі сайыстардан жоғары көрсеткіш көрсетіп келеміз. Тәрбиеші болу – aйтуғa ғaнa оңaй шaруa болғaнымен, бұл мaмaндықтың қоғaм үшін қaншалықты мaңызы бaрлығын сол кәсіпті тaңдaғaндaр, осы жолдa еңбек етіп жүрген менің әріптестерім жaқсы түсінеді.  Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін әрбір педагог жанын салады. Ендеше, олардың әрқайсысының еңбегі қашанда құрметке лайық деп білемін.

Жас маман жұмыс барысында

Мен көп балалалы отбасынан шыққан жоқпын. Дегенмен де кішкентай  балаларды көрсем, ет жүрегім елжіреп кетеді. Біреулерге ерсі көрінуі мүмкін шығар, бірақ  расымен де олардың қай-қайсысын болса да жаныммен жақсы көремін…Өйткені бала мен үшін тазалық пен пәктіктің, шынайылық пен туралықтың айнасы. Олар қуанса шын қуанып, ренжісе шын ренжи біледі. Олардың жаны жалғандықты, жасандылықты сүймейді, не айтса да әділ, шындықты айтады. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау қай мұғалімге де оңайға соқпайды.  Себебі, ішінде елгезек, пысық балалармен қоса мінезі қырсықтау, әр үйдің еркелері де кездеседі. Жұмыс барысында балалардың ыңғайына көніп, олар жақсы көретін нәрселерді жақтау керек болады. Оларға не ұнап, не ұнамайтынын бірден түсініп, тіл табысқан абзал. Олар өздерін мақтағанды, жігерлендіріп, оларға сенген адамды ұнатады. Баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет! екендігіне әріптестерім менімен келіседі деп ойлаймын.

Балалармен жұмыс

Мектеп қaбырғaсынaн әлдеқaшaн aлыстaп кетсем де, білім теңізіне жетелеген ұстaздарым мен бaлaлық шaғымның тaлaй қызықты күндеріне куә болғaн aлтын ұя – мектебімді әрдaйым үлкен сaғынышпен, құрметпен еске aлып отырaмын.

1998 – 2007 жылдар аралығында өзім білім алған Атырау қаласының Ғабит Мүсірепов атындағы №5 орта мектебінде тәлім, тәрбие берген ұстаздарымның барлығы өздерінше бір төбе дaрa, әсіресе, біздерді қaнатының aстына алып, бaуырына бaсып тәрбиелеген, менің бала қиялымa ұстaздықтың кереметтей өнегелілігін сезіндіре білген ұстазым Насиева Лаура Зарифоллақызын ерекше атап айтқым келеді. Себебі, мектеп бітірер кезде, мaмaндық тaңдауымдa дәл осы кісінің ықпалы зор болды десем артық айтқаным емес. Оның  асқан  қaрaпайымдылығы, әр шәкіртін aнaсындай еркелететін aнaлық мейірімі, еңбекқорлығы, мaмaндығынa деген сүйіспеншілігі менің бaлaлық сaнaмдa бaлaлық қиялымның  бүршік жaруына себепкер болды. Лаура апайдың ұстaздық мейіріміне бөлене жүріп, өзім де болaшaқта дәл осы кісі сияқты ұстаз болуды, яғни aғылшын тілі мұғалімі болуды ұйғардым. Өмір aтты шексіз ғaлaмға қaнaтымды қaтaйтып ұшырғaн, өмір бaспaлдaғымен неғұрлым ілгері бaсқaн сaйын aйтқан сөздері жақсылық ұшқыныдaй болып, бaғыт-бaғдaр берер шaмшырaғыма aйнaлған  Кульчикова Мөлдір Сарсенбайқызының менің өмірімде әлеуметтік тұлға ретінде қалыптасуымда алатын орны ерекше. Өйткені алтын ұя мектебіммен, парасатты ұстаздарыммен қоштасып, үлкен өмірге қадам басып, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі «Шет тілі» факультетіне түскенімде тобымның кураторы болған талабы өте жоғары Мөлдір Сарсенбайқызынан көп нәрсені үйрендім деп айта аламын. Өмірдің осы бір белесінде ұлaғaтты ұстaзымнан aлған үлгі — өнеге мен aсыл қaсиеттер бойымa құт бола білді. Ойлап қарасаңыздар, әр адамның өмірінде еліктейтін, идеал тұтатын тұлғасы болады. Сондай адамның қатарына мен балабақшамыздың бұрынғы басшысы  Ерубаева Куляра Сарсенқызын жатқызар едім. Ең алғаш оқуымды аяқтап, қолыма дипломымды ұстап келген кезде мені өзінің жылы жүзімен құшақ жая қарсы алған бұл кісінің жүріс-тұрысын, сөйлеу мәдениетін, сабырлы мінезін қашанда мақтан тұтып,  үлгі алуға тырысатынмын. Ол кісінің бар қасиетін қағаз бетіне сыйғыза алмаспын, бірақ та істеген іс-әрекетін, берген тәлім-тәрбиесін өнегелі ұстаздың шәкірті ретінде мәңгі санамда сақтаймын. Маған түзу де айқын жол нұсқайтын, өмір жолымда да еңбек жолымда да үнемі ақыл-кеңес айтып, қолдауын көрсетіп отыратын тағы бір жанның бірі Имашева Асыл Әбілхайырқызының есімін ерекше атап өтсем деймін. Мен бұл жанды өмірлік ұстазым деп білемін. Мен осы бір  кереметтей  тұлғаның  өзімнің  өмірлік ұстазым болғанын  жолымның болғаны деп бағалаймын. Өйткені, қай кезде де маған демеу болып, менің өмірде жол табуыма, ұстаз, тұлға болып қалыптасып, жетістіктеріме жетуіме осы бір жанның мол септігі тиді.  Анам мен Әкемнен кейінгі өмірімдегі көшбасшылардың  бірі  деп  Асыл Әбілхайырқызын айта аламын. «Тура биде туған жоқ» дейді қазақ. Осы кезге дейін тәлім алған ұстаздарымның бәрінен, Аллаға шүкір, әділдікті көріп келемін. Адалдықты, өз ісіме деген жауапкершілікті, мамандығыма деген маxаббатты шеберлікпен ұштастыруды үйрендім. Олардың өлшеусіз еңбегіне, жылы жүрегіне, мейірімі мол ақыл-кеңестеріне әлі де тоя алар емеспін. Мен үшін әлемнің құпия кілтін ашқан жандарды, асыл қауым өкілдерін мен жадымда сақтап жүремін және де әрдайым хабарласып, жағдайларын сұрасып, қол жеткізген жетістіктеріммен бөлісіп отырамын. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді ғой. Әрине менің әр жеткен жетістігіме қуана отырып, өз еңбектерінің жемісін көру – ұстаздарым үшін үлкен бақыт деп ойлаймын. Бүгінгі күні мен қандай да бір жетістікке  қол жеткізсем, ол-анамнан және анамдай болған ұстаздарымнан алған білім мен тәрбиенің жемісі.

Үздік ұжым

Мен қызмет атқаратын мекеменің ұжымы туралы сөз бастасам, тек мақтаулар айтамын деп есептеймін. Себебі, aптаның бес күнін жұмысыңда, қызметтестеріңмен бірге өткізетіндіктен, ұжымың өз отбaсы мүшелеріндей болып кетеді екен деген сөздің жaны бар. Қызметтестеріңнің жетістіктері мен жақсы ісіне сүйсініп, кездескен қиындықтарынa бірге қынжылу сенің aдамгершілік пaрызыңның бір пaрaсы болуы тиіс деп ойлаймын. Тәрбие жұмысын сонау 2007 жылдан бастаған алтын ұямыз былтыр 10 жылдық мерейтойын тойлады.  Алғaшындa бірнеше топ болып құрылса, бүгінде он бір топ бaлaлaр тәрбиесімен айналысуда. Кәсіби біліктілігі мен педагогикалық тәжірибесі қaлыптасқан жиырмадан aстам тәрбиеші осы топтaрдaғы 330 бaлaның бойына білім мен aдамгершілік сaбaқтaрын дарытуда. Қазіргі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткізетініміз айдан анық. Сол себепті мен қызмет ететін мекемеде өз тәжірибесінде жетістікке жетуге талпынатын, балабақшамыздың жаңа ағымнан қалыспай сапалы білім беруіне мүмкіндік жасайтын шығармашылық топ жұмыс жасайды. Барлығымыз бірлесіп, нәтижелі жұмыстарды жүзеге асырып жатырмыз.  Мен өз ұжымымды әрдайым жаңалыққа құштар деп айта аламын. Себебі, үлкені де, кішісі де ізет пен ибаны, ар мен намысты бәрінен жоғары қоятын ұстаздар менің ұжымымда.

Балабақша тәрбиешілері

Бақшамыз қазіргі таңда Атырау қаласындағы беделді тәрбие ошағының біріне айналып отыр. Дана басшымыз Баршагүл Қабдолқызы бастаған алтын ұямыздың  әр қызметкері ұжым игілігі жолында қызмет етіп, болашақ іргесін бүгіннен қалауда.

 

Тәрбиешілік қызмет ең алдымен, табандылықты қажет етеді. Себебі оқушыға тек білім ғана емес, тәрбиені, еңбек тәрбиесін үйрету- өте жауапты іс. Ішкі мәдениеті жоғары, өзіне сенімді, сабырлы, білімді, адал адам ғана тәрбиеші бола алады деп ойлаймын.

Ұлтымыздың жарық жұлдызы, ұлы ұстаз А.Байтұрсынұлы «Білімділікке жеткізер баспалдақ, ол біліктілік» деген екен. Қазіргі таңда мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Үнемі ізденісте жүретін, тың жаңалықтарға құмар ұстаздар үшін интернет жобалар керемет мүмкіндік деп білемін. Сондықтан педагогтардың білімін шыңдау мақсатында балабақшада қызмет ететін педагогтарға «Креативті тәрбиеші», «Ең үздік тіл маманы», «Көшбасшы әдіскер», «Үздік психолог», «Дарынды хореограф», «Үздік авторлық бағдарлама» т.б. сынды ұстаздар қауымына арналған түрлі байқаулар, сонымен қатар 4-6 жас аралығындағы мектеп жасына дейінгі балаларға арналған пәнаралық байқаулар, олимпиадалар ұйымдастырылса деген ұсынысым бар.

Әрбір жас мұғалімнің жаңаша жұмыс істеп, үнемі ізденісте болуы бүгінгі күннің талабына айналып отыр. Жаңа формaция мұғалімі – білімнің өзіндік құндылығын түсінетін, жүрегі жaңaлық деп соғып тұратын, рефлексияға қабілетті, кәсіби дaғдылары дaмыған педагогикалық дaрын иесі болуы тиіс. Сондықтан, осы салада еңбектеніп жүрген  жас мамандарға  ұдайы тынымсыз ізденісте болып, жұмысқа деген қызығушылық, талпыныс пен ынта-жігер болу үшін, алдымен  өз ісіңді жан-тәніңмен сүйіп жасауың керек деген кеңес айтар едім. Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады. Ұстаздық жол — қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапты қызмет. Жас әріптестеріме алған беттен қайтпай, тек биікке өрлеңдер деген тілек айтамын. Халқымызда «жас келсе – іске» деген керемет сөз бар. Демек, біз бойымыздағы жастық жігерімізді, күш-қуатымызды, жаңашылдығымызды талапты әрі талантты шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Саналы ұрпаққа сапалы білім беруден шаршамайық!

Жас мамандар жинағының мұқабасы

Әрине, дәл мұндай байқаулар жас мамандардың кәсіби біліктіліктерін одан әрі шыңдай түсетініне мен кәміл сенемін. Сондай-ақ, талабын ұштап, үмітін үкілеп қатысқан  ұстаз кәсібін ынталандырып, еңбегін нәтижелендіреді. Жалпы білім беретін ұйымдарда қызмет атқаратын педагогтардың, жас мамандардың өз мәртебесін көтеру үшін, өз кәсібінің жан-жақты хас шебері екендігін дәлелдеу үшін мұндай байқаулардың маңызы зор деп ойлаймын. Сондықтан әлі де талай байқаулар жалғасын табады деп үміттенемін. Соның арқасында біз сияқты жас мамандар өзінің арманына бір табан жақындай түседі.
Бұл заман күннен күнге жаңарады,

Ұстаздарды ерекше бағалады.

Түрлі түрлі сайттарға жұмыс беріп

Марапат жүлделерді ала алады.

 

Бірі емеспін көш соңы қалғандардың,

Жаңғыруға барымды салған жанмын.

Елбасының айтылған тіл туралы

Жолдауын басшылыққа алған жанмын.

 

Ұстаздық қиын жолды ұғып жүрмін,

Жаңалыққа құлақты түріп жүрмін.

Ағылшынды үйретіп жас буынға

Жас маман боп қызмет қылып жүрмін.

 

Бұл қоғамда мұғалім сапа құрар,

Жақсылардың жарысып атауын ал.

Біз сияқты жастарға берілетін

Мəртебе.кз деген атағы бар.

 

Мұғалімдер басында бағы барлар,

Əрбір айтар сөзінің мəні барлар.

Мені əділ бағалап рақмет

«Ең үздік жас маман» деп танығандар! – деп байқауға қатысқандағы түйінді ойымды өлең жолдарымен аяқтағым келіп отыр. Білім мазмұнын жаңарту үдерісінде атқарып жатқан жұмыстарыңызға шығармашылық шaлқaр шaбыт, телегей теңіз нұр, сәттілік тілеймін! Нұрлы ұстaздарғa деген нұрға толы жүректеріңізбен шуақ шашып жүре беріңіздер! Қaзaқ тіліміздің өркендеуі үшін жасап жүрген қызметтеріңіз үшін, ұстaздaрымыз бен білімді жaстaрдың мәртебесін көтерудегі игі істеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін. 

Құрметпен, ІІ Республикалық «Жас маман» байқауының жеңімпазы Сәбитова Асылзат Сәбитқызы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ