Салт-дәстүр ата-бабадан қалған мұра

0
3338

Қазағымның салт-дәстүрі – халқымның бар байлығы, атадан қалған құнды мұрасы. Бүгінгі күні еліміздің жастары салтымызды ұмытып, дәстүрімізді дәріптеуді қойып бара жатыр. Жастары біле бермейтін, мән- мағынасын түсінбейтін, ұмыт болып бара жатқан дәстүрлерге тоқталып өткім келеді. Дәстүрлеріміз  еліміздің әр бұрышында әр түрлі сақталған. Оңтүстік пен Маңғыстау халқы жақсы сақтаған сәлем салу дәстүрі. Шын мәнінде кейбір сәлем салатын келіндеріміз дәстүрдің мәнін түсінбейді де, ал Солтүстікте мұндай дәстүр мүлдем жоқ. Сәлем салу жай ғана иіле салып, амандасу емес. Сәлем салу арқылы келін қайын жұртында сыйластық ортаны қалыптастырады, үлкендердің ақ батасын алады, игі тілек естіп, үлкенге құрметін көрсетеді. Мен  Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын таныстарымнан сауалнама ретінде сұрап, мәлімет жинадым. Соның барысында еліміздің оңтүстігіндегі жас келіндердің айтуы бойынша олар міндетті түрде күнделікті таңертең ерте тұра сала ата-енесіне сәлем салып, батасын алады. «Сәлем салғаным – күйеуімнің өмір жасы ұзақ болсын дегенім» дейді. Солтүстікке келін болып түскен арулардың айтуы бойынша бұл жақта сәлем салу, тіпті орамал тағу деген атымен жоқ, келін болып түскенінде сәлем салудың керегі жоқ екенін ата-енесі бірден ашып айтады екен. Сыйластықты сәлем салумен өлшемейді екен. Ал, батыста жалпы сәлем салу жоқ, тек Маңғыстау облысында жақсы сақталған және де келіндердің айтуынша сәлем салу міндетті түрде орындалады, тіпті далада, көлікте келе жатып қайын жұртын кездестірсе міндетті түрде сәлем салады.

Сонымен қатар келін түсіріп отырған үйдің қыздың отбасына қалың мал беру дәстүрі де тек оңтүстікте жақсы сақталған. Қазіргі жастар арасында осы дәстүрді қолдамайтындары баршылық. Қызды ақшаға сатып алу деген сияқты түрлі пікірде. «Қалың мал»-  бұл ертеден сақталып келе жатқан дәстүр. Ол қыздың құны емес, ол қызды аялап, мәпелеп, тәрбиелеп өсіруге төккен тері үшін ата-анасына берілетін сый кәде. Бұл салттың да мағынасы тереңде жатыр, ежелде ата – бабамыз ірі -қара малмен «қалың мал» берген, себебі қыздың отбасы ұзату барысында көбірек шығынға ұшырайды деп санаған. Ал, әр отбасы өз қыздарын ел қатарлы ұзатып, жасауын жақсылап бергісі келетіні анық. Оның көлемі құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты. Қазіргі кезде әр өңірде «ана сүті», «қыз кәдесі» және т.б   әртүрлі атауға ие болған. Және көлемі де әрқалай ерекшеленеді. Ең жоғары бағалау Орталық және Оңтүстік Қазақстанда екен, ал Батыс пен Шығыс Қазақстанда қалың мал қалыпты бағада екен. Дегенмен шамасы болмаса әртүрлі келісімдерге келіп шешімін табады. Бірақ бұл салт- дәстүрдің өзіндік терең мәні бар. Ал, біз оны сақтап, орнымен қолдана білуіміз керек.

Ертеде қалың мал төлей алмаса жігіт қызды алып қашатын болған. Алып қашу да қазақтың салт-дәстүрі. Қызды алып қашу көнерген дәстүр, қазіргі заманда бұл дәстүрді барынша ұмыттырып жатыр, себебі  екі жас бір-бірімен

келісіп ортақ шешімде қабылдауы қажет, ал танымайтын қызды алып қашу деген дұрыс емес деп ойлаймын.Бұл қылмыс. Иә, көптеген отбасылар солай қосылып бақытты болып кетті. Бірақ  отау құру, үй болу бұл үлкен қадам және адам өз болашақ жары ретінде кім көрінгенді алып қашуы дұрыс емес. Өмірде танысып, араласып үйлену  заманның дамып, адамдардың заманауилығын білдіреді. Бүгінгі күні елімізде таныс емес қызды алып қашу заңмен жазаланады. Сондықтан бұл оғаш іс, негізінде екі жастың ортақ шешім арқылы отау құрғандары дұрыс.

Ұмыт болып бара жатқан дәстүрлеріміздің бірі байғазы, көрімдік беру. Бұл дәстүрлеріміз адамдардың қарым қатынасын нығайта түсіп, татулықты арттырып, адамдарды жомарттық пен мейірімділкке және де кеңпейілділікке тәрбиелейді. Байғазы ертеден келе жатқан дәстүр. Байғазы жансыз затқа сұралады, мысалы қазіргі кезде жаңа көлік, киім, бұйым алған кезде сұралатын кәде-сый. Ал, көрімдік жаны барға, яғни, жаңа түскен келін, жаңа туған нәрестеге ағайын-туыстардан сұралатын сый.  Сонымен байғазы мен көрімдік еліміздің әр түкпіріне белгілі дәстүр бола тұр, бүгінгі күні халқымыз оны ұмытып бара жатыр. Көрімдік пен байғазы сыйлық берудің бір түрі. Халқымыздың осындай керемет жоралғысын жаңғырту біздің міндетіміз.

Менің айтып өткенім ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүріміздің бір бөлігі ғана.  Әрбір ұрпақ қазақтың тарихын, дәстүрін үлгі тұтуы тиіс. Дәстүрлерді тереңірек зерттей келе, олардың адамды сыйластыққа, жомарттыққа кішіпейілділікке, ізетке баулитынына, тәрбиелік мәні зор екеніне көзім жетіп отыр. Тәуелсіз, бейбітшілікте өмір сүріп жатқандықтан халқымыздың ғасырлар бойы сақтаған өнегелі салт-дәстүрлерін ұмытпауымыз керек.  Халқымыз өзге халықтардан өзінің құндылықтарымен ерекшеленеді. Баға жетпес құндылықтарымыз бар біз бақытты елміз. Біз, яғни жастар оны сақтап дәріптеуіміз керек. Келешек ұрпақ патриот, елін сүйгіш, ұлтжанды болып өссін десек, ата- бабадан қалған дәстүрлерімізді ардақтауды үйрету біздің  борышымыз.

Бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре білген адам болашаққа жауапкершілікпен қарап, еліміздің елдігі үшін аянбай қызмет ететін азамат болып өседі.  Халқымыздың әдет-ғұрып пен салт-дәстүрін  қастерлеу, бүгініміз бен ертеңіміздің нәрлі қайнарына айналдыру, бұл әрқайсымыздың азаматтық борышымыз екені анық.Жас ұрпақты сыпайылыққа, адамгершіліке, жақсылыққа, мейірімділікке, бірлікке тәрбиелейтін салт – дәстүрлеріміздің қолданылу аясын кеңейтсек ұлт болашағы да жарқын болмақ.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ